Таңдау
тТ

Бектікке лайық бек қандай болу керектігі айтылады

1921. Еліг енді былай атты: – қазір айтқым келген сөзім мынау еді.

1922. Бір Алла адам баласын жаратты, оның ішінде ұлығы, кішігі, жаманы және жақсысы бар.

1923. Білімді, білімсіз, кедей және бай бар; ақылды, ақылсыз, қадірлі және қадірсізі бар.

1924. Бек қандай болу керек? Ол мыналардың барлығының басында болсын, жұмысын жасасын, атағы мен даңқы тарасын.

1925. Мемлекет ісі жолға қойылсын һәм халық байысын, өткізген дәуірінде жақсы аты қалсын.

1926. Күміс пен жібекке қазына толсын, дұшпан мойнын (басын) исін және ел ішінде тартыс болмасын.

1927. Әскер жиналсын, күшті қол болсын; билікті жетілдіріп, түзу заңмен жүргізсін.

1928. Даңқты болып, аты әлемге жайылсын, күннен күнге өсіп, құт-беркесі артсын.

1929. Ел егемен болып, рахат өмір сүрсін; бүкіл жан үзілсе де, ол ұзақ жасасын.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1930. Өгдүлміш жауап берді де: «Еліг маған өте қиын сұрақ қойды, бұл терең білімді қажет етеді» деді.

1931. Бұл билік ісін барша бектер біледі; заң, қағида, салт, әдет солардан келеді.

1932. Анасынан туғанда, бектік үшін туған; кейін көріп үйренген және істің жақсысын біледі.

1933. Алла кімге билік ісін берсе, оған сай ақыл мен парасат береді.

1934. Алла кімді бек қылуды қаласа, оған әуелі соған сай ұстаным және көмекшілер береді.

1935. Бұл билік ісі бектердің ісі; билік ісін бек болған кісінің барлығы біледі.

1936. Бұл билік ісін Еліг жақсырақ біледі, атасы бек еді, өзі де бек болды.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

1937. Еліг айтты: «Ұқтым, бұл сөзіңнің барлығы шын, тура сөйледің, сөзіңнен жақсылықтың жұпар иісі сезіледі.

1938. Іскер азамат өз ісін атқарады, оның артық, кемшілігіне білімді, көреген кісі баға береді.

1939. Мен іскермін, сен баға берушісің, істі бағалаушыдан гөрі жасаушы жақсырық біледі.

1940. Алла саған ақыл мен парасат берді, ақыл және біліммен дана болдың.

1941. Кішкентайыңнан бері маған ғана қызмет еттің, көріп, үйрендің ізгі заңды білдің.

1942. Барлық істі өзің үйреніп, терең ұқтың, маған сөзіңмен де, іштей де тілеулессің (жанашырсың).

1943. Кісі жан сырын жанашырына ғана айтады, жанашыры да ол үшін жанын пида қылады.

1944. Жанашырлығың үшін мен саған сенемін, маған жанашырлықпен жауап бер.

1945. Жанашыр кісі не деген, тыңда! «Жанашырлық – адамгершіліктің шыңы».

1946. Жанашырды ақылдылар көп мақтаған; жанашыр кісілер адам үшін құрметті.

1947. Жанашыр тапсаң, бауырға тарт; маған ақыл мен білім осылай айтты.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

1948. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, Еліг, жеңімпаз, есен-сау бол, берекелі өмір сүр».

1949. Бұл билікке әуелі тектілер керек; олар батыр, қаһарман, қуатты, ержүрек болады.

1950. Атасы бек болса, баласы да бек туады; ұлы бек туса, ол аталары сияқты болады.

1951. Бек ақылды және білімді болу керек; жомарт һәм арлы болу керек.

1952. Біліммен бектер халықты бастады; ақылмен мемлекет және халықтың ісін істеді.

1953. Бек аты білікпен (білім не билік) байланып тұрады; біліктің л-і әрпі кетсе, бек аты қалар.

