Таңдау
тТ

Күнтуды Еліг Айтолдыға әділдіктің қандай екенін айтады

792. Еліг айтты: – Не білгің келгенін түсіндім; саған сабақ ретінде айтайын.

793. Ең бірінші күні сені шақырдым; ол күні құрметтеп орын бердім.

794. Маған таңсық істерді көрсетіп; мені ашуландырдың, өзің қорғана білдің.

795. Мені кінәлі етіп, ашуланыдырдың; мен шыдадым, бірақ маған қабағыңды түйдің.

796. Сен маған: «Құт менмін, мені таны; саған ұқтырдым, мұны түсін» дедің.

797. Не істегеніңді бір-бірлеп баяндадың; барлығын анықтап түсіндім.

798. Сонда сенің қателігіңді кешірдім; соған сай жақсылықпен құрметтедім.

799. Мен де бүгін саған өзімнің болмысымды және барлық артықшылығымды көрсетем.

800. Міне қара, мен – әділ және заңмын; заңымның ерекшеліктері мыналар, назар сал.

801. Назар аудар, үстіне отырған тағымның үш аяғы бар, әй, көңілімді толтырушы!

802. Үш аяқты нәрсенің барлығы қисаймайтын болады; үшеуі дұрыс тұрса, ешқашан құламайтын болады.

803. Егер үш аяқтың біреуі қисайса; қалған екеуі де құлайды, үстінде отырған адамы да құлайды.

804. Сондықтан, үш аяқты нәрсенің барлығы дұрыс және түзу тұрады; егер төрт аяқты болса, бірі қисық болуы мүмкін.

805. Қай нәрсе түзу болса, ол бар жағынан жақсы; назар аударсаң, барлық әрекеті де түзу.

806. Қай нәрсе қисайса, қисық болады; барлық қисықта залымдықтың дәні бар.

807. Түзу нәрсе қисайса, тұра алмас құлайды; қай нәрсе тура болса, құламас орнында тұрады.

808. Қара, менің болмысым қисық емес тура, әділ; егер әділ қисайса, онда қиямет болады.

809. Мен ісімді әділдікпен атқарамын; мен кісіні бек па, құл ма, бөліп жармаймын.

810. Әй, билікті ер, қолымдағы қанжар пышақ тіледі және кеседі.

811. Әрбір істі пышақтай тілемін, кесемін; әділдік іздеген кісінің ісін созбаймын.

812. Шекерге келсек, ол зұлымдыққа ұшырап, сол себепті шағым айтып менің алдыма келген және әділдік тапқан кісі үшін.

813. Ол кісі шекердей тәтті хәлде менен кетеді; жүзі күлімдеп, бақытты болады.

814. Индиядан келген у дәрі болса, біреуге зұлымдық қылған және туралықтан тайғандар үшін.

815. Олар тартысқан күйде маған келеді, мен оларға үкім бергенде қарасаң, олар у ішкендей, жүзі солады.

816. Менің қаһарым, түйілген қабағым және сұсты келбетім залымдар үшін.

817. Мейлі ұлым, жақыным, туысым болсын; мейлі жолаушы, өткінші, қонағым болсын.

818. Заң алдында мен үшін барлығы бірдей; үкім кесерде ешкімге жақтаспаймын.

819. Биліктің негізі – әділдік; билеушілер әділ болса, әлемде бейбітшілік (тыныш өмір) болады.

820. Бұған ұқсас ақылды кісінің сөзі бар; кім ақылдының сөзін ұстанса, ісі реттеледі.

821. Биліктің негізі әділдіктің үстіне құрылған; әділдік жолы – биліктің негізі.

822. Билеуші әділ болып, мемлекетке әділ заң орнатса, арман-тілегіне қауышады.

Айтолдының Елігке сауалы

823. Айтолды айтты: «Елдің құты, Елігтің аты неліктен «Күнтуды» болды?».

Елігтің Айтолдыға жауабы

824. Еліг айтты: «Дапышпан кісі менің болмысымды көріп, атымды соған ұқсатып қойды».

