Таңдау
тТ

Өгдүлміш бектерге уәзір болуға қандай ер керегін айтады

2181. Өгдүлміш жауап берді: – Әй, Еліг, уәзірлер – бектің қолы, онымен ісін орындайды.

2182. Күмәнсіз, бекке уәзір керек болды; уәзір ізгі болса, бек рахат ұйықтайды.

2183. Бектердің жүгін өзіне жүктеген ол – уәзір; биліктің негізін сақтайтын да уәзірлер.

2184. Бұл іске елден дара, таңдаулы, көңілі, ақылы жетілген, жүрегімен берілген ер керек.

2185. Ақылы көп, білімі теңіздей болсын; барлық істі бітірсін, бекті бақытты етсін.

2186. Текті, өнегелі отбасыдан шыққан, Құдайдан қорқатын, әділ болу керек; қалған өмірін сол әділдікпен өткізсе.

2187. Уәзірлік – ұлық іс, бұл іске адамның ең таңдаусы керек; ол болмысы түзу, дұрыс адам болсын.

2188. Ақылды және білімді болу керек; зерек және арлы болу керек.

2189. Ізгілердің ұрпағы әрі ақылды кісі қайда болса да жоғары дәрежеге көтеріледі және ештеңеден құр қалмайды.

2190. Уәзір Құдайдан қорқатын, дінге берік және арлы болу керек; оның арының тазалығына мемлекет те, халықта сенімді болу керек.

2191. Адамдардың ең таңдаулысы – Құдайдан қорқатын кісі; ол барша мұңайғандардың жанының емі мен дәрісі.

2192. Құдайдан қорқатын кісі әрбір ісінде сақтық қылады; пайдасызға жақындамас, істің ретін біледі.

2193. Елігтен кейін (оның орнына) сөзімен, іс-әрекетімен мемлекетке билік жүргізген ол – уәзір.

2194. Тексіз кісілер арсыз болады; арсыздар уәзірлікке жарамас.

2195. Текті кісі пайдалы болады; арсыз кісі жапа шектіреді.

2196. Заң дайындаушы адамы не дейді, тыңда; заң дайындаушы адам мемлекеттің заң шығарушыларының басы болды.

2197. Текті кісілердің іс-әрекеті таза; халыққа пайдасын тигізіп қол ұшын береді.

2198. Қаншама шекер һәм жілік май жедірсең де, арсыз кісілер жапа шектіріп, опасыз болады.

2199. Уәзір қанағатшыл, ұяты бар әрі кәміл болу керек; адамдардың бетсізі – ұятсыз кісілер.

2200. Ашкөз болмауы керек, ешнәрсеге сұқтанбасын; ашкөз бұл дүниенің бәрін жесе де тоймас.

2201. Кісінің таңдаулысы – ұяты бар кісі; ұяты бар кісі – адамдардың алды.

2202. Ұят кімде болса, оған ісіңді тапсыр; адам ұятымен арсыздық есігін жабады.

2203. Адамның қоры – ұятсыз кісі; ұятсыздың тілі тура сөз сөйлемес.

2204. Ұяты бар, түзу кісі не деген, тыңда; енді саған жанашырлықпен насихат береді.

2205. Ұятсыз кісіден жырақ тұр, жырақ; ұятсыз кісінің көзі алдайды.

2206. Ұятсыздың жүзі, қарасаң етсіз сүйек; ұятсыздың өзі бітеуге келмес тесік.

2207. Ұятпенен адамның жүзі нұрланады; ұяты болғаны үшін көзі жайнайды.

2208. Жүзі, көркі көрікті һәм сақал-шашы жинақы болу керек; халықтың үлесін алу үшін іс-әрекеті әділ болу болу керек.

2209. Мінезі жақсы, іс-әрекеті дұрыс болса, қай уақытта да халыққа жақсылық жасайды.

2210. Қызметкердің басшысы болған Бас уәзір дұрыс болмаса, Елігтің барлық ісі қисық (теріс) болады.

2211. Уәзір әділ әрі дұрыс адам болу керек; Еліг оған ісін сеніммен тапсырсын.

2212. Түсі игі кісінің мінезі де көркем болады; бектің мінезі көркем болса, мемлекет үшін пайдалы болады.

2213. Кімнің жүзі, сыртқы келбеті көркем болса, сыртқы келбеті секілді іші де көркем болады.

2214. Жақсы мен жаманды сынап білген, тәжірибелі кісі не деген, тыңда:

2215. Кісінің сыртқы бейнесі ішкі мінезінен хабар береді; жүзі, киім киісі әрекетіне ұқсас келеді.

2216. Сыртқы келбетін көрсең ішкі болмысына куә болғандайсың; сырты іші сияқты, іші сырты секілді.

2217. Сақал-шашы жинақы кісі айбатты болады; уәзір айбатты болса, ісі өнімді болады.

2218. Терең білімді, ақылды, есепке жүйрік болсын, білімімен түрлі жазуды білсін.

2219. Уәзірдің ісі әрқашан есеппен байланысты; есеп білмесе, мемлекет қызметкерінің ісі бос қалар.

2220. Адам ісін есеппен жасайды; жыл, ай, күн, уақыттың бәрін есеппен таңдайды.

2221. Есептің аты есептеп сақтанудан есеп болды; назар аударсаң, ерекше сақтанатын іс есеп еді.

2222. Зерек болмаса, кісінің ісі оңалмас; адам ісін ақылмен қалды.

