Таңдау
тТ

Білім мен ақылдың артықшылығын, пайдасын айтады

287. Әй, ғалым, дана, қалағаным сөз (сөйлеу) еді. Ақыл, білім туралы айтамын.

288. Ақыл қараңғы түндегі шырақ секілді. Білім сені жарқыратқан жарық.

289. Ақыл толысар, білім көбейеді. Бұл екеуі арқылы адам құрмет көреді.

290. Бұған сенбесең, Нушин Реванды көр. Ол ақыл көзімен жаһанды жарқыратты.

291. Заңды дұрыс жүргізді, халқы байыды. Жақсы аты қалып, (билеген) дәуірі де жасқы болды.

292. Маған білімдінің мынадай сөзі жетті. Өзі тамұқтық екен, тамұқтан алыстады.

293. Кішкентай балаға қара, ақылға құмар. Жасы жетпейінше қалам жүрмейді.

294. Ақылды кісіге де, қартайса алжи бастайды. Ақыл кетсе, қалам да тоқтайды.

295. Егер делі ұрса, кісі өлсе. Оған өлім (жазасы) жоқ һәм дүре соғылмас.

296. Неге десең, ол ақылсыз. Ақылсыз кісі үлессіз.

297. Құрмет, абырой ақыл үшін. Ақылсыз кісі бір уыс балшық.

298. Назар салса, бұл сөз жақсы айтылған. Ақылсыз, білімсіз (адам) өздінінен жоғарыламас.

299. Назар салсаң, бәрі бір нәрсе киеді. Ақыл мен білімге қарасаң, нағыз киім сол.

300. Ақылы бар адам, болғанда «асыл адам» болады. Білімі бар адам, не істесе, билік жүргізеді (билік адамы болады).

301. Кімнің ақылы бар болса, асыл (текті) болады. Кімде білім болса, билік қылады.

302. Қара жердің бетінде адам баласы қол созды, бәріне біліммен қол жеткізді.

303. Ақылымен адам текті (асыл) кісі атанады. Біліммен бектер мемлекет істерін реттейді.

304. Мың түрлі қабілет пен көп алғыс алған істер ақылмен жүзеге асқан, сол үшін мақтайды.

305. Ақылдың азын азсынба, пайдасы көп. Білімнің азын азсынба, адам үшін абырой.

306. Бұл төрт нәрсені аз деп азсынба. Даналардың сөзін тыңда, ойлан.

307. Бұл төртеудің бірі – от, бірі – жау. Үшіншісі тіршіліктің тұсауы – ауру.

308. Бұлардың бірі әрі соңғысы – білім. Бұл төртеуін арзан санама, төрі биікте.

309. Бұлардың бірі тиетін болса, пайдасы да, зияны да көп. Бірі береді, бірі алады.

310. Білім химия секілді, оған дүние жиналып тұрады. Ақыл оның ордасы, дүние үгітіледі.

311. Жұпар иіс пен білім бір-біріне тең, ұсқас. Оны ішінде жасырып ұстап болмайсың.

312. Жұпар иісті жасырсаң да, иісінен белгілі. Білімді жасырсаң да, тіліңнен төгіледі.

313. Білім – байлық, кедей болдырмайды. Ұры, айлакер оны алуға қол жетпес.

314. Білім һәм ақыл адам үшін кісен (тұсау). Кісенді (адам) пайдасыз нәрсеге көп бармас.

315. Адам жақсы көрген атын кісендеп (тұсаулап) ұстайды. Қара, өте қажетті атын күзетіп ұстайды.

316. Кісенді (тұсаулы) ат қаша алмас, керегінше ғана жүреді. Тұсаулы ұзаққа бармас, қалағаныңдай жүреді.

317. Ақыл саған жақсы әрі ант берген досың. Білім сенің жанашыр бауырың.

318. Білімсізге өз білгені мен өз әрекеті жау. Басқа жауы болмаса, осы екеуінің зарары жетеді.