825. Күнге қара, түнермейді, ерекше толысып тұрады. Жарығы бірдей таралады.

826. Менің де табиғатым соған ұқсайды. Әділдікпен толысты, кемімейді.

827. Екіншісі, күн туар, бұл әлем жарқырайды. Жарығы бүкіл халыққа жетеді, өзі кемімейді.

828. Менің заңым да сондай, мен өзім жоқ болмаймын. Барлық халыққа көзқарасым да, сөзім де бірдей.

829. Үшінші, күн туса жерге жылу келеді. Сол кезде мыңдаған түрлі-түсті гүлдер ашылады.

830. Менің бұл заңым қай елге орнаса, ол ел тас, жартасты болса да гүлденеді.

831. Туған күн таза не таза емес демес. Барлығына жарлығын кемітпей береді.

832. Менің де табиғатым осындай екені белгілі. Барлығына нәсіп менен тиеді.

833. Бұл күннің жұлдызы – сәбит. Сәбит дегеннің түбі берік болады.

834. Бұл күннің жұлдызы – арыстан. Ол жұлдыз қозғалмас. Үйі қозғалмағаны үшін де бұзылмас.

835. Менің болмысым мен әрекетіме қара, менің жарығым да өзгермес.

Айтолдының Елігке сауалы

836. Айтолды айтты: «Әй, Елдің құты, әлемді биле, елдерге атың жайылсын».

837. Менің өзім де ұзақ жол жүріп, шаршап, еңбектеніп, арып-ашып, саған келдім.

838. Осындай болмысың мен мол шарапатың болғаны үшін соны көксеп, саған қызмет етуге келдім.

839. Айтып бер маған, саған қалай қызмет қылайын?! Сені қуанту үшін өзімді қалай ұстайын?!

840. Бектің қалағанындай қызмет қылмаса, қанша еңбектенсең де қызмет орынды болмайды.

841. Қызметімен жоғарылап, адамның құрметтісі болған Іленің атақты тұлғасы не деген, тыңда.

842. Егер қызметкер бегіне қызмет қылса, Бектерді риза қылатын жолды берік ұстансын.

843. Бектерді риза болатындай қызмет қыл. Бектер қызметіңе риза болса, жаңа есіктер ашылады.

844. Қызметкер қызмет етуді білсе, төрге озады. Қызмет етуді білмесе, төрден төменге келер.

845. Қызметкер бегін қатты риза қылса, ол қызметкер абыройлы болып, жолы ашылады.

Елігтің Айтолдыға жауабы

846. Еліг айтты: «Сөзіңді түсіндім. Мені риза қылуды ойла, өзіңе қатты абай бол».

847. Мен саған ұнатпайтын нәрселерімді айтайын, оларға жақындама, таза жүр.

848. Мен жек көретін нәрсенің бірі – өтірік. Бұдан кейінгісі – зұлымдық (күш көрсету).

849. (Сосын) сұғанақ, өресі өспеген, сабырсыз мінезді, көзі ұятсыздар.

850. Жұмыста ашуланғыш және өкпешілдер. Бостан-бос жүретін, ішкіш және ұрлықшы (қолы сұғанақ).

851. Осындай кісілер маған ұнамайды. Міне, саған оны анықтап айтып бердім.

852. Шынымен сен менің пайдама жарағың келсе, әй, абыройлым, сен бұл бірқанша сипатты бойыңнан алыстат.

853. Сонда маған күн сайын жақындайсың, нәтижесінде құрметті болып, еңбекақың да артады.

Айтолдының Елігке сауалы

854. Айтолды айтты: «Мұны тыңдадым, тағы бір сөзім бар, оны да айтайын».

855. Ізгілік қандай және нендей нәрсе? Ізгінің болмысы, әрекеті қандай болады?

Елігтің Айтолдыға жауабы

856. Еліг айтты: «Ізгілік – пайдалы болу. Оның халыққа пайдасы тиеді».

857. Барша халыққа ізгілік қылады, жасағаны үшін кісіге міндет қылмас.

858. Қара басының пайдасын тілемес, кісінің пайдасын пайдасын тілейді. Тигізген жақсылығының қайтарымын күтпес.

