Таңдау
тТ

Айтолды Елігке тілдің артықшылығын, сөздің пайдасын айтады

955. Еліг бір күні Айтолдыны шақырды. Орын ұсынды, отыр деп ымдады.

956. Айтолды ақырын, әдеппен отырды. Көзін жерге тікті, тілін бекітті.

Елігтің Айтолдыға сауалы

957. Еліг айтты: – Әй, Айтолды, айт сөзіңді, неге үндемейсің, не болды өзіңе?

Айтолдының Елігке жауабы

958. Айтолды айтты: – Әй, бектердің бегі, қызметкер (құл) бектің жүзін көргенде ақылын жоғалтады (жиді).

959. Еліг бұйрық бермеді, не сөйлейін?! Сұрамас бұрын қалай өтініш айтайын?!

960. Білімдінің сөзін тыңда, қарсы келме. Сұрамас бұрын сөз сөйлеме.

961. Кісіні керек етіп, кім шақырса, әуелі сөзді сол сөйлейді.

962. Сұрақ қоймас бұрын сөз сөйлеген (кісіні) кім айтса да, «хайуан» (жылқы) деп дұрыс айтыпты.

963. Тағы да біл, бектердің алдында сұрамастан сөйлеген адам делі, ақымақ.

964. Қызыл тіл сенің өміріңді қысқа қылар. Аман болғың келсе, тіліңе абай бол.

965. Өзін ұстай білген адам не деген, тыңда. Өзін баса білген адам рахат және амандықта өмір сүреді.

966. Қара бастың жауы – қызыл тіл. Қаншама басты жұтты, тағы да жұтады.

967. Басыңның (амандығын) тілесең, тіліңді күзет. Тілің күнде басыңа қауіп төндіреді.

Елігтің Айтолдыға жауабы

968. Еліг айтты: – сөзіңді толық ұқтым. Бірақ тірі адамның сөйлемеуі мүлде мүмкін емес.

969. Егер сөйлемесе, оны мына екі түрлі кісінің бірі деп біл. Бірі – білімсіз, бірі – мылқау.

970. Мылқаудың өзінің жаратылысы, тілі сөйлемес. Білімсіздің тілі сөзін сақтай алмас.

971. Білімсіз тіліне абай болу керек. Білімдінің тіліне ерік беру керек.

972. Білімдінің сөзі жерге берілген су секілді. Су ақса, жерде нығымет өнеді.

973. Білімді кісінің сөзі азаймас. Аққан таза бұлақтың суы азаймаз.

974. Ғалымдар сулы жердің шөбінің мысалындай. Қай жерге аяғы тисе, су шығады.

975. Білімсіз кісінің көңілі құм секілді болады. Өзен ақса толмас, не шөп, жем өнбейді.

Айтолдының Елігке жауабы

976. Айтолды тағы айтты: – Еліг түсінеді, бұл тілдің зияны тисе, өмір бітеді.

977. Егер адам тірі босла, сөйлемес пе?! Кісі керекті сөйлер, жасырмас.

978. Кісі сөйлеу үшін сұрақ қойылу керек. Сұрақ қойылмаса, сөзіне қатты абай болсын.

979. Әй, Еліг, ой жүгіртесек, сұрау – еркек, жауап – жұбайы.

980. Назар сал, жұбайы үшін ері – бір еркек болады. Одан туса екі ұрпақ туады.

Елігтің Айтолдыға сауалы

981. Еліг айтты: – сөзіңді ұқтым, барлығы дұрыс. Енді айтатын басқа сөзім бар.

982. Тілдің зиянын айттың, оны тыңдадым. Оның пайдасы бар ма, дұрыс айтып бер?

983. Енді өзің тілдің зиянынан қорықсаң, сөздің бар пайдасы жерде қалмай ма?

Айтолдының Елігке жауабы

984. Айтолды айтты: – Егер тілім сөйлей білсе, сөздің пайдасы көп.

985. Бос сөз білімсіздің тілінен шығар. Білімсізді білімділер «хайуан» (жылқы) деп атайды.

986. Бос және лайықсыз сөз сөйлеу – наданның (қараның) қылығы. Наданның басын қатырған да бос сөздер.

987. Сөз босқа сөйленсе, қанша зиян келтіреді. Егер сөйлей білсе, пайдалы болады.

988. Наданның (қараның) қарны тойса, назар сал, сиыр секілді жатады. Бос сөзге жұбанады, өзін семіртеді.

989. Жесе, тойса, жатса, бұл – хайуан. Хайуан дегенім оның болмысы.

990. Білімді кісілер тәнін шаршатады. Біліммен көңілін аулап, жанын семіртеді.

991. Тәннің барша нәсібі тамақтан өтеді. Жанның нәсібі шын сөз құлақтан кіреді.

992. Білімнің белгісі екі нәрседе. Бұл екеуімен адамның жүзі жайнайды.

993. Назар сал, бірі – тіл, бірі – тамақ. Бұл екеуіне абай болса, пайдасы өзендей.

994. Білімді тілі мен тамағына ие болуы керек. Тілі мен тамағына ие болған ғалым керек.

Елігтің Айтолдыға сауалы

995. Еліг айтты: – ұқтым, шынымен солай. Сөздің негізі не? Қанша, қандай болады?

996. Сөз қайдан шығады, қайда барады? Маған мұны айтып бер, әй білімді?

997. Қаншалықты сөйлемеу керек, қаншал

Айтолдының Елігке жауабы

998. Айтолды жауап берді: – Сөздің орны құпия (сыр). Он сөз болса, соның бірі сөйлену керек.