1954. Бек өте ақылды болу керек әрі ақылдың бағасын білсін; білімді кісінің жауы көп.

1955. Білім білген, көп жер аралаған, бәрін басынан кешірген тәжірибелі кісі не дейді, тыңда:

1956. «Жалаға ілініп кетпесі үшін бек білімді, ақылды және ояу болу керек.

1957. Жаққан күйеге төтеп беру үшін аты ізгі болсын, ұстанымы ізгі, қайырымы көп болу керек».

1958. Барша адам баласының тегі асыл; таңдаулылар білімімен дара болды.

1959. Тегі ізгі болса, ізгі адам туады; Адам ізгі болса, төрге шығар.

1960. Бұл билік – қасиетті, ол арлылықты қалайды; елдің де арлы әрі сақ болуын қалайды.

1961. Халыққа таңдаулы, батыр бек керек; үлкен істерге осы табандылығы себебінен жетеді.

1962. Әр сөзін ақылға салып сөйлеген, тәжірибелі Өтүкен бегі не деген, тыңда!

1963. «Халыққа бегінің таңдаулы, бәрінен артық болғаны керек; жаны, сөзі әділ, болмысы асыл болуы керек.

1964. Білімді, ақылды, халықтың таңдаулысы, жомарт, қанағатшыл және көңілі бай болу керек.

1965. Барлық ізгілікке қол ұшын беруші, ұятты, арлы және көзқарасы түзу болу керек».

1966. Бұл халыққа лайық әрі ұлық бек болады, мұндай бектен ізгі ұрпақ келеді.

1967. Кісі ісін біліммен бастайды; ақылмен аңғарса, ісі оңынан болар.

1968. Бек халықты біліммен басқарады, білім болмаса, ақыл іске жарамас.

1969. Әй, Қадірлі Еліг, егер бектер қателессе, онда ол – билік ауруы, оны емде!

1970. Бұл билік ауруының емі – ақыл мен білім. Әй, мінезі түзу кісі, ақылмен емде!

1971. Бек білімді, парасатты және зерек болу керек; оның ауруына осымен бір шара қылуға болады.

1972. Білімді, парасатты және дана мемлекет қайраткерінің орны екі дүниеде жоғары болады.

1973. Екі дүниені қатар ойлаған кісі Тәңрінің құты, ол бүкіл берекенің басы.

1974. Шайырдың мына сөзі бұған мысал ретінде айтылған; байқап көрсең, мағынасы білімсізге шамшырақ екен.

1975. Әй, береке қайда? Маған жол көрсет?! Адамдардың арасындағы құттысы кім?

1976. Өзі өмір сүрсе, басқаларына да берекелі өмір сүргізсе; Ол арғы дүниеде де төрден орын алады.

1977. Ұстанымы дұрыс, мінезі түзу болса, көр, ол бектің өмірі қуанышпен өтеді.

1978. Алла кімге бұл ізгі мінезді берсе; ол ізгі мінезбен бірге ізгі әрекет берсе

1979. Оның бұл дүниесі, түрлі нығыметпен бірге болады; қаласа өзі жесін, қаласа өзгелерге үлестірсін.

1980. Алла құлына құт, береке берсе, оның мінезі ізгі, ұстанымы бүтін болады.

1981. Мемлекет, қала басқарып, оны гүлдендіру үшін билеушінің мінезі ізгі, қайырымы мол болу керек.

1982. Бұл ізгі мінез қандай жақсы! Болмысы ізгі кісінің өмірі (кигені, жегені) де ізгі болады.

1983. Алла кімге жаман (қырсық) мінез берсе, ол оған зардап шектіреді, бұл – Тәңрінің қарғысы.

1984. Бұл жаман (қырсық) мінез бекте болса, қуанышы уайымға айналып, барша ісі кері кетеді.

1985. Бек Құдайдан қорқатын және арлы болу керек; тегі арлы әрдайым тазалықты қалайды.

1986. Құдайдан қорқатын кісі қателесуден сақтанып, қырағы болады; қырағы бек түзу іс қылады.

