Таңдау
тТ

Айтолдының Күнтуды Елігке өсиет хат жазғаны айтылады

1342. Сұңғыла (Айтолды) қалам мен қағаз алдырды (қалады). Тәңірдің атымен (бастап) хат жазды.

1343. Тәңірдің атымен сөз бастады. Жаратқан, ризық берген, кешірген Ием!

1344. Мыңдаған, сансыз мақұлықты жаратты. Тірінің бәріне ризық берер, бірін де аш қоймас.

1345. Қалауын, үкімін бәріне жүргізеді. Назар сал, оған көмекші, қолдаушы керек емес.

1346. Қаласа жаратар, қалағаны болады. Қалағаны болды, баршасы оның жаратқаны.

1347. (Дүниенің) сансыз қонағын өлмек үшін жаратты. Тірінің бәрі өледі, Тәңірі өлмейді (Оған өлім жоқ).

1348. Тәңірім сүйікті пайғамбарға менен үздіксіз, мың сәлем жеткізсін.

1349. Ием одан басқа барлық досына сәлемімді үздіксіз жеткізсін.

1350. Әй, елдің құты, ұзақ жаса. Билігіңмен көп елге үкім жүргіз.

1351. Атым Айтолды, болмысым толған айдай еді. Толықтығым кішірейді, түгесілді, өзім өлгелі жатырмын.

1352. Өлімнің тұзағы түсті, қатты ұстады. Құтылар жерім жоқ, өмірдің дәмін кетірді.

1353. Маған иглік жасадың, көп еңбекақы бердің. Саған қызмет ете алмадым, енді өзім кетіп барамын.

1354. Бұл жақсылығыңа жауап ретінде өсиет жаздым. Әй, данышпан, енді саған (өсиет) жазып қойдым.

1355. Бұ дүние ісіңде саған дос болдым. (Тапсырған) жұмысыңды туралықпен жүргіздім.

1356. Енді асқан жанашырлықпен жазып қойдым, жан сөзім өсиетімді оқы.

1357. Жанашыр кісі не деген, тыңда. Қара, жанашырлық – адамдықтың шыңы.

1358. Жанашыр кісінің сөзін, өсиетін ұстан. Сөз, өсиет саған бақ-дәулетті ұстап тұрушы болсын.

1359. Адамның шыншылы – жанашыр кісі. Жанашырдың сөзін ұстан, сені өсіреді.

1360. Әй, Еліг, мен саған жанашырмын. Әй, мәрт батыр, сөзіме амал ет.

1361. Өлім қарсы келді, өзім өкіндім. Бұл өкінішім, сөзім еш пайда қылмады.

1362. Енді парыз етілген құлшылық керек болды. Жасаған барлық жамандығым өкіндірді.

1363. Жиған алтын, күмісім жатқан күйі қалды. Одан маған үлес ретінде (оның берілетін) есебі қалды.

1364. Өкініп, ұлып жатырмын, бірақ өкініштен еш пайда жоқ. Иемнің рахметінен басқа үмітім жоқ.

1365. Бүгін еріксіз кетіп барамын. Күмәнсіз, ертең артымнан сен де келерсің.

1366. Әй, Еліг, өлім келмес бұрын ертерек оян! Біліміңе сүйен, ісіңді ретте.

1367. Бәле, зұлымдықтың орнына жақсылық жаса. Халқыңды тіліңмен, қолыңмен сүйіндір (қуандыр).

1368. Аман-есен уақытыңда жақсылық жаса. Тауарың мен мал-дүниең барында үлестір және жегіз.

1369. Кішкентайынан санасы ояу, көзі қарақты, сөзі тура адам не деген, тыңда.

1370. Өлім келмес бұрын өлімге дайындал. Тірі күніңде (Тәңірге) құлшылық қыл, табын.

1371. Өлім келген сәтте өкінгеннен пайда жоқ. Қара жердің астында қанша қаласаң (сонша) ұлы.

1372. Әй, Еліг, қайраттан, менен кейін уақытыңды босқа өткізбе, құлшылықтан басқасын қылма.

1373. Сені бұ дүние дәулетімен алдамасын. Бүкіл ісіңде туралықты тіле.

1374. Халыққа тура және әділ заң жүргіз, әділдік (қиямет) күні күнің жақсы болады.

