Таңдау
тТ

Өгдүлміштің Күнтуды Еліг қызметіне қабылданғаны айтылады

1591. Еліг айтты: – Әй, ұл, бұдан бастап менің қызметімдесің, көңіліңді түсірме.

1592. Әкеңнің көп қызметі өтіп еді. Хақысын өтей алмадым, ол дүниеден өтті, берерім қалды.

1593. Адамдардың әңгімесіне қалмас үшін мен бұл хақыларын саған өтеуім керек.

1594. Үш Орда бегі не деген, тыңда. Көзін әбден жеткізіп, біліп сөйлепті.

1595. Кісінің еңбегі сіңгені белгілі болса, ол еңбегін ұмытпа, өлік секілді болма.

1596. Әй, асыл адам, адамдықты ұмытпа, адамға әрқашан адамшылық қыл.

1597. Аз болса да, саған біреудің еңбегі сіңсе, сен оған қайтарымын көп қыл.

1598. Кісінің еңбегін бағаламайтын кісі толық нағыз мал (өгіз) болғаны, әй, елдің басшысы.

1599. Жүр, мал (өгіз) атанба, адамдық қыл. Кісіге кісілігің арқылы кісі бол.

1600. Кісілігі үшін кісі аты қойылған. Адам кісілігі арқылы атын биікке шығарды

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1601. Өгдүлміш жерді сүйді де айтты: – Әй, Еліг, маған Елігтің көзі жайнаса болды.

1602. Мен қызметші құлыммын, сен Ұлық бегімсің. Қызметші құлды бағасын Ұлық бек береді.

1603. Қаласа қадірлейді, қаласа қадірсіз қылады. Сен үшін жаным пида болсын.

1604. Орнынан тұрды, ақырын шықты, қақпаға келді. Бірқанша уақыт жүріп, үйіне қайтып барды.

1605. Сол сәттен бастап Өгдүлміш білегін сыбанды. Демалыссыз қызмет қылды, елде тұрып.

1606. Қалтқысыз күндіз-түні қызмет етті. Тамағын сол жерден жеп, түнде жатақта жатты.

1607. Қызметі Елігтің көңіліне жақты. (Сол кезде) бақ-дәулет қолын созып, жолы ашылды.

1608. Қызмет қылушы, сол қызметі арқылы бақ-дәулеттің атына мінуші, не деген, тыңда.

1609. Әй, бектердің қуанышын тілеген кісі, барлық істі бектердің қалауына қарай жаса.

1610. Қызметші бегі разы болмайтын істі жасаса, егер оған бек ашуланса, өзіңді айыпты қылғаның.

1611. Егер бектер разы болмайтындай іс жасаса, қызмет қылған бар өмірін босқа өткізгені.

1612. Еліг Өгдүлмішті күн сайын жақын тұтты. Әрбір істің заң бойынша қалай жасалатынын айтып берді.

1613. Еліг бір күні отырып, тағы да мұңайды. «Беу, дариға, (нағыз) ерді жоғалттым» деді.

1614. Қақпам толғанша, адамдар қаптап жиналды. Кәне, ісіме жарайтын, таңдаулысы?!

1615. Барша ісім бұзылды, істің ретін білетін кісі жоқ. Кәне, жанашырлықпен ісімді жүргізетін адам?!

1616. Жақсы мен жаманды сыннан өткізіп білген, тәжірибелі кісі не деген, тыңда.

1617. Тілесе кісі барлық арманына жетеді. Бірақ, алдыңғы қатарлы жақсы болған, қалағанындай кісі таппас.

1618. Қара бастың қамы үшін жүрген қызметкерлер көп. Біл, кісі деп сенетін кісі жоқ.

1619. Кісінің қажеттісі – іске жарамдысы, іске жарап һәм пайда келтіріп жүргені.

1620. Сөзді (терең) мағынасымен тізіп қалдырған сөйтіп, өлең айтушы не деген, тыңда.

1621. Жанымда жүргендерді көремін, жарамдысы жоқ. Жарамдысы табылса, жанымда жүрген жоқ.