1987. Егер бек Құдайдан қорықпаса, сөзі түзу болмаса, онда әрекеті берекесіз, өзі арсыз болады.

1988. Сабыр мен байсалдылық бекке көрік береді; ол билік ісіне тығыз байланысты.

1989. Істің ретін біліп бастап, нәтижелі болуы үшін бек өте ақылды болуы керек.

1990. Ақылды кісілер істі оңды бітірер; ақылсыз кісіні бұл істен жырақ ұста.

1991. Көңілі болмаса, адамның көзінің пайдасы жоқ; ақылы болмаса, адамның көңілінен де қайыр жоқ.

1992. Әй, Еліг! Сабырлы, көңілі түзу, тәжірибелі кісі не дейді, тыңда!

1993. «Қай адамда ақыл менен кең түсінік болса, оны адам де, қанша мақтасаң да, мақта».

1994. Кең түсінік, ақыл және білім кімде бәрі түгел болса, жаман болса да жақсы де, кішік болса да мақта.

1995. Кісі үшін даналық қандай ізгі нәрсе! Ақылы болса, оны дана деп ата!

1996. Асығу, қорқақтық баршаның дұшпаны; егер ол бекте болса, жүзі қара болады.

1997. Асығыстық, ұстанымның тұрақсыздығы, мінездің ашушаңдығы – бұлар білімсіздіктің белгісі.

1998. Асығыс қылған іс қалай жақсы болсын?! Асығыс жеген ас-су да, ауру қылады.

1999. Барша істің ішінде байсалдылықты таңда; егер тағат-ғибадат болса, асық, жүгір

2000. Бек қанағатшыл, жүзі жайдары және ұятты болуы керек; сөзі, мінезі ашық һәм жарқын болсын.

2001. Ашкөз кісінің көзі тойымсыз болады; ашкөзге бұл дүниенің асы жетпес.

2002. Бұл ашкөздік – ауру, оның емі, дәрісі жоқ; бұл дүние қамы, ол емделмес.

2003. Барша аш кісі жесе, ішсе тояды; ашкөз кісі өлсе ғана ашкөздігін қояды.

2004. Ашкөз кісі неге бай болмайды? Барлық дүниені тапса да, ол кедей, ашкөз.

2005. Бек ұятты әрі адамдардың таңдаулысы болсын; ұятты кісінің мінезі мен әрекеті кемел болады.

2006. Ұят кімде болса, мінезі жұмсақ болады; ол барша жөнсіз іске қол созбас.

2007. Алла кімге ұят пен көзіне нұр берсе, оның жүзіне де нұр және түгел бақ-дәулет бергені.

2008. Барша жөнсіз істің алдын алатын ұят; барша ізгі іске бастайтын да ұят.

2009. Ұят адамға көрік береді, ол қандай ізгі нәрсе?! ұят барша ізгі іспен тығыз байлансты.

2010. Бектің тілі ақиқат, көңілі шынайы болсын; халыққа пайда қылсын, күні туса.

2011. Егер бектер қиянатшыл болса, одан бас тарт, халыққа пайда болмас.

2012. Бектің көңілі, сөзі, мінезі түзу болмаса, ол елден құт-береке қашады, тіршілік болмас.

2013. Сөзінде тұрмайтын бекке үміт артпа, өмірің босқа кетеді, өкінесің.

2014. Бек өте сақ және ояу (сергек) болу керек; осал болса, бектер жапа шегеді.

2015. Мемлекеттің бағы екі нәрсеге байлаулы: бірі – сақтық, бірі – заң. Елдің негізі осылар.

2016. Қандай бек сақ болса, ол елін қорғайды; дұшпанының мойнын үзіп, байлайды.

2017. Қандай бек елге әділ заң орнатса, мемлекетін түзу жолға қойып, күнін жарқыратқаны.

2018. Биліктің бағы осы екеуі болады: екеуі түгел болса, бек билік қылады.

