Құтадғу білік жайында қысқаша мағлұмат

Орта ғасырдан жеткен әдеби жәдігерлердің ішіндегі ең көлемді әрі ең құнды еңбектің бірі – Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі». Ол Қарахан дәуірінде 1069 жылы жазылған. Шығарма желісі Күнтуды, Айтолды, Өгдүлміш және Одғұрмыш есімді негізгі төрт кейіпкердің арасындағы оқиғалармен өрби отырып, мәңгілік ел болуды басты мәселе етіп көтереді. Сондықтан, онда Қарахан мемлекетінің құрылымы, басқару жүйесі, мемлекет қызметкерінің әдебі, билік өкілдері мен қоғамның байланысы, халықтың өмір салты, әдет-ғұрпы, кәсібі, дүниетанымы молынан көрініс тапқан.

Бүгінге дейін «Құтадғу біліктің» Вена, Каир және Ферғана қалаларынан табылған үш көшірмесі белгілі болып отыр. Вена нұсқасы көне ұйғыр жазуымен жазылса, қалған екеуі араб гра- фикасымен хатқа түскен. Үшеуінің арасында айтарлықтай айырмашылық кездеспейді. Бір нұсқасында көшірілмей қалған бәйіттер немесе жоғалған беттер болса, ал келесі нұсқада олар сақталған. Сонда бір-бірін толықтыра түседі. Түрік ғалымы Рәшид Рахмати Арат аталған үш көшірменің қолжазбасын оқып, айырмашылығын салыстырып, оның толық нұсқасын түзіп шыққан. Оның нөмірлеуі бойынша бас-аяғы 6645 бәйіт болған. Осы тұста, қолжазбаларда бұған енбей қалған бәйіттердің де бар екенін айта кеткен жөн.

ХІХ ғасырда «Құтадғу біліктің» толық нұсқасын, жеке- леген бөлімдерін жалпы транскрипциясын жасау және оны басқа тілдерге аудару жұмыстары басталды. Оған А.Жауберт, Г.Вамбери, В.Томсен, Ф.В.Мюллер, А.Лекок, В.В.Радлов, Қ.Каримов, Н.Гребнев, С.Е.Малов, С.Иванов, Р.Р.Арат, Р.Данкоф, Р.Аскер, М.Качалин, А.Егеубаев, Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықов және т.б. ғалымдар үлес қосты. Елімізде Баласағұн еңбегін қазақ тіліне А.Егеубаев, Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықов сынды ғалымдар аударды. Бұл аудармалардың «Құтадғу білікті» тануда маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Бұл еңбек те Қазақстандағы «Құтадғу білік» зерттеулерінің жалғасы деп қабылданғаны абзал. Бұл еңбекте «Құтадғу біліктің» транскрипциясы латын графикасымен беріледі. Ол Р.Р.Араттың еңбегін негізге ала отырып, Ферғана және Каир қолжазбалары бойынша жаса- лады, сондай-ақ кітапта жолма-жол мағыналық аудармасы да қатар беріледі. «Құтадғу біліктің» транскрипциясы мен аудармасын жасаудағы өзекті мәселелер мұнымен түбегейлі шешілді деп айта алмаймыз. Бұл соған жасалған кезекті қадам деп білеміз.

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,
ҚР ҰҒА академигі
ф.ғ.д., профессор