1622. Қара басы жортқан қызметкерлер көп. Көптің арасынан іздесең, пайдалысы жоқ.

1623. Еліг тағы да айтты: – Мысалда былай деп келеді: текті кісі өлсе де, ұрпағы қалар.

1624. Жерге не ексең, сол өнеді. Ұл туса мінезі әкесіне тартар.

1625. Айтолдының ұлы – әкесінің жұрнағы. Әкесі кетсе орны баласына қалар.

1626. Әкесі кетті, орны бос һәм ойсырап қалды. Ойсыраған орынын толтыруға ұлы ең лайықты көрдім.

1627. Мен мұны бағалайын, адам болсын. Адам болса әрқашан пайдасы тиеді.

1628. Мен оны іске жарамды, болымды көремін. Жастығы болмаса, басқа міні жоқ.

1629. Халықтың үлкені, кісінің құттысы, Іленің атақтысы жақсы айтыпты.

1630. Бектер кімді бағалап, қол ұшын берсе, (нәтижесінде ол) бекке жақын болады, бектен кейін басшы болар.

1631. Бектер кімді өзіне жақын тұтса, назар сал, қажеті мен қалауы жақындайды.

1632. Бектер кімге жылы (күле) қараса, қызметкерлер оған жүзін бұрып, маңына жиналады.

1633. Еліг айтты: – Менде басқа шара жоқ, мұны бағаласам (тәрбиелесем), ол мықты адам болады.

1634. Әкесінің хақысын өтеген болармын, жанашырлықпен адамгершілік қылайын.

1635. Айтолдының жасаған қызметі көп еді, оған жауап ретінде мәрттік, адамдық қылайын.

1636. Адамдық дегенім – ізгілік болар. Ішкізгенім, киіндіргенім – ізгілік болар.

1637. Кісінің асылы жақсылықты ұмытпас болар. Кісінің тегі көңілді қалдырмас болар.

1638. Абыздар сөзінде не деген, тыңда. Абыз сөзін ұстан, ұмытпа, қозым!

1639. Әй, ізгі кісі, жақсылық жасап тұр. Ізгілік қартаймайды, өмірі мәңгі.

1640. Бұл ізгілік қартаймас, құны кемімес. Өмірі өте ұзақ, оның аты жаман болмас.

1641. Қара, Еліг Өгдүлмішті құрметтеді. Жақсы, жаман істерді оған өзі түсіндірді.

1642. Қара, Еліг оған байлық берді, жоғары көтерді. Дәурені жүре берді, заңдарды меңгерді.

1643. Заңдар мен қызметтің ішкі ережелерін түзетті. Қызметінің нәтижесінде қалаған есігі ашыла берді.

1644. Сөзі сөз болды, мінінің өзі артықшылық болды. Еліг оянғанда оны көріп көз ашты.

1645. Еліг айтты: – Іштегі және сырттағы қалаған ісім түзеліп келе жатыр.

1646. Болатын бала екені белгілі еді, сол үшін тәрбиеледім, үлесіне байлық бердім.

1647. Міне, қалағанымдай кісі болды. Жасы өссе, одан да (мықты) болайын деп тұр.

1648. Тумысынан мәрт оғалан ұлық болды. (Өсетін) баланың белгі, нышаны кішкентайынан (белгілі) болады.

1649. Енді бұған ұқсас мына бәйітті оқы. Ұға бастасаң, терең мәні ашылады.

1650. Болайын деген барлық нәрсенің өзіне сай белгісі болады. Өскенде болатын (адам) кішкентайынан соған сай іс қылады.

1651. Жеміс пен жейтін нығыметтерді гүл кезінде көр. Барлық нәрсеге мысал ретінде осы дәл келеді.

1652. Өгдүлміш (Елігтің) алдында қызмет қылды. Таңда, кешке барлық уақытта болды, сұранбады.

1653. Бойынан пайдасыз, лайықсыз әрекеттерді жойды. Түрлі шаруаның бәріне лайықты болды.

1654. Бейнеттің бәрінен арылды, Еліг құтылды. Халықтың жүгі жеңілдеп, табысы артты.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

1655. Еліг бір күні Өгдүлмішті шақырды. Білгені мен түсінгенін оған айтты.