2019. Сақтықпен жауын жеңген, ержүрек, батыр ер не дейді, тыңда.

2020. Әй, мемлекет басшысы, елді қорғауды қаласаң, ел территориясына сақтықпен қара.

2021. Бұл сақтықпен бектер елін өркендетті; көр, осалдықпенен билікті бұзды.

2022. Бұл сақтықпен сен жаудың мойнын үз; халыққа заң орнат, кеңшілікте рахат өмір сүр.

2023. Бек екі нәрсемен билікті бұзады; теріс жолға түседі, әділдіктен таяды.

2024. Бірі – зұлымдық, бірі – осалдық; бұл екеуіменен бек елін құртады.

2025. Жаудың мойнын үзуді қаласаң, көзіңді, құлағыңды сақ, қырағы ұстайсың.

2026. Бектер сақтықпен жауын жеңді; осалдықпен билік бағын бұзды.

2027. Бектер осал болса, ісін бітіре алмас; барша бек білу керек, осал билік өмір сүрмес

2028. Сақ адам әрдайым осалдықтан арылып, дайын тұрар; осал болмасаң қандай жау алсын?!

2029. Бек сақ болса, еліне қол салмас; қол салса да, ақыл, білім және парасатпен жетілдірер.

2030. Залым кісі ұзақ уақыт билік ете алмас, залымның күшін халық көтермес.

2031. Не дейді, білімдінің сөзін тыңда: «залым ұзақ уақыт елін басқара алмас».

2032. Зұлым от секілді, жақындасаң күйер; заң су сияқты, ақса нығымет өнеді.

2033. Әй, данышпан, ұзақ уақыт ел билегің келсе, заңды дұрыс жүргіз, халықты қорға.

2034. Заңмен мемлекет жанданып, әлем түзеледі; зұлымдықтан мемлекет тозып, әлем бұзылады.

2035. Залымдар зұлымдықпен көптеген ордаларды бұзды; соңында ашкөз залымдар да өлді.

2036. Бектер жүрегін таза ұстап, заң орнатса, бұл билік бұзылмас, ұзағынан тік тұрар.

2037. Әй, мемлекет басшысы, бәрінен ең жаманы – бектердің жаман атының тарауы.

2038. Бектің сөзі тура, болмысы кемел болу керек; халық оған сеніп, берекелі өмір сүрсін.

2039. Жалғаншы кісілер опасыз болады; опасыз кісі халыққа қиянат қылады. 2040. Жақсылығы көп (опалы) кісі не дейді, тыңда: «жақсылық (опа) – адам үшін адамгершіліктің басы».

2041. Сөзі жалған кісінің мінезі қиянатшыл; кім қиянатшыл болса, ол хайуан.

2042. Жалғаншы кісіден жақсылық күтпе, ол – хайуан. Бұл көп тәжірибеден өткен сөз.

2043. Бек батыр, ержүрек, батыл болуы керек; ержүректікпенен жауына қарсы тұрады.

2044. Сужүрек әскерді ержүрек қылу үшін әскер бастайтын ерлер жүректі, батыл болу керек.

2045. Батыр кісі сужүректерге басшы болса, оның себебінен барлығы батыр болады.

2046. Бұл сөзге дәлел ретінде бұл бәйітті оқы; бұл сөзді есіңе сақта, ақылыңа тоқы.

2047. «Арыстан итке басшы болса, барша ит арыстандай болар.

2048. Егер арыстандарға ит басшы болса, барша арыстандар ит секілді болады».

2049. Бекке кіршіксіз көңіл мен жомарттық керек; бұл кіршіксіз көңілменен қатар жайдары мінез керек.

2050. Жомарт болса, бектердің аты, даңқы жайылады; аты, даңқыменен әлемді байлап алады.

2051. Маңайына әскер жиналып, орда болады; Ер әскерімен қалағанын қол жеткізеді.

2052. Шайқасып, жеңіспен өмір сүрген ер не дейді, тыңда: «Әй, қаһарман, шайқас және олжаңды әскеріңе тарат».

