Аңдатпа

Жүсіп Баласағұн шамамен 1016 жылы Шу өзенінің бойындағы Баласағұн қаласында дүниеге келген. Қайтқан жылы белгісіз. Қарахан (841-1212ж.ж.) мемлекетінде ханның Бас уәзірі қызметін атқарған мемлекет қайраткері.

1069 жылы Баласағұнда (Құз Ордада) «Құтадғу білік» атты әйгілі еңбегін жазып бастап, 1070 жылы Қашқарда бітірген. Ол кезде Баласағұн қаласы – мемлекеттің батысындағы, Қашқар шаһары – шығысындағы астанасы болған.

Жүсіп «Құтадғу білікті» Қарахан мемлекетінің билеушісі Бұғра ханға сыйға тартқан. Бұл еңбегін жоғары бағалаған Бұғра хан Жүсіпке «Хас хажып» атағын беріп, өзінің Бас уәзірі етіп тағайындайды.

«Құтадғу білік» сол дәуірдің өзінде Қарахан мемлекетінің маңызы жоғары мелекеттік құжаты іспетті қабылданған. Өйткені, кітапта мемлекеттің құрылымы, ел басқарудың заңдылығы, жоғары лауазымды қызметкерлерге қойлатын талаптар мен оларға жүктелетін міндеттер, оларға еңбекақы төлеудің ережесі және мемлекет қызметкерінің этикасы сипатталған. Сонымен қатар, мемлекет қызметкерінің қоғамның әр саласындағы адамдармен қарым-қатынасының негіздері баяндалған. Ең бастысы халық пен билік арасындағы саяси ұстанымдар және бақыт қонып, құт дарыған мәңгілік ел қандай болу керек екені түсіндірілген.

Сол заманның өзінде «Құтадғу білікті» әлемнің кейбір билеушілері алып оқып, оған «Шахтардың әдеп-қағидасы», «Мемлекеттің дәстүрі», «Өмір зейнеті» және «Падишаларға насихат» деп атаулар берген.

Кітаптың құндылығы неде? «Құтадғу білік» кітабының құндылығы, ол – бабаларымыздың қолымен жазып қалдырған еңбегі болуында және сол заманның мәдени, рухани өресін көрсетуінде.

Түркі бабаларымыз туралы көне дәуірлерде өзге халықтардың жазып қалдырған жазбаларының бәрі бірдей ақиқат емес екені белгілі.

Жүсіптің бұл кітапты жазудағы мақсаты – мемлекетті нығайтып, ел басқаруды жетілдіріп, халықты сауаттандырып, құт-береке дарыған, бақыт қонған ізгі елге айналдыру.

Мұндағы, ерекше назар аударарлық жайт мынада. Жүсіп Баласағұн ауызша тараған мәліметке қарағанда жазылып сақталған деректің құнды екенін айта келе: «жазатындар кітаптарын жазбаған болса, бұл даналық пен білімді қалай білер едік?!» немесе «данышпандар мен ғұламалар жазып қоймаған болса, бізден бұрынғыларды кім айтатын еді?!» дейді. Демек, Жүсіп Баласағұн Қарахан мемлекетіне дейінгі әрісі Сақтар мен Ғұндар, берісі Көк түріктер құрған қағанаттардың ел басқару тәжірибесін жақсы білген. Өйткені, сөз арасында «Әлем Билеушісі», «Үш Орда ханы», «Үш Орда Бегі», «Өтүкен Бегі», «Іле Бегі», «Ұлық қала Бегі», «Заң дайындаушы», «Заңмен үкім беруші», «Халық Басшысы», «Түрік Ханы», «Түрік Бұйрығы», «Иабғу Бегі» деп, олардың ел басқарудағы ұстанымдары мен ойларын, даналық сөздерін мысалға келтіреді.

Сонда «Құтадғу білік» 950 жыл бұрын жазылса да, Жүсіп өзіне дейінгі жүздеген жыл бұрынғы деректерге сүйеніп отыр деп ойлаймыз. Демек, біз ойлағандай 10 ғасыр ғана емес, 15- 20 ғасыр бұрынғы бабалар болмысынан хабар беретін құнды дерек деп есептеуге болады.