1656. Еліг айтты: – Әй, ұл, мен саған сұрақ қоям, сен маған көңіл бұр, тыңда.

1657. Қандай нәрселер кісіге пайдалы, айтып бер. Пайдалысы қайсы, маған санамалап айтып бер.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1658. Өгдүлміш былай деп жауап берді: – Әй, бек, білімнің кені (ордасы), кісінің жақсысы.

1659. Әй, мінезі түзу (адам), кісіге екі дүниеде пайда әкелетіні – көркем мінез.

1660. Екіншісі – ұят, үшіншісі – туралық (әділдік). Бұл үш нәрсемен адам өмірде бақыт (құт) табады.

1661. Мінез көркем болса, халықтың бәрі жақсы көреді. Әрекеті тура болса, төрге озады.

1662. Ұят – лайықсыз нәрсенің бәрінен тиюшы. Ұятсыздық – адамға лайықсыз ауру.

1663. Тағы бірі – ардың таза болуы, мінездің түзілігі (адамды) екі дүниеде өмірін берекелі (құтты) қылады.

1664. Әділдік, ұят һәм көркем мінез үшеуі кімге берілсе, ол бақытты болады.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

1665. Еліг қайтадан сұрады: – Бұл сөзіңді тыңдадым. Адамға лайықсыз, жаман болған қандай нәрселер?

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1666. Өгдүлміш былай деп жауап берді: – Елігтің бұл сөзге парасаты мен білімі жетеді.

1667. Әй, мәртебелі мемлекетшіл, адамға лайықсыз һәм кісіге әрдайын зиянды болатын мына үш нәрсе.

1668. Бірі – қырсықтық, бұл жаман мінез. Тағы бірі – жалған сөйлеу

1669. Тағы бірі – сараңдық. Кісінің жаманы. Бұл үшеуі – білімсіздердің жолы.

1670. Кімнің мінезі жаман, қырсық болса, өмірде бар ісі теріс болады.

1671. Кімнің жалған сөйлеумен атағы шықса, онда біл, ел арасында оның аты осылай қалады.

1672. Сараңдықтан жаман басқа не бар?! Дүние жинайды, өзі жей алмайды, артында қалады.

1673. Сараңдық туралы ғылымда не айтылған, тыңда. – Әй, сорлы, әй, бейшара, әй, бүріскен қол.

1674. Алтын жинауды білдің, жеуді білмедің? Бұл алтынды жинадың, неліктен біреуін болса да бермедің?

1675. Әй, дүние жиып, жей алмаған кісі, жейтіндер (мұқтаждар) алдыңда, асыңды дайында.

1676. Әуелгі (ол) үш нәрсе кімде болса, оған құт келді. Кейінгі (бұл) үшін нәрсе кімде болса, аты өшті.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

1677. Еліг тағы айтты: – Мұны тыңдадым, тағы бір сөзім бар, жауап бер оған.

1678. Кісі анадан білімді болып туа ма әлде жасы өсе келе үйрене ме?

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1679. Өгдүлміш жауап берді: – Әй, елдің құты, игіліктің бір аты – ақыл мен білім.

1680. Білімсіз болып туады, жүре келе үйренеді. Білім алса, нәтижесінде барлық ісі өнімді болады.

1681. Анадан туғанда білімсіз болып туады. Білім үйренер, нәтижесінде төрге озады

1682. Ақылды адам үйренбейді. Оны Иеміз адамның табиғатымен бірге жаратады.

1683. Ақылдан басқа артықшылықтарды адам өзі үйренеді, нәтижесінде білім жетіледі.

1684. Еліг бұл сөздерді есіткенде сүйінді. «Іздегенімді таптым» деді.

1685. Әкесін жоғалттым, мінекей ұлы әкесінің орнын басты, ізгі жолды тапты.

1686. Енді Тәңірге сансыз шүкір қылып, халыққа тиесілі әділ (ізгі) заң орнатуым керек.

1687. Мен бұл Өгдүлміштің жанашырлығын көрдім, барша қызметін шынайылықпен жасап жатыр.

