Таңдау
тТ

Айтолдының Күнтуді. Елігтің қабылдауына кіріп, кездескенін айтады

581. Бұл Айтолды қабылдауға кіріп көрінді, тізе бүкті. Оның жүзін көріп, Елігің көңілі ашылды.

582. Елігке бас иді, сөз сөйледі. Тәтті сөзі сүйсінтті һәм жүзі риза қылды.

Елігтің Айтолдыға сауалы

583. Еліг айтты: «Сен кімсің, атың кім, қайдан келесің, қайда тудың?»

584. Айтолды байыппен (сабырмен) сөз бастады. Сыпайылықпен, жүректен шыққан сөзін айтты.

585. Сабыр мен сыпайылық – ақылға тән. Ақылсыз кісілер – ол – хайуанмен тең.

586. Шайыр бұған ұқсас бір бәйіт айтыпты. Біреуге ісің түссе, асықпай, сабырмен айт.

587. Істі асығыс бастама, өзіңді сабырлы ұста. Асығыс қылынған істер ертең өкіндіреді.

588. Барлық істе асығыстық қылма, өзіңді сабырлы ұста. Қызметкер (құл) сабыр етсе, билік лауазымына жетеді.

Айтолдының Елігке жауабы

589. Айтолды айтты: «Әй, Елдің құты, қызметкердің (құлдың) аты қызмет қылумен жарасымды болады.

590. Атым – қызметкер (құл), қызмет етуші. Қара, орнын қақпада. Болмысым – әділдік, ниетім – қызмет қылу.

591. Саған келу үшін ұзақ жол жүріп келдім. Бүгін қалауыма жетіп, тілегім орындалды.

592. Тілегім сол: сен мені жек көрмей, жатырқамай қызметіңе жақын тұт.

593. Бұл сөзді тыңдап, Еліг сүйінді. Оны сыннан өткізді, өзі қалағандай екенін аңғарды.

Елігтің Айтолдыға жауабы

594. Еліг айтты: «Айтолды, сені көрдім, келбетің мен мінезің мені риза қылды».

595. Адалдығың және жанашырлығыңмен маған қызмет ет. Әрқашан қақпамда тұрып, маған жақын бол.

596. Менен ас (ақы) болсын, сенен қызмет. Лайықты қызмет болса, сол кезде құт-берекенің есігі ашылады.

597. Бүгіннен бастап сен тура жүріп қызмет қыл. Қызметкер қызмет етсе ғана бектің хақысын өтейді.

Айтолдының Елігке жауабы

598. Айтолды жерді сүйді де: «Елігтің көзі жайнаса – бақ-дәулет қолын бегені» деді.

599. Үйімнен шығып, (осы жерге) қызмет қылу үшін келдім. Саған бет түзеп, ұзақ жол жүрдім.

600. Бұл қызметті қылуға Тәңрі маған күш-қуат берсін. Қызметте жазықты болудан (қателесуден) Тәңрі қорғасын.

601. (Айтолды) орнынан тұрып, сүйініп, жүзі күлімдеп қабылдаудан шықты. Ақылы, көңілі ашылып, шамшырақтай жарқырады.

602. Тыңда, бақытына қауышқан, бақ қонып тілегіне жеткен адам не деген?

603. Бектер кісіге (қызметкерге) күліп қараса, (оның) ақылы, көңілі өсіп, өзіне сенім пайда болады.

604. Бектер кісіге (қызметкерге) жылы жүзбен қараса, ол адамның көзі жайнап, сөзі пайдаға асады.

605. Бектер кімді өзіне жақын тұтса, қара және назар аудар, барлығы оған жақын болады.

606. Бек – ол – құт, құтқа жақын болған кісі барлық тілегіне жетіп, ісі реттеледі.

607. Айтолды осыдан бастап қызмет етті. Ерте тұрып, қызметте кемшілік қылмады.

608. Күндіз қызметкерлермен, түнде күзетшілермен бірге тұрды. Туралықпен, жанашырлықпен қызмет етті.

609. Елігке кіріп-шыға бастады. Еліг те жақсы көзбен қарай бастады.

610. Күнен күнге қызметі арта берді. Еліг те оның дәрежесін арттырды.

611. Бектер қызметкердің (құлдың) дәрежесін қызметіне қарай өсіреді. Қызметі сіңсе, кішіктердің өзі ұлық болды.

612. Қызмет қыл, құл қызмет ету арқылы бек болады. Қызметі (еңбегі) сіңбесе кім тілегіне жете алады?

613. Енді тыңда, данышпанның сөзінде не делінген? Сөзбен бейнелеп, ойды дәл айтқан.

614. Лайық болмаған (адамның өзі) қызмет ету арқылы төрге озады. Пайдасы болмаған (адамның өзі) пайдасын тигізсе, қара, елге (ел қызметіне) жетеді.

615. Қызмет етуші туралықпен қызмет етсін. Қызметі (еңбегі) сіңсе, нәтижесінде тегіне жетеді.

616. Бұл Айтолды күнде қалтқысыз қызмет етті. Еліг те ақысымен қоса, жаңа есіктерді ашты.

617. Күннен күнге жақынырақ барып, жоғарылады. Қайғысы азайып, қуанышы көбейді.

618. Бұл Айтолды қызметке өте берілді. Еліг еңбекақысын көбейтіп, көмекшілері мен мал-дүниесі артты.

619. Еліг оны түрлі іске жұмсап, сынады. Қызметкері өзі қалағандай кемел болды.