Таңдау
тТ

Өгдүлміш Елігке Әскербасы қандай болу керегін айтады

2269. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, Еліг, әскерің әрдайым дұшпаныңнан үстем болсын» деді.

2270. Күмәнсіз, бекке (Елігке) әскербасы керек; жараспаған дұшпанның ұйқысын қашыру үшін.

2271. Бұл іске құрыштай, қатал, соғыс өнерін жетік меңгерген тәжірибелі, ержүрек батыр керек.

2272. Әскерді бастау, (шерік) шеп құру және жауды қыру өте ұлық іс еді.

2273. Бұл іске таңдаулы, қырағы, ықтиятты (ұйқылы-ояу емес) ер керек; осалдығынан бәлеге ұшырамауы керек.

2274. Жомарт, батыр, тәкәппар емес, дастарханы кең және суыққанды болса.

2275. Әскербасы кісі өте жомарт болу керек, маңына таңдаулылар жиналу үшін.

2276. Барлық малын әскерге үлестіріп, қалың ерді майдандас, жолдас және дос қылу керек.

2277. Өзіне бір ат, тон, қару алса жетеді; сөйтіп әлемге атын жайса.

2278. Ұл-қызым, қатыным деп іркілмесе; жер, су, бақша деп күміс жинап кетпесе.

2279. Бар қалауын қылышымен тапса; соғысып, алып, таратып және атағын солай үлкейтсе.

2280. Жегізсе, ішкізсе, киім кидірсе; олжадан оларға ат, ер-тоқым, (күң және құл ретінде) ұл, қыз тарту етсе

2281. Көр, сол кезде маңына мәрт жігіттер жиналар әрі олар тәтті жандарын пида ете отырып, таулар мен далаларды алып, өмір сүрер.

2282. Батыл жүректі, асқан ақылды болу керек; кеуделі және көңілі кең болу керек.

2283. Жаугершілікте жүрексіз (қорқақ) кісілер керек емес; жүрексіз (қорқақ) кісі қатынмен тең.

2284. Жүрексіз (қорқақ) кісі әскерді бұзады; әскер бұзылса, адамдар бір-бірін бұзады.

2285. Жаугершілікте жүректілер шыдамды; жау шапқанда бір-біріне тіреу болады.

2286. Даңқтым, уәделі өлімнің келері белгілі; уақыты келмейінше ер өлмес.

2287. Көзсіз батыр ер не деген, тыңда; «өлімді ұмытса, жауды жеңер».

2288. Анадан туған кісі ажалы жетпей өлмес; жауды көргенде неден қорқасың?

2289. Жауға жалындай ти, еркек сияқты ұрыс; ажал келмейінше кісі өлмес.

2290. Елігтің намысы үшін әскербасы намысты болу керек; өшін алмайынша жауымен қарсыласар.

2291. Намысымен адам жауын шашады; жауда ең әуелі намыссыз қашады.

2292. Қорқақ та намысы үшін батырлық қылады; мақтан үшін адам өлімге бас тігер.

2293. Жүректі дегендер намысты болады; намысты кісі өлсе де соғысып өледі.

2294. Әскербасының мінезі жақсы, көңілі қарапайым болсын; ол осылай халыққа өзін жақсы көргізер

2295. Мінезі қарапайым кісі адамдардың жүрегін жылытады; тілі жаман және ашушаң кісі адамдарды өзінен жырақтады.

2296. Әскер бастайтын ерлер көңілін жоғары ұстаса (тәкәппар болса), күмәнсіз, ол адам жауынан таяқ жейді.

2297. Тәкәппар адам осалдық қылады; осал ер бұзылады немесе ажалсыз өледі.

2298. Даңқты, абыройлы болып, атағы жайылу үшін ержүрек, қаһарман, сұсты және сақал-шашы жинақы болуы керек.

2299. Жамандарды қорқыту үшін сұс керек; момындарды жақсы көргізу үшін ізгілік керек.

2300. Әскербасы саясат ұстану керек; әскер ісі саясатқа байланып тұрады.

2301. Саясат ұстанса, әскер алда болады; әскер алда болса, олар бір-біріне байлаулы (бауырмал) болады.

2302. Қандай әскер басшысыз қалатын болса босат, міне, ол әскер бұзылды. Еліг, ұзақ жаса!

