Қарахан мемлекетінің билеушісі Бұғра хан туралы

Қарахан мемлекеті 841-1212 жылдар аралығында өмір сүрді. Аумағы Қашқардан бастап, Жаркент, Өзкент, Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойындағы Баласағұн, Тараз, Испиджаб, сондай-ақ, Шаш (Ташкент), Самарқанд, берідегі Яссы шаһарларымен қоса, Сыр мен Амур өзендері бойындағы қалаларды да қамтыды. Баласағұн қаласы – елдің батысындағы, Қашқар шаһары – шығысындағы астанасы. Хандықты құрушылар әрі билеушілер – Алып Ер Тоңға (Афрасиаб) ұрпақтары.

«Құтадғу білік» кітабының авторы Жүсіп Баласағұн шамамен 1016 жылы Шу өзенінің бойындағы Баласағұн қаласында дүниеге келген. Ол мемлекет басқару туралы еңбегін 1069 жылы жазып, сол кездегі Қарахан мемлекетінің билеушісіне сыйға тартады. Осыдан соң Жүсіп Баласағұнды хан өзінің Бас уәзірі, кеңесшісі етіп тағайындайды. Автор билеушінің аты-жөнін «Тауғаш Бұғра Қаған Әбу Әли Хасан Сүлейменұлы Арслан хан» деп көсетеді.

«Құтадғу білікте» Жүсіп Баласағұн Қарахан мемлекетінің билеушісі Бұғра ханның прототипін Күнтуды Еліг деп берген. Күнтуды – халықтың басына берекелі, бейбіт күн туды деген мағынаны білдіреді. Шығарманың 12-бөлімінде, яғни 398-ден 461-ге дейінгі бәйіттерде Хан және оның ел билеген кезеңі суреттеледі.