2053. Жомарт бол, дүниеңді тарат, ішкіз һәм жегіз; егер азайса жаңасын ал, жеткіз.

2054. Батыл жүректі ерде бұл нәрсе кемімес; асыранды ақ құсқа жем таусылмас.

2055. Қылыш, балта, оқ, күш және батыр жүрек барда ер адам мал-дүниені уайымдамас болар.

2056. Әлемді билеген хакім бек не үшін қазына жинайды? Әскер қайда болса, дайын қазына сонда.

2057. Ел басқару үшін әскер және орда керек; әскер ұстау үшін түрлі мал-дүние, тауар керек.

2058. Бұл нәрсені алу үшін халық бай болу керек; халық бай болу үшін дұрыс заң орнатыңыз.

2059. Бұлардан бірі кетсе, төртеуі де кетер; бұл төртеуі кетсе, билік таралады.

2060. Ізгі аты тарап, абырой, даңқы ұлассын десе, бек мына бес нәрсені жырақ ұстасын.

2061. Бірі – асығыстық, бірі – сараңдық, үшіншісі – ашушаңдық. Сабыр ету жанның тірегі.

2062. Төртінші бекке жаман нәрсе – қырсық мінез; бәлки бесінші пайдасыз – өтірік айту.

2063. Жаман аты шықпауы және сөзіне ісі сай болу үшін бектер өзін бұл бірқанша нәрседен жырақ ұстасын.

2064. Мұның ішіндегі ең арсызы – қырсық мінез; бұл қырсық мінез бәлкім қасірет.

2065. Бұған ұқсас сөзді шайыр айтқан; шайыр сөзін тыңдаған сөзге байиды.

2066. «Кісіге қырсық мінез ауыр жүк; қырсық мінез болса, тұсаулы аттай.

2067. Дұшпан деп санамағасын қырсық мінезі өзіне дұшпан болады; бұның дұшпаннан не айырмасы бар?!

2068. Әй, Еліг, көп елге билік жүргізем десең, мына үш жұмысты істе, қол жеткізерсің.

2069. Оң қолың қылыш ұстап, ұрыс салса; сол қолыңмен олжа алып үлестір.

2070. Тілің сөйлесе, сөзің шекерден тәтті болсын; бек, құл, ұлық және кішік бәрі басын иер.

2071. Әй, Еліг, халық жақсы көріп, төрден орын беру үшін бекке қанша нәрсе керек?

2072. Бектің жүзі жылы, сөзі тәтті, ары, жаны таза болсын және бүкіл әрекетінде мінезі соған сай болсын.

2073. Бек көңілі таза және қолы жомарт болсын; бауырмал болуы да бұған жарасады.

2074. Барша ізгілікті түгел білсін; болымсыз, пайдасыз нәрседен жырақ тұрсын.

2075. Бұл – халықтың қалаулысы, кісінің таңдаулысы; таңдаулы, қалаулы кісі кемшіліксіз толық (кемел) болсын.

2076. Әлемнің барша халқы оған құл болады; мұндай бектер әлемге билік жүргізер және қалауына қол жеткізер.

2077. Шытынаған жүз, қатты сөз, тәкәппарлық, өктем мінез кісіні жиіркендіреді, тура жолға салмас.

2078. Менмендік, сабырсыздық, ұшқарылық, тұрақсыздық ол – наданның мінезі, бек одан жырақ тұру керек.

2079. Қараның мінезі бекке жұқпасын; бекке жұқса, қадірсіз болады.

2080. Байқасаң, қара – құл, бек – ақ; қара мен ақ осылай айырылған.

2081. Бек белгілі, таңдаулы болайын десе, ізгілікке жақын болсын, әй, даңқты!

2082. Бірінің аты ғана бек, мінезі надан болса, ол халық арасында наданнан да арсыз болады.

2083. Бек жылы жүзді, сақал-шашы жинақы, көрікті болсын; орта бойлы және абыройлы, даңқты болсын.

