Таңдау
тТ

Айтолдының Күнтуды Елігтің қызметіне келуі айтылады

462. Айтолды атты бір ақылды кісі бар еді, (Елігтің) бұл даңқын есітті, оған баруға дайындалды.

463. Мінезі биязы жас жігіт еді. Әрі ақылды, білімді және көңілі таза еді.

464. Жүзі көрікті еді, көрген көз сүйсінеді. Сөзі жұмсақ, тілі шындық айтады.

465. Түрлі пайдалы нәрсенің бәрін түгел үйреніп, қолынан келген жақсылығын жасап жүретін еді.

466. (Бір күні) өзіне қарап былай деді: «Мен бүгінде барша қабілетіммен елдің алдыңғы қатарындамын.

467. (Ендеше) бұл жерде неге құрдан-құр жүрмін? Елігке барайын, қызмет қылайын.

468. Елігке бұл өнер-қабілетімнің пайдасы тисін. Еңбегім бағаланып, менің де уайымым кетсін».

469. Ол ақылды, білімді, сабырлы бек екен, қабілетті кісілерді іздейді екен.

470. Ақылдылар ақылың мен қадіріңді біледі. Данышпанның сатқан білімін білімді алар.

471. Шайыр айтқан сөз бұған ұқсайды, тілінен шыққан сөз онымен мағыналас.

472. «Білімнің құнын білімді біледі. Ақылды бағалау ақылдыдан келеді.

473. Білімнің қадірін білімді ұғады. Гәуһардың құнын надан қайдан білсін?!

474. Қара, бұл Айтолды сөйтіп атын, тонын, қару-жарағын дайындады. «Қызмет жолына жолға шығайын» деді.

475. Өзіне керекті дайындығын жасады. Бұл ақылды, білімді (Айтолды) Елігке қарай жолға шықты.

476. Және айтты: «Елігке қызмет етуге бет бұрып, бұл жерден өзім кетіп барамын».

477. Жат жерде мал-дүниең болу керек. Қолың тарықса жүзіңді сарғайтады.

478. Жат жерге сапарлау – өте ауыр еді. Таңдаулы, ердің ері де жат жерде (сапарда) жаңылады (адасады).

479. Өзіме жұмсау үшін күмәнсіз, көп алтын мен күміс керек болады.

480. Енді тыңда, білімі теңіз (кісі) не деген. Сөзімді аңғарғанның жүзі жайнайды.

481. Қызметке кірейін деген біреу болса, білсін, сөзімді кесімді айтайын, екі нәрсе керек.

482. Әрдайым ауру-сырқаусыз өмір керек, туралықпен қызмет етсін, жүзі жарық болсын.

483. Әй, данышпан, тағы бірі – саф алтын керек, оны жұмсап, көңілің бірленсін.

484. Бұдан кейін бұл қызмет пайдалы болады. Мұны білсең билік есігі жабық болмас.

485. Жаным қиналғанда маған бір пайдасы болар деп, саф алтын, күміс, заттар мен мал-дүние алды.

486. (Тұрып), үйінен шықты, (жолда) бірқанша аялдап, бірқанша жүрді.

487. Еліг тұратын Ордаға келіп жетті, көңілі, жаны қалаған тілегіне қауышты.

488. Кіріп, кентке ішінен қонақ үй іздеді. Қара, қонақ үй таппады, әлем тар көрінді.

489. Мұңайды, қайырымдылық үйіне барып түсті. Кешке барып жатып,сонда түнеді, шыдады (сабыр етті).

490. Ақылды не деген, тыңда. Ол сөзді өзі біліп және білімі арқылы түсініп айтқан.

491. Қара, танысы жоқ әрі қалың жат кісілердің арасына жалғыз кіргеннің жағдайы жаман болады.

492. Сонымен қоса, келуші бар күшін сарп етеді. Танысы жоқ болса, әрдайым қайғырады.

493. Танысы жоқ кісіні соқыр (көр) сана. Жүргенде соқыр адасса, оны сөкпе.

494. Егер кісі (бұрын) келмеген еліне кірсе, келін секілді болар, тілі мылқау секілді.

495. Жатты жарылқа, ішкіз, тамақ бер. Әй, білімді данышпан, жолаушыға жақсылық жаса.

496. Жатқа жақсылық жасаса, адамның жүзі жарқырайды. Жолаушыға жақсылық жасаса, жақсы сөзі жайылады.

497. Кісіге барлық жерде таныс керек. Түрлі ісіңнің барлығы таныс арқылы жүзеге реттеледі.

498. Бұл Айтолды осылай біраз жүрді, сапардың қиыншылығынан жүзі солды.

499. Сөйтіп жүріп ол адамдармен танысты. Бір отау алды, жаны жадырап, жүзі күлімдеді.

500. Және дос, жолдас тапты, жанына жақын тартты. Ұлыққа да, кішікке де жүзін ашық болды.

501. Қара, бұл Айтолды бір атақты кісімен дос болды, дос болып, кеңесті.

