Таңдау
тТ

Өгдүлміш Елігке билеушінің мойнындағы қызметкерлердің хақысы қандай болатынын айтады

2957. Өгдүлміш: «Бектердің мойнында қызметкерлердің және әлі қызметін бастамас бұрын алатын да алашағы бар» деді.

2958. Ең әуелі жейтін және ішетін нәрселерін беру керек; ол қызмет ету үшін жағдайын реттеп дайындалу керек.

2959. Қызмет ету – бейнетті және ауыр іс; бектер мұны түсінсе, қызметкерлер бар күшін салады.

2960. Қызметкер жанын, тәнін, өзін пида етеді; құлдық ұрып, бегінің бақытты болғанын қалайды.

2961. Олар ыстық пен суықта аш, тоқ, жаяу және жалаңаш хәлде қылыш, балта және оқтан соққы жейді; әй, Еліг, мұны біл.

2662. Олар артқа, алға, оңға және солға барады; бегін бақытқа бөлеу үшін бейнет көреді.

2963. Олар жауға шапқанда қаруымен алғашқы сапта тұрады; бектің өмірі үшін өздері өлімге барады.

2964. Осылайша бегінің бақытын тілеп, күні түнге ұласып, өзі бейнет көреді.

2965. Бұл қызметі үшін бегі хақысын өтесін; оларды жанашырлықпен, жақсылықпен басқарсын.

2966. Кісінің шыншылы, халықтың таңдаулысы, Үш Орданың ханы не деген, тыңда.

2967. «Әй, билеуші болған және халықтың ұлығы, қызметкерлеріңмен жақсы мәміледе бол және оларды жоғарылат».

2968. Қызметкерлермен билеушілердің қолы ұзарады; қызметкерлердің күшімен мемлекет және қала ісін реттейді.

2969. Бектің шығу тегі қанша жерден асыл және үлкен болса да, оның аты қызметкері арқылы өседі.

2970. Әй, Еліг, адамгершілік – нағыз қайырымдылық; қайырымдылық – адам үшін жол (салт).

2971. Қайырымдылық пен жол (салт), ол – еш күмәнсіз, кісінің еңбегін бағалап, үлесін беру.

2972. Қызметші сарайда үмітпен қызмет етеді; бек оның үмітін бермесе, қайырым кетеді.

2973. Бектер қызметкердің қандай екенін, ісіне жарағанын немесе жарамағанын барып көрсін.

2974. Ісіне жараса, соған сай қайырымдылығын жасап, қызметіне сай ақысын өтеу керек.

2975. Әй, Еліг, адам жылқыдан төмен мақұлық емес; мұны салыстырсаң іс өлшеміне қарай болады.

2976. Әуелі адам мен жылқыны тойдыр; содан кейін адам пайдасын тигізеді.

2977. Бектер ас берсе және жақсы сөзбен құптаса, қызметкер жаны мен тәнін бегіне пида қылады.

2978. Қызметкер жақсы көріп, адал болады; бегінің (Елігтің) бақытты болуы үшін өзі бейнет көреді.

2979. Сөзге зерек кісі бұған ұқсас сөз айтыпты; адам білімімен маңайын басқарар.

2980. «Адам ізгілік үшін тәтті жанын береді; бір жақсылыққа жауап ретінде он жақсылық қылады.

2981. Пайдасы тисе, адам оған өзі құл болар; өзгеге құл болар және бейнетін көрер».

2982. Қайырымдылық пен тамағын қызметіне қарай әділ бер; жалаңаш болса киіндір, аш болса тойдыр.

2983. Әй, мемлекет билеуші, құлды кедей деген аттан құтқармаса, ол қандай бек?

2984. Не деген, қарияның сөзін тыңда; қарияның сөзі – жігіттердің көзі (адастырмайтын).

2985. Кісінің жұрнағына кісі еңбек сіңірсе, қайтарымының орнына адамгершілік қылады.

2986. Кісі еңбегін білмейтін кісіні адам деп атама, хайуанмен тең.

2987. Қызмет қылушы екі түрлі болады; бірі – азат, бірі – құл ойдағы адам.

2988. Бұл құл өзі еріксіз қызметші болады; қызмет қылмаса, бектен қамшы жейді.