2084. Жүзін көргендер сүйсінсін; мемлекеті және халқы оған қарағанда қуанып тұрсын.

2085. Жауына қатал, мәрттігі болсын; көркі көрген көзді тойдырса.

2086. Бойы өте ұзын болғанын ғылым құптамас; өте қысқа, нәзік болса да болмас.

2087. Егер олай болса, орта бой керек; орта бойлы болса жақсырақ болады.

2088. Тәжірибелі, жасамыс, сыншы кісі не деген, тыңда!

2089. «Бойы қысқа, ашушаң кісілер жаман болады; ашу қайда болса, ұрыс-керіс те сонда.

2090. Орта бойлы, соған сай мықтысы керек; әр істің ортасын ұста, әй, білімді кісі!».

2091. Бек арақ ішпеуі және тексіздік қылмауы керек; бұл екі мінезден құт-береке қашады.

2092. Әлем бектері арақ дәмін татса, мемлекеті мен халқының дерті ащы болады.

2093. Әлем билеушісі ойынға құмартса, елін бұзады, өзі қайыршы болады.

2094. Бұл билік ісін уақытында атқарып үлгерсе, бақыт құсын бағаласа, еш жамандық болмас.

2095. Білімсізді арақтан арылтқан, білім беруші не дейді, тыңда!

2096. «Әй, алқаш, құлқынның құлы, арақ ішпе; арақ ішсең кедейлікке жол ашылады».

2097. Надан халық алқаш болды, мал-дүниесі желдей ұшты; Бек алқаш болса, мемлекеті қашанға дейін тұрады?!

2098. Шарап пен оны сатушы – дұшпан, күміс шығындатады; ішушінің мінезі даукес әрі төбелескіш келеді.

2099. Кісі мас болса есуас, ақымақ болады; Бұл есуастың іс-әрекеті қалай түзу болсын!

2100. Құдайдан қорқатын тақуа не дейді, тыңда; Әй, құлқынның құлы, бұл өзді іске асыр.

2101. «Арақ ішсе, жасалуы тиіс істің қаншамасы жасалмай қалады; мас болса, жасауға болмайтын нәрселердің барлығы жасалады».

2102. Арақ ішсе қаншама күнәлі істер жасалады; мас болса қанша ізгі істер жасалмай қалады.

2103. Бек арақ ішсе, құмар ойынға алданса, мемлекет ісіне қашан уақыт бөледі, қалай ақылы жетеді?!

2104. Тексіздік қайда болса, құт-береке тұра қашады; тексіздік шынында билікке бәле келтіреді.

2105. Құт, бақыт – таза арлылық, қашанда арлылықты қалайды; бақ-дәулет ол тазалық, кіршіксіз болғанды қолдайды.

2106. Бегі ішкіш, арсыз, бұзылған болса, бүтін халық та алқаш болады.

2107. Наданның барша қателігін бектер түзейді; бек қателік қылса, оны кім жолға салады?!

2108. Кірін адам сумен жуып тазалар; егер су бұзылса, қалай жуып тазалайды?!

2109. Кісі ауырса, дәрігер дәрі берер; дәрігер ауырса, оған кім ем жасайды?!

2110. Бектер, арыңды таза, мінез-құлықты түзу ұста; халық бектің жолынан үлгі алып түзеледі.

2111. Назар аудар, бектер заң, ережені қалай ұстаса, оларды көріп, халық та солай жасайды.

2112. Оған бұл сөз дәлел болады; онда бұл сөзге қара, мағынасы дәл келеді.

2113. «Егер бектер қай жолмен жүрсе, онда ол бектің жолы – қызметкерінің де, халықтың да жолы».

2114. Бек ізгі, әрекеті тура болса, халқы да ізгі жолда жүреді.

2115. Бек тәкәппар, көңілі көкте, ұлық болмауы керек; тәкәппарлық тура жолдан тайдырады.

2116. Бектер шынында ұлық болады, оған сай болу үшін көңілін кішік ұстауы керек.

