Таңдау
тТ

Айтолдының ұлы Өгдүлмішке өсиеті айтылады

1278. Көңілің мен тіліңді таза ұста, Тәңірге табын. Ғапыл болма, ертеңгі ісің үшін қамдан.

1279. Барлық жақсылық пен жамандықты Тәңірдің үкімі деп біл. Тәңірге иман келтір, оған құлшылық қыл.

1280. Қандай қажетің болса, одан тіле. Саған (жәрдем беретін) Одан басқа күш жоқ.

1281. Қандай болса да, жарлығын құрмет тұт, (сонда) сені Тәңірі бүгін де, ертең де абыройлы қылады.

1282. Жүріс-тұрысың тура болсын, өзің (тура жолдан) тайма. Көңілің мен тіліңді кішік тұт, сөзің өктем болмасын.

1283. Біршама уақыт өмір сүрдім, енді кетіп барам, ойлан. Маған дүние не қылды, жақсылап қара.

1284. Бұ дүние үшін өзіңді отқа тастама. Кісінің дүниесін алма, тәкаппарланып, күш көрсетпе.

1285. Өзім жинауды білдім, жеуді білмедім. Күнім өтті, өкіну пайда бермеді.

1286. Малым саған қалды, маған жүк болды. Рахатыңа жарат (же), әрқашан сүйініш (әкелсін).

1287. Ұстай білсең бұ жинаған мал (саған) жетеді. Екі дүниеде жүзіңді жарық қылады.

1288. Ұстай білмесең мұнша мал саған жетпейді. Қара, жүзіңді сарғайтады.

1289. Әділ бол, туралықпен әрекет қыл. Сүйініш туралықтың ішінде болады.

1290. Әрекеті түзу адам не деген, тыңда. Әрекеті түзу (адам) екі дүниенің нығымет жейді.

1291. (Адам) күнінің рахатқа (толы болғанын) тілесе, оны туралықтың ішінен іздесін.

1292. Өзің шынымен бай болғың келсе? Байлар өз үлесін туралықтан тапты.

1293. Халыққа басшы болуды, жоғары мәртебеге жетуді тілесең, тура жолдан тайма.

1294. Адамның әрекеті тура, дұрыс болса, екі дүниеде күні жарқырайды.

1295. Айтолды тағы да айтты: – Әй, ұлым, тыңда, ізгілік жасау арқылы өзіңді тамұқтан қорға.

1296. Бар ізгілікті жаса, жамандықтан жырақ тұр. Отырсаң да, тұрсаң да саған (одан) жақсылық келеді.

1297. Жаман досқа жақындама, сені қор қылады. Жамандық – жылан, ол сені көрге тығады.

1298. Екі жүзді кісіге сырыңды айтпа. Сөзің жайылып, сырың ашылады.

1299. Өсекші кісіні үйіңе жуытпа, көріп білгенін бүкіл елге жаяды.

1300. Сыннан өткен, сенімді кісіні өте жақын тұт. Одан саған мыңдаған жақсылық келеді.

1301. Барлық сөзді тыңда, бірақ тез иланба. Көңіл сырыңды ашпа, берік сақта.

1302. Көп ішіп жеме, кісіден қызғанба. Бұл екі әрекет әрқашан қасірет әкеледі.

1303. Жұбайыңды бетімен жіберме, есігіңді жабық ұста. Еркекке барлық лайықсыз нәрсе әйелден келеді.

1304. Жат үйге жіберме, әйеліңді шығарма. Үйленбес бұрын сыннан өткіз.

1305. Әрекетіңді дұрыста (жақсарт), мал-дүниеге қайғырма. Амалың ізгі болса, мал-дүние өзі келеді.

1306. Енді бұған сәйкес мына сөзді тыңда. Бұл сөзді ішіңде сақта, соған сай әрекет ет.

1307. Кісіге мал-дүниенің керегі не? Керегі жақсы мінез. (Мінезі көркем адам) қажет болса, барлық жақсы дүниені табады.

1308. Дүние, байлықтың жаманға керегі не? Қанша кіріс кірсе де, кедеймен тең болады.

