Таңдау
тТ

Күнтуды Еліг Одғұрмышқа хат жазып жолдағанын айтады

3187. (Еліг) сия сауыт пен қағаз алдырды, хат жазды. Жазу арқылы ісін жүргізді.

3188. Баят (ежелден бар Тәңірдің) атымен сөз бастады. «Жаратқан, ризық берген, кешірген (Ол)» деді.

3189. «Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) атымен жаздым. Бұл ат түрлі аурудың бәріне ем» деді.

3190. Сансыз мадақ, артығымен, көп, мың шүкір қыламын. Баят (ежелден бар Тәңір) жоқ болмайды.

3191. Қалады, барлық тіршілік иесін жаратты. Ол өмір береді және өмір сүру үшін ризық (жем) береді.

3192. Ол – құдіретті, әділ және тура жол беруші. Жаратқан мақұлықтарының бәріне күші жетеді.

3193. Көк аспанды жаратты, күн мен айды жарқыратты. Қараңғы түн мен жарық күн – жыл мен айдың есептеу үшін.

3194. Бұл дүниені жаратты, дүние айналып тұрады. (Ол) Баяттың (ежелден бар Тәңрінің) үкімі және тағдырымен айналып тұрады. 3195. Жаратпас бұрын өлімін (қазасын) белгіледі. Қазаға разы бол, мойын и (мойынсұн), қабылда.

3196. Нені қаласа қылды, не қаласа қылады. Не айтса болды, не айтса болады.

3197. (Бұл) – Елігтен сәлем, көңіл (жағдай) сұрау хат. Әй, данышпан, (мұны) жаныңа есендік (тілеп) жаздым.

3198. Жаның тыныш, денің сау ма?! Заманның жүгін қалай көтеріп жүрсің?

3199. Сенің ізгі мінез-құлығың мен әрекетіңді есіттім, бұл заманда сенімен деңгейлес және саған тең келетін жоқ деп.

3200. Баят (ежелден бар Тәңір) саған ізгілік қылыпты. Білім беріпті, артық қабілет, ақыл, сана нәсіп етіпті.

3201. Сенің осындай болмысыңды есіттім. Әй, жүзі көріктім, сенің (келуіңді) қаладым.

3202. Туысың, мына Өгдүлмішті жібердім. Сөзімді, түсініп білгенімді жеткізеді.

3203. Өзің жақындарың мен туыстарыңды жоғалтыпсың. Сен ұлыс, кент және халықтан жүзіңді бұрыпсың.

3204. Ғибадат қылу үшін жалғыз өзің кетіп, тауға кіріпсің (тығылыпсың). Бұл ғибадатың өте ұзапты.

3205. Туыстарың саған не қылды? Неліктен жүзіңді бұрдың, ашып айт маған.

3206. Егер саған күш, әлімжеттік көрсетілсе, бері кел, маған уайым, қайғыңды айт.

3207. Мен саған күш-құдіретіммен хақыңды берейін. Бұл жерде сүйініп, күліп өмір сүр.

3208. Туысқа туыстың пайдасы болады. Адам сол пайдасы арқылы рахатқа бөленеді.

3209. Туыс туғандар жарасымда болу керек. Дос жолдастар қатынасу керек.

3210. Қай жерде жарасу, жақындасу болса, сол істе пайда болады, оған көңіл бұр.

3211. Бұл өлең айтушы не деген, тыңда. Екеу (екі адам) жарасса әрдайым пайдасын көреді.

3212. Қара жер мен көк су бір-бірімен жарасым тапты. Арасында мыңдаған шешек (гүл) күліп ашылды.

3213. Достар мен туыстар жарасып жүрсе, олардан жаңа дос, туыстар пайда болады.

3214. Егер құлшылық қылғалы барған болсаң, құлшылықты кентте қыл, бұл – діннің жолы.

3215. Тағат-ғибадат ететін қасиетті жер ұлыс пен кентте де көп. Жақсылап ойлансаң, ол жерде (тауда) жоқ.

3216. Құлшылық қылу үшін әуелі көп білім үйрен. Білімсіз қылған құлшылықтың пайдасы болмас.

3217. Екі түрлі кісі адам атанады. Бірі – үйретуші, бірі – үйренуші.

3218. Екеуінен басқасын жылқы (мал) деп сана. Қаласаң мұны, қаласаң оны ұстан (екеуінен қалағаныңды таңда).

Елігтің Одғұрмышқа насихаты

3219. Сен енді екеуінің қайсысысың, маған ашып айт. Екеуінің бірі бол, үшіншіден қаш.