1688. Бүгін мен оған жақсылықпен жауап беруім керек. Ол да жақсылығының жауабын көрсін.

1689. Кісінің таңдаулысы не деген, тыңда. Кісінің таңдаулысы – халықтың сарасы.

1690. Адамдық іс қылғанға адамдықпен жауап бер. Адамдығына сай жауап беру заңдылық.

1691. Жақсылыққа жақсылық, ол кісінің хақысы. Жақсылық қыл, адам бол, абыройыңды (атыңды) өсір.

1692. Еліг күннен күнге оның құрметін асырды. Қара, абыройы мен даңқы бүкіл елге тарады.

1693. Лауазымы мен дәрежесі халық арасында өсті. Даңқы әлемді шарлады, ізгі дұғалар айтылды.

1694. Қатарының арасында ұлық болғаны секілді бектер арасында да дәрежесі өсіп, абыройы артты.

1695. Көңілі мен тілін сыпайы ұстап, көркем мінезді болды. Барлығымен жарасып, күндер мен айлар өтті.

1696. Тілінен шыққан сөзі тәтті, көңілі биязы еді. Жан дүниесі мен сырт келбеті арқылы халықты риза қылды.

1697. Көптеген дос, жолдас, жора тапты. Дос пен жолдасты адамға қолдаушы деп біл.

1698. Кімнің досы мен жолдасы көп болса, оның арқасүйері берік, жартастан да (аяғы) таймас.

1699. Кімнің қолдаушысы болса, күшті болар. Бұл күш кісінің бақытқа жетуіне негіз болады.

1700. Құтқа көркем мінез қандай жақсы жарасады. Ғалым сабырлы болса қандай керемет!

1701. Ақылды кісі өте жақсы айтыпты. Кім ақылдының сөзін ұстанса, ісі реттеледі.

1702. Бақ-дәулет келіп кіммен жарасым тапса, мінезін көркем етіп, кішіпейіл болу керек.

1703. Бақ-дәулет кісіге күліп келсе, оның берік орнауы үшін кішіпейіл болу керек.

1704. Құттың түбі, асылы – көш аты секілді. Көркем мінез оның (жол көрсететін) жұлдызы.

1705. Көркем мінезді кісі қандай жақсы болады?! Жұмысы күн сайын оңға басып, қандай керемет болады?!

1706. Ұлықсымақ кісі тәкаппар, өркөкірек боп тұрады. Тәкаппарлық оны күн сайын қор етеді.

1707. Құт қонса, барлық кісіге жарасады. Ақылды кісіге артығымен өте жарасады.

1708. Бұған ұқсас енді мына бәйітті оқы. Оқы да мағынасын түсін, әй қолы жомарт адам!

1709. Білімсізге бақ-дәулет қонып жарасса да, бағасын білгені үшін білімдіге артығымен жарасады.

1710. Егер бақ-дәулет білімсізбен бірге тұрса, білімдімен түбіне байланып тұрады.

1711. Білімсіз бақ-дәулет қонып жоғарыласа, білімді аты мен даңқы арқылы одан да жоғарырақ.

1712. Білімсізге құт қонып, дәулеті тасса да, оның бақ-дәулет тұрмайды, бұған илан.

1713. Мінекей, бұл сөздің дәлелі. Әй, көңілі түзу, сен мұны оқы.

1714. Кісіге құт келер, оны қадірлі етер. Ол тура жолда жүрсе, қадірі сіңімді болады.

1715. Болымсызға құт, бақ-дәулет келсе, ол (басына келген) бақты тебеді, өмір сүре алмас.

1716. Назар сал, Еліг Өгдүлмішті сынады. Барша ісінде тура болғанын көрді.

1717. Құрметтеді, жоғары көтерді. Кейде жаман көрсетіп, құнын түсірді.

1718. (Өгдүлміш) қадірлі күнінде кісіні басынбады. Қадірсіз еткен сәтте, қызметін тоқтатпады.

1719. Елігке көңілімен беріліп, қорған болды. Байлығы мен қазынасын жақсы басқарып берді.

