Таңдау
тТ

Кітаптың атын, мағынасын және қартайғанын айтады

350. Кітаптың атын «Құтадғу білік» қойдым. Оқығанды құтты қылсын (құтайтсын), қолынан ұстасын (көмектессін).

351. Мен, сөзімді айттым, кітабымды жаздым. Екі дүниенің (бақытын) ұстаған қол, (оны) саған ұсынады.

352. Кісі екі дүниенің бақытына қол жеткізсе, құт қонған болады, бұл сөзім шын, илан.

353. Сөз басында Күнтуды Елігті айттым. Әй, ізгі адам, кім екенін айтайын.

354. Кейін Айтолдына айттым. Берекелі, қасиетті күн оның арқасында жарқырайды.

355. Күнтуды дегенім «әділ заң». Айтолды дегенім қарасаң, ол – «құт».

356. Қара, одан кейін Өгдүлмішті айттым. Оның аты – ақыл, адамның дәрежесін жоғарылатады.

357. Одан кейінгісі – Одғұрмыш. Оны өзім ақыбет деп шештім.

358. Мен сөзімде бұл төртеуі туралы айттым. Жіті қарап оқысаң, мағынасы ашылады.

359. Сүйінішпен өмір сүр, әй, ізгі жігіт. Сөзімді аяқасты қылма, ықыласпен тыңда.

360. Қайраттан, тура жолдан жаңылма. Жігіттің шағыңды босқа жіберме, пайдасын ал.

361. Жігіттік шағыңды қадірле, ол сенен тез өтеді. Қанша берік ұстасаң да, өмір сенен сусып кетеді.

362. Бойыңда жігіттік күшің бар кезде уақытты босқа өткізбе, әрдайым тағат, құлшылық қыл.

363. Өзім жігіттіктің қадірін кеш біліп, өкінемін. Өкініштен пайда жоқ, сөзімді доғардым.

364. Кімнің жасы қырықтан асса, жігіттіктің тілі адаммен қоштасады.

365. Елу жасым маған қолын тигізді. Басымды құзғынның түсіндей қудай қылды.

366. Алпыс енді маған «кел» деп шақырады. Тұзақ болмаса, енді оған барам.

367. Кімнің жасы алпысты түгессе, өмірінің дәмі кетті, оның жазы қыс болды (деген сөз).

368. Отыздың жиғанын елу кері алды. Алпыс қолын тигіссе не қыламын?!

369. Елу, мен саған не қылдым? Неге менен кек, өш алуға тұрсың?

370. Жігіт кезімде әрбір ісім тәтті еді. Енді менің жеген асымды у қылды.

371. Бойым оқтай, көңілім садақтай еді. Қазір бойым садақтай болды, көңілімді оқтай қылды.

372. Жігіттік маған не жинап берген болса, кәрілік келіп бәрін алды, саған да келеді.

373. Әй, құтқарушы, кел, мені құтқар. Азапталып, ай мен жылдың (уақыттың) тұтқыны болдым.

374. Кісенсіз болса да, аяғым жүріп мандымайды. Көрер жанарым сөнді, жарқырамайды.

375. Өмірдің дәмі кетті, көңіл оты өшті. Жігіттіктің аты менен алыстады.

376. Әй, бурыл шашты, оян, өлімге дайындал. Мына өткен өмірің үшін жыла, сықта.

377. Өмірің бостан босқа өтті де кетті. Бұ қалған күніңде кешірім тіле.

378. Әй, мәңгі тірі, мұңсыз Ием! Бұл сансыз тіріні өлу үшін жараттың.

379. Сенен дұға қылып, тілеймін, маған өмір бер, жасымды ұзақ қыл.

380. Сенен күш-қуат тілеп, сөзімді бастадым. Әй, бір Ием! Мұны бітіруге сен қүш бер.

381. Әй, тілім, тынымсыз мадақта, Жаратушыны және жамандықты менен алыстатқанды.

382. Таңдады, жаратты һәм көңілімді жарық етті. Тура жолды нәсіп етіп, көңіліме содан тыныштық сыйлады.

383. Қараңғыда едім, түнімді жарқыратты. Түнекте едім, күнім туды.

384. Азып жүр едіп, тура жолды көрсетті. Ол қорғамаса отқа күйер едім.

385. Таңдады, ерекшеледі, дәрежемді көтерді. Адасқандардың жолынан мені аман сақтады.

386. Көңілімді нұрландырып, көркем етті. Тілімді куәлікпен (кәлимамен) көркем етті.

387. Көңіл, көз, ақыл, ес һәм білім берді. Тілімнің күрмеуін шешіп, ойымды сәулелендірді.

388. Хабибтің сүйген жолы (сүннеті) мені бақытқа жеткізеді. Пайғамбар ғана маған шапағатшы болсын.

389. Бұлардың барлығы Иемнің жарылқауы еді. Мен секілді құлшылықсыз құлын қадірлі етті.

390. Айлар һәм жылдар бойы өмір сүрсем де, мұның шүкірін енді қалай өтейін?

391. Иләһім, сен менің әлсіз екенімді білесің. Бар мұңым мен қиындығымды саған ғана айтамын.

392. Саған бұлардың біреуінің де шүкірін қыла алмадым. Сен өз хикметіңмен маған разы бол.

393. Мені тура жол үстінде түзу жүргіз. Менің үстімнен иманның тонын шештірме.

394. Менің бұл жаным тәнімнен шығарда ақырғы демімнің шәһәдатпен үзілуін нәсіп ет.

395. Қара жердің астында жалғыз өзім қалғанымда, ол жерде маған шексіз рахымыңды жібер.

396. Құлшылығы жоқ, күнәсі көп құлың едім. Әй, әзиз (Тәңірім), өзіңнің рахымыңмен кешір.

397. Барша мүмінді түгел өзің жарылқа. Етеңгі бақида көрсетер дидарыңды бүгін көрсет.