2989. Азат адамға қара, ол өзін құл қылып, қызмет етеді; мұның қызметін бағалап, еңбек ақысын беру керек.

2990. Еркін және азат кісі барша жақсыға қызметші; оларға ізгілік жолды аша бер.

2991. Азат қызметкерді құлмен бірге ұстауға болмайды; азат адаммен азат адам ретінде мәміле қыл, құлды құл ретінде қолдан.

2992. Бұл бектердің сарайы рахаттың қақпасы; рахат қақпасын ұстау өзіңнің пайдаң.

2993. Қызметкер байыса, бек жақсы ат алады; бұл жақсы аты дұғамен бірге айтылып, мәңгі қалады.

2994. Әй, Еліг, қызметкер мен бек арасындағы қарым-қатынас, шынында, сатушы мен алушының мысалындай.

2995. Сатушы мал-дүние берер, ол оған капитал саналар; алушы да алар, оны елден елге айналымға қояды.

2996. Жыл, ай және күн өткенде пайдасын жинайды; жүздесіп кездесіп, әрбірі өз пайдаларын алады.

2997. Енді қызметкер кісінің ісі осыған ұқсайды; бекпен есептері ортақ.

2998. Бегі қызметкеріне мал-дүние береді және жақсы сөзін айтады; қызметші де жан-тәнімен өзі қызмет етеді.

2999. Қызметкер жанын пида ете отырып қылыштасады; оның пайдасы мемлекеттегі қалалар мен ұлыстар.

3000. Жау басын иеді және қазына артады; қалауың, тілегің, барлық нығыметтер бір-біріне ұласып келеді.

3001. Бұның барлығын пайда деп сана, (ол саған) лайық болды; әй, бегім, пайда әкелушіге жақсы қарау керек.

3002. Өз пайдасын қалап, әлемді кезген сарттардың басшысы не деген, тыңда.

3003. «Пайда табушы құл болса да, ұлдан жақын; пайдасыз ұлыңды жау деп біл, сақтан».

3004. Барлық қимылдағандар пайдасы үшін жортады; пайда болмаса, аңшы үйінде қартаятын еді.

3005. Әскер – бектердің қанат қауырсыны болды; қанатсыз құс ұша алмас, әй, бектердің бегі!

3006. Бектер күші әскерімен белгілі; әскерімен бектер мәселелерді (түйіндерді) шешеді.

3007. Қайсыбір бекке қаһарман ерлер жиналса, ол әлемге сайыпқыран (билік жүргізетін күшті) бек болды.

3008. Қайсыбір бектің бойына ізгі қасиеттер түгел жиналса, қалағаны мен ойлағаны маңына түгел жиналады.

3009. Әлем билеушісіне мыңдаған ізгі қасиет керек; әлем билеушісі бұл ізгілігімен жер жаһанды билейді.

3010. Әй, ұл, ізгі қасиеттерді арзан санама, үйрен; бұл ізгіліктің табиғаты ақ құсқа ұқсайды.

3011. Бұл ізгіліктің берекесі ақ құс секілді; сен, ізгіліктің атын құс деп ата.

3012. Әлемді қартайтқан, ұзақ жасаған, ақ шашты ер не дейді, тыңда.

3013. Білім және ізгілікті үйрен, оны қадірле; соңында ол ізгілік сені қадірлі қылады.

3014. Білім үйрен, ақылды ұқ және босқа жүрме; бір күні уақыты келгенде ол жақсылық келтіреді.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

3015. Еліг бұл сөздерді тыңдады, сүйсінді де: «әй, ақылды, текті» деді.

3016. Адамгершіліктің негізін өте жақсы түсіндірдің; шынымен, опалы (адамға жақсылығы көп) кісілердің жолы осы.

3017. Мен өзім халыққа билік жүргіздім; барлық жерді басқардым және барлығына сөзім, үкімім жүрді.

3018. Қазір мен бұл билікті жүргізгеніме, тыныш өмір сүре алмағаныма және жаным рахат таппағанына өкінемін.

3019. Енді тілегім мынау: маған келген адам байыса, менің саямда беделі артса.

3020. Бектердің қуанышы ертеңгінің пайдасы; маған жауабы ретінде жақсы атым қалып, дұға жасағаны жеткілікті.