319. Бұған ұқсас түрікше мысал (мақал) бар. Мұны оқы да, көңілің мен ақылыңда сақта.

320. Ақылды кісіге ақыл жеткілікті деңгейдегі дос. Білімсіз кісіге сөгіс жеткілікті ат.

321. Білімді үшін, білім – жейтін асы, киетін тоны. Білімсіз үшін, әрекеті – жауыз досы.

322. Әй, ақылды, жақсы адам, өкпелеуді доғар. Әй, білімді, бек адам, ашуланба, жақсы атты бол.

323. Бұл екеуімен іске жақындама (іс бастама), зиян. Егер бастасаң, өмірің босқа кетіргенің.

324. Өкпемен жасалған іс әрқашан өкінішке (толы) болады. Кісі іс барысында ашуланса қателікке (толы) болады.

325. Адамның мінезі жұмсақ, сабырлы болғаны керек. Күні, айы оңынан туса, бекке тыныш болғаны керек.

326. Түзу һәм таза болғаны керек. Ақылды һәм білімді болғаны керек.

327. Адам тани білу үшін ақылды болу керек. Ісіңді нәтижелі бітіру үшін білімді болу керек.

328. Жарамды, жарамсызды тексеріп қарап, керекті және керексізін тергеп сұрап,

329. Өзі айырып, таңдап, талдай білсін, барлық істі көз айырмай, жіті бақыласын.

330. Нәтижесінде жұмысың бүтін һәм піскен болады. Білімді кісілер асын пісіріп жейді.

331. Осындай кісі тілегіне жетеді. Екі дүниеде ісі оңынан болады.

332. Ашу мен өкпе адамға зиян. Бұл екеуінен жан-тәнің әрдайым азап шегеді.

333. Дана, ғалым бұған ұқсас не деген, тыңда. Бұл сөзді іске асыр, әй, бақытты жан!

334. Адам ашуланса, надан сипатта болады. Егер өкпелесе, (өкпесі оны) ақылсыз қылады.

335. Ашулану адамға зиян, білімін жоғалтады. Ашуланса мінезі жұмсақ кісінің өзі дөрекілік қылады.

336. Тыңда, білімді кісі не дейді? Білімдінің сөзі, шынымен, тәтті жаныңмен бірдей.

337. Мына бірнеше нәрсе адам үшін зиянды. Адам мұны (білсе), өзін сақтандырған болады

338. Бұлардың бірі – тілдің жалған сөйлеуі. Бұдан кейінгісі – сөзінде тұрмау.

339. Үшінші тағы бірі – құмарланып арақ ішу. Күмәнсіз, (мұны жасаған) адам бүкіл өмірін босқа өткізген болады.

340. Тағы бірі – адамның қырсық мінезі. Мінезі қырсықтардың (өмірінде) қуаныш болмайды.

341. Тағы бір қадірсізі – мінездің дөрекілігі. Кісінің үйінде ұрыс шығарады.

342. Және бірі – ашықауыздық. Елді ашуландырады, өкпелетеді. Аузын ашып кісі сөксе, зар еңіретеді.

343. Бұл бірнеше нәрсе бір кісінің бойына жиналса, құт, береке одан алыстайды, қашады.

344. Ондай жанға бақ қонбас, басы айналар. Онымен қоса мінезіне, әдетіне айналады.

345. Әй, ізгі адам, ізгілік қыл, амал ет. Ізгі адамның ісі әрқашан оңынан болады.

346. Тәжірибемен өзін жетілдірген, сөйтіп мемлекет ісін қолға алған, мінезі көркем кісі не деген, тыңда.

347. Неше жыл өмір сүрсе де, ізгі адам қартаймайды. Қанша құрмет көрсетсең де, жаман адам әдемі болмайды.

348. Аз өмір сүрсе де, жаман адам өкініштен қартаяды. Ұзақ өмір сүрсе де, жақсы адам өкінішсіз өмір сүреді.

349. Жақсы адам күнде бір жаңа тілегіне қол жеткізеді. Жаманның күн сайын мұңы еселеп артады.