1309. Ұятсыз кісіден жырақ тұр, қаш. Ұяты бар адамға менен мың сәлем.

1310. Ешбір істе асықпа, сабырлы бол, өзіңді ұста. Сабырлы кісілер арманына жетеді.

1311. Қандай істі болса да, көңілді қабылда. Көңілді қабылдасаң, береке саған байланады.

1312. Тіліңе абай бол, көзіңе абай бол. Тамағыңа абай бол, аз (болса да), халал же.

1313. Халық бүлік бастаса, жырақ тұр, жырақ! Наданның (қараның) бүлігіне (бұлғағына) қатыспа, қаш.

1314. Әй, қозым, жақсылықтан басқа ниетпен бектердің (қолданатын) сөзін аузыңа алма.

1315. Кісінің қиянатын қолдама, өзің де қиянат қылма. Әрқашан ізгілік қыл, нәпсіңді, арыныңды бас.

1316. Қандай іске кіріссең, ақырына ойла. Соңы белгісіз іс адамы қор етеді.

1317. Егер өкпелесең, өзіңді ұста, сабырлы бол. Сабырлы кісінің ертеңі сүйініш.

1318. Сабырлы кісі не деген, тыңда. Адам сабыр етсе, бұзылған ісін реттейді.

1319. Кісі сабыр етсе, тілегін табады. Сабырмен күткен адам ақ құс ұстайды.

1320. Бейнет, қайғы және уайымға түскен адам егер сабыр етсе, (соның) себебінен қуанышы қайта келеді.

1321. Егер дәулет қайтып, есік жабылса, сабыр етсең, барлық ісің қайта реттеледі.

1322. Сабырлы бол, сабыр – ер адамның ісі. Мысалы, адам сабыр етсе, көкке жол табады.

1323. Өлімді ұмытпа, дайын тұр, ойлан. Өзіңді ұмытпа, түп негізіңе қара.

1324. Жиынға қатыссаң, сөзіңе берік бол. Кісінің үйінде көзіңе абай бол.

1325. Жұмсайтын дүниеңді кірісіңе қарай жұмса. Егер өзіңе жараспайтын болса, сөз сөйлеме.

1326. Аузыңнан жалған сөз шығарма. Жалған сөз арқылы адам өзінің қадірсіз етеді.

1327. Туыс пен жуыққа жақындық қыл. Ұлыққа да, кішікке де күлімдеп сүйкімді бол.

1328. Дәм-тұзың кісіге кең болсын, жегіз. Кісінің айыбын көрсең, ашпа, жасыр.

1329. Құлшылыққа мұқият бол, Тәңірге табын. Күнәдан ұзақ тұр, өзіңді сақта.

1330. Бақ-дәулет қонса тәкаппарланба. Шамаң ізгілік қыл, жамандық қылма.

1331. Бұл дүниеге алданба, өтеді де кетеді. Бақ-дәулетке иланба, тез қартаяды.

1332. Өмірге арқа сүйеме, түс секілді өтеді де, кетеді. Бос құтқа сенбе, құс секілді ұшады да, кетеді.

1333. Өмірді босқа өткізбе, жақсылық жаса. Өтпелі күннің ішінен керегіңді ал.

1334. Арақ ішпе, бұзықтыққа қатыспа, жырақ тұр. Зина қылма, пасық, қара атанба.

1335. Бұл екі амалдан құт, береке қашады. Ол адамға кедейліктің жолын ашады.

1336. Тәжірибелі кісі не деген, тыңда. Тәжірибелі кісілер істің ретін біледі.

1337. Арақ ішпе, зинаға жолама, сақтан. Бұл екеуі кедейлік тонын кигізеді.

1338. Бұл арақ мың күнәға апарады. Құт-береке зинадан қашар, жүзіңе түкірер.

1339. Айтолды сөзін тоқтатып, былай деді: – Ұлым, ұмытпа, бұлар саған қажет сөз.

1340. Мен бәрін айттым, сен бұған сенсең және сөзімді ұстансаң, қуанышың аз болмас.

1341. Саған айттым, сөзімнің аты – өсиет. Ұмытпа, бұл сөздерді көңіліңе жаз.