Таңдау
тТ

Өгдүлміш Елігке қазынашы қандай адам болу керегін айтады

2743. Өгдүлміш жауап берді де: «әй, мемлекет билеуші, алтын мен күміс жақсы дүние әрі жанның емі» деді.

2744. Құпияны жаймай, оны сақтай білу үшін қазынашы өте шыншыл, сенімді, жақсы және тура (әділ) болу керек.

2745. Әлемді кезіп, мал-дүниеге ие болған саудагерлердің басшысы не деген, тыңда.

2746. «Жан – тәтті нәрсе, жаннан да артығырақ сүйікті нәрсе алтын мен күміс; ол жаннан да артық жақсырақ көріледі.

2747. Бұзылған көңілді күміс қалпына келтіреді; иілмеген кісіні күміс иілдіреді.

2748. Адам күміс көргенде көңілін бұрмаса, шынымен оны періште десе жарасады.

2749. Алтын көргенде ержүрек адамның өзі жұмсарды; дөрекі сөзді адамның да сөзі жұмсарды».

2750. Байлығы артып, құты тасуы үшін қанағатшыл, көзқарасы мен әрекеті сенімді дұрыс болу керек.

2751. Көп мал-дүние көрген, көзі тойған болсын; және Алладан жүрегімен қорқатын болсын.

2752. Адал мен арамның аражігін айыра білсін; жарамды мен жарамсызды таңдай білсін.

2753. Қанағатшыл кісілер байлығыңа құнықпас; шыншыл және тура кісілер өз жанын ғана ойламас.

2754. Кішкентайынан алтын, күміс көрген кісілер ашкөздікке көп ұрынбас.

2755. Егер өзі Алладан қорықса; күмәнсіз бұл ер тура жолды ұстайды.

2756. Әділдік ол құнды капитал, барлық ізгілік оның пайдасы; бұл пайдамен адам мәңгілік бақыт табады.

2757. Адам әділ болса, күні (өмірі) ізгілікке толы болады; өмірі ізгілікке толы болса, құт-берекесі мәңгі болады.

2758. Шын жанашыр не дейді, тыңда; әй, әлемнің негізі, бұл сөзге сай әрекет ет.

2759. Ойың мен сөзің тура, әрекетің сенімді болсын; дүниенің бүкіл бақыты саған келеді.

2760. Әділ болсаң, өмірің берекеленеді; құт пен қуаныш ішінде сау-саламат өмір сүр.

2761. Қазынашы жанашыр, ықтиятты, сақ және зерек болу керек; адам зеректігімен мыңдаған іс реттейді.

2762. Ұяты бар, ақылды және түсінігі мол болу керек; ұятсыз кісіден жырақ тұр, одан түңіл.

2763. Ұят – адамды жараспайтын істерден тиюшы; ұят – мінезі бұзық кісіні жөнге салушы.

2764. Қазынашы арақ ішпейтін және нәпсіге ермейтін болсын; нәпсіге ермей, өзін ұстай білген адам құт-береке табады.

2765. Арақ ішсе мал-дүниемен жомарттық қылады; қазынаны адамдарға үлестірер, ақысын алмайды.

2766. Бұл іске қазынашы сараңдау болғаны жақсырақ; сараңдықпен мал-дүниені сақтайды.

2767. Жанашыр қызметкер адал болады; адал қызметкер бегін бай қылады.

2768. Адамдардың таңдаулысы – жанашыр кісі; жанашырды жіберме, ұста, әй, елдің қалаулысы!

2769. Қазынашы ықтиятты болса, ісі бұзылмас; қазынаны есеппен ұстайды әрі өзін отқа итермес.

2770. Ақылы болса адам ештеңені ұмытпайды; санап есептеп, сақтанып істейді, жаңылыспайды.

2771. Ақылсыз кісі көрсең, ұмытады; ақылсыз қазынашы өз ісін бұзады.

2772. Түрлі есепті жүргізу үшін зеректік керек; егер зеректік болмаса, қазынашы есебін шатастырады.

2773. Барлық жазбаны оқып, оны жаза алатын өз ісінің маманы керек; есебін жазып сақтаса қалады.

2774. Есепші барлық кіріс пен шығысты жазу керек; және барлық мәлімет жазылып сақталу керек.

2775. Жыл, ай және күні жазылып, уақыты белгілі болсын; саны, айырмасы ашық белгілі болар.

2776. Есептің сақтығы, күмәнсіз жазылып сақталғанда сенімді; жазылып қойса, есеп шығар жолға есік ашады.

2777. Жанашыр кісі не деген, тыңда; қызметкер әр ісінің есебін берік ұстасын.

2778. Жазылып сақталмаған іс ойда берік сақталмас; ойыңа сенбе, жаз, әй, ұл!

2779. Сөз жазылса қалады, салғырттық танытса кетеді; қызметкер осал болса, есеп берерде ұлып (өкініп) қалады.

2780. Қазынашы барлық есеп жазбаларды білетін болсын; оны сақтап, ісін жүргізсін.

2781. Қайсыбір қызметкер есепте салғырттық танытса, есеп бергенінде өкінеді және басын жарға ұрады.

2782. Төрт амалды ойша есептеуді артығымен жетік білсін; ақыл мен миын есеп шығарумен пісірсін.

2783. Төрт амалды ойша есептеуден өтерсің сен; кейін геометрия есебін қолға алуың керек.

