Таңдау
тТ

Өгдүлміш Елігке Елшілікке қандай адам керегін айтады

2596. Өгдүлміш жауап берді де: «Еліг бұл мәселеде білімін жақсы жетілдіру керек» деді.

2597. Елшілікке халық арасындағы таңдаулы, білімді, ақылды, таза және жүректі кісі керек.

2598. Тәңрі құлдарының ең таңдаулысы, адамның ең жақсысы – елшілер.

2599. Түрлі-түрлі көптеген істі елшілер реттейді; жақсы нәтижелі істер де елшінің себебінен.

2600. Елші ақылды, сақ және сабырлы болсын; сөзді жори білу (сөз астарын ұғу) үшін білімді болу керек.

2601. Және сөздің ішкі мағынасы мен сыртын білсін; соның нәтижесінде ісін реттеп, оны жүргізсін.

2602. Әлем билеушісі, халықты басқарған, білімді және жақсы адам не дейді, тыңда.

2603. Халықтың таңдаулысы, ақылды әрі білімді адамды елге басшы қыл.

2604. Қайбір істі әуелі ақылға салса, бұл іс жетістікке жетеді, оны тәжірибемнен көп көрдім.

2605. Ғалым қай істе білімін жетілдірсе, оған жетеді. Ұстайды, қолына алады.

2606. Адам ісінде ақылын қолданып, біліммен бастаса, көптеген ісін реттейді, жасайды.

2607. Елші қанағатшыл, көңілі тоқ, елге жанашыр, бүтін қылығы шынайы, әділ және шыншыл болу керек.

2608. Жанашыр адал қызметші Елігтің пайдасын қалайды; Елігтің пайдасын қалаған кісі оны жақсы көреді.

2609. Басшысына пайдалы болғандар адал жанашырлар; адал жанашыр тапсаң, өзің бауырыңа бас.

2610. Жанашыр адал қызметкерді бауырым деп сана; бауырдан да жақынырақ жүрек қан тамырыңдай.

2611. Ашкөз кісінің жаны (құл болар) азат рухты болмас; ондай ашкөздер елшілікке жарамас.

2612. Қанағатшыл кісі кедей болса да, бай саналар; сабыр етсе, әрбір істе нәтижелі болар.

2613. Ашкөз ер тіленші, тіпті жауыз тіленші; кісі тіленшісі бейшаралық.

2614. Көзі тоқ кісі не деген тыңда, көзі тоқ кісі ең бай адам.

2615. Ашкөздік кімді кедей қылса, оны бұл әлемнің байлығы тойдырмас және бай қыла алмас.

2616. Кімді құлқыны құл қылса, оны одан өлім ғана құтқара алады.

2617. Ашкөзге үгіт, насихат берген, білім берген кісі тағы да жақсы айтыпты.

2618. Толық бай болайын десең, күмәнсіз; көңіл байлығын қала, әй, абыройлы жігіт.

2619. Қанша құл болса да, қанағатшыл адам ол – бек; ашкөздің билігінен осы құлдық жақсы.

2620. Қайсыбір бек ашкөз болса, кедей ол, кедей; қайсыбір құл қанағатшыл болса, онда ол көңілі бай бек.

2621. Елші ұяты бар, сабырлы және арлы болу керек; арлылығымен бірге түрлі білімді білсін.

2622. Ұят болмаса адам арсыз болады; ұятымен адам дұрыс әрекет етеді.

2623. Сабыр болса асыл адам атанады; арлы болса мінезі өзін жақсы көргізеді.

2624. Ерде ақылмен қатар білім де болсын, бұл біліммен істе жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

2625. Бұл бәйітті оқы, не деген тыңда; барлық істі біліммен бастап, соған сай әрекет ет.

2626. «Әрбір істі ақылмен аңғар, біліммен біл; күнің құтты болсын, өмірің берекеленсін».

2627. Адам қалауына зеректігімен қол жеткізеді; әуелі білім үйрен, ақылмен ұқ, сосын ісіңді жаса.

2628. Зеректігімен түрлі жазуды білсін; жазу білсе адам зерек болады.

2629. Жазса, оқыса, сөз тыңдаса; одан пікір қорыта білген адам өзі ғалым болады.

2630. Барша, түрлі жақсылықтың бәрін білсе; бұл жақсылықпен жүзі жарық болады.

2631. Көп кітап оқыған және не сөйлейтінін білетін болсын; өлең-жырды түсінуі және өзі де өлең шығаруы керек.

2632. Медицина мен жұлдыз ілімін (астрономия) білсін және түс жори білсе, ол жорыған түс дәл келсе.

2633. Есеп және геометрия білімін білсін; сан мен оның түбірі және жер өлшеу ілімін білсін.

