Таңдау
тТ

Айтолды Елігке өзінің бақ-дәулет екенін айтады

620. Еліг бір күні өзі жалғыз отырғанда оны шақырды. Айтолды іштей қуанып кірді.

621. Айтолды кіріп, алдына кеп тұрды. Еліг «бері кел, отыр» деп ымдады.

622. Қара, Айтолды бір доп шығарып, оны қойды да, жастанып үстіне отырды.

623. Еліг әртүрлі нәрсе сұрап, білім (байқады). Айтолды тіл қатып, жауап берді.

624. Қара, сонда Еліг сүйсініп, жүзі күлімдеді. Айтолды оны көріп, көзін жұмды.

625. Еліг сөзін тоқтатып, бір сәт еш үндемеді. Айтолды көзін жұмып, еш ашпады.

626. Еліг қайта сөзге кірісіп, тағы да айтты. Айтолды жауап берді, жүзі түнерді.

627. Еліг жан-жақты ойланып, назар салып еді, ақыл, білім, парасатының кемел екенін аңғарды.

628. Еліг оған риза болып қарады, жаны рахаттанды. Айтолды дереу жүзін бұрды.

Елігтің Айтолдыға сөзі

629. Еліг қатты ашуланып, жүзі қарайып: «Әй, асығыстық кісі үшін жаман» деді.

630. Бұл жолы менің өзім жаңылдым, кісіге сырымды қалай ашайын?!

631. Тыңда, білімді (адам) не деген, асығыс қылған істің өкініші жылдар бойы қалады.

632. Асығыс жасалған істер неше шала болады. Асығыс жасалған асты жесең, ауру боласың.

633. Барлық қателіктің басында асығыстық тұрады. Барлық ізгі істе сабыр тұрады.

634. Асығыстық осы, сені танымастан, қызмет еткізбестен жаныса жақын тұттым.

635. Қандай қызметкер (құл) болса да, әуелі оны жұмсау керек. Содан соң жолы бойынша еңбекақысын беру керек.

636. Әбден сынап көріп, еңбекке (қызметке) пісірсін. Содан соң барып жоғарылатып, қызметін өсірсін

Айтолдының Елігке сауалы

637. Айтолды: «Әй, Елдің құты, неліктен күмән оты тұтанып, ашуландың!»

638. Жазығым не, өзім білмеймін. (Маған) айтып берсең, сосын сөзімді тыңда.

639. Егер жазығым болса, жазала, ерік сенде. Егер жоқ болса, маған жүзіңді суытпа.

640. Мұның мәнін аңғартып, тұспалдап, ақыл не деген, тыңда.

641. Қызметкер жаңылса, шақыру керек. Неге қателескенін сұрау керек.

642. Жазығы бар болса, ұстап жазаласын. Егер жоқ болса, мың жақсылықпен көңілін аулау керек.

Елігтің Айтолдыға жауабы

643. Еліг тағы да қатты ашумен: «Әй, білімсіз, ақымақ адам» деп айтты.

644. Өзіңе дұрыстап қара, мен үшін сен кімсің?! Саған бұл тәрбиесіздік қайдан келген?

645. Маған қызметің өтте дейін десем, жасаған қызметің жоқ. Пайдаң тиді дейін десем, әлі пайдаң тимеді.

646. Қызмет қылмасаң да, сені құрметтеп еңбекақы бердім, лауазым бердім, сен болсаң мені басындың.

647. Допты жастандың, соған отырдың. Не отыру ол, отыратын жер ме бұл, ойлан!

648. Мен саған ойымды айттым, сенің сөзіңді тыңдадым. Көзіңді жұмдың, өзім таң қалдым.

649. Кешіріммен қарадым. Саған тағы да сөйледім, неліктен жүзіңді бұрдың, айтып бер маған?

650. Данышпанның мына сөзін есітпедің бе, «бегіңе жақын болсаң өзіңе қатты абай бол» деген?

651. Атаң не анаң айтып бермеді ме, «әй, ұлым, өзіңді бекпен тең ұстама» деп?

652. Саған топ басшың: «Бегіңді басынба (қарсы келме), басыңды қорға» деп әмір бермеді ме?

653. Бұл бектер – от, отқа жақын барма. Егер баратын болсаң, күйерің анық.

654. Бейқам болма, бектер – лаулаған (күйдіретін) от. Лаулаған отқа жақындаса, ол үшін қасірет.

655. Назар салып қарасаң, бектер – лаулаған от секілді. Басынғанның басын кесер, қанын ішер.

656. Саған көп қараса, одан қорық. Егер қорықпасаң күштеп қорқытады.