3021. Барлық қазына, көптеген алтын мен күмісті әскерге үлестірмек үшін жинадым.

3022. Жақсы атты қалап, барлығына беремін; дұғалар артсын, Тәңрі атымды жайсын.

3023. Тілегім мынау: маған қызмет еткендер және менен кейін өмір сүретіндер байысын.

3024. Өзім арғы дүнияға көшіп кетемін, бұл халық қалады; сол уақытта мені дұғасымен еске алуын тілеймін.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

3025. Өгдүлміш жауап берді де: «Еліг бұл істі ақыл және біліммен жақсы аңғарды» деді.

3026. Дүниеден өткен кісі үшін кейінге жақсы аты қалғанынан басқа қандай бақыт бар?!

3027. Бұл дүниені қалаған кісі күміс үлестірсін; егер ақыретті қаласаң да садақа тарат.

3028. Әй, Еліг, бұл алтын мен күмісіңді үлестір; қай мемлекетті қаласаң, соған қолың жетеді.

3029. Данышпан бектің сөзі не дейді, тыңда; ол билік ісіне негіз салған.

3030. «Бектер көп мал-дүние таратсын және қалың әскер ұстасын; қашан қаласа, жаудың мемлекетін басып алады.

3031. Қазына неге керек, көп әскер ұстауға керек; бектің бай болғаны керек емес, халықтың тоқ болғаны керек.

3032. Әскер болса бектердің мемлекеті азаймас; әскер болмаса бек мемлекетін ұзақ уақыт басқара алмас.

3033. Әскер бекке (Елігке) риза болып, сүйінсе, қай мемлекетті қаласа, бек соны алады.

3034. Әлем билеушілерінің қолы жомарт болса, екі дүнияның төрінен орын алады.

3035. Білімді не деген, тыңда; бек (Еліг) сараңдықпен мемлекетін басқара алмас.

3036. Екі нәрсе бір-біріне қарсы, жараспас қашар; сараңға жуымас, жомартқа қатты жабысады.

3037. Жақсы қасиеті бар адамдар сараңнан қашар, жомарттың маңына жиналар, тілек, қалауына қауышады.

3038. Сараңдық пен билік бір-біріне жау; барлық жерде сараңға қарсы болар.

3039. Мемлекетті ұстап тұратын басқа екі нәрсе бар; бірі – саф алтын, тағы бірі – қылыш.

3040. Мемлекетті жомарттықпен ұстап тұр; Әй, Еліг, жомарттықпен бек өседі.

3041. Қаһарман алып батыр жасындай қару көтерсе, азулы батырлардың тамыры жарылады.

3042. Саф алтынды бере-бере қолы жара болған Еліг мемлекетті қылышсыз тілмен-ақ басқарады.

3043. Міне, осы екі нәрсемен мемлекет ісін жүргізу керек; Әй, Еліг, адам бұл екі нәрсемен өседі.

3044. Саф алтын түңілген кісіні жадыратады; саф алтын бұзылған істі реттейді.

3045. Қылыш қайда болса, байлық (күміс) сонда; байлық қайда болса, қылыш сонда жол тартады.

3046. Әй, Еліг күміс (байлық) тарат, көп адам жайлы өмір сүрсін; байлықты өзіңе жинасаң, маңайыңа қарулы (қылышты) батыр жігіттер жиналмас.

3047. Қара, қарулы батыр жігіттер байлыққа байланады; жиналған саф алтын олардың жолына пида болсын.

3048. Сараң бек мал-дүние жинап, қазына жасайды; жомарт бек оны қылышымен тартып алады.

3049. Бұл әлемнің заңы осындай болды; сараңды сөгеді, жомартты мақтайды.

3050. Өгдүлміш сөзін бітірді, жерді сүйді; Елігке дұға қылды, Алланы мадақтады.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

3051. Еліг бұл сөздерді тыңдады және сүйінді; қолын көтеріп, Раббыға дұға қылды.

3052. Сосын «Әй, рахымды, сенген Ием, қиналған жерімде сиынған Ием» деді.

3053. Менің сенен басқа қолдаушым жоқ, сенетінім сен ғана, саған ғана үміт еттім.

3054. Маған жасамаған қандай ізгілігің қалды, маған бермеген қандай тілегім қалды?!

