Таңдау
тТ

Өгдүлміш Елігке Капык Башлар Ер қандай болу керегін айтады

2528. Өгдүлміш: «Әй, мінезі жұмсақ Еліг, тыныштықта аман-есен өмір сүр» деп жауап берді.

2529. Хан сарайының әміршісі өте жанашыр, оған жат-тәнімен адал қызмет ететін болуы керек.

2530. Қараңғы түнін хан сарайында өткізіп, таңын атырсын, жарық күнді сонда батырсын.

2531. Заң мен ережені біліп қызмет қылсын; мінезі, барлық көзқарасы дұрыс болсын.

2532. Дастарханы кең, жомарт болсын, алтын, күміс беріп маңына көп адам жинасын.

2533. Кеш батқанда жатпас бұрын күзетшілерді орнына орналастырсын.

2534. Қайдан келгені белгісіз бейтаныс біреу келсе, сұрақжауап алу керек; оны ұйқысы сергек, ояу біреу күзету керек.

2535. Есіктің бәрін көріп, бекітіп шықсын, оның бүгінгі барша жұмысы түгел болады.

2536. Және ерте тұрып, ісін бастасын; кештен таңға дейінгі күзетшілері орнында тұрсын.

2537. Егер қабылдайтын уақыт болса, Елігке кіріп көрінсін; барша жұмыс тобын (ұжымын) жинап, оларды басқарсын.

2538. Өзі Елігке көрініп шықсын, ұзақ тұрмасын; есікке өзінің орнына кісі қойсын.

2539. Мемлекет қызметкерлері топ болып Елігтің алдына кірерде олардың лайықты және лайықсызын бір көру керек.

2540. Егер қабылдайтын уақыт біткенде өтініш айтушы кісілер қалса, хан сарайының әміршісі оны алып кірсін.

2541. Оның арызын қабылдап, өтінішін орындап; мұқтаж кісілерге көмек берсін.

2542. Оларға Елігтен алтын, күміс және материалдық көмек алып берсін; біріне лауазым, біріне жұмыс алып берсін.

2543. Бірі шын көңілмен жақсы көріп қызмет етеді; қайсыбірі қызмет етпей, босқа жүреді.

2544. Іске жарамдысы қайсы, пайдалысы қайсы? болатыны қайсы, қабілеттісі қайсы?

2545. Оларды Елігке айтып, бір-бірлеп анықтап берсін, лайықтысын жоғарылатсын.

2546. Шығып Елігтің қуанышты жарлықтарын оқып берсін; мемлекет қызметкерлерінің көңілі осылай жылысын.

2547. Хан сарайындағы отыратын және тұратын жерлерге тәртіп орнатсын; тәртіп орнатылсын біреуі бос қалмасын.

2548. Келген бейтаныс және жат кісілерді көрсін; дос, жолдас кісілерді құрметтесін.

2549. Жейтін тамақ, ас кіргенде көзбен көріп тексерсін; жарамсызын көрсе, өзі тыйым салсын.

2550. Шырын шығарда тексеріліп сақталсын; оған жолда ешкімнің қолы тимесін.

2551. Хан сарайынан тамақ, ас шығарсын; оны Елігтен сыбаға ретінде барлығына үлестірілсін.

2552. Іште және сыртта ешкімді құр қалдырмас үшін қанша ас тарату керегін білсін

2553. Екі нәрсе Елігтің абыройын арттырады; Мемлекет туы мен төрдегі дастарханы.

2554. Басқа екі нәрсе де хан сарайының көркі; ол Елігтің даңқын өсіріп, құт-берекеге жол ашады.

2555. Бірі – азат рухты Бас уәзір; бірі – іскер, пайдалы хан сарайының әміршісі.

2556. Бұл екі кісімен хан сарайының ісі реттеледі және Елігтің аты ұлықталып баршаға жайылады.

2557. Ыдысшы, төсекші, асшы және тушыны көз алдында ұстасын.

2558. Құсбегі, аңшы, оқшы және садақшыны әрдайым хан сарайында ұстасын.

2559. Ол жерден шығып, ұжымдастары мен жолдастарын үйіне ертіп барсын; өзімен бірге асын жегізсін,

2560. Жегізсін, ішкізсін, қарнын тойдырсын; құр қайтармасын, өзінде барын берсін.

2561. Өзіне бір ат, тон және қару-жарағы қалса жеткілікті; аз қалса жетеді, қалғанын үлестіріп берсін.