1720. Мойнына үлкен аманат ретінде арқалады. Аманат арқалаған адамға жаным құрбан болсын.

1721. Өгдүлміш асқан туралықпен жұмысын жүргізді. Еліг оны күннен күнге жанына жақын тұтты.

1722. Барлық ісін ашық, толыққанды жүргізді. Бәрінің есебін жазы қойды.

1723. Өзіне абай болды, дүниеге сұқтанбады. Қызметте қылдай қиянат қылмады.

1724. Жасы жеткен, тірлікте сирек кездесетін, сенімді, шынайы кісі не деген?

1725. Кісі үшін алтын-күміс қадірлі нәрсе. Өзін ұстай білген адам күмістен де қадірлі.

1726. Байлыққа байланбаған (адам) – кемел адам. (Ол) толық әрі шын бақытқа (құтқа) жетеді.

1727. Білімді (адам) біліміне қарай білім берді. Әділ, шыншыл адам тапсаң, көзге сүр (жақ).

1728. Назар сал, ақыл бұдан да жақсырақ айтыпты. Жанашырға жаныңды берсең де көп емес.

1729. Әділ деп айтады. Өмірде аманатқа әділдік қылушы әділ қайда?

1730. Адамдардың кемелі қайсы, ізде? Табиғаты әділ болса, оны «ер» де.

1731. Адамдардың ішіндегі мақтаулысы қайсы? Жомарты мақтаулы, сараңы сөгіске лайықты.

1732. Адам баласы қандай бейшара?! Бүкіл өмірінде жинайды, жеуге ешнәрсе таппайды.

1733. Кейбірі тынбай жүгірер, әлемді кезер. Кейбірі жан пида болып теңізге түсер.

1734. Кейбірі тауды қазар, қарасаң жартастың түбінде. Кейбірі жер құшқандай жаяу жүгірер.

1735. Назар сал, кейбірі төбелерден асар, өзендерден өтер. Кейбірі жер қазар, құдық суын ішер.

1736. Кейбірі шерікте қылыш, балта жейді. Кейбірі күзетке өмірін арнап, қартаяды.

1737. Кейбірі ұры, айлакер, қарақшы, барымташы. Кейбірі басқыншы, (жалдамалы) кісі өлтіруші, қырып жоюшы.

1738. Осынша бейнет қу тамағы мен сырты үшін. Дүние жинайды, жей алмас, өлсе зұлымдығының зарарын кейінгілер тартады.

1739. Мұның барлығы білімсіз кісінің әрекеті. Білімсіз кісінің бәрі мал (жылқы) болады.

1740. Тәңірге иман келтіруші – білімді кісі. Жейтін асын уақыты түгел жеткізеді.

1741. Ақылды, сабырлы (кісі) не деген, тыңда. Ол жүгіру және бос жатудан сақтанған.

1742. Қаласаң жат, қаласаң дүние кезіп жүгір. Тағдырыңда не жазылса, саған сол нәсіп болады.

1743. Әй, данышпан, дана, көңілің мен тіліңді тура ұста. Уақытында нәсібің кем болмас.

1744. Дүниенің игіліктері мен байлығын тілесең, оны тура (әділ) болу арқылы табасың.

1745. Бұған қоса ақыреттің (игіліктерін) тапқың келсе, туралық және имандылықпен қол жеткіз.

1746. Әділдікпен әлемді билеген, ақылы толысқан адам жақсы айтыпты.

1747. Бұл дүниеде бай болуды қаласаң, әділ бол, өзің де, сөзің де тура болсын.

1748. Ал, ақыретті қаласаң, өзің, сөзің және көңіліңмен туралықты ұстан.

1749. Әй, Еліг, назар сал, адамдар дұрыс жүрсе, өмірі қандай керемет өтер еді?!

1750. Имандылық және туралық арлықы дос тап. Әрбір ісіңді адамдықпен жаса.

1751. Өгдүлміштің құты күнен күнге тасыды. Халыққа бұйрық берді, олардың да (арызын) тыңдады.