1375. Бұ дүние үшін өзіңді отқа итерме. Нәпсіңнің желкесін қи, тәніңнен өш ал.

1376. Сен бұ дүниенің бегісің, оған құл болма. Ол сені қоймас, ертерек оны тұл қылып қой.

1377. Аса тәкаппарланба, көңіліңді көкке көтерме. Бұ дүниеге илануға болмас, одан түңіл.

1378. Кісінің жақсысын жаныңа жақын тұт. Жаманнан жырақ тұр, кесірі тиеді.

1379. Сұғанақ кісіге жұмысыңды тапсырма. Опасыз кісіге асыңды жегізбе.

1380. Құлшылыққа бейім бол, күнәға тиым. Саған құлшылықтан басқасы тимейді.

1381. Өлімді ұмытпа, оған (қарсы тұрар) қару жоқ. Тұзақтан шыққандай өлім бір күн алдыңнан шығады.

1382. Қанша қашсаң да, ақырында өлімге тұтыласың. Қанша қалсаң да, ақырында өлім жетеді.

1383. Өлімге ғапыл болма, жүрегің тірі болсын. Қанша ұзақ өмір сүрсең де, жерді жастанасың.

1384. Кәне, өлімнен қашып, кім құтылды?! Кәне, кім (ажалын) кешіктірген, уақытынан асқан?!

1385. Ғалым бұл уақыт пен өмірді бейнелеп, ұқсатып жақсы сөз айтыпты.

1386. Адам баласына қарасаң, керуен секілді, қонатын жерінде мәңгілік тұрмас, қонар жері кәне?!

1387. Әке бойынан шыққан соң балаға ана құрсағы қанша ай тұрақ болады?

1388. Анасынан туып, аты берілсе, жолаушы болып, замананың атына мінді.

1389. Күндіз бір адым, түн бір адым өлімге жақындатып, жүзін солдырады.

1390. Дүние – бір тұрақ, көрің – бір тұрақ. Бұл түнейтін жеріңнен қозғалсаң, (келесі) түнейтін тұрағың – о дүние.

1391. О дүниеде сені екі жол күтеді. Бұл екі жолдың қайсысы бұйырары белгісіз.

1392. Жолың оңға болса, ісіңнің реттелгені. Егер солға болса, ұлып, басыңды ұрасың.

1393. Әй, елдің құты, дүние – егістік. Адам ексе, өмір шөбін орады.

1394. Жерге не ексең, сол өнер. Не берсе, қайтарымына соны ғана алар.

1395. Кісінің малын алма және қан төкпе. Бұл екі күнә үшін жан шыққан соң аңырайды.

1396. Бұл өмір түс секілді өтер, белгісіз. Бек болсын, құл болсын, келмеске кетеді.

1397. Кәне, өткен күнді түс деп ойла. Бұл қалған күніңде өкініштен басқа жоқ.

1398. Оянған және оянғаннан кейін өкінген кісі не деген, тыңда.

1399. Өмірді ояу жүріп, түс секілді өткіздің. Пайдасы кәне, бір белгісін көрсет маған?

1400. Тілек пен арманың үшін өмірді өткіздің. Өмір түгесілді, өкіну – жала жабу.

1401. Өмірде өте ғапыл болма, ойлан. Өмір өлімге өте жақын еді.

1402. Еліг, сараң болма, жомарт бол, жомарт. Жомарт атың мәңгі қалады, өлмейді.

1403. Жауынгеріңе, әскеріңе, мал-дүниеңе көп сенбе. Әскерің мен алтын-күмісің пайда бермейді.

1404. Басқалары үшін өзіңді құрбан қылма. Өзіңді ая, қиналып күйме.

1405. Сенен бұрынғы әлемнің бектері әлемді тастап кетті. Көріне қара, жатыр.

1406. Әй, жарқыраған күнім, уақытыңды күтіп, өлім саған да дайын тұр.

1407. Дүниенің кемшілігін біліп, оны ақылға салып, саған айтушы не деген, тыңда.

1408. Бұл дүниенің байлығы ащы су секілді, қанша ішсе де, қанбас, тілі де ылғалданбайды.

1409. Әй, батыр, назар сал, бұ дүние көлеңке секілді. Қусаң қашады, қашсаң жабысады саған.

