Таңдау
тТ

Өгдүлміш Елігке ыдыс басшысы қандай болу керегін айтады

2883. Өгдүлміш жауап берді де: «Елігтің бұл туралы ойлауы өте жақсы» деді.

2884. Өзіңнің бөлең және көп жыл тәжірибеден өткені керек; нәпсісіне ермейтін және тура жолда жүрген болсын.

2885. Сенімді, шынайы, адал, ашкөз емес, көңілі тоқ; мінезі де атқан оқтай тура болсын.

2886. Ыдысыңды ұстаушы сондай болсын; ісіңе жарайтын және қабілеті жетілген.

2887. Барлық түрлі дәрілік шөптерді ыдысшы ұстайды; ас қорытатын, күш беретін және іш айдайтын.

2888. Жейтін, жалайтын, ішетін және қалаған көптеген түрлі дәрілер онда болады.

2889. Кепкен және жас жеміс немесе ішетін сусын, шарап; тамақтан өтетіннің бәрі содан келеді.

2890. Барша бекке (билеушілерге) қатер тамағынан болады; тамақтың дәмі аспаз бен ыдысшының қолында.

2891. Бұл аспаз бен ыдысшы сенімді болмаса, бек (Еліг) ішіп-жеу үшін көп күш сарп етеді.

2892. Данышпан, білімді кісі не деген, тыңда; тамаққа өте абай бол және ақырын же!

2893. «Тамағына абай болса, басыңның пайдасы; асты аз жесе, ауызға дәмді болады».

2894. Көп адам көрдім, тамағына абай болмағаны үшін басы кетті, өміріне зиян қылды.

2895. Адамға ауру мен кесел тамағынан кіреді; оның емі мен дәрісі де тамағынан кірер.

2896. Ақылды және білімді көп білетін болу керек; ақылды кісіден адамгершілік келеді.

2897. Ақылды кісі жаманмен араласпас; білімдінің ісі сенімді және шынайы болады.

2898. Әділ болмаса, оның негізі күйген болады; адам дұрыс әрекет етпесе, құл болады.

2899. Әй, қаһарман Елігім, ісіңді туралықпен қыл; әділдіктен басқа ешнәрсе жоқ.

2900. Ыдыс басшысы өте талғампаз адам болу керек; ойын, ақылын және жүрегін туралықта ұстасын.

2901. Барлық жұмысын туралықпен жасасын; пайдасыз және жамандарды өзіне жақындатпасын.

2902. Сусындарды көріп, өз қолымен араластырсын; өзі мөр-таңбасын басып, өзі сақтап қойсын.

2903. Ішетін және жейтіндерге араластырылған барлық шөптерді өз қолымен араластырсын және таза ұстасын.

2904. Кепкен және жас жеміс, гүл араласқан бал, гүл шырыны; барлық сусындарды өзі дайындап, өзі сақтап ұстау керек.

2905. Адалдық, жанашырлық және жақсы көргенін Елігтің сусынын күзетіп, хақысын өтесін.

2906. Осылайша Елігке еңбегі сіңеді және ол сіңген еңбек – қызметшісінің пайдасы.

2907. Қай нәрсеге кісінің еңбегі сіңсе, міне, оның жаны сол нәрсеге байланған.

2908. Арлы адам бұған ұқсас сөз айтыпты; арлылардың сөзі барлығына білім.

2909. «Қай нәрсеге кісінің еңбегі сіңсе, ол жанындай тәтті, сүйкімді болды.

2910. Кісі өмір бойы еңбек сіңірсе, оны жақсы көрсе және оған ол іс жүктелсе, бейнеті жүктеледі.

2911. Осындай ыдыс басшысы табылса, оған ыдыс жұмыстарын беруге болады.

2912. Бұл іске осындай таза адам керек; оның қызметінің жақсылығынан жүрек қуансын.

2913. Оның басқа көмекшілерінің барлығы жас және көркі сұлу болу керек.

2914. Сақалы әлі шығып үлгермеген жалын жүзді оғлан, жүзі толған айдай; бойы талдай, шашы қара, өзі мүсіндей.

2915. Белі жіңішке, жауырыны кең болсын; өңі (тәні) аққұба және жүзінде ұяты (қызылы) бар болсын.

2916. Жасыл, көк, сары, алқызыл және алтын не күміспен күптелген киім киіп, асты көтеріп жүрсе жарасады.

2917. Сусын қыл, жүн және қоқыстан таза болу үшін ыдысшы таза және сақалсыз (көсе) болу керек.

2918. Ыдыста қыл-қыбыр болса, жарамсыз болады; қыл-қыбыр тамаққа, сусынға түссе, тәбетті кетіреді.