1752. Еліг те түрлі жолын тауып оны сынады, ақылын тексерді. Сенімді екенін аңғарды.

1753. Назар сал, Еліг Өгдүлміш не қылса да, күмәнсіз, тура деп сенді.

1754. Абыз, дана не деген, тыңда енді. Әй, білімсіз, оны түсініп, басыңды и.

1755. Бектер қызмет етіп жатқан қызметкерлерін (құлдарын) тексерсін. Қызмет тапсырып, құлдың қабілетін сыннан өткізсін.

1756. Құлдың бектің (қызметіне) жарайтыны байқалса, сонда барып құрмет есігін (жолын) ашсын.

1757. Ісі қалағанындай болса,қызметші жоғарылайды. Қызметкері жоғарыласа, бектің мәртебесі өседі.

1758. Барлық іске білімі мен ақылы жеткен Иағма бегі жақсы айтқан екен.

1759. Әй, бек, жұмысты білетін (қолынан іс келетін) адамға бер. Іске жарамды, жүріс-тұрысы түзу, дұрыс адамға бер.

1760. Қайсыбір бек істі қырсызға берсе, онда істі орындай алмаған қырсыз кісі емес, өзі жарамсыздық қылды.

1761. Тәңір кімді бақытты қылып, дәрежесін көтергісі келсе, оған қолынан іс келетін және сенімді қызметкер береді.

1762. Дәрежесін көтергенін қайта түсіргісі келсе, оған күн көрсетпейтін қызметкер береді.

1763. Білімсіздер келер, надандыққа барар. Барша ісі бұзылар, күл-талқаны шығар.

1764. Қара, Еліг Өгдүлмішті құрметтеді. Оған сенді, барлық жұмысты берді.

1765. Қара, барлық елге жүргізетін билік берді. Сөзі өтімді, қолы ұзын болды.

1766. Лауазым, мөр, ат, ертоқым, киіт (тон) берді. Асыра құрметтеді, құты өсіп, кемел болды.

1767. Еліг оны жарылқады, жақсы сөздерімен (мақтады), мол жақсылыққа бастайтын жарлық берді, өзіне жақын тұтты.

1768. Қақпада қызмет еткен жоғары (ұлық) және кіші дәрежелі әскердің бәрі ол үшін жан пида болатынына куәлік етті.

1769. Қызметкерлердің бәрі келіп, құттықтады. Аздаған қызметімен бірге нәрселерін тарту етті.

1770. Өгдүлміш әділ заң орнатумен айналысты. Қызметтері кісілерді жасаған ісіне қарай дәрежесін өсірді.

1771. Халыққа күш көрсетушілер мен басқыншыларды жойды. Өз бойындағы жарамсыз әрекеттерден арылды.

1772. Заң орнады, мемлекет дамыды. Елдің іргесі бекіді, Елігтің жүрегі тынышталды.

1773. Жақсы көрушілер көбейді. Жақсы көрмеген жауы елді тастап қашты, ел тазарды.

1774. Еліг қиындықтан құтылды, жүрегі тынышталып, сүйінді. Өмірі қуанышқа толы болып, ісі реттелді.

1775. Осы секілді пайдалар білім арқылы келді. Ақылды, білімді, ары тазалардан келді.

1776. Ол ақылды кісіні қалай мақтамасын?! Ақылсыздың ісінен неліктен жерімесін?!

1777. Ақылдының ісі баршаға үлгі. Ақылсыздың ісі баршаға сабақ.

1778. Илан, ақылдыға құт-береке және білімдіге жақсы әрекет қандай жақсы жарасады?!

1779. Іле бегінің сөзі тыңда, не деген? Сөзінің мағынасы сенің сөзіңе негіз болсын.

1780. Білімсізге, билік пен дәулет (байлық) келсе, барша халық бұзылар, елге жұт келер.

1781. Билік ақылды біреуге тисе, елге тыныштық орнайды, сен бұл сөзге илан.

1782. Елігтің жүрегі тынышталды, өмірі жайнады. Тәңірге шүкір қылды, оны мадақтады.

1783. Көзін көкке тікті, қолын көтерді (жайды) де айтты: – Әй, Ием, білімді берген сенсің.