2562. Қызметке жат, бейтаныс кісі келсе, тексеріп алып, оның қонатын жері (отауы) мен көмекші тағайындасын.

2563. Елігтің алдына бармас бұрын оны көрсін; ас-тамағына, орнына, аты мен киіміне назар аударсын.

2564. Сарай қызметкерлерінің қал-жағдайын сұрап тұрсын; аш па, тоқ па, киімі тозбады ма.

2565. Қолы тарылып, мұңайғандар бар ма; мұңайғандарға жарап жатса, қажетін өтесін.

2566. Біреуі сарайға біршама уақыт келмей қалса, сұрасын және не болғанын білсін.

2567. Егер ауырып қалса, жағдайын сұрау керек; жауапсыздық танытса, тыю керек. 2568. Мұның барлығы Елігке жанашырлығы; оның қамын ойлап адал қызмет еткені.

2569. Қызмет қылған және қызметімен Елігке құрметті болған кісі не деген, тыңда.

2570. «Қызметкер Елігке адал қызмет ету керек; адал қызмет етуші жанашыр болу керек».

2571. Шынайы жанашырлықпен және адал қызмет еткен адам биліктің негізін берік қылады.

2572. Шынайы жанашыр қызметші өз пайдасын қаламайды; ол әрдайым ізгілік қалап, Елігтің пайдасын тілейді.

2573. Қыр гүлі пайдалы болса, мен оның құлымын; гүл зиянды болса, оны түбірінен кесермін.

2574. Жаны ашымайтын, пайдасыз ұлдан гөрі, жанашыр қызметкердің пайдасы жоғары.

2575. Пайдасыз, қайырсыз болса туысың болса да таста; қайырлы дос тап, жақсылықта бірге бол.

2576. Хан сарайының әміршісі басшысы жылы сөзді және шырын тілді болсын; көңілін қарапайым ұстасын және жүзі жарқын болсын.

2577. Қатулы жүз, ащы сөз кісінің көңілін суытады; оның зияны өмірде ұмытылмас, көңілде қалады.

2578. Енді бұған ұқсайтын бұл бәйітті оқы; сөзімен бірге мағынасы да ұғылады.

2579. «Адам сөзімен сөгіп, тілімен ашындырса; ол сүйекке сыз, жүрекке от болады».

2580. Ұрған қамшының жарасы жазылар, ізі тез кетер; ал сөккен тілдің ащысы жылдар бойына бітпес.

2581. Егер Еліг сапарға, саятқа, ойынға (ат үстіндегі доп ойыны) немесе елді аралауға аттанса,

2582. Елігті өте сақ күзету керек; қауіп-қатер мен қастандықтың алдын алу керек.

2583. Егер бектерге осындай қатер келсе, ат үстінде, саятта, құс атқанда, сапарда келеді.

2584. Сенімді емес біреу болса, Елігтен алыстату керек; сезікті біреу болса, одан сақтану керек.

2585. Сенімді, шынайы, жақсы көретін, жанашыр кісі Елігке жақын жүрсін, оның басын қорғасын.

2586. Әскербасы Елігтің қорғаныс жасағын басқарғанда; олардың алға шығып кетпеуін және артта қалып қоймауын жіті қарасын.

2587. Кіші лауазымдылар ұлықтар арасына кірмесін; ұзақта және сыртта болуы тиіс кісілер жақын келмесін.

2588. Сарайда тұратын жері, орны қандай болса, қорғаныс жасағы бұл жерде де солай болу керек, әй, Ұлық!

2589. Президент әкімшілігі басшысының жанашырлығы (адалдығы) осылай болу керек, әй, әлемді билеуші жомарт!

2590. Елігтің нанын жеп, ісін істеген адам, хан сарайының (Президент әкімшілігінің) басшысы осындай болу керек!

2591. Міне, мен айттым, Еліг тыңдады; егер таңдаулы адамды қаласа, білімдісін таңдасын.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

2592. Еліг: «мұны анықтап ұқтым, тағы бір сұрағым бар, маған үлгі ретінде айт» деді.

2593. Сенің білетінің күмәнсіз, әлемнің басшылары мемлекетінен бір мемлекетке елші жібереді.

2594. Маған сөз маман ретінде айтып бер. Мемлекеттен мемлекетке елші жіберерде білім бер.

2595. Еліг оған сеніп жіберу және жержүзі оны қабылдау үшін елшілікке қандай адам керек?