Таңдау
тТ

Құттың құбылмалылығы, бақ-дәулеттің тұрақсыздығын айтады

1045. Айтолды бар тілегі мен қалауын тапқанда құбылмалы құт қартайып, артында қолдау болған (барлық нәрсесін) құлатты.

1046. Білімді дана жақсы айтыпты: «нығымет түгел берілгенде (адам) жейтін ешнәрсе таппай қалады».

1047. Білімді бұдан да жақсырақ айтыпты. Нығымет түгел берілсе, (адамның) жасы да түгесілер.

1048. Ғалым жақсы сөз айтқан еді. Ғалымның сөзі – білімсіздің көзі.

1049. Төмендеген жоғарылайды, жоғарылаған төмендейді. Жарқыраған сөнер, жүрген тынар (шаршар).

1050. Қандай іс болса да, кемеліне келуін күтеді. Толық кемелденсе, кері төмендейді.

1051. Айтолды тілегіне толық жетті. Өмірі тауысты, мал-дүниесі қалды.

1052. Толған ай қайта кішірейе бастады. Жарқыраған жазы қатты қысқа айналды.

1053. Қалыптасқан жүйеде қарама-қайшылық пайда болды. Бірі күш көрсетті. Бірі басу үшін ұстады.

1054. Жүйе өзгерді, ас шикі келді. Көңілді ауырлық басып, ауыр дерт жайлады.

1055. Қара, жүйе бұзылды, күш әлсіреді. Тік жүргендердің бойы жас талдай иілді.

1056. Ауыр дерт келіп, жерге атып ұрды. Қайғыдан қиналып, төсекте жатты

1057. Оташылар жиналды, тамырын көрді. Бұл ауру, мазасыздық не екенін айтып берді.

1058. Бірі айтты: – қан айналым тоқтаған, енді тамырын ашып, қан айналымын жақсартып беру керек.

1059. Бірі айтты: – өтрүм (іш айдайтын дәрі) ішкізу керек. Іші қатып қалған, босату керек.

1060. Бірі суық су дайындап, гүл суын қатты. Бірі қажетті деген шарапты жасап берді.

1061. Қара, бермеген дәрі, жасамаған ем қалмады. Лайықты не болса соны берді.

1062. Пайдасы тимеді, күн сайын ауруы күшейді. Күші әлсіреп, ақылы жоғала бастады.

1063. Тақуа кісі не деген, тыңда. Тақуа кісі – кісінің алдыңғы қатарлысы.

1064. Қаласаң челисе (дәрінің бір түрі) қат, қаласаң тірияк (жылан шаққанда уын қайтаратын дәрі) қос. Қаласаң матридус (дәрінің бір түрі), қаласаң чұрны (іш айдайтын дәрі) қос.

1065. Қаласаң оташы ұста, қаласаң дәрігер болсын. Өлімге ешқашан ем пайда бермейді.

1066. Әй, тірі жүрген адам, осал болма. Тірі болғаныңмен жан бір күн өледі.

1067. Еліг Айтолдының халін есітті. Өлімге апаратын ауру оны қолға алыпты.

1068. Еліг Айтолдыны сұрап келді. Еліг келіп, оның жатқан халін көрді.

Елігтің Айтолдыға сауалы

1069. Еліг сұрады: – Көңіл күйің қалай, бұл не ауру, ұйқың қалай?

Айтолдының Елігке жауабы

1070. Айтолды айтты: – Әй, елдің құты, мені ауру ұстады, оның емі жоқ.

1071. Айым толысқан еді, кішірейді. Болмысым ерекше еді, ол ерекшелік кетіп барады.

1072. Күнім қуанышпен ататын еді, енді батып бара жатқандай, түніп жарық болмас.

1073. Сенген өмірім өзі жоқ болды. Опасыз дүние менен жүзін бұрды.

1074. Қуаныш, арман, нығымет тоқтады. Маған уайым, қайғы, қиындық келді.

1075. Бүгін мен сенен айырылдым. Мұң және өкінішпен төмендеп барамын.

1076. Данышпан әрі елдің бегі, адамдардың жақсысы, елді басқарған адам не деген, тыңда.

1077. Келген дәулет қалағаныңша жүріп, қайта кетпейтін болса, қандай жақсы нәрсе болар еді?!

1078. Өлім келмесе, адам жүре берсе, бұл билік ісі қандай жақсы нәрсе еді?!

1079. Жігіттік күндер – қандай керемет күн еді, қартаю болмаса, шынымен жүре берсе?!