Айтолдының Елігке сауалы

859. Айтолды тағы да айтты: «Бұл сөзіңді ұқтым, тағы бір сұрағымды айтайын?

860. Маған әділдікті түсіндір, әділдік деген не? Адам өмірін онымен қалай жақсартады?

861. Әділдік жолы деп қайсысые айтады? Бұл әділдіктің негізі қандай болады?

Елігтің Айтолдыға жауабы

862. Еліг айтты: «Назар сал, шыншыл кісі сол болады, ниеті мен сөйлеген сөзі бір болса».

863. Сырты іші секілді, іші сырты секілді болады. Әділ, шыншыл кісі осындай болады.

864. Көңіліндегісін шығарып, алақанына қойғанда оны адамдар көргенде ұялмай жүре алса.

865. Абыройлы өсу үшін адамға шыншылдық керек. Шыншылдық – адамдықтың аты, бұған илан.

866. Адам құнды емес, адамдық құнды. Адам аз емес, шынық аз.

867. Бұған ұқсас шайырдың мына сөзі бар. Саған айттым, енді оны өзің де көр.

868. (Әйтеуір жер басып) жүрген адам өте көп. Мен үшін әділ, шыншыл, сенімді болғандары қадірлі.

869. Адам құнды емес, адамдық құнды. Ақылым шыншыл, әділ кісілерді құп көреді (мақтайды).

Айтолдының Елігке сауалы

870. Айтолды тағы да айтты: «Елдің құты енді маған мына сөздің құпиясын ашсын».

871. Ізгі кісілер жаман бола ма? Жаман кісілер ізгі бола ала ма?

Елігтің Айтолдыға жауабы

872. Еліг айтты: «Ізгі адам екі түрлі болады. Бұлардың бірі – ізгілік жолын шынымен ұстанады».

873. Қара, бірі анадан туғанда ізгі болады. Қара, ол әділ, шыншыл болып өмір сүреді.

874. Қара, тағы бірі уақытша ізгі болып (көрінеді). Жамандармен араласса, жаман болады.

875. Жаман адам да екі түрлі болады. Екеуін де бірдей жаман деп ойлама.

876. Бұлардың бірі – туғаннан жаман. Ол адам өлмейінше жамандықтан арылмас.

877. Тағы бірі – абайсызда (уақытша) жаман жолда жүргендер. Досы жақсы болса, ол да ізгі жолға түседі.

878. Туғаннан ізгі болған адамнан әрқашан ізгілік келеді. Әлемнің халқы одан жақсылық көреді (пайда алады).

879. Туғаннан жаман болса, оған ем жоқ. Одан әлемге бәле, халыққа жұт келеді.

880. Бұған ұқсас түрікше мақал (мысал) айтылған. Мұны тыңдап, ұғып, өзіңе керегін ал.

881. Тектілік адам болмысына (ананың) сүтімен бірге сіңсе, ол (адам) өлмейінше жолдан таймас.

882. Туғаннан бастап (бала кезде) пайда болған мінез бәлкім, өлім келмейінше бойдан кетпес.

883. Құрсақта беріліп (қарында үйретіліп) пайда болған мінез қара жердің астына бірге кетер, әй, данышпан.

884. Егер жақсы адам жаманмен дос болса, онда оның да мінезі жаманмен бірдей жаман болады.

885. Егер жаман адам ізгілермен араласса, барша ізгілік жолын тапқан болады.

886. Қара, жақсы мен жаманның бір жолға түсуінің тағы бір себебі – бір-біріне жақын болуынан.

887. Бегі ізгі болса халқының баршасы түзу болып, мінезі мен әрекеті де ізгі болады.

888. Назар сал, бектер ізгі кісілерді (жанына) жақын тұтса, жұмыс барысында жамандар да ізгілік қылады.

889. Залымдар бектердің дәл жанында жүрсе, залымдардың билігі елдің түбіне жетеді.

890. Назар сал, жамандық бас көтерсе, ізгілік жоқ болады. (Билік) ізгілердің қолында болса, жамандық кетеді.