2303. Жамандарға көркем қатынас және саясат керек; және ізгілерге әрдайым құрмет керек.

2304. Ізгі адамдарға әртүрлі жақсылықтарды бер; тілегін бер сүйінсін, жүк артпа.

2305. Барша адам бұл ізгілікті қалайды; кісі ізгілік тапқан адамға құл болар.

2306. Мінезі түзу адам не деген, тыңда; бұл бәйітті оқы, өзіңді жұбат (шүкір ет).

2307. Тәуелсіз және азат кісінің барлығы ізгіліктің құлы; сен ізгілік қылып, әділдік жолын аш.

2308. Адамгершілік қылу үшін әрдайым адам бол; адамдықтың негізін адам осылай қалаған.

2309. Жауға қарсы аттанып, жорық жасау үшін әскербасыға мына бірқанша мінез керек:

2310. Жауға шапқанда арыстан жүректі болу керек; айқасқанда қабылан білекті болу керек.

2311. Доңыздай қасарысқыш, бөрідей күшті, аюдай өршеленген, қодастай өш алғыш болсын.

2312. Және қызыл түлкі секілді айлакер болсын, бурадай өш пен кек алсын.

2313. Өзін сауысқаннан сақ ұстасын; жартас құзғынындай көзін ұзаққа тіксін.

2314. Отанға деген сезімі жоғары, арыстандай айбатты; үкі секілді түнін ұйқысыз өткізсін.

2315. Осындай қасиеттерімен адам жауынгер болады; жауынгер әрі пайдалы болады.

2316. Жауынгер әрдайым қару-жарақ тасушы кісі; қаруының ұшын қайрап, жауды басып жаншушы.

2317. Оның дәм-тұзы және асы мол болсын, аты, тоны және қару-жарағы соған тең болсын.

2318. Ердің атын асы, ішетін сусыны, дәм-тұз әлемге жаяды; өмірдің қажеттілігі де ішетін, жейтін асы.

2319. Ыланың (Іленің) даңқтысы не деген, тыңда; «Әй, адамның құттысы, дәм-тұзыңды кең қыл».

2320. Атыңның даңқты, абыройлы болғанын қаласаң дәм-тұз бер; өмір сүруді қаласаң тағы да жегіз.

2321. Жомарттық жасап, сеніп, адамгершілік қылған кісіге дәм-тұзының хақысы деп, әскерлер хақысын өтейді.

2322. Ұлық болуды қаласаң, ішіп-жейтін ас үлестір; ұзақ жасауды қаласаң да ас үлестіру арқылы табасың

2323. Ісі реттеліп, жорық жасау үшін әскербасыда мына бірқанша мінез болу керек.

2324. Сөйлеген сөзі шын әрі сенімді болу керек; ұлықтар жалған сөйлесе, халық сенбес.

2325. Екінші жомарт болу керек, мал-дүние берсін; алуға әдеттенген кісілер сараңның маңына жиналмас.

2326. Үшінші жүректілік керек, батыр кеуделі; қорқақ жауды көрсе, ауырып жатар.

2327. Төртіншіден айла, әдіс-тәсілді білу керек; айла білген ерге арыстанның өзі ыңырсиды.

2328. Жаумен қасарысу және шепті бұзып-жару керек; күшті рухты және өткір болу керек.

2329. Әскербасы осы жақсы қасиеттерге ие болса, жауын жаншып, жаудың даңқын жермен-жексен етеді.

2330. Әскерді осындай әскербасы бастаса, дұшпанға билік жүргізіп, ел билейді.

2331. Бұл әскербасы жауымен кездескенде күндіз-түні ояу болу керек және ұйықтамасын.

2332. Көп адам керек емес, таңдаулы әскер керек; таңдаулы әскер болса, қару-жарағы түгел болу керек.

2333. Көп әскер шеп болса, басшысыз болады; басшысыз әскер қорқақ болады.

2334. Тәжірибелі соғыс батыры он екі мың әскерді үлкен депті әрі қуатты қолға теңепті.

2335. Жауды жеңген батыр ер: «мен үшін төрт мың әскер толық бір орда» депті.

2336. Көп әскер жайылғанда, өз ішінде сапырылысады; олай жасауға болмас, пайдасыз болады.