2117. Халықтың таңдаулысы, адамның жақсысы, ақылды әрі білімді бек не дейді, тыңда.

2118. «Әй, балам, бектер өздерін биік санап, көңілін жоғары ұстаса, күмәнсіз арзан көрінеді».

2119. Кісі тәкәппарлықпен көкке көтерілмес; егер ақкөңіл болса, ісі бұзылмас.

2120. Тәкәппарлық – пайдасыз, көңілді суытады; ақкөңіл болса, кісіні жоғарылатады.

2121. Бек ақкөңіл, қарапайым болу керек; егер ондай болмаса, сен одан үміт үз.

2122. Бек қарапайым және ақкөңіл болу керек; кінәлі кісінің кінәсін кешіре білсін.

2123. Қол астындағы қызметкерлері одан жылу табады және жанашыр болады; жанашыр кісілер шынайы қызмет етеді.

2124. Халықтың басшысы болған бек қадірлі болу керек; бұл қадірімен бірге адамгершілігі де болу керек.

2125. Қадірі және адамгершілігімен абырой тапса, бек тілегіне қауышады және олжалы болады.

2126. Кімнің қадірі болмаса, ол – өлік; екі дүниеде ол үлес таппас.

2127. Бұл қадірімен бірге саясат болу керек; саясатты басқаратын билік керек.

2128. Бек (Еліг) мемлекет және заңын саясатпен реттейді; халық саясатқа қарай әрекетін түзейді.

2129. Мына бәйіт бұл сөзге жауап және дәлел; дәлел қайда болса, бұл анық куә.

2130. Бұл бектер есігін саясатпен безендіреді; саясатпен бек елін түзейді.

2131. Жаман адамдарға қарсы саясат жүргізу керек; халық көтерілісін саясат сүзгіден өткізеді. 2132. Мемлекеттің тірегі, түп-тамыры, беріктігі, асылы және негізі екі нәрсеге байланысты.

2133. Бірі – халыққа тиесілі болған заң, бірі – мемлекет қызметкерлеріне үлестірілетін жалақы.

2134. Заңның саясында халық қуанышты өмір сүрсін; жалақысын көріп, мемлекет қызметкерлері жадырап жүрсін.

2135. Бұл екі қауым бектен бақыт тапса, мемлекет билігі реттеледі, Еліг те бақыт табады.

2136. Қандай да бір бек халыққа заң орнатпаса, халықты қорғамаса, қомағайлықпен жесе,

2137. Халықты отқа итерген болады, мемлекет бұзылады және күмәнсіз ол биліктің негізі құлайды.

2138. Қандай да бір бек (Еліг) әскерін риза қылмаса, қылыш та қынынан шықпас.

2139. Бектер (Еліг) қылышпен мемлекеттерді басып алады; қылышсыз осал бек еліне ие бола алмас.

2140. Қылыш, балта елдің сақшысы болды; халықтың басшысы қылышпен мемлекеттерді алады.

2141. Әлемді билеуші, қылыш және балтамен жауды жеңуші не дейді, тыңда.

2142. Әй, мемлекет басқарушы, елді қорға; у ішуші осалдығынан у ішеді.

2143. Әй, батыр, қылыш пен балтаны өзіңді қорғаушы ретінде ұста; қылыш қорғаса, бек бақыт табады.

2144. Қылыш қимылдағанда жау қимылдамас; қылыш қынға кірсе, бек бақыт таппас.

2145. Әй, бек (Еліг), қылыш қолданушыларды әрдайым риза қылып ұста, әрдайым қуанышты өмір сүр, қайғы көрме.

2146. Өгдүлміш және айтты: Әй, мемлекет билеуші, атағы ұлық болғанмен, мемлекет істері ауыр.

2147. Халықты басқару үлкен іс әрі ауыр; бас ауыртады және әрдайым қайғыртады.

2148. Назар аударсаң, қуанышы аз, қайғысы көп; жақсы көрушілер аз, сөгушілер көп.