3055. Әй, мәңгі және мұңсыз Алла, мен саған мұқтажбын; шын сөзім, саған қалай табынсам лайық болады?!

3056. Сенен тілеймін, жәрдем және күш-құдіретіңмен тура жол бер, сен мені қолда.

3057. Барлық игіліктеріңнің ең игісі, көңілімді тойдырған бұл Өгдүлміш.

3058. Мені жарылқап, оны маған бердің; ол үшін жүз мың қат шүкірлік қыламын.

3059. Менің ісім үшін жаны мен тәнін пида қылуда; өтпелі өмірімде маған дұға арттырды.

3060. Маған күш бер, енді оның хақысын өтейін; маған сүйсініп, көңілі жақын болсын.

3061. Және де Еліг: «Әй, Өгдүлміш ақылды және білімділер сені мақтапты» деді.

3062. Ақылды адам іздесек, нағыз ақыл сенсің; білімді адам іздесек, нағыз білімді өзіңсің.

3063. Сенімді, адал, тура және тазасың; сен әділдікпен әрекет еттің.

3064. Қызмет еттің, қызметің рахымдылық қырымды ашты; барлығын ретке келтірдің, реттелмеген қызмет қалмады.

3065. Осы еңбегіңнің енді ізгі бір қайтарымын берейін; саған хақыңды өтейін, сен тіршілігіңді соған сай ретте.

3066. Сенен көңілім қалай риза болса, әй, ұл, Тәңірі саған солай риза болсын.

3067. Еліг сөзін тоқтатты, үнсіз тұрды; қызметші жер сүйді де орнынан тұрды.

3068. Ол жерден риза болып шықты; атына мінді, үйіне келді.

3069. Шынайы беріліп ертелі-кеш қызмет етті; қызметін құп көрді, бақ-дәулеттің есігін ашты.

3070. Дәурені жүре берді, күш-қуаты артты; ақылы толысып, білімі тереңдеді.

3071. Құт-берекесімен елде абырой, даңқы жайылған мемлекет қайраткері не деген, тыңда.

3072. «Кімге бақ-дәулет қонып, оған ол жарасса, төбесін көкке жеткізіп, басын жоғары қылар.

3073. Бақ-дәулет қонып, мал-дүние жиналса, адамның көңілі өсіп, жүзі жайнайды».

3074. Ақ шашты кісі саған бұған ұқсас сөз айтыпты; бұл сөзді жақсы тыңда, әй, қаһарман жігіт!

3075. «Кімнің дәулеті болса, соның (қолы ұзарады) билігі жүреді; барлық терісі оң, сөйлеген сөзі ақыл мен білім болады».

3076. Әлем философы қанша жерден тілге шешен болса да, мал-дүниесі болмаса тілі байлаулы.

3077. Әлемнің заңы осындай болады; жалған дүние, бақ-дәулет даңқы, атағы.

3078. Жаманға мойын бұрса, жүзі жайнайды; кішіге қарасаң, үлкен болады.

3079. Бұл бақ-дәулет кімге нәсіп болса, іші мын сыртын түзеп, барлығын ретке келтіреді.

3080. Егер бақ-дәулет кімге келсе, барлық тілектерін бірге әкеледі; ол адам әлемге даңқы шығып, аты жайылады.

3081. Егер бақ-дәулет кетсе, әкелгендерін қайта әкетер; көтерілген басын қара жерге иілдірер.

3082. Әй, ақылды, көңілі кең, түсінігі мол және ықтиятты адам, дүниені жүрегіңмен қатты жақсы көрме, бәлесі жұғады.

3083. Қараңғы, түнерген орын неге керек? таза, мәңгі мекен үшін алдын-ала дайындал.

3084. Бұл дүние түнек, оған көңіліңді байлама; сен әзіз орда мен мемлекет сұра, сабырмен тыныштыққа қауыш.

3085. Көңілі ауытқымайтын тұрақты, әрбір ісінің ішінде көңілі түзу кісі не деген, тыңда.

3086. Әй, құрмет иесі, таңдаулы әлем қала; таңдаулыны қалаған адамның құт-берекесі кемел болады.

3087. Өткінші дүниені қойып, ақыретті тіле; сен тастағың келмегенмен дүние сені тастайды.