1410. Назар салсаң, дүние – сағым. Біреу ұстағысы кеп (қолын) ұсынса, жоғалады.

1411. Әй, Еліг, қайраттан, өзің ізгі бол. Бек ізгі болса, халық та ізгі болады.

1412. Халықты қой деп ойла, бегі – қойшы. Қойшының қойға жаны ашуы керек.

1413. Қақпаңа қалың аш бөрілер жиналды. Әй, Еліг, қойыңды жақсылап күзет.

1414. Жұмыста ашуланба, өкпеңе ие бол. Ашуланса бектер билігін бұзады.

1415. Кісіге ауыр сөз сөйлеме. Назар сал, ауыр сөз, ол – күйетіндей жалын.

1416. Сабырлы бол, сырбаз бол, арлы, жұмсақ мінезді бол. Барлық ізгілікке қол ұшын бер.

1417. Алдыңда ұзақ жол, сапар тұр. Ақылдылар бұл жолға азығын жақсы дайындайды.

1418. Әй, елдің құты, сарай мен орда салдырма. Қара жердің астында саған үй дайын.

1419. Биік, кең, сәулетті сарайың қалады. Қараңғы жер үйде аңырап жатасың.

1420. Не үшін алтын-күмісті қазынаңа жиясың?! Сенің үлесіңе тиетіні екі бөз.

1421. Шайыр бұған мағыналас сөз айтыпты. Қарасаң, шайырдың бұл сөзі сөзіме жол ашады.

1422. Ғапылдықпен адам баласы көп дүние жинайды. Өзіне нәсіп бола ма, бір ойламайды.

1423. Байып, бүкіл тілеуі орындалғанда өмірі түгесіліп, жаны жыраққа ұшады.

1424. Әй, бек, алданба, рахатқа сенбе. Алданышың мен қуанышың сені дәрі секілді ұйықтатады.

1425. Дүние үшін өміріңді босқа өткізбе. Дүние өткінші, қинап бейнет шеккізеді.

1426. Әй, данышпан, жібек мата төсенген асыл тәнің қара жер төсенеді.

1427. Алданған, сүйініп жұбанған жаның (соңында) қара жер астында жасып, түзу жатады.

1428. Шайқалмас жорға аттан түсіп, қайғырып ағашқа мініп, (бұрынғылардың) артынан кетесің.

1429. Бұларды ойла, өлімге дайындал. Ертең қара жер астында өкінбе.

1430. Әр амалың үшін Тәңірден таупық тіле. Күмәнсіз біл, саған Тәңір күш береді.

1431. Жақсы не жаман не келсе де, оған разы бол. Қазаға мойынсұн, аузыңнан (шыққан сөзің) тура болсын.

1432. Егер екі дүниенің билігін қаласаң, мына бес іске жақындама, дұрысы осы.

1433. Харам (іске) араласпа және зұлымдық қылма, кісі қанын төкпе, дұшпандық қылма, өштеспе.

1434. Арақ ішпе, бұзақылықтан жырақ тұр, қаш. Бұл қай кезде де билікті бұзатын нәрселер.

1435. (Егер) сен мәңгі және тұрақты билікті қаласаң, әділдік қыл, халыққа зұлымдық қылма.

1436. Әй, Еліг, бүгінде сен халыққа басшысың. Халықты күзет, ояу бол, ақылың бар.

1437. Елігтің мойнына ұлы міндет (жүк) жүктелген. Осалдық танытпа, ойлан, әй, мінезі таза (адам).

1438. Тәннің қалауымен жүрген нәпсінің тұтқыны. Тұтқын болма, (егер) болсаң, өзіңді құтқар.

1439. Өткізген өмірің түбінде желдей болды. Қалған өмірің қанша ел береді?!

1440. Енді қалған өміріңді босқа өткізбе, күнәң мен мініңнен арыл өзің.

1441. Біл, бұ дүние саған опа бермек емес. Өткінші өмірден өзіңнің азығыңды ал.

1442. Тақуа кісі не деген, тыңда. Тақуа кісі – әлемнің басшысы.

1443. Бұл дүние – қонақ үй, өзіңді керуен сана. Керуен қонақ үйде қанша күн қалады?!

1444. Сарай да бір дүние, назар салсаң, қазынаның жері. Не болса, бұл жерден соны алып кет.