Бүгінде «Құтадғу біліктің» үш көшірмесі бар. Олар Вена, Каир және Ферғана қалаларында сақтаулы.Кейбір парақтарының түсіп қалғаны немесе кейбір бәйіттерінің көшірілмей қалғаны болмаса, үш нұсқадағы мәтіндер бірдей деуге болады. Түрік ғалымы Рәшид Рахмати Арат осы үш қолжазбаны оқып, салысытырып, оның толық нұсқасын жасаған. Демек, «Құтадғу біліктің» толық нұсқасы ұзын саны 6645 бәйіттен тұратын туынды.

Бұған дейін Жүсіп Баласағұн еңбегінің атауына қатысты әртүрлі көзқарас болды. Мәселен, біздің елде ХХ ғасырда «Құтадғу білік» ел басқару ісімен емес, біліммен байланыстырылды. Сол себепті кітап адамды екі дүниеде бақытқа жеткізетін дидактикалық, философиялық, әдеби көркем шығарма деп түсіндірілді. Алайда, ол жоғарыда айтылғандай мемлекет басқарудың шарттары мен заңдылықтары сипаталған саясатнама жанрында жазылған құнды саяси және мәденитарихи еңбек. Кітап атауының «Құтты билік» деп қойылу себебі де осы.

Шетел ғалымдарының пікірі мынадай. «Құтадғу білік» туралы ең алғаш мақала жазған француз ғалымы А.Жауберт. Ол 1825 жылы Парижден шығатын «Journal Asiatique» журналында Баласағұнның еңбегін «Science du gouvernement», яғни «Билік туралы ғылым» деп түсіндіреді.

Түркітанушы ғалым В.В.Бартольд бұл еңбекті «Знание, образующее царей», ал А.А.Валитова «Наука об управлении» деп аударса, «Құтадғу білікті» орыс тілінде сөйлеткен С.Е.Малов «Осчастливливающее управление» деп тәржімалады. Аталмыш еңбекті ағылшын тіліне аударған америкалық ғалым Роберт Данкоф кітап атауын «Wisdom of Royal Glory» яғни, «Қасиетті патшалықтың даналығы» деп береді.

Белгілі түрік ғалымдары Ибраһим Кафесоглу, Садри Максуди Арсал, Махмут Арслан және Ахмет Бижан Ержиласун шығарманың мемлекетті басқарудың шарттары мен заңдылықтарына арналған кітап екенін дәлелдеген.

«Құтадғу білікпен» мазмұны ұқсас әлемде бірнеше еңбек бар. Оның бірі – Низамүл Мүліктің «Саясатнамасы», екіншісі – Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегі, үшіншісі – Никколо Макиавеллидің «Il Principe» (Ханзада, Государь, The Prince) кітабы.

«Саясатнама» 1091 жылы жазылып, Селжұқ мемлекетінің сұлтаны Мәлікшахқа тарту етілсе, «Il Principe» 1513 жылы Италия корольі Лорензо до Медичиге сыйға берілген. Ал «Құтадғу білік» бұлардан да бұрын 1069 жылы жазылған.

Бұған дейін «Құтадғу біліктің» қазақ тілінде бірнеше аудармасы жасалғаны белгілі. Асқар Егеубаев толық нұсқасын аударса, кейін Әбжан Құрышжанов Ферғана нұсқасын, Берікбай Сағындықов кейбір бөлімдерін тәржімалады. А.Егеубаев пен Ә.Құрышжановтың еңбегі өлең түрінде жасалған көркем аударма болатын. Ал қолыңыздағы аударма – оқырманға лайықтап ықшамдалып жасалған мағыналық аударма.

Бұл кітапта «Құтадғу біліктегі» оқиғалы сюжеттер емес, танымдық мәдени мәні зор және мемлекетті басқаруға қатысты мәтіндер ғана таңдап алынып, оның жолма-жол мағыналық аудармасы беріліп отыр. Олар мазмұнына қарай тақырыпшаларға бөлініп, әр бөлімнің алдына қысқаша мәлімет және ондағы көне сөздерге түсініктеме қоса берілді. 600 беттік кітапты түгел оқу маман емес оқырманға жеңіл тимейтіні анық. Сол себептен ықшамдалған нұсқасын беріп отырмыз. Оқырман бабаларымыздың өсиетін тереңнен түсініп, тарихтан ой түйіп, ұлттық болмысын таныса – ең үлкен жетістік сол.

Мемлекетіміз тұғыры бекем, мәңгілік ел болсын!