2634. Және нард пен шахмат ойнай білсін; қарсыласын жеңе білсін.

2635. Шөгенге, оқ атуға мықты болсын; әлемде озық құсбегі әрі аңшы болсын.

2636. Сөйлегенде барлық тілді білсін; барлық жазуды білсін әрі жазсын.

2637. Елші осы секілді барлық жақсылықты білетін болу керек, осылайша қалауына қол жеткізеді.

2638. Елші зерек, білімді және ықтиятты болса, барлық жерде жақсы қарсы алады және Еліг үшін пайдалы болады.

2639. Елші жауыз, ешкімге бағынбай босқа жүрген болса, күмәнсіз Елігтің қадірін кетіреді.

2640. Әрбір ісін қауіпсіз істеу үшін елшілікке баратын адам өте жақсы болу керек.

2641. Ол жақсы қасиетінің қайсысын өткізсе де, қарсыласын жеңіп, өзін құрметтетсін.

2642. Ол әртүрлі адамның сөзін тыңдасын; оны ұға білсін, оның айыбын жасыра білсін.

2643. Елші барлық жақсы қасиеттерге ие болсын; Еліг өсіп, аты елде ұлық болады.

2644. Бұл істерді білген көк-айық не дейді, тыңда; мұны ұқпаған адамның ақылы жоқ.

2645. Кімнің жақсы қасиеті болса, оның аты жайылар; егер жақсы қасиеті болмаса, атаусыз қалады.

2646. Кісі жақсы қасиеттерімен адамдардан озар; жақсы қасиеті көп болса, көкке көтерілер.

2647. Елші жақсылықпен қолын созса, биік таулардың басын идіріп, жерге әкеледі.

2648. Сұралған сұраққа дұрыс жауап беруі үшін ол, сөз астарын ұғатын және табан асты жауап беретін тапқыр болуы керек.

2649. Арақ ішпейтін және өзін жақсы ұстай білетін болу керек; өзін ұстай білген адам құт-берекеге жететін күшке ие болады.

2650. Білімді арақ ішсе білімсіз болады; білімсіз есірсе басқа не қалады?

2651. Арақ білім мен ақылдың жауы; арақтың аты ақиқатында төбелес және керіс.

2652. Адам қаншалықты ақылды және білімді болса да, араққа салынса, өз ісін бұзады.

2653. Адам қаншалықты ұятты, нәзік және жақсы мінезді болса да, арақ ішсе мінезі әдепсіз болады.

2654. Әй, жаны таза жан, өкініштісі, адам ұят, түсінік, ақыл және білімін арсыз араққа береді.

2655. Арақ ішпе, арақ ішсең адамның құты қашады; арақ ішкеннің аты ақымақ және жынды болады.

2656. Қарынға шарап кірсе, ішіңнен сөзіңді шығарар; бұл шыққан сөз өзегіңді өртеп жандырады.

2657. Бұл бәйітті айтушы не деген, тыңда; оқысаң іші мен сыртын түсінесің.

2658. Егер есіртуші шарапты ішсең, көңіл сырыңды ашып, ішіңдегіні сыртқа шығарасың.

2659. Білімді арақ ішсе білімсіз болады; білімсіз арақ ішсе кішкентай бала болады.

2660. Елші тілі шешен және көңілі кең болу керек; сөзге шешен және ақылы асқан болу керек.

2661. Тілге шешен кісі қай жерге де сіңімді болады; сөзге ұста адам сөйлесе шаруа шеше алады.

2662. Елші зерделі және сөз ұмытпайтын құймақұлақ болу керек; қандай сөз естісе де, есте сақтап қалсын.

2663. Жүзі сұлу, келбеті көрікті және бойлы; сақал-шашы жинақы және адамдардың ішіндегі бойы жақсырағы.

2664. Өзі мәрт және қайырымы мол болсын; кісінің қадірі бұл екеуімен өлшенеді.

2665. Сөзі жұмсақ, шекердей тәтті болсын; тәтті сөзге ұлықтар мен кішіктер жұмсарады.

2666. Елшінің ісі әрқашан сөзбен болады; сөзі жақсы болса, тілегіне қауышады.

2667. Мемлекет билеушісі, осындай кісі табылса, оған елші лауазымын берсін.

2668. Ұзақтағы жат-бейтаныс немесе жақындағы өз адамдарына оны елші ретінде жіберсін.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

2669. Еліг: «есіттім, ұқтым мұны, тағы бір сөзім бар айтып бер маған» деді.

2670. Сен маған тағы да сөз айт; менен саған сөздің хақысы өтеледі.

2671. Әй, зерек кісі, хатшы қандай болу керек, Еліг оған сеніп, жазбасын жаздырсын?