Өгдүлміштің Күнтуды Елігтің қабылдауына кіргені айтылады
1581. Өгдүлміш келіп кірді, қабылдауға тұрды. Қуанған хәлде Елігтің алдына кірді.
1582. Оны көргенде дереу қабылдады (шақырды) да, Еліг былай деді: – Тағдыр саған не берді?
1583. Өмірің қалай өтіп жатыр? Бәрі дұрыс па, қиналып жатқан жоқсың ба?
1584. Әкең кеткеннен кейін өмірің қалай өтіп жатыр, уайым-қайғыда ма әлде қуанышта ма?
1585. Өгдүлміш тілек айтты: – Әй, елдің құты, (Алла) ұзақ өмір берсін, даңқың жайылсын.
1586. Елігтің қызыметінен сыртта, жырақта қалдым. Тағдыр қатал болды, қабағын түйді.
1587. Көп уақыт болды, Елігтің жүзін көрмедім. Уайым-қайғыда жүрдім, күлмедім.
1588. Бүгін Еліг құрмет көрсетіп, мені шақырды. (Енді) маған бақ-дәулет қона ма деп үміттенемін.
1589. Елігтің жарлығын естігенде көзім шырадай жанып, күнім жақсара түсті.
1590. Еліг түрлі сұрақ қойып, білімін тексерді. Өгдүлміш шешіліп сөйлеп, жауап берді.