Таңдау
тТ

Айтолдының ұлы Өгдүлмішке насихат бергенін айтады

1158. Айтолдының бір ғана ұлы бар еді. Ұлының жасы әлі кіші еді.

1159. Аты Өгдүлміш еді, ары таза еді. Жүзі көрікті, жүрегі таза еді.

1160. Ұлын жанына жақын шақырды. Құшақтап, көзінің жасына ерік берді.

1161. Айтты: – Ұлым, мен кетіп барамын. Назар сал, үйім, мал-дүнием саған қалды.

1162. Сен менің көзімнің нұры (жарығы) едің, сенен кетіп барамын. Сен аман-есен, жақсы бол.

1163. Түрік уәзірі (бұйрығы) жақсы айтыпты: – ұл-қыз – көрер көзіңнің нұры (жарығы).

1164. Ұл-қыздың уайымы – түпсіз теңіздей. Ұл-қыз жайнаған жүзіңді солдырады.

1165. Кімнің ұл-қызы, жұбайы болса, ол кісінің ұйқысы қалай келеді?!

1166. Ұл-қыздың себебінен ата жанын жейді. (Бірақ), ұл-қыз атасының атын атамайды (ұмытады).

1167. Айтолды айтты: – Әй, ұлым, сөзімді ұмытпа, мені жан-жүрегіңмен тыңда.

1168. Назар сал, мен сенің әкеңмін, атым – Айтолды едім, жағдайыма қара.

1169. Бұл Айтолдының өмірі түгесілді. Қара, қазір өкінгенмен оның пайдасы жоқ.

1170. Өмір – тәтті, өлім – ащы еді. Ені одан қашатын жол кәне?!

1171. Бұл дүниеге көңілімді беріп, алдандым. Қара, менен безді, опа бермеді.

1172. Дүние мені алдады, сүйіп шақырды. Көңілімді бұрып едім, менен тез жалықты.

1173. Дүние жапа шектірді, құт қартайды. Осы сөзге илан, сені де алдамасын.

1174. Барша керекті ісімді жерге тастадым. Нәпсіме еріп, керексізін жасадым.

1175. Өмір желдей есіп қашты, өтті. Өзіме ашынып, пайдасыз ыңырандым.

1176. Пара не мал-дүниемен ісім реттелмейді. Бүгін жәрдем беретін ешкімім жоқ.

1177. (Санасы) оянған, өлімнің не екенін жетік білген кісі не деген, тыңда.

1178. Өлімді көргенде ғалымның білімі кетті. Ақылды ақылынан жоғалтты, ақылсыз болды.

1179. Өлімнің тырнағы қандай жаман нәрсе?! Оның адамды ұрғаны қандай жаман?!

1180. Дамыған сарайларды бұзатын – өлім. Барлық жамағатты шашып жіберген де – өлім.

1181. Өлең айтушы бұған ұқсас сөз айтыпты. Әй, білуші, сен оны оқы.

1182. Дүниеде не бар, амалы жоқ?! Қандай амал бар, шарасы жоқ?!

1183. Барлық нәрсеге, амал мен шара бар. Бірақ, өлімге жоқ, өлімге амал жоқ.

Өгдүлміштің Айтолдыға сауалы

1184. Қара, ұлы әкесінің сөзін тыңдады. Сосын жүзін бұрып, әкесіне тіл қатты.

1185. «Әй, әкем, сізге бір сөзім бар. Соны айтайын, маған жауабын бер» деді.

1186. – Бұл дүниеде көп жасадың, білім білдің, артықшылық пен жақсылықтарға жеттің.

1187. Айттың, тыңдадың және үйрендің. Барлығын көріп түсініп, тәжірибе жасап жүріп өмір сүрдің.

1188. Өлімге қарсы қандай да бір шара бар ма? Әй, білімді ғалым, (егер бар болса) оны қолдан.

1189. Егер басқа амал, шара жоқ болса, барлық дүниеңді, қазынаңды үлестір.

1190. Қазынаң мен малың басыңның орнына құрбан болсын. Сен аман бол, алтын, күміс тағы келер.

1191. Қанағатшыл (көзі тоқ), жомарт, мойнында басқалардың ақысы бар, елдің басшысы не деген, тыңда.

1192. Кісіге дүниеңді үлестір, жегіз, ішкіз. Сені дүниең кешірсін, сен оны кешір.

1193. Адамға амандық керек, дүние азаймас. Құс үшін өмір керек, жем азаймас.

1194. Адам тірі болса, тілегіне жетері анық. Бас аман болса, арманы жақын.

Айтолдының Өгдүлмішке жауабы

1195. Айтолды жауап берді: – Әй, ұлым, сөзімді тыңда, бұл істен бас тарт.

1196. Өлімнің алдында алтын, күміс пайда бермес. Өлімді ақыл мен білім де тоқтата алмас.

1197. Дүниенің малы өлімді тоқтата алса еді, бектердің бегі өлмес еді?!

1198. Хакімдерге хикметі пайда бермеді, данышпандарға білімі көмектеспеді.

