Сөз басы Күнтуды Еліг туралы

Назар сал, ақыл тұспалдайды, білім білдіреді; саған опасыз дүниенің құлқын ұқтырады.

Бұл опасыз дүние кәрі қатын секілді, баянсыз; қыз секілді қылымсығанмен, қарасаң жасы үлкен.

Кейбір қылығы қыз сияқты, мінезі нәзік; сүйсіндіреді, бірақ ұстағың келіп ұсынсаң, қолын бермес.

Сүйгенді сүймес, киік секілді қашады; қашқанға жабысар, тіпті аяғын құшады.

Кейде көрсең, безеніп жүгірер, айтқаныңды орындайды; кейде көрмегендей жер қылады.

Кейде қарасаң, жүзін тез бұрып алар, назданар; неше мәрте ұстағың келсе де, өзіне жолатпас.

Ол талай бекті қартайтты, өзі қартаймас; талай бектер өтті, сөзі бітпес.

Әлемдегі ақылды, данышпан, көшбасшы бек еді; Бек болып ұзақ өмір сүрді.

Бұл бек әлемге даңқы жайылған, аты белгілі, құт-берекесі тасыған Күнтуды еді.

Тумысынан әділ, мінезі жұмсақ еді; сөзі шынайы, тура, қанағатшыл әрі көңілі бай еді.

Ол білімді, ақылды әрі көкірегі ояу бек еді; жаманға от, жауына қатал еді.

Ержүрек, батыр әрі мінезі түзу еді; бұл мінезі оның күннен күнге дәрежесін арттырды.

Ол сондай бек еді, ісін білімге сүйеніп жүргізді; болмысын түзеді, әрқашан солай өмір сүрді.

Саясат жүргізерде кеңпейілдік танытады; бұл кеңпейілі мәрттігімен жарасып тұрады.

Бұған ұқсас шайыр сөзі бар; оны кім оқыса, көзі ашылады.

«Жауыздық пен ынжықтық бойыңнан жырақтау үшін адамға кеңдік пен адамгершілік керек».

Тұлға болу үшін кеңдік пен адамгершілік керек; кісі қадірі – кеңдік пен адамгершілікте

Бұл Күнтуды Еліг мінезімен ай-күн секілді жарқырап, әлемге жарық берді.

Кім ақылды болса, оны жанына шақырды; кім білімді болса, оны жоғарылатты.

Әлемнің таңдаулылары және халық ішіндегі ақылды әрі білімді даналар оның маңайына жиналды.

Мемлекет ісін өзі реттеп, жолға қойды. Тағы да таңдаулы кісілердің жанында болуын қалады.

Олар жәрдем етсін әрі ел ісін реттесін; олар жұмыс істесін, Бек біраз тынықсын.

Бір күн отырғанда мұңайып: «билік жүргізу және бұйрық беру – Ұлы іс» деді.

Қарасаң, басты ауыртады әрі мыңдаған жұмысы бар; бұның барлығын көріп білген адам дана, әзіз болады.

Мемлекеттің барлық ісін өзім атқара алмаймын, жаныма маған істің ретін білетін ер керек.

Қазір маған таңдаулы, ақылды, білімді әрі көш бастайтын озық ойлы адам керек.

Ол жаны ашитын (бауырмал), әділ, шыншыл, мінезі дұрыс және сөзі мен көңілі түзу болса, мұның бәрін білсе.

Мемлекеттің ішкі, сыртқы істерін жақсы біліп, (маған көмекші ретінде) менің ісімді атқара берсе.

Тәжірибелі, барлығын басынан өткізген, көп жасап, көпті көрген кісі не дейді, тыңда!

«Елігке жәрдемдесіп, қолдау білдіретін, ақылды, білімді және мемлекетшіл тұлғалар керек».

Барлық істің ретін білетін көмекші керек, ол біліп істесе Еліг қалауына жетер еді.

Көмекші көп болса, Еліг қиындық көрмес; барша ісі реттеліп жолға қойылады, заң бұзылмайды.

Біліңіз, барлық істе көмекші керек; билік ісінде тағы да көп көмекші керек.