3088. Бұл дүние азабы бергіш, сен дүниеге қиянат қыл; сен дүниеге мойын бұрмай, қиянат қылсаң, саған жарасады.

3089. Әй, жолынан азып, басы айналған адам, дүниені қатты жақсы көрме, түбі ұйық оның.

3090. Ұйыққа кірген ұйыққа батады; қайта өрлей алмас, тыныштық таппайды.

3091. Өрге тарт, өзіңді ұйықтан құтқар; ғибадатыңды жасап, қызметіңді қылып, өзіңді құтқар.

3092. Қазір енді кері қайт, сенің тілегіңді өзі қабыл етеді; тіліңмен тәубе қыл, басқа сөз қалмады.

3093. Қара, осыдан соң Еліг көңілін түзеді; халыққа ізгі заң орнатты.

3094. Халық молшылықта өмір сүрді, әлсіздер қуаттанды; жақсы көргендер көбейді, дұшпандар әлсіреді.

3095. Қуанышты, берекелі күндерін кешірді; әлемге аты, абыройы, даңқы жайылды.

3096. Ол осылай өмір сүрді және бұл қағида орнатылды; бөрі мен қозы бірге жайылып, бәрі тең болды.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

3097. Еліг бір күн отырып Өгдүлмішті шақырды, күннің қалай өтіп, мемлекет ісі не боп жатқанын сұрады.

3098. Әй, Өгдүлміш, айт, күн және айлар қалай өтіп жатыр? Елде кедей көбейіп жатыр ма, әлде бай ма?

3099. Ел ішінде жаман және бізге жараспайтын нелер бар? Халықтың қал-жағдайын баянда, менен ешнәрсе жасырып қалма.

3100. Халықтың аузында қандай сөздер айтылып жүр? Жамандаушылар көп па, әлде мақтаушылар ма?

3101. Мінім көбірек, жақсылығым аз ба? Мен сенімді болайын, сен маған айтып бер.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

3102. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, Еліг, елде әркім қалаған нәрсесіне қол жеткізіп жатыр» деді.

3103. Елігтің саясында әлем түзелді; уайым азайып, қуаныш көбейді.

3104. Халық байып, молшылық тиіп жатыр; ұлыстар (облыстар) мен кенттер (қалалар) безенді, көңілдері көтерілді.

3105. Халық күндерін молшылық-береке ішінде кешіріп, барлық түндерін қуанышпен өткізуде.

3106. Ауыздарында барлығы алғыс пен ризалықтар айтылуда; тірі жанның бәрі саған дұға етуде.

3107. Заң су секілді, зұлымдық от секілді бәле; таза су ағыздың, ол отты өшірді.

3108. Заңды түзу жүргіздің, әлем түзелді; мемлекеттен зұлымдыққа ұшыраған ешкімді көрмессің.

3109. Әй, Еліг, мына үш нәрсенің зардабы ауыр; бірі – бек осал болса, қиындық келеді.

3110. Екіншісі – халықты басқарған адамның әлсіз болуы; үшінші – халықтың жанын жеген жемқорлық.

3111. Қазір сенде бұл ешуінің бірде бірі жоқ; мемлекетке қай адамның залымдығы тиеді?!

3112. Әй, ізгі, әділ заң орнатушы, арлы және таза Еліг, Тәңрі саған ақыл, білім және барлық жақсы қасиетті берді.

3113. Барлық ізгілігің үшін Алла саған таупиқ берді; халықтың қарны тоқ, көйлегі көк тоқшылықта.

3114. Аллаға шүкір ет, ғибадат қыл, сүйін; қуан сен, тыныш және бейбіт өмір сүр.

3115. Сарай сыртында (ел ішінде) қате және дұрыс емес не болса, оған жүгіруші қызметкерің мен дайынмын.

3116. Еліг шүкір етті және ерекше сүйінді; қолын көтеріп, Раббыға мақтау қылды.

3117. «Әй, рахымды Ием сен ұлысың, бұл әлсіз құлыңды мемлекетте құрметті қылдың» деді.

3118. Барлық игілікті маған сен бердің; бұған шүкір ету менің мойнымның борышы.

3119. Мен саған бұл шүкірді жеткілікті дәрежеде қашан қыла аламын, менің саған деген шүкірімді сен өте.