1445. Өзің көшесің, көшіңді бұл жерден ертеден жібер. Керегін ал, қажетсізін таста.

1446. Мен кетіп барамын, маған қара, сабақ ал. Артыңда жақсы атың қалуы үшін күш сал.

1447. Хәл үстінде (өлгелі) жатқан адам не деген, тыңда. Өлер алдын жан сөзін – насихатын беріп кетті.

1448. Хәл үстінде (өлгелі) жатқан кісі тіріге сөзімен насихат берер. Сен оны тыңда, көңіліңде сақта.

1449. Айтады: – Әй, тірі, сен ғапыл болма, оян. Мен ғапыл болдым, енді өкінішпен жатамын.

1450. Әй, Еліг, билігіңнің ұзақ болғанын қаласаң, мына бірқанша істі жаса, бірқаншасын істі таста.

1451. Заң орнат, оны жүргізуге күш сал, зұлымдық қылма. Тәңірге құлшылық қыл, оның жолынан айырылма (есігін құш).

1452. Екінші, ғапыл болма, сақ тұр, оян. Біреудің жаласы саған жабылмасын.

1453. Қандай іс болса да, мына екі уақытта жасама: күдіктенген және ренжіген кезде сабыр етіп, ауыз ашпа (тісіңді қыс).

1454. Осы нәрселерді сақтасаң – мемлекетті сақтағаның. Билігің ұзақ тұрады, саған ел беріледі.

1455. Ізгілердің бәрін құрметте, (дәрежесін) жоғарылат. Жамандарды қолдама, елді олардан тазарт.

1456. Қатал (жаман) заң орнатпа, ізгі (әділ) заң орнат. Өмірің игілікті болады, құт-береке байланады.

1457. Белгілі данышпан не деген, тыңда. Бұл сөзден өз үлесіңді ал.

1458. Ізгі (әділ) заң орнат, әй, заң шығарушы! Қатал (жаман) заң орнатқаның тірідей өлгенің.

1459. Әй, мемлекетшіл дана, қатал (жаман) заң орнатпа. Қатал заңмен әлемге билік жүрмес.

1460. Кім өз заманында қатал заң орнатса, өзінің артына жаман ат қалдырғаны.

1461. Кім ізгі (әділ) заң орнатып қалдырса, онда (ол) ат аяғын өрге бастырды.

1462. Әй, Еліг, назар сал, өзің жаңылма. (Шыққан) түбіңді ұмытпа, ойланып тұр, ойлан.

1463. Әй, қолы ұзын (адам), жаман әрекет жасама. Жаман әрекет екі дүниеде жылатады.

1464. Қолың ұзын болды (билікке келдің), халыққа жақын болдың. Қара, бұл өмір зу етіп өте шығады.

1465. Бұ дүние өткінші, (қазірдің өзінде) өтіп кетті, ойлан. Өлім (міндетті түрде) келеді, қазірден алдыңа келді, ойлан.

1466. Мені көр, менен үгіт, ғибрат ал. Ертең өкінбе, сен бүгін тірісің.

1467. Кісі дүниеден өтсе (өлсе), одан насихат қалады. Әй, білімді (адам), бұл саған насихатым.

1468. Әй, Еліг, сен менің жақсы көрген (адамым) едің. Пайдалы өсиетімді саған қалдырдым.

1469. Кісіге пайдасы сөз – өсиет. Өсиет сөзді ұстанса, жүз (түрлі) пайдасы бар.

1470. Қазір сөздің дұрысын жазып қалдырдым. Бұл сөзімді есте сақта, мені ұмытпа.

1471. Қаншалықты көп өмір сүріп, сен тірі тұрсаң да, ақырында қайту, өлім бар.

1472. Күмәнсіз, өлім бір күн келеді. Тірі жанның соңында жанын алады.

1473. Шақырушының келуіне дайындалу керек. Ұзын жол жүруге дайындалу керек.

1474. Біл, өлімнен құтылудың жолы жоқ. өлімге дайындал, керекті нәрсені ал.

1475. Өлімді өлмес бұрын түсінген және ақылы жеткен (адам) не деген, тыңда.

1476. Өлімнің құрығының кезегі келеді. Өлімге өзің шын дайындалып жүр.

1477. Ақшаны (күмісті) құшақтап «мен» дегендердің құшағы өлім келгенде ажырады.