1784. Білім бердің, қуат пен елге жүргізетін билік бердің. Тура жолда қыл, көңілімді орнықтыр.

1785. Қол астымдағылардың жүгін көтеруге күш-қуат пен барлық игіліктерді маған тек Сен бердің.

1786. Шығауларға (кедейлерге) көптеп мал, дүние (тауар) үлестірді. Сонымен қоса, Раббыға көңілін байлады.

1787. Күні мен айлары сүйінішке толы осылай өмір сүрді. Ел халқы (қарасы) күгел бай болды.

1788. Кісінің сарасы, қара, осындай болады. Жаманы, осындай кісілер де өледі.

1789. Бегі осындай халық бақытты, халқының қамын ойлаған бек бақытты.

1790. Жақсы не жамандар өлсе, топырақ болады. Қанша топырақ болса да, назар сал, (ізгі бектің) аты қалады.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

1791. Еліг бір күні жалғыз өзі отыр еді. Өгдүлмішті дауыстап шақырды, әңгімесін айтты.

1792. Айтты: – Әй, Өгдүлміш, маған қара, саған әкеңнің бір еңбегі сіңбеді.

1793. Әкең дүниеден өтті (өлді) сен кішкентай бала кезіңде қалдың. Кішілерге үлкендер жол көрсетер.

1794. Әкең білім мен бұл қабілеттерді үйретпеді. Менің де еш қолым тимеді.

1795. Осынша артықшылық саға

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1796. Өгдүлміш былай деп жауап берді: – Еліг ұзақ өмір жасасын, билігің үстем болсын.

1797. Тәңір кімді жарылқап, игілік берсе, ол тілегіне жетіп, атақты, даңқты болады.

1798. (Бәрін) басынан өткізген, ақсақал мына түрікше мысалды бұған ұқсастырып айтыпты.

1799. Кісі Тәңірдің жарылқаумен дәрежесі жоғарылап, тілегіне қауышады, өмірде шаруасы реттеледі.

1800. Қара (қоңыр) жер және көк аспандағылар өш алуға күшін біріктірсе де, Тәңірдің бергенін халық тыя алмас.

1801. Барлық іске Тәңірдің көмегі керек. Оның көмегімен ғана кісі өз тілегіне қауышады.

1802. Және де: – Әй, Еліг, ұл әке алғысын алса, әрдайым бақытқа жетеді.

1803. Қара, әкем маған жақсы дұға қылып еді, бұл мәртебеге дұғамен жеттім.

1804. Құдіретті Ием Елігті себеп қылды. Бұл артықшылық және біліммен мен де тұрып қалмадым.

1805. Еліг мені қолға алды, қадірледі. Бағым жанып, өзім жоғарыладым.

1806. Бектер кімге күле қарап, кімді қадірлесе, бар арман-тілегі мен қажеті оған ауа жығылады. Ол жей білсін.

1807. Кісінің көңілі – бау-бақша. Оны өсіретін суы – бектердің сөзі мен жақсы насихаты.

1808. Қай бақшаға кемімей су келсе, ол жерде түрлі жұпар шашқан мыңдаған гүлдер өседі.

1809. Бек жарлығы жақсы сөз болса, қызметші (құл) көңілі көтеріліп, қас қабағы жазылады.

1810. Егер жарлықтағы сөз жақсы болмаса, өскен гүлдер тез қурайтынын біл.

1811. Құл әрқашан Тәңірдің рахымын тілеу керек. Тәңірдің рахымы болса, қақпалар ашылады.

1812. Бұған ұқсас шайыр мына сөзді айтыпты. Әй, ізгі жан, енді мұны түсін.

1813. Тәңірі құлына рахым етсе, қадірлі қылады. Оған (сосын) білім қақпасы ашылып, жолы оңынан болады.

1814. (Адам) білім білсе, өмірде құт-берекесі күннен күнге артады. қанша жерден кішік болса да, ұлық болады.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

1815. Еліг тағы сұрады: – Әй, Өгдүлміш, білімділер білімді қалай үйренген?