2784. Назар аударсаң, геометрия нәзік есеп; мұнымен жер және көкті есептеуге болады.

2785. Данышпан ғалым не дейді, тыңда; білімдінің сөзі ас секілді желінеді.

2786. Геометрия – өте терең есеп; ол тіпті ғалымдардың да басын айналдырады.

2787. Бұл жеті қат көкті бір үйдей бөліп көрсетеді; жер жүзіндегі тауларды (төбелерді) түйір-түйір қылып, айыра біледі.

2788. Білімді, ақылды мінез-құлқы түзу болу керек; ақылды кісілердің барлық ісі кәсіби болады.

2789. Білімді кісілер шыншыл, әділ болады; әділдік қайда болса, күн жарық болады.

2790. Ақыл болмаса, адам өзін ұстай алмас; білім болмаса, адам ісін реттей алмас.

2791. Қазынашының ісі сарай ішінде болады; Елігке жақын жерде жүрген кісі өзіне өте сақ болсын.

2792. Оған оттың жалыны, түтіні тимес үшін ойы мен сөзін тура ұстап, мінезі мен әрекетіне абай болсын.

2793. Көзі жалтақтамасын (қатты сақтансын), тіліне абай болсын; тілегі мен қалауын ақылымен ауыздықтасын.

2794. Көздің көргенін көңіл қалайды; көңілдің қалауына кім қарсы тұрады?!

2795. Көңіл – бойдан жеті қат жоғары би; би бастаса, артынан халық түгел жүгіреді.

2796. Білімді сөзін өте жақсы айтыпты; әй, жігіт, көзің мен көңіліңе абай бол.

2797. Тән мен жан жеті бой жоғары көңілге бағынады; оған адам көңілімен ауыр жүк артады.

2798. Сезімсіз кісі құр қалып пен жүректен құралған; сезімсіз кісі ғалым атын жояды.

2799. Қазынаның мал-мүлкі босқа шашылмау үшін қазынашы ұқыпты, сақ әрі сараңдау болу керек.

2800. Жомарттық өте жақсы, оны қоюға болмайды; бірақ кісі мүлкінен жомарттық болмайды.

2801. Қазынашы барлық сауданы білетін бизнесмен болу керек; сауда білмесе адам пайда таба алмайды.

2802. Барлық тауар мен заттарды білу керек; қымбаты мен арзанын тану керек.

2803. Заттардың құнын білсін, алданбасын; саудада, айырбаста желінбесін.

2804. Алғанда, бергенде қарым-қатынасы сыпайы болсын; үлкенге, кішіге жылы сөз сөйлесін.

2805. Қарызға алған затын тез қайтарса; оған да сұраған затын тез берер.

2806. Саудада сыпайы, мінез-құлқы дұрыс болсын; қажетті күні оған мал-дүние аз болмас.

2807. Егер бектер әскерге ас берсе, бетіне келместен, оны болдырмай берсін.

2808. Мемлекет қызметкері асты тыйса, әскердің көңілі қалады; әскердің көңілі сынса, бектің атына кір келеді.

2809. Жомарттың жомарты не деген, тыңда; оны есіңе сақта, әй, сараң кісі.

2810. «Сүйкімдіні сүйкімсіз қылайын десең, сұраған нәрсесін тыйсын және бермесін.

2811. Берілмейтін нәрсені уәде етпесін; сөз берілген болса, оны тыймағын.

2812. Бектер сөзінде тұрмаса, үмітті жояды; үміт кеткен болса, мал-дүние де кетеді.

2813. Қазынашы қырағы және өте сақ болу керек, жолынан жаңылғандар керек емес; қызметкер жолынан жаңылған болса, жұмысы артта қалады.

2814. Билеушілерге қызметкерлердің барлығы қызмет етеді; қиналып келіп, сарай қызметін алды.

2815. Қолдың тарлығынан қызметкер қиналса, бегі (басшысы) есітігенде жарлығын шығарып, асын берсін.

2816. Қазынашы істі созып, мал-дүние бермесе, қиналған қызметкер кейін түңіледі.

2817. Кісі өз қажетін керегінде тапса, қоқыс болса да, пілмен тең болады.

2818. Самайы ағарған кісі не деген, тыңда; әй, қаһарман, мұқтаждың мұқтаждығын өте.

2819. Қалаған мал-дүниесін қалаған уақытында тапса, оған жауап ретінде жанын пида қылар.

2820. Керек уақытында бір қоқыс пілдей болады; барлық нәрсе осы секілді.

2821. Енді Еліг осындай ақылды, білімді, ұяты бар және ары таза кісі тапсаң,

2822. Оған қазына мен мүлікті берсе болады; сенім артып, хақысын өтесе жарасады.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

2823. Еліг: «Ұқтым, менің көзімді аштың. Тағы бір сөзім бар, оны да айтып бер» деді.

2824. Бұл аспаз ыдыс-аяқ пен дастарханды басқарады; ас дайындаушы қандай болу керек?

2825. Еліг (бек) оның дайындаған асын күмәнданбастан жесін, бек оған сеніп, басын қорғасын.

2826. Әй, данышпан, күмәнді адамнан жесе, ішетін, жейтін ас өте қауіпті болады.

2827. Енді маған осыны айтып бер; әй, мәрт қаһарман, мұны білейін, ұғайын.