Таңдау
тТ

Әзіз және құдіретті Тәңірді мадақтағаны айтылады

1. Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) атымен сөз бастадым. (Ол) Жаратқан, Ризық берген, Кешірген Ием!

2. Сансыз көп мадақ пен мың шүкір, Құдіретті (Уған), бір, ежелден бар Тәңірге өлім жоқ, (Ол) жоқ болмайды!

3. Қара жер, көк аспан, күн, ай мен түн, заман, уақыт, барлық жаратылғандар мен бүгінді (Ол) жаратты.

4. Қалады, жаратты, бұның барлығы болды, бір мәрте «бол» деді, барлық қалауы орындалды.

5. Жаратылғанның бәрі мұңлық, мұқтаж. Иеміздің мұңы жоқ, мұқтажсыз, Оның жұбайы жоқ.

6. Әй, құдіретті, бәріне күші жетуші, мәңгі, мұңсыз және ежелден бар болған Тәңірі! Сенен басқаға бұл ат жараспас.

7. Ұлылық, биіктік саған тән, саған ұқсас және тең келетін басқа ешкім жоқ.

8. Әй, бір (Тәңір), саған басқа ешбірі біріге алмас, Сен барлығынан бұрын, ежелден барсың, кейін де бола бересің.

9. Сенің бірлігің санмен өлшенбес, құдіретің барлық нәрсеге жетеді.

10. Күмәнсіз, сен, бірсің, әй, мәңгі (Ием)! Санмен есептеуге, араласуға келмейді.

11. Әй, іш пен тысты білуші, әй, хаққул иақин, сен көзімнен жырақ (болғаныңмен) көңіліме жақынсың.

12. Сенің бар екенің белгілі, күн, ай секілді жарық. Қандай екеніңе көңіл де, ақыл да жетпейді.

13. Сенің бірлігің нәрселермен өлшенбек емес. Қанша нәрселерді сен жаратың, (олар) сенікі.

14. Не бар болса, соның барлығын сен жараттың. Не бар болса, сол жоқ болады, сен ғана тірісің.

15. Жаратқан, бар екеніңе жаратылғандар куә. Жаратылғанның екеуінің бірі куә екені анық.

16. Оның ұқсасы, теңдесі жоқ. Қандай екеніне жаратылғандардың ақылы жетпес.

17. Жүрмес не жатпас, ұйықтамас, ояу; не ұқсасы, не мысалы жоқ, бояу-түсі білінбес.

18. Алда, артта, солда, не оңда, не астыда, не үстіде, не орны қарсыда емес.

19. Орынды ол жаратты, оған орын жоқ. Ол (жаратпаса) орын жоқ, бұған сенімді бол.

20. Әй, сырға жақын (сырымызды білуші), көңілде әзіз (Тәңір), барлық бейне, мүсіндер саған куәлік етеді.

21. Бұл мыңдаған сансыз жанды, жазық, тау, теңіз, төбе, шұқыр және жыраны сен жараттың.

22. Көк аспанды мыңдаған жұлдызбен безендірдің, қара түнді күндізбен жарқыраттың.

23. Қаншама ұшқан, жүрген, тыныққан және өмір сүргеннің барлығы ризығын сенен тауып, ішіп жейді.

24. Жоғары ғарштан төмендегі жерге дейінгінің барлығы саған түгел мұқтаж, Әй, Ием!

25. Әй, (Тәңірің) бір екеніне сенуші, оны тіліңмен мадақта. Жүрекпен иман келтір, күмәнсіз сабыр ет, ақылыңды тізгінде.

26. Көңіліңді күзет, қандай деп сұрама. Бар екеніне сенімді бол, сабыр етіп, тыныштал.

27. Қанша деп сұрама, өзіңе абай бол. Қанша деп сұрамастан таны, біл, сөзіңді ұзатпа.

28. Әй, мұңсыз Ием, сен бұл мұқтаж құлыңды жарылқап, барлық күнәсін кешіргін.

29. Саған ғана сиындым, үмітім сенде, мұңайған жерімде жәрдем бер.

30. Мені сүйікті пайғамбармен бірге қыл, Қиямет күні шапағатшы қыл.

31. Төрт досыңның бәріне мың сәлем, әрдайым үздіксіз құрмет жеткізгін.

32. Ұлық (қиямет) күні олардың жүзін көрсет, шапағатшы (қолымнан ұстау, жақсы сөз айтушы) қыл.

33. Сені болғаныңдай мадақтай алмадым өзім, сен Сен мадақта, кесілді сөзім.

34. Рахымды Ием халықтың ең таңдаулысы, кісінің сарасы сүйікті елшіні жіберді.

35. (Ол) қараңғы түнде халыққа шамшырақ еді, жарықты жайды, сені жарқыратты.

36. Ол саған Тәңір тарапынан (жіберілген) шақырушы еді. Сен соның арқасында тура жолға түстің, әй, батыр!

37. Ол атасын, анасын пида қылды. Тілеуі үмбеті еді, тура жол көрсетті.

38. Қара, күндіз жемеді, түнде жатпады. Сен үшін Раббыдан дұға қылды, басқасын қаламады.

39. Күні-түні бейнетпен жүрсе де, сен үшін дұға қылды. Енді сен оған салауат айт, разы болғанын тіле.

40. Бар қайғысы үмбет үшін еді, (азаптан) құтылуын, жәннатқа қауышуын тіледі.

41. Ата-анаңнан да мейірімді олып, әрдайым Тәңірден дұға сұрап, тілеуші еді.

42. Халықтың хақы үшін Тәңірдің рахметі еді. Мінезі көркем, мінез-құлқы түзу еді.

43. Түзу, ақкөңіл, әрекеті таза, ұялшақ, мейірімді, жомарт, қолы кең еді.

44. Қара жер, көк аспанда абыройлы еді. Оған Тәңірі көп құрмет берді.

45. Ол барлық көшбасшының алдында басшы еді. Барлық елшінің соңғы мөрі болды.

46. Енді оның жолына көңілімді байладым. Айтқанына сеніп, сөзін (сүннетін) сүйіп ұстандым.

47. Иләһім, менің көңілімді тазарт (күзет), қиямет күні сүйікті пайғамбармен бірге қыл.

48. Қияметте толған айдай жүзіңді көрсет. Иләһім, өзің шапағатшы (қолымнан ұстаушы) қыл.