502. Айтолды ол ізгі кісіні дос тұтты. Ісі ізгі оның аты Көсеміш еді.

503. Айтолды оған сырын ашты, өзі кім, қандай тілегі бар екенін айтып.

504. (Туған) жерінен бұл қалаға не үшін келгенін, өзінің не білетінінің бәрін айтты.

505. Елігке жақын бір Хас хажып бар еді. Аты – Ерсіг, Елігпен сырлас еді.

506. Бір күні Көсеміз оған барды. Мәселенің тереңін түсіндіріп, сөзін айтты.

507. Хажып оның сөзін жіті тыңдап, (Айтолдының) не қалайтынын жан-жақты сұрады.

508. Көсеміш барлығын айтып берді, кім өзі, не қалайды.

Хажыптың Көсемішке жауабы

509. Хажып айтты: әуелі ол маған келсін, оны көрейін, ол да мені көрсін.

510. Сосын Елігке бұл сөзді жеткізейін, оның қашан келетіні, қай күні кездесетіні (нақтылансын).

Хажыптың Көсемішке жауабы

511. Көсеміш ол жерден шықты және келіп: «әй, Айтолды, күнің туды» деді.

512. Енді барып хажыппен таныс, не қаласаң да, одан сұра.

513. Сені көрсін, білсін, сөзіңді тыңдасын. Не қалайсың, оны өзің айт.

514. Мен оған сенің сөзіңді қанша айттым десем де, менен де жақсырақ, түсіндіріп сен айт.

515. Тілі, көңілі түзу кісі жақсы айтыпты, жіті назар аударсаң, бұл сөз өте дұрыс.

516. Қара, кісінің сөзін басқа кісі тура жеткізер. Алайда, өз ісіне (басқасына қарағанда) адамның өзінің ғана жаны ашиды.

517. Қанша жерден жаныңа жақын кісі болса да, ойлан, өзіңе өзіңнен артық жаны ашитыны болар ма?!

518. Егер өзің жаны ашитынды іздесең, өзіңнен артық жанашыр жоқ, сөздің қысқасы.

519. Айтолды орнынан тұрды, тонын киді. Көсімішпен бірге шығып, сосын барды.

520. Қақпаға жақын барып, аттан түсті. Жаяу жүріп барып кірді. Хажыптың адамы келіп, көріп қарсы алды.

521. Көсеміш кіріп, (хажыппен) кездесті. Қайта кері шығып, оны алып кірді, тура хажыпқа апарды.

522. Хажып оларды қарсы алып, төрден орын берді. Жылы әрі жақсы сөз сөйледі.

Хажыптың Айтолдыға сауалы

523. Хажып айтты: «Енді көңіл-күйің қандай, қайда келіп түстің, тұрып жатқан орның қандай?»

524. Туысың, досың не танысың бар ма? Ішетін, жейтін асың не көргенің бар ма?

525. Және тағы сұрады: «не қалайсың, не жұмыс істейсің, қажетің не?»

Айтолдының хажыпқа жауабы

526. Айтолды жауап берді: «Әй, құт хажып, бүгінде Күнтуды Елігтің атын есіттім.

527. Жырақтан оның даңқын, білімін, ақылын және шынайы (жүректен шыққан) өсиет сөзін естідім.

528. Жаным оған қызмет етуді қалады. Оның есігіне қызмет қылуға келдім.

529. Қалауым осы, Елігке қызмет қылсам. Лайық көрсе, хажып сөзімді жеткізсе.

530. Хажып бұл Айтолдыны көріп, жақсы көрді. Тілімен бар мақтауын келістірді.

531. Көркін, киім киісін, мінезін, болмысын, тұлғасын, сөзін, сөйлеу мәнерін барлығын жақсы көрді.

532. Жақсы көрді және оны көңілмен қабылдады. Елігтің қызметіне бұл жарайды деді.

533. Тыңда, сүйкімі бар кісі не деген. Кісі өзін сүйкімді көрсетсе, оның мінінің өзі артықшылықтың басы болады.

534. Адам кімді жақсы көрсе, оның кемшілігін артықшылық көреді. Ал, кімді жек көрсе, оның артықшылығын залымдық деп біледі.

535. Бұл сөзге дәлел ретінде мына сөз келді. Мұны сен оқы, әй, ізгі жан!

536. «Көңіл кімді сүйсе, міні артықшылық болады. Барлық қателігі оң, кем-кетігі толымды болады.

537. Көңіл кімді сүйсе, оның барлығы сүйкімді, (қателігі) көзге ұрып тұрса да, көрінбейтіндей болады.

Хажыптың Айтолдыға жауабы

538. Қара, хажып Айтолдыға жауап берді: «қазір асықпа, маған қарайлай тұр» деді.

539. Мен әуелі сөзіңді Елігке айтайын, не қалайтыныңды, өзіңнің кім екеніңді.

540. Сені танысын, сосын жүзіңді көрсін, лайықсыз емес, қадірлі екеніңді білсін.

541. Сені керекті нәрсемен мен қамтамасыз етемін, барлық ісіңді шын көңілмен жасаймын.