1816. Кісі үйрену арқылы дана бола ма әлде табиғатынан солай туа ма?

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1817. Өгдүлміш жауап беріп, былай деп сөз бастады: – Мұның асылын түсіндірейін.

1818. Тәңір жаратқан кезде (адамға) ақыл мен көңіл (зерде) берсе, бала білімді болуға негіз болатын бүкіл нығыметке ие болды.

1819. (Ол) күн сайын дамиды, ақылы толысады. Нені қаласа да үйреніп біледі.

1820. Білімге қолы жетіп, нәтижесінде ғалым болады. Ол білімінің пайдасы елге тиеді.

1821. (Тәңір) жаратар сәтте көңіл (зерде) бермесе, одан кейін (адам) тілегіне жете алмас.

1822. Тағы бір себеп, бала білім үйренуді қаласа, кішкентайынан білімге қол созу керек.

1823. Адам кішкентай кезінде білім үйренер, үлкен болғанда тілегіне жетеді.

1824. Кісі білім, қабілет, көркем мінез және амал-әрекетті үйренеді, нәтижесінде жүріс-тұрысын түзейді.

1825. Кісі білім мен қабілетке үйрену арқылы жетеді. Алайда ақыл туа бітті бітеді.

1826. Бұған ұқсас түрікше мысал (мақал) бар. Сен мұны оқы, пайдасын ал.

1827. Кісі көп нәрсе үйренер, білімі артады. Қанша үйренсе де, ақылды болмас.

1828. Ақыл Тәңірден беріледі. Туа бітті болса, белгісі байқалады.

1829. Ақыл Тәңірдің сыйы екені белгілі. Адам түрлі нәсібі мен игіліктерді ақылымен табады.

1830. Кісінің төресі (ұлығы) – ақылдырақ кісі. Ақыл адам үшін мың түрлі артықшылықтың басы.

1831. Ақылсыз адамды адам демегін. Қанша сөз сөйлесе де, сенбегін.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

1832. Еліг тағы да сұрады: – Бұл сөздеріңді тыңдадым, тағы бір сөзім бар, айтып бер.

1833. Ақылды білімнен басқа деп айырдың. Қалай болды, сөзіңнің дұрысын айт?

1834. Ақылдың орны қандай, қайда тұрады? Қайдан шығады, шықса қайда тұрады?

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1835. Өгдүлміш жауап беріп, былай деді: – ақыл адам үшін ең қымбат әрі бағалы нәрсе.

1836. Ақылдың орны жоғарыда, мида тұрады. Қымбат нәрсенің орны баста болады.

1837. Адам үшін ақыл – кісен екені күмәнсіз. Әрекеті тура, ісі үлгі.

1838. қара, мейірімді Тәңір таңдаулы құлының тілі мен әрекеті ақылмен кісендеген.

1839. Ақылсыз – өлік, ақылды – тірі. Ақыл теңдей көрінген адамдарды бір-бірінен айырады.

1840. Адам қараңғы үй секілді, түн деп ойла. Ақыл шырақ секілді, оған жарық береді.

1841. Барлық игілік ақылдан келеді. Біліммен адамның дәрежесі өсіп, белгілі болады.

1842. Адам баласы осы екеуімен ұлық болды. Әділдік жолында болуына екеуі әсер етеді.

1843. Адамның малдан айырмашылығы білімде. Білімнен үлкен басқа не бар?!

1844. Ақылдың бұған ұқсас бір сөзі бар. Ақылдың сөзін ұстанса, пайдасы көп.

1845. Адамды малдан артық еткен білім. Адам біліммен дәрежесін көтерді.

1846. Жүр, мал болма, ақылды, білімді бол. Біліммен сөйле, тіліңе, әрекетіңе абай бол.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

1847. Еліг тағы да сұрады: – Әй, жүзі көріктім, тағы бір сөзім бар, айтып бер.

1848. Енді маған ақылды сипаттап бер, ол қандай болады, аты, мағынасы?

1849. Жүзі, көркі, қылығы, әрекеті қандай? Жасы, дәрежесі, бойы, сыны? Ол не нәрсеге қуанады?