1199. Өлімге дәрі мен емнің пайдасы болса еді, оташылар өмірде мәңгі қалатын еді.

1200. Өлім жүздескендерге қарап, мәміле етсе еді, ардақты пайғамбарлар өлмей қалар еді.

1201. Туған әрбір тірі жанның өлетінін түсін. Өлмек үшін туғандардан тірі кім бар, кәне?!

1202. Бұл дүние – уақытша тұрақ, келеді, өтеді. (Ол бәрін) жейді аждаһадай, жеген сайын ашығады

Өгдүлміштің Айтолдыға жауабы

1203. Өгдүлміш тыңдап болды да: – Әке, өлімнің жететінін өте жақсы ұғыпсыз,

1204. (Онда) неліктен өмірді босқа өткізіп, ғапыл болдың? Енді ұлып, неліктен оны айыптайсың?

1205. (Бәрібір) қалатын дүниені неліктен жинадың, артылған дүниені неге үлестірмедің?

1206. Адам өзі өмірін ғапылдықпен өткізсе, өкінеді, өзін айыптайды.

1207. Әй, әке, бүгін өкініп, басты жерге ұрып, мың мәрте ұлығаннан не пайда?

Айтолдының Өгдүлмішке жауабы

1208. Айтолды айтты: – Әй, ұлым, тыңда, мені көр, енді сен ғапыл болма, ертеңің үшін әрекет ет.

1209. Ғапылдық мені құртты, өзім өкініп тұрмын. (Енді) сен ояу бол, ғапыл болма, жүзі көріктім!

1210. Туған қанша жан болса, өлмек үшін туды. Қанша жерден барғысы келмесе де, ақырында күштеп әкетеді.

1211. Өлетін кісінің бәрі уақытқа билігінде. Уақыты жетсе, қара, бір қадым да атай алмайды.

1212. Бұған ұқсас шайырдың бір сөзі бар. Егер ұға алсаң, бұл сөз – түгел сөз.

1213. Барлық нәрсенің уақыты бар, күні белгілі. Алатын тыныстың да саны белгілі.

1214. Жыл, ай, күннің өткені секілді өмір де өтеді. Келіп-кеткен күн сені міндетті түрде алып кетеді.

1215. Айтолды тағы да айтты: – Әй, ұл, мен қандай халде кетіп барам, мені көр де, оян!

1216. Уайымым сен ғанасың, соған мұңайып кетіп барамын. Бүгін жас кезіңде менсіз қалып барасың.

1217. Менен кейін саған не болады? Менің одан басқа уайымым жоқ.

1218. Ұлына әке еңбегі сіңсе, ол ұлы тәрбиеленіп, мінез-құлқы түзу болар еді.

1219. (Әке) ұлын қысып (бетімен жібермей) ұстаса, қара, ізгі болады. Ата-анасының қуанышы (жарығы) болады.

1220. Егер ұлды қысып ұстамаса, босқа кетті, сен ол ұлдан түңіл (үмітіңді үз).

1221. Ұлдың әкесі білімді, ақылды болса, қысып ұстау керек. Оның емі, жолы сол.

1222. Тәжірибелі, жасы жеткен, ұлы бар кісі не деген, тыңда.

1223. Кімнің ұл-қызы ерке болса, ол қайғырып, жылаумен болады.

1224. Әке ұлын кішкентай кезінде бос жіберсе, ұлдың кінәсі жоқ, қасірет әкеде.

1225. Ұл-қыздың мінез-құлқы, әрекеті жаман болса, (демек) оны әке жаман қылды, тура жолдан қайтарды.

1226. Әке ұлын қысып ұстап, (барлық нәрсені) үйретсе, ұл-қызы өскенде сүйінеді.

1227. Әй, әке болған (адам), баланы қысып ұста. Кейін келгендер саған күлмесін.

1228. Ұл-қызға білім мен жақсылықты үйрет. Бұл жақсылықпен мінез-құлқы түзу (таза) болсын.

Өгдүлміштің Айтолдыға жауабы

1229. Өгдүлміш жауап берді: – Әй, әке, сенің қайғыңды ойлап (жеп), күйіп, өзімді түтіп (жеп отырмын).

1230. Сенен кейін мен тірі тұрмай, сенің қайғыңды көзіммен көрмесем екен?!

1231. Мейірімді бір Ием сенің жаныңа емес, маған берсе еді?! Қайғың мені шыдатпады.

1232. Егер (бұл келген) ажал мені алмаса, (демек), бұ ажал әуелден тағдырыңа жазылған екен.

1233. (Онда) қайғыру не керек, жылау неге керек? Тәңірінің үкімі келді, жылауды тоқтат.

1234. Егер (артыңда) қалған дүние, дәулет үшін жыласаң, жылама. Бұл күш көрсеткенмен болмас.

1235. Егер түрлі нығымет қалды деп жаның жыласа, жүр, жылама.

1236. Сенен бұрын көп дүниені жегендердің бәрі «аһылапүһілеп» бәрін тастап кетті.

1237. Опасыз дүниенің саған опасыздық ететінін білетін едің, сен өзің ғапыл болдың.