Елігтің Өгдүлмішке сұрағы

3120. Және де Еліг: «Әй, Өгдүлмішім, Алла жарылқап, сені таптым» деді.

3121. Зұлымдықты тыюға, әділ заң орнатуға және барлық игілікті істі жасауға сен себеп болдың.

3122. Алла бұл күнде барлық игілікті берді; басқасынан он есе артық сені берді.

3123. Бек (Еліг) жалғыз өзі қанша күш жұмсағанмен, көмекші болмаса, ұзақ уақыт жүргізе алмас.

3124. Бек (Еліг) ішкі жұмыстармен жүреді, оның сырттағы көзі адал қызметкері; ол оның көзі мен сөзі.

3125. Менің көзім де, сөзім де, қолым да сенсің; әй, қаһарманым, сенің арқаңда жақсы атым жайылды.

3126. Әлем билеушісі, бүкіл мемлекеттерді басқарған Қаған не дейді, тыңда.

3127. «Бектер (Еліг) өздері ізденіп, жанашыр әділ қызметші тапса, оны алтын мен күміске малындырып ұстасын.

3128. Бектер әділ, шыншыл және сенімді кісі тапса, өзі тыныш ғұмыр кешіп, өмірі берекелі болады.

3129. Қызметшінің таңдаулысы шынайы жанашыр болғаны, шынайы жанашыр қызметшіні кім іздеп табады?!

3130. Әлемде таңдаулы, шынайы жанашыр қызметкер жоқ болса, адамгершілік қалай кемеліне келеді?!

3131. Әй, Өгдүлміш, маған атаңнан сен ғана қалғаныңа жаным ашиды.

3132. Сенен басқа тағы бірі болғанда, сенен бұрын немесе кейін сенің жолыңмен жүрер еді.

3133. Әй, болмысы тура адам, менің жанымда сен ғанасың; сені жоғалтсам, сендей басқа бірін қайдан табам?!

3134. Сенің жалғыздығыңа жаным ауырады; әй, мықты адам, саған дос болатын тағы бірі болса.

3135. Көп бейнет саған келмес еді; маған да көп дұға болатын еді.

3136. Ізде, қандастар арасында сенің жолыңмен жүретіндей бірі бар ма, көрсең ізде.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

3137. Өгдүлміш былай деп жауап берді: – Еліг аман-есен болсын, жұмысқа адам (қол) табылады.

3138. Елігтің әрдайым жаны тыныштықта, рахатта болсын. Арман, тілегі тыныштықта өздігінен орындала (келе) берсін.

3139. Менің бейнетіме Елігтің алтыны (беріледі). Ол көңліне ауыр алмасын, әділ болсын.

3140. Маған бейнет болса, оның зейнеті де болады. Рахат пен бейнет қатар жүреді.

3141. Егер Еліг мемлекет ісіне қабілетті, халықтың басшысы болатын кісі іздесе,

3142. Әр ісін күнде ақылға салып, даналықпен жасайтын мемлекетшіл дана не дейді, тыңдасын?

3143. Көп болса да, мемлекетке қызметші ізде. Мемлекет ісі реттеледі, Ұлы бектің (жұмысы жеңілдеп), қалаған тілегіне жетеді.

3144. Елде пайдалы және парасаттылар көп болсын. Жұмысты солар жасайды, бек рахат өмір сүреді.

3145. Жоқ емес, менің туыстарымның арасында бар. Оның білімі (елден) асқан, сондай кісі.

3146. Санасы ояу, тақуа, бәріне қабілетті. Қай іске кіріссе, әрін келтіріп, түрлендіріп жібереді.

3147. Әрекеті жақсы, аты – Одғұрмыш. Әртүрлі жақсылыққа қол созады.

3148. Алайда, бұл дүниеден жүзін бұрған. Көңілін түзу (таза) сақтаймын деп тауды паналаған.

3149. Тәңірге құлшылық етемін деп өзін қинап жүр. Құлшылықпен күнә ауруын емдеп жүр.

3150. Оның қабілеті менікінен жүз есе артық. Халықтың сарасы, кісінің таңдаулысы.

3151. Бұл туысым менімен бірге болса. Әрбір істе білімімен басшылық етсе.