891. Егер бектер құт қонған ізгі кісілер болса, күмәнсіз, халқының баршасы да ізгі болады.

892. Бектер залым (жаман) болмайынша, елдегі залымдардың (жамандардың) жүзі қуаныштан жайнамайды.

893. Бектердің бегі қандай жақсы заң орнатты? Залымдарға жақсырағы жаза мен зындан.

894. Егер елдің басшысы ізгі болса, оның барлық қызметкерлері де ізгі болады.

895. Егер бектердің өздері ізгі адам болса, назар сал, барша халқы байып, әлем түзеледі.

Айтолдының Елігке сауалы

896. Айтолды тағы да айтты: «Мұны ұқтым, әділ сөз, бұл Еліг жарлығы».

897. Ізгі кісі мұны, ізгілік деп біледі. Мұны пайдалы болғасын қылғысы келеді.

898. Жақсы көреді, баршы халық қалайды, тілейді. Оған қол жеткізгендер қалай тапты?

Елігтің Айтолдыға жауабы

899. Еліг айтты: «Ізгілік таңдаулы нәрсе. Таңдаулы нәрсені таңдаулы (лайықты) кісілер ғана табады».

900. Қай нәрсе таңдаулы, сирек және құрметті болса, оны жасау да барша адамға ауыр тиеді.

901. Зұлымдықтың құны жоқ, сол үшін оны жасаушы да сондай. Жауыздық істің те құны жоқ, ол әрқашан зұлымдық болып қала береді.

902. Қай нәрсе құнсыз болса, жерде жатады. Жібек құнды болғаны үшін төрде тұрады.

903. Ізгілік – жоғарыға көтерілгендей, күш (жұмсайсың), жауыздық – төменге түскендей, оңай жетесің.

904. Назар сал, ақылды бұған ұқсас сөз айтыпты. Ақылдының сөзін ұстанудың пайдасы көп.

905. Ізгілік – жоғары өрлеу секілді, кез-келген кісі шыға алмас. Бұл істі адам тиіп-қашып жүріп жасай алмас.

906. Кез-келген құнды нәрсені жасау – ауыр. Білімсіз, абыройсыз кісі мұны қыла алмас.

Айтолдының Елігке сауалы

907. Айтолды айтты: – Әй, елдің құты, ақылымен мұнша ізгі атың тарады.

908. Мұның адам айтарлықтай міні бар ма? Ақылдылар мұны ұға ма, не екенін біле ме?

Елігтің Айтолдыға жауабы

909. Еліг айтты: – Ізгілік әрдайым жақсы көріледі. Міні осы, жамандар арасында айтылатын

910. Адамға әрқашан адамдар жақын жүреді. Жауыздар болмаса, ізгілер жұмыс істемес.

911. Жаман көрініп, басылып қалғаны үшін назар сал, жамандар жақсыны қаралап күн көрсетпейді.

912. Кім ізгілік қаласа, ізгі амал қылады. Қаралағанға немесе кемсіткенге қарамас болар.

913. Кім бір күндік рахатты қаласа, жамандық қылады, ол ертең қайғысын жейді.

914. Ізгілік қалаушы не деген, тыңда. Бар ізгілікті жаса, оны өзіңе дос ет.

915. Ізгіліктің саған өмірде еш зияны болмас. Қазір маған илан, ертең оның пайдасы тиеді.

916. Жамандық бүгін пайдалы болып көрінсе де, ертең зияны болады, оны ақылмен ұғын.

917. Назар сал, ізгілік – оң, жамандық – сол (жағыңда). Солыңда – тамұқ, оңыңда – ұжмақ бар.

918. Жамандар бүгін қаншалықты рахаттанса да, ертеңгі күн өкінішпен азаптанады.

919. Ізгі кісі қаншалықты қараланса да, ертең өкінбес, жағдайы жақсарады.

920. Әй, Айтолды, сен мұны ақиқат деп біл! Жақсы атым қалып, дүниеден өтсем еш өкінбеймін!

921. Әділ адам қандай жақсы сөз айтыпты! Ұлы сөзге әділ адамның (ғана) тілі барады.