Назар сал, Еліг көмекші іздеді, таппады; барлық істі өз қолымен жасады.

Назар сал, ол осылай күнде көп қиындыққа тап болды; рахат өмір қаласа да қиындыққа тап болды.

Бұл сөз мүбәрак әрі берекелі адамның тәжірибесінен айтылған, ол мұқият тыңдалса, өте орынды.

«Рахат өмір қаласаң, ол қиындықпен бірге келеді; қуаныш қаласаң, ол қайғымен бірге келеді».

Елігтің қадірі қанша артса, қиындығы да көбейеді; бас қанша үлкейсе, оған киер бөрік те үлкейеді.

Еліг барлық елде хабаршы, елші ұстады; оған барша билік есігі ашылды.

Пайдасыз, зиян қылғандардың қолын байлап, жазалады; қайырсыз жамандарды елден қуып жырақтатты.

Назар аудар, ол сақтықпен елін басқарды; берекесі күн сайын артты, жоғары өрледі.

Барлық жерде Елігке сақтық керек; бұл билік ісінде өте сақ болу керек.

Мемлекет ісіндегі бұл қауіпсіздік пен қырағылық мемлекеттің болашағы үшін әрдайым пайдалы.

Бұған ұқсас бір шайырдың сөзі бар; шайыр ол сөзі бұған негіз болады.

«Бұл қырағылық пен сақтықты көп адам мақтаған, осалдықпен жүз мыңдаған ер өлген».

Осал болма, сен барлық істе сақтан. Бұл сақтықпен екі дүниенің бақытын тіле.

Назар сал, өзіне көп сенген кісі осалдық қылады; жау келгенде әуелі осалдар өледі.

Тыңда, барынша сақтанған, сөйтіп жауларын жеңіп, әлемді билеген1 ер не дейді!


1 Әлемді билеген – Жүсіп Баласағұн кітапта «Әлем билеушісі» және «Әлемді билеуші» деп жиі қолданады. Ол Ғұн билеушісі Еділ Қаған (Аттила) және Алып Ер Тоңға (Афрасиаб) болуы мүмкін.


«Әй, Еліг, әлемді билеуді қаласаң сақтан, қырағы бол; бұл қырағылық өмірде ерлік және шариғаттың талабы».

Осал адамның көзі көр, ғапылдықта ұйықтайды; Әй, қадірлі, болмысы келісті ер, осал болма, сақтан, қырағы бол!

Елігтің сақтығы елге пайда әкелді; бұл пайдамен мемлекетке бейбітшілік орнады.

Осылайша билеуші мемлекет ісін жолға қойып өркендетті, халық байыды; сол уақытта қасқыр мен қой бір жерден су ішті.

Жақсы көргендер сүйсінді, оны мақтады; дұшпандары мұны есітіп, басын иді.

Бірі келіп оны паналады және қолдау тіледі; Елігке енді бірі келіп есігін сүйді.

Енді тыңда, көңілі ояу адам не дейді; оның сөзі мыңдаған түрлі гүл секілді.

«Әй, жүзі нұрлы, адам шынайы әрекет етсе, бұл билік – ұлылық әрі игі нәрсе».

Билік жүргізу – игі іс, бірақ одан да жақсырағы – заң, оны дұрыс жүргізу

Билеуші қаншалықты ізгі болып, билікті әділ жүргізсе, халық үшін берекелі, құтты заман болады.

Жақсы ат Еліг үшін құттың құты (құт береке); оның жақсы аты мен құты мәңгілік қалды.

Мемлекет ісін адамгершілікпен істесе, ол ізгі кісі соншалықты бақытты Бек болады.

Елігтің жақсылығы елдің барлығына жетті; сөйтіп оның абыройы мен даңқы әлемге жайылды.

Назар сал, елде оның тілеуін тілеп дұға етушілер көбейді; күн сайын даңқы асқақтап, берекесі артты.

Әлем халқы оны естіген бойда өздері қалап, оған өзін жақын тұтып, маңайына жиналды.

Назар сал, әлемге толық бейбітшілік құшағын жайды; қасқыр мен қозы араласып жүрді.