Таңдау
тТ

Сөз басы Күнтуды. Еліг туралы

398. Қара, ақыл тұспалдайды, білім білдіреді; саған опасыз дүниенің құлқын ұқтырады.

399. Бұл опасыз дүние кәрі қатын секілді, баянсыз; қыз секілді қылымсығанмен, қарасаң жасы үлкен.

400. Кейбір қылығы қыз сияқты, мінезі нәзік сүйіндірер, бірақ ұстағың келіп ұсынсаң, қолын бермес.

401. Сүйгенді сүймес, киік секілді қашар; қашқанға жабысар, тіпті аяғын құшар.

402. Кейде көрсең, безеніп жүгірер, айтқаныңды орындайды; кейде көрмегендей жер қылар.

403. Кейде қарасаң, жүзін тез бұрып алар, назданар; неше мәрте ұстағың келсе де, өзіне жолатпас.

404. Ол талай бекті қартайтты, өзі қартаймас; талай бектер өтті, сөзі бітпес.

405. Бұл дүниеде бек бар еді, ақылды, данышпан әрі Бас еді; Бек болып ұзақ өмір сүрді.

406. Бұл бек Күнтуды еді, аты белгілі; атағы дүниеге жайылды, құтты екені мәлім.

407. Болмысы дұрыс, мінезі жұмсақ еді; сөзі шынайы, тура, қанағатшыл әрі көңілі бай.

408. Ол білімді, ақылды әрі санасы ояу бек еді; жаманға от, жауына қатал еді.

409. Ержүрек әрі мінезі түзу еді; бұл мінезі оның күннен күнге дәрежесін арттырды.

410. Ол сондай бек еді, ісін білімге сүйеніп жүргізді; болмысын түзеді, әрқашан солай өмір сүрді.

411. Саясат жүргізерде кеңпейілділік қылады; бұл кеңпейілділгі мәрттігімен жарасып тұрады.

412. Бұған ұқсас шайыр сөзі бар; оны кім оқыса, көзі ашылады.

413. «Адамға кеңдік пен адамгершілік керек; сонда жамандық пен ынжықтық жырақтайды».

414. Тұлға болу үшін кеңдік пен адамгершілік керек; кісі қадірі – кеңдік пен адамгершілікте.

415. Бұл Күнтуды Еліг мінезімен ай-күн секілді жарқырап, әлемге жарық берді.

416. Ақылды біреу бар болса, оны жанына шақырды; білімді біреу бар болса, оны жоғарылатты.

417. Әлемнің таңдаулылары және халық ішіндегі ақылды әрі білімді даналары оның маңайына жиналды.

418. Мемлекет ісін өзі реттеп, жолға қойды. Тағы да таңдаулы кісілер жанында болуын қалады.

419. Олар жәрдем етсін әрі ісін реттесін; олар жұмыс істесін, бек біраз демалсын.

420. Бір күн отырғанда мұңайып: «билік жүргізу және бұйрық беру – ұлы іс» деді.

421. Қарасаң, басты ауыртады әрі мыңдаған жұмысы бар; бұның барлығын көріп білген адам дана, әзіз болады.

422. Мемлекеттің барлық ісін өзім атқара алмаймын, жаныма маған істің ретін білетін ер керек.

423. Қазір маған таңдаулы, ақылды, білімді әрі озық ойлы (елдің алды) адам керек.

424. Ол жаны ашитын, әділ, шыншыл, мінезі дұрыс және сөзі мен көңілі түзу болса, мұның бәрін білсе.

425. Мемлекеттің ішкі, сыртқы істерін жақсы біліп, (маған көмекші ретінде) менің ісімді атқара берсе.

426. Тәжірибелі, барлығын басынан өткізген, көп жасап, көпті көрген кісі не дейді, тыңда!

427. «Елігке жәрдемдесіп, қолдау білдіретін, ақылды, білімді және мемлекетшіл тұлғалар керек».

428. Барлық істің ретін білетін көмекші керек, ол біліп істесе Еліг қалауына жетер еді.