2337. Даңқты, ержүрек және қаһарман адам «әскерге таңдаулы және жақсы қаруланған адам керек» депті.

2338. Атақты жауынгер не депті, тыңда; бұл сөзді тыңда да, соған сай өзің әрекет ет.

2339. Көп әскер қалама, таңдаулы ерлерді қала; ерлердің таңдаулысын және қарумен толық жарақтанған.

2340. Көбінен гөрі дайындалған аз әскер жақсы; көп әскермен кездескенде көбі бұзылады.

2341. Әскербасы жауға шапқанда нағыз жауынгерлерді жанына жақын ұстасын.

2342. Алдыңғы барлаушыларды таңдап айырсын; сақтанып, көз-құлағын ұзаққа тіксін.

2343. Барлаушы барып, алдыңғы және негізгі әскер жетсін; жауды басу керек болса, жан-жақтан ұрсын.

2344. Әскерін басқарса, қорғаушылар сап түзесе; ешкім кейін қалмаса немесе алға озбаса.

2345. Қонар жерін білсін, қорғаушылар саптарын жақсы түзе білсін; әскерден күзетшілер шығарылып, олар ояу тұрсын.

2346. Әлемді басқаратын ер әрекетіне мән берсін; жауға шапқанда ешбірі тыс қалмасын.

2347. Жиын құрарда сенімді жер таңдап, өте сақ болсын; ерлерді жинаса, ешкімнің жырақта қалмасын.

2348. Әскербасы осал болмасын, ісіне ықтиятты болсын; осалдық қылса, басқыншылардың зарары тиеді.

2349. Жауға жақындағанда алдыңғыларын алу керек; шөбіне, суына қарап таңдап, жиын құру керек.

2350. Әскерін жақсылап күзетсе, жауға сөз алдыртпасын; әскердің аз-көбін жауы білмесін.

2351. Әуелі жаудан тіл тартуға әрекет жасау керек; бұл тілден жаудың әрекетін білу керек.

2352. Ол соған сай ісін жүргізіп, жаудың мойнын кесіп, басын кетірсін.

2353. Бұл – қырағылық және ықтияттылық; жаугершілікте қайсысы сақ болса, сол қуатты.

2354. Санасы ояу бектің әскерін қара, айдаһар қатарында арыстанға мінген қылыш және қамшылы әскердей.

2355. Жауын жаншуға екі қару ұстаған; бұл екі қарудан жауы өлім құшады.

2356. Ең әуелі жауға амал мен айла керек; осы әдіс-айланы қылып, жаудың жүзін қызарт.

2357. Екіншісі – сақтық, ісіне ықтиятты болу; қайсысы ісіне ықтиятты болса, сол үстем болады.

2358. Қайсысы жаугершілікте сақ және ықтиятты болса, күмінсіз, ол жауын қырғынға ұшыратады.

2359. Жау әскері көп, сенікі азырақ болса, соғысқа асықпа, олардың әрекетіне қарай шабуылда.

2360. Жарасуда пайда бар болса, бітімге кел; жоқ болса, жарақтанып алысып, күрес.

2361. Қайрат қыл, шаршат, ұйықтаса түнде басып ал; түнде аз не көбіңді кім анық білсін?!

2362. Егер сен басуға шара таппасаң, елші жіберіп, бейбіт келісімге кел.

2363. Сөзбен алдандыр, бейбіт бол, өзіңді қорға және соғысқа асықпа сөздің қысқасы.

2364. Олай болмаса, жау ұрынып, соғысуды қаласа, көңілі бұрылмаса,

2365. Істі ұзатпа, сен әскерді жина да соғыс; әскерге мал үлестір, батырлық рухын оятып насихат айт, соғысқа шақыр.

2366. Соғысуды ұзаққа созба, жаудың ақылы кіреді; дайындығыңды көп көрсе, көзі үйреніседі (күшіңді байқап қояды).

2367. Соғысты көзімен көрген, басынан кешірген, жауын жаншыған батыр не дейді, тыңда.

2368. «Көрмеген жауыңның даңқы жырақтан үлкен көрінеді; кездескенде көз алдыңда басылады».

2369. Жауға жалаң ти, мал-дүниеңді алмасын; ұзатсаң басыласың, аяғыңды жіті бас.