3152. Еліг алтынды ойламай (аямай), оған көңілімен сенсе, әлемге билік жүргізіп, қуанышта өмір сүреді.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

3153. Еліг: «Арман, тілегім осы. Оны тапсам, көңіліммен сенер едім».

3154. Не істеу керек болса да, сен істің ретін тап. Оны маған алып кел, әй, сұңғыла!

3155. Оны қалай бері шақырамын? Шақыру үшін кімді жіберсем болады.

3156. Хат жазу керек пе әлде сөзімді жеткізе ме? Дұрысы қалай, сен, соны жаса.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

3157. Өгдүлміш: «Елігтің сұрағына жауабым мынау» деп жауап берді.

3158. Туысымның барын өзім айттым. (Ол) келер ме, келмес пе, (оны) ашып айта алмадым.

3159. Егер келсе жақсы, сөзіңді құрметтегені. Егер келмесе, жарлығыңды құнсыз санағаны.

3160. Елігтің алтыны (оған) әсер ете ала ма? (Әлде) ол тура (адам) мені жазғыра ма?

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

3161. Еліг: «Мен саған сөзімді айттым. Сен маған өз білгеніңді айттың» деді.

3162. Шақыр, келсе келгені. Егер келмесе, сөзімді тыңдамаса, не жазығың бар?!

3163. Сен оның түрлі артықшылығын мақтадың. Сол артық қабілеті үшін мен оны қаладым.

3164. Нәпсі ісіне өш және білімді, ақылды дегенің үшін оның (келуін) қаладым.

3165. Білімді, ақылды кісі – ол – адам. Одан басқасының бәрі жылқымен (малмен) тең.

3166. Істің ретін бір білсе, білімді (әрі) ақылды (адам) біледі. Істі жасаса да, білімді (әрі) ақылды (адам) жасайды.

3167. Енді мына сөз бұған ұқсайды, белгілі. Әй, даңқты ержүрек, сен, мұны тыңда.

3168. Барлық теріс нәрсенің түйіні біліммен шешіледі. Білімді біл (ал), ақылды ұқ, ақылмен өмір сүр.

3169. Біліміңді іске пайдалан және тілің шыншыл болсын. Тағы да үйрен, бұ күніңді босқа өткізбе.

3170. Оның пайдасы жалғыз маған емес, саған да туысыңның пайдасы (тиіп), разы (боласың).

3171. Туысың болса, туысың сенің (жаныңда) болуы керек. Туысы болмаса, адам дос табу керек.

3172. Назар сал, елдің басшысы жақсы айтыпты. Туысы (көп) кісі барлығынан күшті бек!

3173. Туғаны (көп) кісінің даңқы мен беделі жоғары. Досы (көп) кісінің атағы мен сөзі ұлық.

3174. Туғаның жоқ болса, дос тап. Ізгі дос туғаныңдай болады.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

3175. Өгдүлміш: «Әй, елдің құты, оны шынымен қаласаң, әрекет етейін» деп жауап берді.

3176. Еліг жарлық шығарса, өзім барайын. Сөзімді ашып түсіндіріп, мен оны шақырайын.

3177. Біліммен, ақылмен, ақыл сөзіммен үйіріп, тілімнің түрлі өнерін пайдаланып айтайын.

3178. Еліг те өз қолымен хат жазсын. Ол данышпан Елігтің жарлығын оқысын.

3179. Маған сенсін, бұл менің (ғана қалауым) деп білмесін. Сосын жарлықты оқып, оған қарсы келмесін.

3180. Мен тіліммен қанша сөз айтсам да, Елігтің жарлығының, жазылған сөзінің орны бөлек.

3181. Әй, тыңда, асылы жібектей (қымбат адам) не деген? Бектің жарлығы халықтың көңілін аулайды.

3182. Білімді (адам) тағы да жақсы айтыпты. Бектің сөзі түңілген көңілді жазады (жадыратады).

3183. Бектер құлға жылы сөйлесе, құл оны өмір бойы ұмытпас.

3184. Егер бектің тілі жұмсақ, сөзі тәтті болса, оны үлкенді-кішілі халықтың бәрі жақсы көреді.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

3185. Еліг: «Пайдалы болатын болса, енді хатты жазайын, оның (көңілін) аулайтын болсын» деді.

3186. Саған бару керек болса, дайындал. Хатты мен өзім жазайын.