922. Әй, ізгі, жамандар жақсыны қанша жек көрсе де, мен сені қалап, іздеймін.

923. Әй, ізгі, айт маған, саған кім тояды?! Енді маған кел, мен саған ашпын!

924. Ізгі кісіні қаншалықты қараласа да, мен разымын, оның досы болайын.

925. Билік маған жамандықпен бірге келсе, керек емес, бұл билік саған бердім.

926. Кісінің қылығы жаман, мен оны көзіммен көрдім. Қара, рахаты аз, өкініші ұзақ.

927. Бұған ұқсас шайым мына сөзді айтыпты. Оқысаң мағынасын аңғарасың, көзқарасыңды жетілдір.

928. Қара, қандай ізгі (кісі) ізгілігі үшін өкініпті?! Залымның қанша даңқы шықса да, ақырында өкінеді.

929. Жамандық қылсаң, жамандықтың жауабы – өкініш. Жаманнан өш алса, оған ізгілік қыл.

930. Залым адамды қалай мақтайын?! Залымдық істі қалай тілейін?!

931. Арсыздық, тәрбиесіздік және жамандықтың бәрі жамандардың қылығы, әй, Ұлы!

932. Бәле, бейнет, азап, өкініш және қайғының бәрі жамандықтың қайтарымы, әй, жігіт!

933. Қара, бұл ізгі кісіні қалай жақсы көрмейін?! Ізгі істі қалай мақтамайын?

934. Жомарттық, адамдық, пайда және ізгілік әрқашан ізгі адамнан келеді, күмәнсіз.

935. Ізгі адам – достарымның ең жақсысы. Ізгі іс – істердің ең жақсысы.

936. Досың ізгі болса, қаласаң, соны істе. Өзің жол табуың үшін ізгі дос керек.

937. Рахат, қалау, нығымет, сенім, қуаныш, сүйініш – ізгіліктің қайтарымы.

938. Еліг айтты: – Әй, Айтолды, бұл сөзімді ұғып ал, сұраған сөзіңе жауабы қаттым.

Айтолдының Елігке жауабы

939. Айтолды жерді сүйді, орнынан тұрды: Әй, қасиетті құт, ізгі заң – деді.

940. Әлемнің билігін қолға алдың, өмірің ұзақ болсын. Рахат мен ізгілікте басың аман болсын!

941. Билігің, ұлықтығың бұзылмасын, сүйініштен күліп, қуанышпен өмір сүр.

942. Күшің және ұлықтығыңмен көп елге әмір жүргіз! Билігіңнің негізі болған күш-қуатың зор болсын!

943. Тілегің құрғамай, ағылып келсін. Дәулетің ортаймай (қартаймай) есігіңен кетпесін.

944. Қуаныштың барлығы саған келсін. Дұшпаның сақтануымен шіріп өлсін

945. Кім қызмет етсе де, сен оаған лайықсың! Лайық болғанға қызмет етсе, бақ-дәулеттің есігі ашылады.

946. Қызмет еткен, қызметі арқылы тілегі мен қалауына қауышқан адам не деген, тыңда.

947. Қызмет қылма, қылсаң лайықтысына қызмет қыл. Лайықты бек қызметшінің хақысын біледі.

948. Қызмет қылма, қызмет қылсаң жомартқа қыл. Біл, жомарттың үйі алтын, есігі күміс.

949. Әй, қызметкер кісі, сараңға қызмет етпе! Өмірің босқа өтеді, басыңды жамандыққа (сұғасың).

950. Сараң өз малын өзіне қимайды. Айт, ол кісінің ақысын қашан береді?!

951. Айтолды сөзін тоқтатты, ол жерден шықты. Үйіне бет бұрды, сүйінішті болып.

952. Содан бастап, мінсіз қызмет етті. Түнде жатып, күндіз отырмастан.

953. Шынайы және жанашырлықпен қызмет етті. Еліг күннен күнге өзіне жақын тұтты.

954. Осы қалыпта бірқанша уақыт өтті. Айтолды қызметі арқылы жүзін қуандырды.