999. Бірі сөйлену керек, тоғызына тиым. Тыйым сөздің түбі, негізінің иісі жаман

Елігтің Айтолдыға сауалы

1000. Еліг тағы да айтты: – Сөздің қаншалықты пайдасы, қаншалықты зияны бар, маған ашып айт.

Айтолдының Елігке жауабы

1001. Айтолды айтты: – Сөздің пайдасы үлкен, орынды айтылса, қызметкерді (құлды) жоғарылатады.

1002. Сөздің пайдасы арқыл қара жердегі көк аспанға, төрдегі жоғары көтеріледі.

1003. Егер тіл сөйлеуді білмесе, назар сал, өзін көк аспаннан түсіреді.

Елігтің Айтолдыға сауалы

1004. Және айтты: – Сөздің азы қандай, көбі қандай, маған ашып айт.

Айтолдының Елігке жауабы

1005. Айтолды айтты: – Көп сөз – сұрамастан сөйленген және көңіліңді қалдырған сөз.

1006. Аз сөз – сұрағанда сөйленген, жауап ретінде берілген сөз.

1007. Тілін сөзбен көркемдеп, жүзін жарық қылған шайыр бұған ұқсас сөз айтты.

1008. Сөзді сұлулап және ойланып сөйле. Сұраса сөйле және тезірек тоқта.

1009. Сөзді көп тыңда, көп сөйлеме. Ақылыңмен ойланып, біліміңмен көркемдеп сөйле.

Елігтің Айтолдыға сауалы

1010. Еліг айтты: – Бұл сөзіңді ұқтым. Тағы бір сұрағым бар, айт, жасырма.

1011. Шын сөзді кімнен тыңдау керек? Сөзді кімге айту керек, бұны да айт маған?

Айтолдының Елігке жауабы

1012. Айтолды айтты: – Сөзді білімдіден тыңдап, кейін білімсізге айту керек.

1013. Сөзді ұлықтан тыңдау керек. Өзін ұстай білу үшін кішілерге айту керек.

1014. Сөзді көп тыңдап, аз сөйлеу керек. Білімді данышпан маған солай деді.

1015. Кісі көп сөйлегеннен дана болмас. Көп тыңдаумен даналар төрге озады.

1016. Адам мылқау болса да, білімді болар. Саңырау болса, білімге қолы жетпес.

Елігтің Айтолдыға сауалы

1017. Еліг және де айтты: – Бұл да түсінікті. Тағы бір сөзім бар, оны да айтайын.

1018. Тілді тістей керек пе әлде сөйлеу керек пе? Сөзді ашып айту жақсырақ па, құпия ұстаған ба?

Айтолдының Елігке жауабы

1019. Айтолды айтты: – Еліг тыңдаса, айтайын. Тіл сөйлемесе білім ұмыт қалады.

1020. Тілді сөге берген болмас, мақтайтын жері де көп. Сөздің де мақтайтын немесе даттайтын жағы бар.

1021. Барлық қимылдағандар, сансыз денелер Тәңірінің бір екеніне тілімен куәлік береді.

1022. Мыңдаған мақұлықты жаратты. (Олар) тілімен Тәңірді тілімен мақтап, пәктейді.

1023. Ет пен жаннан жаралған адам үшін керек нәрсенің бірі – тіл, бірі – көңіл.

1024. Тіл мен көңілді шын сөз үшін жаратты. Сөзі қисық (өтірік) болса ол күйеді, азапталады.

1025. Қара, шын сөз айтылса пайдасы көп. Егер қисық сөйлесе, оны бәрі сөгеді.

1026. Шын сөз болса, тілің қимылдасын. Сөзің қисық болса, өзіңді сақта.

1027. Тілің сөйлемесе адамдар мылқау дейді. Көп сөйлегеннің аты – өтірікші (жаңсақ басы).

1028. Адамның қадірсізі – өтірікші (жаңсақ) кісі. Адамның қадірлісі – жомарт кісі.

1029. Бұл сөздерді тыңдап, Еліг сүйінді. Көзін көкке тігіп, қолын көтерді.

1030. Тәңірге көп шүкір етті, көп мадақ айтты: – Әй, Ием, сен мейірімдісің, Ұлысың!

1031. Маған барша игілік сенен келді. Мен күнәһар, құлшылығы жоқ құлыңмын.

1032. Барша тілек, қалауымды бердің, рахат, дүние, бақ-дәулет, көптеген игіліктер.

1033. Мұның шүкірін қалай өтейін?! Әй, мейірімді, мұның шүкірін сен қалағандай қылайын!

1034. Сөзін тоқтатты, қазынаны ашты. Шығайдың (кедейдің) хақысы деп көп мал-дүние үлестірді.

1035. Еліг Айтолдыны құрметтеді, тілімен мақтап, қолымен сый-сияпат берді.

1036. Оған уәзірлік, мөр, лауазым, ту, қағатын дауылмен бірге сауыт берді.

1037. Қара, бүкіл елге жүргізетін билік берді. Дұшпандары басын иіп, ол жерден кетті.

1038. Айтолды бүкіл күмәнді істі тексерді. Уақыт өткен сайын өзіне сенім күшейді.

1039. Халық байыды, мемлекет реттелді. Халық Елігке дұға қылды.

1040. Халық құтылды, азап бейнет кетті. Қасқыр қозымен бірге араласып жүрді.

1041. Мемлекет дамыды, заң орнады. Елігтің бағы күн сайын өрледі.

1042. Бірқанша уақытта осылай бақытты болды. Халықтың, мемлекеттің шаруасы реттелді.

1043. Елде жаңа кенттер мен ұлыстар (қалалар) көбейді. Елігтің қазынасы алтын мен күміске толды.

1044. Еліг риза болды, жаны рахат тапты. Даңқы мен сөзі әлемге жайылды.