542. Өте көп жақсы сөз сөйледі, «бәрін жасаймын» деп уәді берді.

543. Кісінің ізгісі осындай болар. Кісінің ізгісі – ол – халықтың жүгін көтергені.

544. Халықты басқарған, әрбір ісін жіті тексеріп барып істеген адам не деген тыңда.

545. Кімнің дәулеті артып, (абыройы) жоғарыласа, (оның) барлық ізгі ісі халыққа дәстүр (болып қалады).

546. Кім халыққа билік жүргізсе, оның ары таза, болмысы тура болсын.

547. Кімнің халыққа сөзі өтімді болса, тілі тәтті, көңілі ақ болсын.

548. Бұл бақ-дәулет – айнымалы, жақсартады не бұзады. Тұрақсыз, тез қонады, қиналса қашады.

549. Бұл құтқа (бақ-дәулетке) сенбе, қолыңнан келсе (маңайыңа) жақсылық қыл. Біл, бүгін мұнда болса, ол ертең анда болады.

550. Әй, бақ табушы, бақ-дәулетке мақтанба, келген бақ және кетеді.

551. Әй, бақ-дәулеттің иесі, бұл бақ басыңда тұрсын десең, сен де ізгілік қылуды тоқтатпа.

552. Саған билік, жоғары ұлықтық тисе, сақал-шашың ағарғанша өзіңді кішік тұтуға дайын бол.

553. Хажып тағы да айтты: «Сен, қуанышпен өмір сүр, енді бақ-дәулеттің құшағына ендің.

554. Сен аз ғана сабыр ет, әрбір іс уақытқа қызмет етеді. Уақыты келсе, күткен қақпаң ашылады.

555. Данышпан сөзін тағы да жақсы айтыпты. Білімдінің сөзі, қарасаң, жібектің неғыз өзі.

556. Қайбір істе асығыстық болса, ол іс ұзайды, кеш қалады. Асығыс жасалған істер өкінішпен бітеді.

557. Істің уақытын күт, асықпа. Барлық іс уақытында болады, әй, данышпан!

Айтолдының хажыпқа жауабы

558. Айтолды барлық сөзді тыңдады «Мен өзімді ұстайын және сабыр етейін» деді.

559. Хажып мені көрді, сөзімді тыңдады. Пайдалысын, оның қай уақытта жасалатынын өзі шешеді.

560. Хажып мені қай уақытта іздесе, сол күні, сол уақытта келейін деді.

561. Айтолды тұрып, ол жерден шықты. Үйге келіп кірді, тонын шешті.

562. Хажып көрді, Айтолдының тумысы бөлек, басқа адамдарға қарағанда өзгеше.

563. Айтты: «мұндай кісіні көргенім жоқ, ақылды, білімді, елдің алдыңғы қатарында».

564. Мұндай кісілер өте сирек (қымбат) болады. Қыздың атын қыз қылған да оның сирек (қымбат) болғаны.

565. Қай нәрсе сирек болса, онда ол әзіз болады. Әзіз нәрсені іздеген адам көп еңбектенеді, таппайды.

566. Мұндай кісілер Елігке керек. Елігке керек нәрсе, елге керек.

567. Қара, мұндай жақсылығы мол кісінің баршаға пайдасы тиеді. Бұл жақсылығымен адам қалағанына қол жеткізеді.

568. Уақыты келді, хажып Елігке сөзін ашып айтып, Айтолдының болмысын, мінезін баяндады.

569. Оның мінезін, табиғатын, тұлғасын айтып берді. Ақылына сай білімін де санамалап берді.

Елігтің Хажыпқа жауабы

570. Еліг тыңдады: «кәне, шақыр, қайда тұрады, бір көрейін оны» деді.

571. Билік ісін жүргізіп, ұйыстыратын мұндай кісіні мен де іздеуші едім.

572. Бар қалауымды таптым, тек бір сөзім, мұндай кісіге өзім де мұқтажбын.

573. Бар, сен оны маған шақыр. Қабылдауыма келсін, әй, ержүрек батыр.

574. Хажып орнынан тұрып, сыртқа шықты. Қақпаға жақын келіп, сөзін жеткізу үшін бір оғланды жүгіртіп жіберді.

575. Бұл оғлан жүгірді, сөзін жеткізді. (Айтолды) жүзі жайнап орнынан тұрып, тонын киді.

576. Атына мініп, қақпаға келіп түсті. Хажып оны қарсы алып, ішке кіргізді.

577. Хажып оны құрметтеп төрден орын берді. Қара, Айтолды әдеппен отырды.

578. Хажып Елігке қарай бет алып, қабылдауына кірді, аяғынан тік тұрып, өтінішін айтты.

Елігтің Хажыпқа жауабы

579. Еліг айтты: «маған шақыр, кірсін, көрейін оны, ол да мені көрсін».

580. Хажып шықты да: «Әй, Айтолды, тұр. Қабылдауға кір, бақ-дәулетің қонды» деді.