Таңдау
тТ

Күнтуды Елігтің Өгдүлмішті шақырғаны айтылады

1548. Еліг Айтолдының жаназасын өткізіп болғасын ұлын шақырып, өсиет сөзі мен насихатын айтты.

1549. Айтты: – Әй, ұл, көп қайғырма. Қайғы өтеді, ақыр соңы қуаныш болады.

1550. Бұл қайғы жалғыз саған келмеді. Маған да үлкен қайғы, қасірет болды.

1551. Көңіліңді түсірме, өзіңе бекем бол. Маған қарай тұр, тезірек қызметіме кел.

1552. Әкең дүниеден өтсе, мен де саған әкемін. Әкелік қылайын, маған ұл бол.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1553. Өгдүлміш жерді сүйді де айтты: – Еліг, ел басында ұзақ өмір сүріңіз (көп жасаңыз).

1554. Мен сенің тәрбиелеген құлыңмын, қызметшіңмін. Еліг үшін жаным құрбан болсын.

1555. Әкемнің жаны Еліг үшін құрбан болды. Тәңірі саған бұл құлды да құрбан қылсын.

1556. Баласы әкесінің хатын шығарды. Қара, әдеппен, сабырмен Елігке ұсынды.

1557. Еліг алды, хатты ашып оқыды. Насихатын түсінді де айтты: – қандай қасірет, ақылды кісі еді.

1558. Айтты: – Әй, жанашыр, кісінің озық (ойлысы), қақпам қаңырап, орының бос қалды.

1559. Тіріңде қызмет қылдың, хақымды өтедің, дүниеден өтерде де уайымдап, менің қамымды жедің.

1560. Мен сенің хақыңды өте алмадым. Сенің хақыңды бір Тәңірі өтесін.

1561. Сен бүгін мен қалай сүйіндірсең, Тәңірі саған да көп сүйініш, құт берсін.

1562. Еліг сөзін тоқтатып, көзінің жасын төкті. Уайым құшағында ол жерден шықты.

1563. Көңілі түсіп, үйіне келіп кірді. Есігін жапты, қанша күн уайымнан ес жимады.

1564. Ұлы Айтолдыны жоқтап, (садақа асын) берді. Кедейлерге күміс, жібек үлестірді.

1565. Әкенің қайғысын осылай өткізді. Ізгі кісілерді өзіне жақын тұтты.

1566. Әке өсиетін ұстанып, тура жолда жүрді. Өмірі жарқырап, құты күннен күнге артты.

1567. Басынан өткізген, мемлекет ісін білетін ақылды кісі не деген, тыңда.

1568. Әке өсиетін берік, қатты ұстан. Өмірің берекелі болып, күндерің тәтті болады.

1569. Әкең мен анаңды қызмет етіп сүйіндір. Қызметіңнің нәтижесі көп пайда береді.

1570. Еліг сол сәттен бастап қайраттанды. Күнде сайын әділ заң орната берді.

1571. Халық байыды һәм мемлекет дамыды. Халық Еліг үшін дұға қылды.

1572. Еліг бір күн жалғыз өзі отыр еді. Кітабын тастап, ұзақ ойланды.

1573. Көңілі (бір нәрсеге) алаңдады, ақылы жетпеді, сұрайын деп кісі іздеді, таппады.

1574. Айтолдының жақсылықтарын еске алып, «беу, дариға, ердің ері еді» деді.

1575. Маған ізгі дос еді, ордамның көркі еді. Оның әр ісі – халықтың пайдасы еді.

1576. Досымды жоғалттым, орны бос қалды. Кәне, ойсырап қалған орынан толтырар бір кісім?!

1577. Содан соң Өгдүлмішті еске алды да айтты: – мен ізгі амалды ұмытыппын.

1578. Дүниеден өтерде Айтолды маған ұлын аманаттады. Мен оны (қалай) ұмыттым, таңмын.

1579. Әкесі дүниеден өтсе де, ұлы тірі. Бірін жоғалттым, енді бірін ұстайын.

1580. Тез кісі жіберді, назар сал, Өгдүлмішті өзіне шақырды. (Сөйтіп), бұл істі де реттеді.