2223. Адам білгендерін жазумен жазар; адам жазып жүрсе, не қылғанын білер.

2224. Бұл жазу зеректіктің белгісі; жазу білген адам өтек зерек болады.

2225. Адам баласы жазу білмесе, жыл, ай, күн есебін қалай білер еді?

2226. Ғалымдар кітап жазып қоймаса, есеп үшін қандай шара, қандай жол табар едік!

2227. Алла әлемді жаратпас бұрын лауһы мен қаламды жаратқан.

2228. Құлдың не қылғанын періште жазады; Раббы ертең ол істерін сұрайды.

2229. Уәзір қарапайым мінезді, жылы сөзді болу керек; сол арқылы кісі өзін өзгелерге жақсы көргізеді.

2230. Мінезі қарапайым болса, кісі өзін жақсы көрсетер; өзін жақсы көрсете білген кісілер досын риза қылар.

2231. Сабырлы, қарапайым кісі не деген, тыңда; «ердің қарапайым мінезді болуы қандай ізгілік!»

2232. Қарапайым кісі халық арасында сүйкімді болды; мінезі тәкәппар кісі сүйкімсіз болады.

2233. Қарапайым кісі ұзақ уақыт ұлықталады; мінезі тәкәппар кісінің ұлықтыққа қолы жетпес.

2234. Уәзір толысқан кәміл кісі болу керек; оқыған, жазу білетін және өте ақылды болу керек.

2235. Сөзі, көңілі бір және әрекеті тура; ұятты, мейірімді және халық арасында шыншылдығымен танылған.

2236. Аш көз емес, санасы ояу, сақ, білімді, істің пайдалы-пайдасызын айыра білген кісі керек.

2237. Қызметіне берілген, шынайы және ұяты бар, аманатқа берік, көңілі таза болсын.

2238. Бұл жақсы қасиеттер мен білім кімде болса, Еліг уәзірлікті оған берсе болады.

2239. Бұл секілді кісі бекке уәзір болса, бекпен бірге халық нағыз бақытқа қауышар.

2240. Елігтің ісі қалағанындай түгел болады, мемлекет дамиды және халық байиды.

2241. Уәзір мемлекетке пайдасыз, жауыз болса, ол мемлекеттің халқы, кедейі мен байы да бұзылады.

2242. Уәзір ізгі болса, халыққа пайдалы; халыққа пайдалы болғанындай Елігке де жайлы.

2243. Білімі теңіздей, көңілі мен көкірегі біліммен нұрланған кісі не дейді, тыңда.

2244. «Бектің жаны, сөзі ізгі болса, қызметкерлері әділдік жолын ұстайды.

2245. Егер бектер жаман, зұлым болса, оның қызметкерлері де ізгі жолды бұзар».

2246. Бек ізгі болса, оның қызметкерінің әрекеті де ізгі болады, зарар тигізбес.

2247. Назар сал, бектер өздері жаман болмаса, маңына жаман біреуді жақындатпас.

2248. Жамандық қайда болса, жамандар да бірге; әй, ізгі адам, сен жүр, ізгі дос ізде.

2249. Жаман менен жақсы жараспас; тура мен қисық та қиыспас.

2250. Қара түн жарық күнге жақындамас; көк су қызыл отқа қонақ болмас.

2251. Сен танымайтын кісіңнің кім екенін білгің келсе, таныстарын айтсын, сонда аңғарасың.

2252. Барлығы өзі сияқтылармен қатынасар; сен әділ бол, қисықпен қатынаспа.

2253. Бұл сөзге мына бәйіт дәлел, оны оқы; сен бұл бәйітті оқы, көңіліңе тоқы.

2254. Жортқан, ұшқан барша нәрсені көр, жанына өзімен тең дос және жолдас табады.

2255. Жаман жақсыменен қатынаспас, қашар; бұл барлық нәсеге мысал болған қағида, назар аудар.

2256. Уәзір бекке әрдайым кеңесші болады; кеңесші кісілер әр ісін салыстырып жасаушы болады.

2257. Жаманмен қатынаспа, наданның ең жақсысының да артқан жүгі ауыр, әрекеті жаман болды.

2258. Бұл бектер ізгі кісіні жақын тұтса, мемлекет ісі жақсарып, ізгі аты қалады.

2259. Бек жаман кісілерді жақын жанына ұстаса, мемлекет ісі кері кетіп, жаман аты қалады.

2260. Әй, Еліг, бұл сияқты уәзір табылса, бегіне рахат сыйлап, халық уайымсыз ұйықтар.

2261. Оның жақсылығынан бек тілегінің барлығын табады; қандай жағдайда да барша ісі реттеледі.

2262. Мемлекет ісі реттеліп, халық байиды; қазына молайып, берекелі заман болады.

2263. Абырой тауып, аты мәңгі өшпейтін болады; заман өтсе де, ізгі аты қалады.

2264. Бұл дүние абыройлы болды, о дүниеде де абыройлы болғай; ұзақ уақыт мемлекетін басқарып, абыройлы өмір сүргей.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

2265. Еліг: «бұл сөздегі ақыл-кеңесті ұқтым, бүгін жақсы сөздер айтылды» деді.

2266. Енді маған айт, Президенттердің ісі реттелу үшін әскер бастайтын кісілер қандай болу керек?

2267. Әскерді басқарсын, жұмысын жоғары дейгейде жасасын, қателікке ұрынбасын.

2268. Сен маған айтып бер, қайсысы бұл істі атқара алады, шепті бұзып, жауды ыдыратады.