429. Көмекші көп болса, Еліг қиындық көрмес; барша ісі реттеліп жолға қойылады, заң бұзылмайды.

430. Біліңіз, барлық істе көмекші керек; билік ісінде тағы да көп көмекші ізде.

431. Қара, Еліг көмекші іздеді, таппады; барлық істі өз қолымен жасады.

432. Қара, ол осылай күнде көп қиындыққа ұшырады; рахат өмір қаласа да қиындыққа тап болды.

433. Бұл сөз мүбәрак әрі құтты адамның тәжірибесінен айтылған, ол мұқият тыңдалса, өте орынды.

434. Рахат қаласаң, ол қиындықпен бірге келеді; қуаныш қаласаң, ол қайғымен бірге келер.

435. Елігтің қадірі қанша артса, проблемасы да көбейеді; бас қанша үлкейсе, оған киер бөрік те үлкейеді.

436. Еліг барлық елде хабаршы, елші ұстады; оған барша билік есігі ашылды.

437. Пайдасыз, зиян қылғандардың қолын байлап, жазалады; қайырсыз жамандарды елден қуып жырақтатты.

438. Қара, бұл сақтықпен елін басқарды; берекесі күн сайын артты, жоғары өрледі.

439. Барлық жерде Елігке сақтық керек; бұл билік ісінде өте сақ болу керек.

440. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен қырағылығы мемлекеттің болашағы үшін әрдайым пайдалы.

441. Бұған ұқсас бір шайырдың сөзі бар; шайырдың ол сөзі бұған негіз болады.

442. «Сергектік, қырағылық және сақтықпен көп адам алғыс алды, осалдықпен жүз мыңдаған ер өлді».

443. Осал болма, барлық істе қырағы бол; бұл сақтықпен екі дүниенің бақытын тіле.

444. Қара, өзіне көп сенген кісі осалдық қылады; жау келгенде әуелі осалдар өледі.

445. Тыңда, сақтықпен жауын жеңіп, әлемді билеген ер не дейді!

446. «Әй, Еліг, әлемді билеуді қаласаң сақтан, қырағы бол; бұл қырағылық өмірде ерлік әрі шариғаттың талабы».

447. Осал адамның көзі көр, ғапылдықта ұйықтайды; Әй, қадірлі, болмысы келісті ер, осал болма, сақтан, қырағы бол!

448. Елігтің сақтығы, қырағылығы елге пайда әкеледі; бұл пайдаменен мемлекетке бейбітшілік орнады.

449. Осылайша, билеуші мемлекет ісін жолға қойып, өркендетті; халық байыды, сол кезде қасқыр мен қой бір жерден су ішті.

450. Жақсы көргендер сүйінді, оны мақтады; жаулар, дұшпандар бұны есітіп, басын иді.

451. Бірі келіп оны паналады және қолдау тіледі; Елігке бірі келіп есігін сүйді.

452. Енді тыңда, көңілі ояу адам не дейді; оның сөзі мыңдаған түрлі гүл секілді.

453. «Әй, жүзі нұрлы, адам шынайы әрекет етсе, бұл билік – ұлылық әрі игі нәрсе».

454. Билік жүргізу игі іс, бірақ одан да жақсырағы заң және оны дұрыс, түзу жүргізу керек.

455. Билеуші қаншалықты ізгі болып, билікті әділ жүргізсе, халық үшін берекелі, құтты заман болады.

456. Жақсы ат Еліг үшін құттың құты; оның жақсы аты мәңгілік қалады.

457. Мемлекет ісін адамгершілікпенен істесе, ол Еліг соншалықты ізгі кісі болады.

458. Елігтің жақсылығы барлық елге ұласты; оның абыройы мен даңқы әлемге жайылды.

459. Қара, елде оның тілеуін тілеушілер, дұға етушілер көбейді; күн сайын аты һәм құты өсті.

460. Әлем халқы оны естіген бойда өздері қалап, оған өзін жақын тұтып, маңайына жиналды.

461. Қара, әлемге толық бейбітшілік құшағын жайды; қасқыр мен қозы араласып жүрді.