Күнтуды Еліг Айтолдыға әділ сипатын айтады
765. Бір күн Еліг өзі жалғыз отырды; жанында ешкім болмады, ойланып өз-өзін сабырмен ұстады.
766. Сосын бұйрық беріп Айтолдыны шақырды; Айтолды кірді, қол алысты (амандасты).
767. Елігтің алдында түрегеп тұрды; Еліг бірқанша уақыт үндемеді.
768. Еліг қарады да, көзімен нұсқап, «кел, отыр» деп ымдады.
769. Айтолды ақырын, сабырмен отырды; көзін жерге қадады, көңілі жайланды.
770. Елігке көз қиығын салып қараса, қабағын түйіп, жүзі ашулы екен.
771. Күміспен күптеген тақтың үстінде отыр; бұл тақтың бөлек-бөлек тұрған үш аяғы бар.
772. Қолына үлкен бір пышақ ұстаған; сол жағында Индиядан келген улы дәрі, оң жағында шекер.
773. Оны көргенде Айтолды шынымен қатты қорықты, әрең тыныс алды.
774. Біраз уақыт үнсіздіктен соң, Еліг басын көтерді; Айтолдыға «сөйле» деді.
775. Мені мұнда осылай жалғыз көріп тұрып неге сөйлемейсің, тілсіз адам құсап?
776. Айтолды: «Әй, Мемлекет билеуші, менің сөйлеуге жан-дәрменім жоқ» деп жауап берді.
777. Бүгін сенің басқа мінез, болмысыңды көріп тұрмын; содан именіп тұрмын, әй, ақылды, зерек Басшым!
778. Білімі терең кісі халыққа: «ашулы сәтте, бектерге жақындама» деп білім берген.
779. Білімді данышпан тағы да жақсы айтқан: «Бектер ашуланған сәтте от және у секілді болады».
780. Егер бектер ашулы, өкпелі болса; оған жақындама, әй, жүрегі таза адам.
781. Егер бектер өкпелеп, ашуланып тұрса; алыс тұр, оның зарары тиеді.
782. Осыған ұқсас мынадай сөз бар; мұны есте сақта және өзіңді қорға.
783. Ашулы сәтте бектерге жақын барма; егер барсаң қадіріңнің кетері анық.
784. Байқасаң, бектер арыстанға ұқсайды; ашуланса бас кеседі, әй, білімі жарық!
785. Еліг айтты: – енді өз ойыңды айт, неге таңырқадың?
786. Айтолды айтты: – Менің таңқалғаным, күміспен күптелген қандай тақ?
787. Бұл отырған тағыңның сен үшін ерекшелігі неде; мағынасын ұғайын, маған айтып бер?
788. Екінші, қолыңдағы не пышақ? Мұны да жетік түсінгім келеді.
789. Үшінші, оң жағыңда не шекер? Сол жағыңда Индиядан келген у дәрі не?
790. Қарасам, өзің қаһарлысың; мұны көргенде білгенімді ұмыттым.
791. Бұл жағдайды көріп, қорқып имендім; өтініш айт алмай тілім байланды.