1478. Әй, Еліг, (маған қылған) жанашырлығыңның хақысын түгел өтедім.

1479. Барша ізгілігің үшін Тәңір саған таупық берсін. Жейтін және киетін жақсы нәрселеріңді берекелі етсін.

1480. Аман-есен өмір сүр, көп жаса. Жақсылықта, қуанышта көп мемлекет басқар.

1481. Бұл сөзім саған деген жанашырлығым еді. Әй, жүзі көріктім, сау-саламатта бол.

1482. Әй, елдің құты, мен кетіп барамын. (Артымда) бауыр етім – ұлым қалды.

1483. Жалбарынып, оны Тәңірге аманат еттім. (Ол) қаласа жанған оттың ішінде болса да, қорғайды.

1484. Сенен сұрайтыным, оған қарай қой. Өзіңнен алыстатпа, (егер солай болса) бетімен кетеді деп ойла.

1485. Барлық нәрсеге Тәңірі бірін себеп қылады. Жақсы-жаман әр нәрсе оның тағдыры.

1486. Ұл-қыздың мінезінің жақсы болуы немесе жаман болуы ата-ананың себебінен.

1487. Әкесі мен, дүниеден өтіп барам, ұлым жастай жетім, тұл қалып барады.

1488. Егер қызметкеріңнің бір хақысы бар болса, оған себеп бол, ізгі жолға шақыр.

1489. Көзден таса қалдырма, оған білім мен ізгілікті үйрет. Білім мен ізгілігі арқылы елге қолғабыс болсын.

1490. Мінезі жақсарсын, жүріс-тұрысы түзелсін. Қызметке жараса, бос орын болса аларсың.

1491. Босқа, еркіне жіберме, қысып ұста. Жігітті қысып ұстаса, кейін бақыт табады.

1492. Сыннан өткізу арқылы түсінген һәм біліп сөйлеген, терең зерттеген қария не деген, тыңда.

1493. Балаға кішкентай кезінде білім үйрет. Кішкентайында білім үйренсе (өмірде бәріне) қолы жетеді.

1494. Аяма, ұл-қыз таяқ жесін. Таяқ ұл-қызға білім үйретеді.

1495. Ұл-қыз кішкентайында нені үйренсе, қартайып өлгенше оны ұмытпас.

1496. (Хатты) жазып бітірді, тұрып байлады. Алып ұлына берді, қолын созып.

1497. Айтты: – Ұлым, бұл хатты ұста, жоғалтпа, Елігке жеткіз, насихатым.

1498. Жаздым, оқысын, сөзімді ұстансын. Өлімге дайын болсын, ісін (соған сай) реттесін.

1499. Ұзақ уақыт үнсіз қалды, сосын ұлына қарап айтты: – Сен, мынаны ұқ, туралықтан тайма.

1500. Ұлын бауырына басып, құшақтады. Сүйіп жылады, көз жасын төкті.

1501. Айтты: – Әй, ұлым, мені көріп тұрсың, нендей хәлде кетіп барам, мұны ұмытпа.

1502. Күмәнсіз, саған да осындай сәт келеді. Ғапыл болма, соңында сен де дүниеден өтесің.

1503. Саған керекті сөзді сөйледім. Сөзімді ұмытпа, маған дұға қыл.

1504. Егер бір күні Еліг сені сұраса, әрекетіңді түзе, қызмет қыл, оны басынба.

1505. Кезбе болма, бет алды бос жүрме, өзіңше жүгіре берме. Сөзің мен әрекетің тура және сыпайы болсын.

1506. Кешке кеш жат және таңертең ерте тұр. Ерте тұрғанның ырысы артады.

1507. Тәңір жарлығын құрмет тұт, қадірле. Елігке қызмет қыл, жүрегіңмен байлан.

1508. Жаманға жақындама, жырақ тұр, қаш. Ізгілік қыл, жүрген жолың мен әрекетіңді түзе.

1509. Сөзіңе абай бол, аман-сау жүр. Өзіңе абай бол, амандықпен қартай.

1510. Сөзін аяқтап, ұлын құшып жылады. Тағы да «ай-ай» деп өкінді.

1511. Айтты: – Әй, сенімсіз және опасыз дүние, маған неге жапа шектіресің?