2370. Әскердің бір бөлігіне тұзақ құрғыз; жаяу садақшылар қарсы алып, сен алдында жүгір.

2371. Жауынгерді тәжірибелі, жасы үлкен батырдан құра; олар жауға айласын қылып, әскерді апарсын.

2372. Тәжірибелі, жасы үлкендер асқан жауынгер болады; жауынгер болады және өз ісін жақсы біледі.

2373. Жас әрі дәрежелі жігіттер өте жалынды болады; егер жүзі бір қайтса, оты сөнеді.

2374. Алдыңғы және артқы шепке сенімділерді қой, бір бөлігін оңға және солға орналастыр.

2375. Әскер жақындап ерлер ұрысқа кірсе, әрбірі қарсысындағымен соғыссын, дауысымен зәресін алсын.

2376. Ең әуелі ұзақтан оқ жаудырсын; жақындағанда ыңғай берсе, сүңгімен (найзамен) ұрыссын.

2377. Араласқанда балта және қылышпен ұрыс; тіс-тырнақпен жағасынан ұста, жабыс.

2378. Бір-біріңе тіреу бол, жауға арқаңды берме; жауыңды жаншы, олай болмаса, соғысып өл.

2379. Тыңда, жаумен бетпе-бет соғысқан батыр ер не дейді: «сабырлы бол, сабырлы болған жауын жеңеді».

2380. Келін қыздардың қуанышты сәттері неке түндері; ержүрек, қаһарман ерлердің қуанышты сәттері майдан күндері.

2381. Тәкәппар батыр әскерін секіртіп, жылдам жүргізер; саятта лашын құс салғандай қуар, сөйтіп қан төгеді.

2382. Қаһарман жігіт (жекпе-жекте) жауды көрсе шаңын аспанға шығарады; өзі қарсы шауып, басқаларына кезек тимейді.

2383. Шепті көргенде қаһарман ер арыстандай болады; секіртеді, өлдіреді не соғысып өледі.

2384. Жауды көрсе қаһарман ер жүзін қызартар; қарсыласқанда қызыл және қоңырға боянар.

2385. Ат, ер-тоқым және жарақтары қып-қызыл болады; қызыл боп қызарған жүздер боп-боз болады.

2386. Жау саған қарай ат қойып, атылса; сабырлы бол, арқаңды берме, кейін өзі таралады.

2387. Жау қимылдаса, сен де оған сай қимылда; қарап тұрма, әрбір әрекетін бағып, дайындықпен қарсы ал.

2388. Егер жау тұрмай сенен қашса; ізінен жет, тұтқында. Ұстатпаса,

2389. Жауды жеңген батыр ерлер жиналғанда; жау қайт шауып, жеңіп кетеді.

2390. Жау қашса ізіне түс, ұзақ қума; егер кері бұрылса, қаша алмассың.

2391. Үміті үзілсе жау өлімге жүзін бұрар; өлімге бет бұрғанға кім қарсы тұрар.

2392. Әй, ұл, мұндай жерде өзіңді қорға; өзіңді қорға, болмаса жаныңнан түңіл.

2393. Адам осал болса, жәй жүргенде өледі; адам осал болмаса қалағанын табады.

2394. Маған тәжірибелі кісі былай деді; тәжірибелі кісілердің сөзі – сөздің алды.

2395. Жау қашса ізіне түс, ұзақ қума; қарасаң, ұзақ қуушы тоғанша қамшы жеді.

2396. Жау бір таралса, қайта жиналмас; отты су өшірсе, қайта жанбас.

2397. Үмітсіз кісілер өлімді қалайды; өлімді қалаған адам әуелі өлтірер, сосын өзі өлер.

2398. Кім іс бітірсе, оған тез мал-дүние беру керек; мал-дүниемен адам оның жүзін жайнату керек.

2399. Кім бір тұтқын ұстаса оны жақсы көріп, ас-суын беру керек; ас-сумен ол адамның жүрегі жылысын.

2400. Жауыз мақтау көрсе өте жақсы болар еді; өте қатты мақтаса кейін өзі қалады.

2401. Әскерді мақтасаң, қара, қолымен арыстан ұстайды; атты мақтасаң шабады, ұшқан құсқа жетеді.