2919. Білім беруші: «ыдыс тасушы сақалсыз (көсе) болу керек» деп айтыпты.

2920. Ыдыс тасушы таза және жүзі көркем болсын; сусын тәбетпен ішіледі, сіңімді болады.

2921. Көрікті, қылығы нәзік кісі не ұсынса да жарасады; қара, жаның оның көзінен үлгі алады.

2922. Бәйіт айтушы не деген, тыңда; әй, білуші, сен мұны тыңда.

2923. Жүзі, көркі көрікті және қылығы нәзік болсын; ол не ұсынса да, ол дәмді болады.

2924. Қарны аш адамға оның жүзін көрсе тояды; сусағанда көріп шөлің қанады.

2925. Ыдыс басшысы міне, осындай болсын; ыдыс тасушылар да мынадай болсын.

2926. Билеушілер сеніп, оларға илансын; дұрыс, шыншыл деп, жақын тартса болады.

2927. Әй, Еліг, мына бірқанша жұмысқа адал, ашкөз емес, ұяты бар, таңдаулы кісі ізде.

2928. Бірі – елші, бірі – хатшы; тағы бірі – ыдысшы, қара, бірі – аспаз.

2929. Бұлардың әрбірін өте жақсы таңда; егер сай келмейтін бірін таңдасаң, ертең өкінбе.

2930. Егер елші мен хатшы жаман болса; әй, зерек адам, оның зияны мемлекетке тиеді.

2931. Егер ыдысшы мен аспаз жаман болса, ол өміріңнің негізі болған жаныңа зиян.

2932. Әй, Еліг, мына бірқанша кісіні жақсылап таңдауға күш сал және оларға жұмыс тапсыр.

2933. Өгдүлміш және де: «Әй, мемлекет басшысы, бектердің ісі секілді аты да үлкен болды» деді.

2934. Үлкен істердің әртүрлі бас ауруы (қиындығы) болады; қиындықты (бас ауыруын) реттемесе, билік құриды.

2935. Ақылман кеңесші не деген, тыңда; кеңесте бегіне ақылын үйіп төгеді.

2936. Әй, бек, рахат іздеме, еңбегіңді сіңір, рахат пен еңбек бірге болады.

2937. Бек (Еліг) еңбек сіңіріп, мемлекетті дамытса, халық тез байиды; халық байыса, бектің қалауы болады.

2938. Әй, рахат өмір сүруші, оған көп сүйінбе; соңында рахатқа бейнет ұласады.

2939. Әй, қаһарман батыр, аспаз, ыдысшы саған қаншама сенімді болса да,

2940. оларға қарағанда, өзіңе өзің адал жанашырсың; сөздің қысқасы, басқасы сен бола алмас.

2941. Бұйрық беруші ақылман не дейді, тыңда; сен оны ұмытпа, жаз және оқып жүр.

2942. «Іздедім, әзіз жаным үшін өзімнен басқа сенімді ешкім таппадым».

2943. Күш сал, абай бол, қатты ұстан оны; егер кетсе, сенім күтпе.

2944. Әй, мемлекет билеуші, сұрақтарыңа жауап бердім; қандай болу керегін, емі мен дауасын айттым.

2945. Осындай кісілермен бірге билеушілер өседі; дұшпанының басын идіріп, абырой-даңқы жайылады.

2946. Мұны сізге ашықтап баяндадым; ескеретін тағы бір басқа сөзім бар.

2947. Еліг тыңдайтын болса, оны айтайын; жоқ олай болмаса, оны өзімде сақтайын.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

2948. Еліг жауап берді де: «Әй, данышпан, айтқың келген сөз не, айт маған» деді.

2949. Сенен барлық сөзді тыңдау керек; сен білім теңізі және ақыл дариясысың.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

2950. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, Еліг, түрлі білім мемлекетке билеушіден келеді» деді.

2951. Мемлекет қызметкерлерінің жолын және олардың билеушіге қалай қызмет ету керегін айттым Елігке айттым.

2952. Бектер де қызметкерлеріне және көп жылдар өзіне қызмет еткендерге қалай жақсылық жасау керегін білуі тиіс.

2953. Қызметкерлердің мойнында бектердің қаншама хақысы бар да, бектердің мойнында қызметкерлердің хақысы жоқ па, сонда?

2954. Егер қызметкерлер бегінің алдында хақысын өтесе; қызметіне қарай, олардың да хақысын бектер беруі тиіс.

2955. Мемлекеттік қызметшілер мал-дүние үшін қызмет қылса; егер мал-дүниесін ала алмаса, еңбегіне қиянат болады.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

2956. Еліг: «Кәне, маған ашықтап, жеке-жеке баянда, қызметкердің хақысы қандай?» деді.