Елігтің Айтолдыға жауабы

1080. Еліг айтты: – Айтолды, бұл сөзді қой. Әй, көңілі түзу (адам), бұлай сөйлеме!

1081. Барша кісі ауырады, қарасаң қайта жақсарады. Әй, күшті адам, бұл ауру жалғыз сен үшін емес.

1082. Не үшін жаман сөздер сөйлесің, не үшін өзіңнің көңіліңді бұзасың?

Айтолдының Елігке жауабы

1085. Айтолды айтты: – Әй, Елдің құты, бұл аурудың емі жоқ, дәрі іздеме.

1086. Туған әрбір адам өледі. Жоғарылаған нәрсе төменге түседі.

1087. Жоғарының бір еңісі, төбенің бір шұқыры, қуаныштың бір қайғысы, ащының бір тәттісі бар.

1088. Және саған айтқан едім, бұл сөзімді: болмысым – құбылмалы, өзім тұрақсызбын деп.

1089. Саған өзімнің болмысымды айтқан едім. Енді маған көңіліңді байлама.

1090. Мен кетіп барамын, оған күмән келтірме. Туғандар өлмейді десе, сенбе.

1091. Үмітсізсің деп енді мені сөкпе. Үміт артпа дүниеге, ол да сені тастап кетеді.

1092. Жапа шектірді деп мені айыптама. Саған бұл дүние менен де көп жапа шектіреді.

1093. Ғапыл болма, менен кейін сен де өлесің. Бұл дүниеге иланба, күшім жетеді деп сенбе.

1094. Қызмет етпеген мені құрметтедің. Әй, елдің ханы, лайықты қызмет ете алмадым.

1095. Өлу арман, тілегім емес еді. Келіп-кету бүгін болған нәрсе емес.

1096. (Амал жоқ) еріксіз, қайғырып барамын. Тірі қалудың ретін тауып, өлімнен құтылатын жол жоқ.

1097. Жоқ едім, мені жаратты, ризық берді. Кішкентай бала едім өсірді мені.

1098. Жалын жүзді едім, сақал шығарды. Құзғындай қара едім, қудай аппақ болдым.

1099. Бойым оқтай еді, иілдім. Өмірім бітті, уақытым келді.

1100. Білімі кең дана жақсы айтыпты. Сен мұны тыңда, жүзің жайнасын.

1101. Басыңа қудың реңі кірсе, кісінің көңілі де қудай ақ болсын.

1102. Кімнің тал бойы иілген болса, оның көңілін тура қылатын уақыты келді.

1103. Қара шашың мен сақалың ағарса, онда жасырынып жатқан өлімге дайындал.

1104. Шайыр бұған ұқсас сөз айтыпты. Әй, жаны ізгі адам, мұны тыңда.

1105. Қара шашты ағарту – өлімнің жұмысы. Ол тірі адамға тіршілікті қадірлі қылады.

1106. Түрлі нығымет жедің, өмірдің дәмін таттың. Сен өте ғапыл болма, өлім сені жейді.

Елігтің Айтолдыға жауабы

1107. Еліг айтты: – Әй, Айтолды, асықпа, сабыр ет. Ауру ертең күнәңнің кешірілуіне себеп болады.

1108. Ауырғанның бәрі өлетін болса, ризығын жейтін кісі қалмайтын еді.

1109. Тәңірі сен бұл аурудан жақсартсын. Көңіліңді түсірме, сен уайымсыз жат.

1110. Қара, Еліг дауыстап сөйлеп дұға қылды, қолын көтеріп Раббыдан шипа тіледі.

1111. Ол жерден түтігіп, қайғырып шықты. Көңілі түсіп, ордаға келді.

1112. Шығайларға көп мал-дүние үлестірді, оған пайдасы тиер деп ойлап.

1113. Өлімге қарсы күміс пайда берсе еді, адам күмісті жанының өтеуі қылар еді.

1114. Өлімнің бетін қайтарар өтеуі болса еді, елдің басшысы өтеуін өтеп өлмейтін еді.

1115. Қара, Айтолдының ауруы асқынды. Үмітсіз болып, жанынан қол үзді.

1116. Өкініп айтты: – Әй, опасыз өмір, керемет (күнімді) босқа өткізіппін.

1117. Өмірді ғапылдықпен өткіздім. Жастығымды бостан босқа жұмсадым.

1118. Өзім қашып жүрген қашақтай болдым. Ажал ұстады, кері қайтарады, сөзімнен не пайда?!

1119. Ашкөздікпен әлемнің дүниесін жинадым. Дүнием қалды, бүгін мен ештеңем жоқ кетіп барамын.

