Таңдау
тТ

Өгдүлміш Елігке хатшы қандай болу керегін айтады

2672. Өгдүлміш жауап берді де: «Еліг бұл мәселеде жақсырақ білу керек» деді.

2673. Өгдүлміш: «әй, Бек, бұл сөзді көңілге түйгенімдей жеткізейін» деп өтінді.

2674. Бектер өзі қанша білім білсе де, сөзін жазатын хатшы керек.

2675. Хатшыға ішкі сырды айту керек; аз не көп болсын хатшы оны сақтау керек.

2676. Бұл сырды сақтау үшін ол шыншыл болу керек; дінге берік, иманы кәміл болу керек.

2677. Егер хатшы сөзді құпия сақтамаса, бектің сыры ашылар, өзегін өртер.

2678. Бек (Еліг) сырын қанша жерден құпия ұстаса да, мына екі кісіге айтуға мәжбүр.

2679. Бірі – хатшы, бірі – уәзір; бұл екі кісі бектің сырын ашпауы керек.

2680. Бұл екі кісіге сырды ашу керек; олар сырды жарияласа ренжу керек.

2681. Барлығы осы екі кісіде болады; бұлар сырды сақтамаса, өз ісін өзі бұзады.

2682. Өтүкен бегі өте жақсы айтыпты; сөздердің ең жақсысын саған тілімен жеткізіпті.

2683. «Әй, бектердің сеніміне кірген адам, сырды (мемлекеттік құпияны) берік сақта; сырды сақтамасаң, дереу басың кетер».

2684. Бұл ауыздың мысалы үңгір секілді; ол жерден сөз шықса, азанғы таң секілді жайылады.

2685. Әлемге жайылды, қайта жиналмас; оны бүкіл халық есітті, ол жасырылмас.

2686. Ауыздан кейде от, кейде су шығады; бірі істі реттейді, бірі бүлдіреді.

2687. Керексіз сөз от секілді күйдіреді; оны аузыңнан шығарма, өзің күйесің.

2688. Жақсы сөз тілден су секілді ағады; қайда ақса, гүл өніп шығады.

2689. Әй, данышпан, ғұлама атанған адам, көңіл сырын (мемлекет құпиясын) өте қатты сақтау керек.

2690. Мына бәйітті оқы, не деген, тыңда; әй, көңілімді өсіруші, көңіл сырын (мемлекет құпиясын) жасыр.

2691. «Көңілдің сырын (мемлекет құпиясын) берік ұстау керек, сен оны айтпа; егер айтқан болсаң, өмірің өкінішпен өтеді».

2692. Қызыл тіл қара басқа жауласқан дұшпан; оны жауласқан дұшпан деп біліп, рахат өмір сүр.

2693. Хатшы білімді және ақылды болу керек; хатқа жүйрік, ділмар және одан да жақсырақ болу керек.

2694. Хаттың сөзі шебер жазылса, көңіл жібиді; оны көргенде оқығысы келер және көңілі жұбанады.

2695. Хаттың мәтіні егер ділмарлықпен жазылса, жазылған мәтіннің тілі өте жақсы болғаны.

2696. Іле өлкесінің хатшысы не деген, тыңда; жазба тілдің стилі – өте жақсы стил.

2697. «Барлық жақсы сөздер хатшыдан табылады, жазылған сөз ұмытылмастан қалады.

2698. Жазатындар кітаптарын жазбаған болса, бұл даналық пен білімді қалай білер едік.

2699. Данышпандар мен ғұламалар жазып қоймаған болса, бізден бұрынғыларды кім айтатын еді.

2700. Адамдар арасында жазу жоқ болса, тілмен айтқанға кім сенетін еді.

2701. Адам елден елге хабар жібереді; хатқа жазылмаса сөз неше мәрте сөйленеді (түрленеді).

2702. Жазу өте қатты керек; бектер мемлекет ісін жазумен басқарады».

2703. Мемлекет қызметкерлеріне мына үш түрлі кісі пайдалы, әй елдің басшысы!

2704. Бірі – білімді, ақылды және дана кісі; тағы бірі – сыр аманат етілген хатшы.

2705. Үшіншісі – батыр, мәрт және ержүрек адам; жауға және бөріге қарсы осындай батырлар керек.

2706. Түсінігі мол, білімді, ақылды және дана кісілер кеңесу үшін пайдалы, оған сөз жоқ.

2707. Бүкіл мемлекеттің барлық ісін реттеген жазу; зерек адам мемлекетінің келешегін жазумен қалдырады.

