Таңдау
тТ

Өгдүлміш Елігке Бас аспаз, хан салар қандай болу керегін айтады

2828. Өгдүлміш: «Еліг, бұл іске сенімді және ары таза адам керек» деп жауап берді.

2829. Кісінің таңдаулысы, әділ және шыншыл кісі керек; ас-су ісін оған бөліп беру керек.

2830. Бұл іске өте шыншыл, сенімді адам ізде; жаны ашитын, адал қызмет ететін және ұяты бар болсын.

2831. Жанашыр, адал қызметші, сенімді және шыншыл кісі бегі (Еліг) үшін басын, жаны мен тәнін пида қылады.

2832. Билеушілерге барлық қатер тамағынан болады; аспаз жұмысын жасаса, оны кім азғырады?!

2833. Билеушілер барлық жерде өзіне абай болу керек; ішкенде, жегенде көзін ашып, сақтану керек.

2834. Халықты басқарған адамның мың жауы болады; кімнің жауы болса, жаюлы торы болады.

2835. Бас аспаз сенімді, шыншыл және пісіп жетілген болмаса, ас жегенде бектердің жағдайы қатерде болады.

2836. Ол үшін тәжірибесі мол және еңбегі сіңген аспаз керек; бегіне адалдық танытып асын дәмді қылып, уақытында берсін.

2837. Қамқорлығын аямаған бек (Еліг ) ұзақ уақыт қызмет еткен және көп еңбегі сіңген кісіге сенсе болады.

2838. Ақылына сипаты сай, адамдардың жақсысы не деген, тыңда;

2839. Қай нәрсеге көп еңбек сіңсе, ол нәрсе барлығынан қадірлі және сүйкімді болады.

2840. Адам қай нәрсеге өмірін арнаса, ол нәрсе сүйікімді, жанындай қадірлі болады.

2841. Өмір опасыз жалған, еңбек жаман емес, еңбекке арналмаған өмір жаман.

2842. Өмір өте береді, адам ашынғанын айтпас; еңбек босқа кетсе, өмір бойы ішің ашиды.

2843. Бас аспаз ашкөз емес, көңілі бай болу керек; таза болғаны секілді жүзі, киімі де айдай болу керек.

2844. Құдайдан қорқатын, дін мен шариғатты білетін болсын; осындай кісіде туралық болады.

2845. Бектердің жүрегі және табиғаты таза болды; ас таза болмаса, қалай тәбетпен жейсің?

2846. Бас аспаз таза болса, таза ас берер; ас-су таза болса, сүйсіне жақсырақ жейді.

2847. Ашкөз кісі асқа сұғанақтық қылады; қолы асқа тиер және тамақ бұзылады.

2848. Ашкөз кісінің мінезі жаман болады; жаман мінез адамға жараспайтын ауру.

2849. Қанша жерден сенімді, шыншыл және әділ адам тапсаң да; сен үшін шынайы және сенімді өзіңсің, біл мұны!

2850. Шыншыл және пісіп жетілген барлық кісіге сеніммен қара; бірақ өзің де барынша абай бол, бас амандығын ойла.

2851. Енді бұған ұқсас бір сөз бар; әй, ізгі жан, мұны ұмытпа.

2852. Барлығына сеніммен қара, бірақ өзің де сақтан; өзіңе шын жанашыр өзіңнің көзің.

2853. Барлығынан қадірлі – сенің әзіз жаның; әзіз жаныңды қорға, сөздің қысқасы.

2854. Бас аспаз жүзі, киім киісі көрікті, мінезі дұрыс, сақал-шашы жинақы, бойлы, көңілі мен сөзі түзу болсын.

2855. Осындай көрікті кісі көзге таза көрінеді; ас таза болмаса, тамақтан өтпейді.

2856. Бір Алла тазалықты сүйеді; тазалықпен адам жақсы атқа ие болады.

2857. Тазалықты барша адам қалайды; ас-су таза болса, адам да қажет етеді.

2858. Таза емес кісіні асқа жақындатпа; таза емес кісінің ісі де таза емес.

2859. Бас аспаздың мінезі тура, сенімді және шынайы; туралық болмаса, адамның әрекеті түзелмес.

2860. Егер бас аспаз қисық болса, оның көмекшілері де қисық болады.

2861. Қалың жаман топтанса, ас ұрлайды; сонда бек (Еліг) дастарханының сәні қашан кіреді?!

2862. Адамға туралық, ізгі әрекет керек; оны тапса, қалаған қуанышына қауышады.

2863. Әрекеті тура адам не деген, тыңда; мінезі тура болса, адам әлемнің бар нығыметін жейді.

2864. Әділ адам қайда болса да, күні құтты болады; әділдікпен жүрген адамның күні түнге айналмас.

2865. Қиянат қай жерге аяқ басса, пайда беретін барлық нәрсе ол жерден өте жыраққа қашады.

2866. Қиянатшыл кісі қай жерге қол созса, теңіз болса да, суын құрғатады.

2867. Бас аспаз адал және бегін (Елігті) өте жақсы көретін болу керек; нәпсісіне ермейтін, ұяты бар адам болу керек.

2868. Ақылды және білімді болу керек; ас уақыты болғанда жылдам қимылдау керек.

2869. Заңға сәйкес әрекет етіп, қызмет қылсын; кіріп-шыққанда алдына қарасын.

2870. Ақылын жұмыс істетіп, өзіне абай болсын; білімін жұмыс істетіп, көзін тыйсын.

2871. Жақсы атты болуын қалап, бегіне (Елігке) пайдалы болсын; ол жақсы атымен оның аты да мәңгі қалады.

2872. Ақылды кісілер жақсы ат қалайды; білімді кісілер сенімге лайық болады.

2873. Ақылды кісіден адамгершілік келеді; білімді кісілер адамның адамы.

2874. Ақылды кісі не деген, тыңда; адамдардың озығы ақылды кісілер.

2875. Ақылды, опалы кісі адамдардың асылы; ол басқалар үшін өзін пида етер.

2876. Таза емес, қиянатшыл мінезі жаман біреу егер сөз берсе, сөзінен тайқиды.

2877. Әй, Еліг, міне баяндадым, бас аспаз осындай адам болу керек.

2878. Осындай адам асханаға кіріп, ыдыс-аяғыңды басқарса, одан бегі (Еліг) күмәнданбай асын жесін.

2879. Әй, Еліг, менің білетінім осылар; көкейімдегілерді айтып бердім.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

2880. Еліг: «Мұны тыңдадым, ұқтым. Тағы бір сөзім бар, оны айтып бер» деді.

2881. Енді маған ыдыс басшысын айт, сусын жасау ісіне қандай адам керек?

2882. Бект (Еліг) оған илансын және шын жүректен сеніп сусынан алып ішсін.