1512. Мол нығыметпен өскен бұл тәнім, көрікті жүзім қара жерге кіреді.

1513. Анадан қандай болып тусам, бүгін дәл сондай жалаңаш кетіп барамын.

1514. Хәл үстінде, өкініп, еңіреп жатқан адам не деген, тыңда.

1515. Қарыннан шығардың, қарынға кіргіз жатырсың. Шекерде өсірдің, жыланға беріп жатырсың

1516. Жігіттігіме, өміріме жаман (болды). Өкінішпен, жылаумен көрге кіріп барам.

1517. Айтолды жылағанын қойды, ақылы кірді. Адамдарға мирас ретінде мал-дүниесін таратты.

1518. Барша туыстарымен бақұлдасты. Жаны көк аспанға кетуді аңсады.

1519. Көзін көкке тікті, қолын жайды. Тілі шәһәдатты айтып соңғы рет қимылдады.

1520. Нұрлы жаны үзілді, күні түнерді. Демі Тәңірдің атымен үзілді.

1521. Таза жаны жоғары көтерілуді қалады. Жаны ұшып кетті, құр тәні қалды.

1522. Жаны тумағандай жоғалып кете барды. Дүниеде белгі, ыншан болып аты қалды.

1523. Ғапылдық ұйқысынан оянған, көңілі тура адам не деген, тыңда.

1524. Мына сәулетті үйің – тәніңнің үйі. Таза жаныңның үйі – мүсін секілді тәнің.

1525. Жаның ұшып кеткен соң тәнің бос қалады. Жаныңның қайда баратынын Тәңір ғана біледі.

1526. Әй, құтты жан, оның баратын жері жоғары жақ. (Орнына) қайтса құт (болады), төмендесе қасірет болады.

1527. Күмәнсіз, екеуінің бірі нәсіп болды. (Ол) өлмеуге, мәңгіге қайта тірілді.

1528. Қарасаң, жанның өзі қандай әлсіз?! Жүргенде үні өшеді, тәні көлбей түседі.

1529. Қайдан келді, қашан кетеді, қайда тұрады, қайда барады?!

1530. Білімді біле ме, не дейді, не?! Ақылды ұғар ма, данышпан бұған не дейді?

1531. Білуші Тәңірі, бұл істі ол біледі. Ұғушы Құдіретті Алла, бұл істі ол ұғады.

1532. Арасында жейді, ішеді, назар сал, жүреді, белгісіз. Арасында көз алдыңдағы белгісіз болады.

1533. Бұл – адамның өзі, өмірі қысқа еді. Уайымы бітпейді, (сөйте тұра) өзі һәм сөзі зор (үлкен).

1534. Адамның (осынша) әлсіздігіне назар сал. Кеудесін неге мұнша босқа көтереді?

1535. Екі күндік өтпелі дүние тапқанға неліктен кеудесін керді, таудай болып?!

1536. Өлімді ұғып, оянған сөйтіп тура жолға түскен кісі не деген, тыңда.

1537. Әй, жаман өлім, сен теңдесі жоқ өлімсің сен?! Мыңдаған сауыт саған түк те тосқауыл бола алмады.

1538. Бәріне келесің, бірі де құтылмады. Жақсы, жаман нәрсенің (бәрін) сен ғана торға түсіресің.

1539. Ғалымдардың берекелі өмір сүруі керек еді. Білімсіз надандардың бәрі өлуі керек еді.

1540. Жаман да, жақсы да қалмас, бәрі тегіс өледі. Ұлық не кішік те қара жер болады.

1541. Тірілер үшін өлімнен құтылу жоқ. Қанша өмір сүрсең де, өлім келеді.

1542. Ақыл және біліммен іс жасаған, халықты басқарған ер қандай жақсы айтыпты?!

1543. Өлім болмаса, қандай жақсы іс болар еді?! Кісі өлмесе, қандай керемет іс еді?!

1544. Мені рахатқа жеткізген де бұл өлім. Түбім мен тірегімді бұзған да өлім.

1545. Өлімге таңқалуға болмас, туған өледі. Туған өледі, көр, қара жер болады.

1546. Кісіге жаман емес, кісілікке жаман. Адамға жаман емес, әділдікке жаман.

1547. Бұл әдеті – ескі әдеті. Қаласаң әдетін ұстан, қаласаң теріс әрекет ет.