2708. Батыр адамдар қылыш алып, оны қолданып жауының басын идірер, жаралайды.

2709. Бұл үш түрлі адам қай жерде жұмылып біріксе, барлық арманына жетіп, тілегенін табады.

2710. Бұлардан кейінгі бір қауым қалың жұрт, бұл үшеуіне ұйып, ізінен баратын боталар.

2711. Егер мемлекеттерді жаулап алу керек болса, қылышпен алынар; ал мемлекетті басқару қаламмен (біліммен) басқарылады.

2712. Адам білім және ақылымен мемлекетті басқарады; бұл үш нәрсемен адам әлемді тазалайды (әділдік орнатады).

2713. Билеуші мемлекет пен заңды біліммен бастайды; барлық істі ақылмен істейді.

2714. Қылыш мемлекеттерді жаулап алар, халық жеңіске жетеді; қалам мемлекетті реттеп, қазынаны толтырады.

2715. Қылыш хан тамызса, билеушілер мемлекеттерді жаулап алар; қаламнан сия тамса, алтын келеді.

2716. Өткен заман мен келер келешектің бұл дүнияның бізге беретін екі нәрсесі бар.

2717. Әй, билеуші, бұл екі нәрсе үлкен жақсылық; данышпан билеуші мұны жол (дәстүр) ретінде ұстансын.

2718. Енді бұған ұқсайтын бір сөз бар; әй, әзгі адам, сен мұны тыңда.

2719. Адамның білімді болуы өте жақсы артықшылық; адамның қылыш қолдана білуі одан да артық жақсылық.

2720. Таңдаулы және жақсы бір мемлекеттер қылышпен жаулап алынады; қаламмен басқарылады, барлығы арманына жетеді.

2721. Хатшы ашкөз және тіленші болмауы керек; шыншыл, адал жанашыр және жан дүниесі кең болу керек.

2722. Көзі тоқ (ашкөз емес) кісі мал-дүниеге сұқтанбас; ондай кісі мал-дүниеге алданбас.

2723. Кісі тіленші болса, құлқынның құлы болады; әй, толған айдай көріктім, сен оны мал-дүниемен жарылқа.

2724. Тіленші қанша жерден бек болса да, құл болады; мемлекетте, кісілер арасында ол әрдайым.

2725. Хатшы қанағатсыз болса, білімін бұзық жолға қолданады; ындыны үшін жазады және жазбаны бұрмалайды.

2726. Ол алтын-күміс көрсе алданады; иесінің басын жұтады не өзі басынан айрылады.

2727. Адал қызметкер есікті жастық секілді жастанады; іздеген уақытта әрдайым хан сарайында тұрады.

2728. Адал қызметкер бегінің (Елігтің) пайдасын қалайды; жанын, тәнін және малын бегіне (Елігке) арнайды.

2729. Хатшы арақ ішпейді және арлы мінезді болу керек; адамға жат мінезді бойынан алыстатып, ары таза болады.

2730. Хатшы арақ ішсе, білімнен ұзақтайды; білімнен алыстаған жазудан адасады.

2731. Хатшы ертелі-кеш сарайды тұру керек; қай уақытта керек болса, сол кезде дайын болу керек.

2732. Адамдар арасынан мына екі кісіні таңда; оларға мына екі істі тапсыр.

2733. Бірі – хат жазуды білген хатшы; бірі – шешен тілді елші.

2734. Жақын-жуықтар немесе жат-бейтаныстар арасында өкпе, дау шықса осылардан кесірінен.

2735. Басыңа жаман іс түссе, осы екі кісіден; ісің реттелсе де, осы екі кісіден.

2736. Бірі жазуда сөзден жаңылса, бірі сөзді тілімен түзеу керек.

2737. Әй, Еліг, хатшы осындай болу керек; оған сеніп, қол беруге болады.

2738. Осындай кісіге сенсе болады; адамгершілік қаласаң одан келеді.

2739. Әй, Еліг, менің білгенім осы еді, Елігке айттым, жұмысым бітті.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

2740. Еліг: «бұл ақылыңды ұқтым, тағы бір сұрағым бар, оны бүгін айт» деді.

2741. Маған айт, қазынашы қандай болу керек, оған бектер сеніп, мал-дүниені тапсырса.

2742. Қазына қордағы алтын мен күмісті ұстасын, ол адам жұмысты айтқанымдай нәтижелі жасасын.