2149. Қайда қарасаң да қауіп-қорқыныш тұрады; қуанышын сұрасаң, аз еді.

2150. Жақсы көрмейтіні көп, жақсы көретіні аз; ұрыс-керісі көп, рахаты аз.

2151. Барлық жерде көңіл толмас; көңіл толмаса, адам үшін мұң – ол.

2152. Назар аударсаң, барлық жерде қатер бар; қатерлі істі көрсең, өмірдің дәмі кетеді.

2153. Не дейді ақылдының сөзі, тыңда; ақылдының сөзін көрсең, інжудің өзі.

2154. Елігтің мойны қылдай, басы жұлдыздай болғанмен ақылды кісі оған көп сенбес.

2155. Билік бас үстінде тұрған қылыштың мысалындай; әр күні ол үшін қатерлі мың іс бар.

2156. Барлық билік ісі осындай; кейбірі рахатқа бөленер, кейбірі өз басын жұтады.

2157. Дүние және ақырет бақытын табайын десең, бұл бірқанша істі тастама, оған қол жеткіз.

2158. Жүрегің мен тіліңді тура қыл, Аллаға сиын; Раббы жарлығын құрмет тұт, табын.

2159. Раббыдан не келсе де разы бол, разы; разы болудың негізі құлдық ету.

2160. Барлық халыққа көңіліңмен жанашыр бол; әрдайым ізгілік қыл, өзің де жақсылық көр.

2161. Халыққа пайдаңды қыл, зарар қылма; ізгі әрекет жаса, жамандардың зарарын тоқтат.

2162. Әлем мен рахат өмір сенікі болды; өміріңді күліп, жатып ішіп өткіз.

2163. Жан үзілсе де, барша ұлы үмітіңді үзбе; Алла ізгілерге ізгі жолын береді.

2164. Мұны мен айттым, Еліг естіді; бекке бұл секілді білім мен ізгілік керек.

2165. Қандай ерде осындай ізгілік пен қағида болса, оны бек қылып, мемлекетте дәрежесін жоғарылату керек.

2166. Мұндай кемел адам халыққа басшы әрі бек болады; олардан халық әртүрлі ізгілік көреді.

2167. Білімді, зерек кісі не деген, тыңда; «білімді әрі зерек кісінің білімі мемлекетке пайда».

2168. Бек білімді, ақылды және әділ болу керек; абыройы өсу үшін жүректі және дана болу керек.

2169. Бек (Еліг) елін қорғау үшін жомарт, жұмсақ мінезді, ұятты, ары таза және бауырмал болу керек.

2170. Қанағатшыл, сабырлы, қарапайым, жарылқағыш, кешірімді және мінезі жұмсақ болсын.

2171. Барлық жақсылығы басқалардан жоғары болса, халыққа ізгі (әділ) заң береді.

2172. Қандай мемлекеттің бегі (Елігі) осындай болса, ол елдің халқының уайымы кетіп, қиындықтан құтылады.

2173. Мемлекетте берекелі күн туар, бақытты болар; өкініштісі, мұндай кісілер де өледі.

2174. Әй, Еліг, менің білгенім осы

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

2175. Еліг: «Ұқтым, тура сөйледің, керегі осы еді, білімде жаңылмадың» деді.

2176. Саған айтатын тағы бір сөзім бар, оны маған ашықтап айтып бер.

2177. Әй, таңдаулым, бегі (Еліг) осындай жақсы қасиеттерге бай болса, оның уәзірі қандай болу керек?

2178. Алтын мен күміске қазынаны толтырсын; мемлекет ісі реттелсін, кент (қала), ұлыс (облыс) артсын.

2179. Мемлекет жетіліп, заң орнап, әділдікпен басқарылсын; жақсылық көріп, қызметкерлер көңілімен байлансын.

2180. Халық рахат өмір сүрсін, ешкім қол тигізбесін; сосын бектің аты әлемге жақсылығымен жайылса.