1238. Барлық дүние біреуге тиесілі болса да, дүние қалады. (Оның) үлесіне екі бөз тиеді.

1239. Егер сен өткізген өміріңе өкінген болсаң, (онда) өкініп тоқтамай жыла, көзіңді құрғатпа.

1240. Өткен күндерің қайта келмейді. Не істеген болсаң, қараңғылық дайындалды.

1241. Бұл уайым мен қайғың мен үшін болса, уайым қылма, сен енді қуан.

1242. Жаратылған едің, жаралған өледі. Жаратылған өлер, Жаратқан қалар.

1243. Өте мейірімді, жомарт әкем едің. Жаратқан сенен де мейірімді.

1244. Сені ол жаратты да, құт (бақ) берді. Маған да бермейді деп ойлайсың ба? Бұған илан.

1245. Қадірсізге абырой одан келеді. Кішікке ұлықтық ол қаласа келеді.

1246. Назар аударсаң, бұған ұқсайтын дананың сөзі бар. Дананың сөзі – ақылсыздың көзі.

1247. Құрметті кім? Құрметтілерге құрмет одан келеді. Қазір құрмет және құрметтілер аз.

1248. Қадірсізге абырой, кішікке ұлықтық, үлкенге жоғары дәреже, жауызға да қолдау білдірген ол.

1249. Айтолды ұлының сөздерін тыңдады. Қолың көтеріп, көзін көкке тікті.

1250. Тәңірге сансыз шүкір қылды, Тәңірдің ұлына ақыл бергені үшін

Айтолдының Өгдүлмішке жауабы

1251. (Айтолды) айтты: – Ұлыма көңілім толды. Тәңірідң жарылқауымен құтты-берекелі өмір сүр.

1252. Назар салсаң, ақылды мына сөзді дұрыс айтыпты. Мұның мәнісін біл, әбден көз жеткіз.

1253. Тәңір кімге ақыл, білім, түсінік берсе, (ол) барлық тілегіне қол жеткізеді.

1254. Кімнің мінезі жайлы, әрекеті дұрыс болса, (ол) барлық тілегіне жетеді, күні, айы оңынан туады (жарқырайды).

1255. Жақсы мінез барлық ізгілікке жетуге себеп. (Кімнің) мінезі жақсы болса, қуанышы мың болады.

1256. Айтолды қайтадан қолын көтерді, Тәңірге көп мадақ пен мақтау айтты.

1257. – Әй, Ием, Сен барлығын жараттың. Сен сансыз мақұлұқты ризығыңнан жегізесің.

1258. Мені жараттың, бағымды өсірдің. (Мен) күнәһар, құлшылықсыз жаман бір құлыңмын.

1259. Осы уақытқа дейін көп игілік бердің, барлық тілегімді бердің, бұл дүниедегі ең жақсыларды да.

1260. Бүкіл тілегіме жетіп, бар нығыметке ие болдым. Әй, ізгі Ием, мені сүйіндірдің.

1261. Үкімің маған жетті, мен кетіп барамын. Бір ғана ұлым бар, тастап барам.

1262. Әкесі едім, енді әкесі өледі. Әй, Ием, (мәңгі) тірісің, сен оған құт (береке) бер.

1263. (Оны) рахатқа жақын, бәледен жырақ қыл. Екі дүниеде оған сен жәрдемші бол.

1264. Жамандардан қорға, жақсыға жанастыр. Жейтін және киетіннен оны қиналдырма.

1265. Жүректен шыққан ізгі дұғаларын қылды. Әй, жақсы дұға, сен бәлені кетір.

1266. Тақуа кісі не деген, тыңда. Тақуа кісі – адамдардың ең ұлысы.

1267. Тәңірі кімді жарылқап, жәрдем етсе, ол адам екі дүниеде бақыт табады.

1268. Қайсыбір құлға Тәңірдің жәрдемі болса, ол екі дүниеде тілегіне жетеді.

1269. Тәңірінің жарылқауы кімнің үстінде болса, (ол) бүкіл тілегі мен нығыметке жетеді.

1270. Ақылды кісі бұған ұқсас сөз айтыпты. Кісі ақылдының сөзін ұстанса, ісі оңға басады.

1271. Тәңір кімді қорғаса, (ол) қорғауда. (Ол) тілегіне жетіп, нығыметтің таңдаулысын жейді.

1272. Қайсыбір құл Тәңірге иланса (иман келтірсе), (ол) өзіне бәле-жала мен қайғы есігін жапты.

1273. Айтолды тағы да айтты: – Әй, ұл, өлімді ұмытпа, әрқашан ойлап жүр, оян.

1274. Өмірге сенбе, желдей есіп өте шығады. Ғапыл болма, бұл дүниеден тез көшесің.

1275. Мен сені Тәңірге аманат еттім. (Ол) қаласа қорғайды, нығыметін береді.

1276. Өкініп, ақылымды жоғалтып жылаумен бүгін сенен айырыламын.

1277. Мен кеткеннен кейін сенің не қылатыныңды түсінгенімше айтайын, тыңда.