1120. Көп елге билік айтып, тілімді ұзарттым. Өлім келіп ұстады, тынысымды тарылтты.

1121. Осылай көп өкінді, жылады. Өкініші өлімнің алдында еш пайа қылмады.

1122. Бұл адам баласы қандай әлсіз. Өмірін қалағанындай сүре алмайды.

1123. (Адам) тілегіне жетсе, өмір сүруді білмейді. Өмір сүрсе тілегіне жет алмайды, әй данышпан.

1124. Аз жақсылыққа жетсе, өзін ұмытады. Сөзін көк аспанның үстіне жүргізгісі келеді.

1125. Абыройы артса тәкәппар, ұлық бола қалады. Өлім жетсе бейшара болып, өкінішпен өледі.

1126. Жесе, тойса мінезі бурадай болады. Егер қарны аш болса, біліп тұрып у жейді.

1127. Қайғыдан әлсірейді, рахаттан жалығады. Сүйгенін табады, тапса тез жериді.

1128. Айтолды өкінді, ұзақ үнсіз қалды. «Мен тура жолдан адастым» деді.

1129. Неліктен алтын мен күмісті жинадым. Неліктен шығайларға үлесін бермедім.

1130. Неліктен бұл ізгі амалды қойып кеттім?! Неліктен жазықсыз кісілерді сөктім?!

1131. Барлық жақсылықты бұрыннан жасауым керек еді. Күмәнсіз, ертең пайдалы болатын еді.

1132. Бүгінгі өкініштің қандай пайдасы бар?! Өлім келді үнімді де, сөзімді де үзді.

1133. Кісіге жанашыр, сөзі тура және көзі қырағы адам не деген, тыңда.

1134. Барлық тыныс алғандар үшін өлім – бір қақпа. Жүргеннің бәрі ол қақпаға кіреді.

1135. Өмір деген не, өлім деген не? Қайдан келемін, қайда барамын?

1136. Еріксіз өлетін болсам, неліктен тудым? Жылайтын болсам, неліктен күлдім?

1137. Дүниеде өлімнен асқан қандай күш бар? Туған адам осылай деп өледі.

1138. Шайыр бұған ұқсас сөз айтыпты. Мұның мағынасын ұққанның көз ашылады.

1139. Дүниеде өлімнен қатты не бар? Өлімді ойласа, бүкіл тәттінің дәмі кетеді.

1140. Өлім – шеті, түбі жоқ бір теңіз. Жіті назар салсаң, түбі жоқ терең.

1141. Өлімді білген адам өзі ғапыл болса, өлім жеткенде сөзінің пайдасы болмас.

1142. Рахатқа бөленіп, ғапыл болғандар өлім жеткенде оянады, ол кезде ештеңеге күші жетпейді.

1143. Көп мал-дүние ашкөз кісіні тойдыра алмас. Ажал келсе өкінер, ісі оңға баспас.

1144. Құбылмалы құтқа малданып, оған адам сенім артады. (Бірақ) қара жер астында өкініштен жанын жейді.

1145. Әй, өлетін (адам), қуанышқа алданып, көп күлуші жылауға да дайын болсын.

1146. Ақылды, білімді не деген, тыңда. Бұл сөзге амал етсе, пайдалы болады.

1147. Кім ертеңгі орнының жақсы болғанын қаласа, екі дүниесін жаман қылмасын.

1148. Әй, мінезі түзі адам, жамандық қылма. Бүгін сөзіңмен, әрекетіңмен ізгілік қыл.

1149. Айтолды өкініп, көп жылады. Өкініші бұл жерде пайда бермеді.

1150. Қара, шығайларға алтын, күміс үлестірді. Туыстарға көп насихат айтты.

1151. Көзін көкке тігіп: – Әй, Ием, мен Сенен басқаны Ие деп білмедін.

1152. Жараттың, ризық бердің, өсірдің мені. Сенің жарылқауың екенін білемін.

1153. Саған бүкіл жан-тәніммен табынамын. Ажал келді, сөзім таусылды.

1154. Құтылатын жерім жоқ, ақылымды жоғалттым. Енді сенің рахметіңнен үміт күтемін.

1155. Жамандығымнан көп қате істер жасадым. Әй, Әзіз (Ием), сен мені мейіріміңмен кешір.

1156. Өмірім босқа өтті, өкінішті. Уақытымды, билігімді босқа өткіздім, өкінішті.

1157. Сөзін тоқтатып, біршама уақыт үнсіз тұрды. Ұлын көргенде көзінің жасын ағызды.