2402. Жараланғандар бар болса, сен көріп емдет; тұтқын болғандар болса, барып құтқар.

2403. Егер өлгендер болса, арулап көтер; ұл-қызы бар болса, оған қақысын бер.

2404. Әскер мұны көргенде сүйініште болады; соғыста жауы күшті болса да, жанын пида қылады.

2405. Мал-дүниені жылы сөз, күлімдеген жүзіңмен бер; бұл үш нәрсе кісіге ізгі қағида болады.

2406. Тәуелсіз, азат кісілер оған құл болады; ол құл риза қылу үшін жанын қияды.

2407. Әй, Билеуші! Оған ұқсайтын мына сөз бар енді; назар аударсаң, шын айтқанына көзің жетеді.

2408. «Жүзің күлімдеп, жылы сөзбен мал-дүние үлестір; тәуелсіз және азат кісілер бұл үшеуіне қарай ауады.

2409. Сен құлды алтын мен күміспен алма; бұл үш нәрсені құрбан қыл, ол саған барлығын жақындатады.

2410. Әскер бастайтын кісі осындай болу керек; осындай кісі басқарса, әскер өте жақсы болады.

2411. Сен алтын, күміс, мал-дүниені үлестір; сен қаншалықты сом алтын үлестірсең, олар да жанын пида қылады.

2412. Қызметкер бұл үш нәрсе үшін құл болады; бектер мұны ұстану керек, бұл барлық нәрсенің негізі.

2413. Бек (Еліг) осындай әскербасын тапқан болса, мемлекет ісі ілгерілеп, сенімділікке негіз болады.

2414. Әскер бастайтын адам осындай болса, барлық ісі реттеліп, сенімділік келеді.

2415. Іскер уәзір қаласаң, ол былай болу керек; әскербасы қаласаң, мынадай болады.

2416. Оларға бектер сенсе болады; бек оның қалауын, тілеуін тауып береді.

2417. Өгдүлміш тағы да айтты: «Әй, Мемлекет билеуші, бұл екі лауазым – үлкен лауазым, ұлықтардың атауы».

2418. Бірі – уәзір, екіншісі – әскербасы; бірі қылыш, бірі қалам ұстар.

2419. Бұл мемлекеттің заңы мен тізгіні бұл екеуінің қолында; екеуі біріксе, оны кім үзеді?!

2420. Бұлар ерекше таңдаулы кісілер болу керек; егер Елігке қарсы келсе, бастары кетеді.

2421. Пайдалы болса, мемлекетке пайдасы өте көп болады; егер Елігке қарсы келсе, мемлекет, аймақ, қалаға зияны көп.

2422. Бек (Еліг) ізгі әрі халықтың таңдаулысы болғанындай, бұл екі қызметкері де халықтың қалаулысы болу керек.

2423. Бұлардан мемлекетке пайда келеді; бұл пайдамен Еліг де рахат өмір сүреді.

2424. Мемлекет басқарған билеуші не дейді, тыңда; билеушілердің сөзін тапсаң, ас секілді жеу керек.

2425. Қара, мемлекеттерді алушы қылышпен алды; мемлекет билеуші оны қаламмен (білім) ұстап тұрды.

2426. Мемлекетті қылышпен тезірек алуға болғанмен, қалам (білім) болмайынша басқара алмассың.

2427. Қайсібір мемлекет қылыш және күшпен алынар; бірақ одан өш алып, жаншумен көп жылға бармас.

2428. Қандай қала, аймақ қаламмен басқарылса, ол жерде бәрі тілегіне қауышып, нәсібін табады.

2429. Әй, Еліг, менің білгенім осы еді, міне өтінгесін айттым.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

2430. Еліг: «Мұны анықтап ұқтым, тағы бір сөзім бар. Әй, даңқтым!» деді.

2431. Енді маған жақсырақ көріп айт; Ұлық хажып қандай адам болу керек?

2432. Ол хажыптарға басшы (ұлық) болсын; жанашырлығымен Елігке жан пида болсын.

2433. Оған Еліг, өзі және мемлекет сенсін; оларға халық дұға қылсын (тілеулес болсын).

2434. Еліг: «Бұл сөзіме жауап бер, мұны айту арқылы менің көзімді жарқырат» деді.