3220. Білімді түгел үйреніп болсаң, енді еңбек етіп, оны іске пайдалан.

3221. Егер білмеген болсаң, білім үйрен. Құлшылық сол арқылы қол жеткіз.

3222. Білім беруші және білімімен тағат-құлшылық қылушы не деген, тыңда.

3223. Баят (ежелден бар Тәңір) құлшылығына біліммен жақында. Білім тамұқ қақпасын (жауып), мөрлейді.

3224. Біліммен жасалған құлшылықтың сауабы көп. Білімсіз құлшылық қылса сауап болмас.

3225. Білімсіздің қылған құлшылығынан гөрі, білімдінің ұйқысының сауабы мол

3226. Ұлыс пен кенттің ішінде жасалатын көп құлшылық бар. Ол жерде қылсаң мұның жартысы табылмас.

3227. Сенің ондағы құлшылығыңның бірі – намаз. Тағы бірі – ұстаған оразаң, әй, ұл.

3228. Онда бұдан басқа қандай ғибадат бар? Сөзіңмен баяндап, маған көрсетіп бер.

3229. Енді өзің заһид атандың. Бұл атың саған тағатыңның соры болды.

3230. Енді бұған өзіңді алдатқан болдың. Бұл тағатың босқа кетті, сөзіңді тоқтат.

3231. Құлшылық қылу, оны халықтан жасыру керек. Көп құлшылық қылсаң да, аз деп сана.

3232. Ізгі кісі тағат, құлшылық қыларда оны халықтан жасырар, есігін жабар.

3233. Бұл сөздің мағынасы қандай, тыңда енді. Әй, ізгі жан, бұл сөзге амал ет.

3234. Ерен ер басқалардан өзін жасырды. Жүз жыл құлшылық қылды, оны азсынды.

3235. Құлшылығыңды жасырын қыл, кісі көрмесін. Бұл құпия сырым еді, өзім сөйледім.

3236. Бері кел, құлшылығыңды ұлыс, кенте қыл. Барлық ізгілікке жол ашылсын.

3237. Халыққа пайдаңды тигіз, мұқтаждың керегіне жара. Туыстарыңды бауырыңа бас, жақын тұт.

3238. Назар сал, көптеген жетім, тұл, жесір, соқыр, көтерем және асқақ бар.

3239. Парыз намазды жамағатпен бірге қыл. Кедейлердің қажылығы – жұма намазды қыл.

3240. Халал дүние тап, кедейлерге үлестір. Кісіге қол ұшын бер, сөзіңмен қолдау білдір.

3241. Бұл санаған қызметтердің әрбірі құлшылық. Бұл құлшылықпен баршасы тыныштық табады.

3242. Мұның бәрін тәрк еттің, жалғыз өзің намаз оқып, ораза тұтасың, әй, мінезі түзу адам!

3243. Намаз бен оразаның бәрі өзіңнің пайдаң. Өз пайдасын ғана қалаған (адам) бауырсыз (туыссыз) қалады.

3244. Кісінің таңдаулысы және кемел данасы, кісіге жанашыр (адам) жақсы айтқан еді.

3245. Кісінің ізгісі – өз пайдасын қойып, бейнет шексе де, өзге кісінің пайдасын қалаған адам.

3246. Адамға жүрегімен жақсы көретін бауырмалдық керек. Жаманға жаны ашып, ізгі жол көрсетсін.

3247. Тіршілікте адам баласы пайдалы болуы керек. Пайдасы жоқ кісі туса, өлгені керек.

3248. Кісінің ізгісі кісіге пайдалы болғаны. Бұл ізгі кісі халықты тойдырушы.

3249. Құлшылығына сенген қайсыбір құл Тәңірі разы болатын жолды таппаған.

3250. Жаның Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) разылығын қаласа, мұсылманның қуантуды қала, сөздің қысқасы.

3251. Баят (ежелден бар Тәңір) сенің құлшылығыңа мұқтаж емес. Өзіңнің құлдығыңды қыл, ізгі болуға ұмтыл.

3252. Кімнің аты құл болса, қылатыны – құлшылық. Құлшылығы жоқ барша құлдың аты – ауыспалы мағынада құл.

3253. Құлшылық қыл, тынбастан құлшылық қыл, құлдық – осы. Құлшылыққа мұқият бол, бұл жолда берік бол.

3254. Білімі терең, данышпан жақсы айтыпты. Бұған амал ет, әй, қолы кең!

3255. Құлшылық, ғибадат қылдың деп көп мақтанба. Баятқа (ежелден бар Тәңірге) құлышық қыл, құлшылық – абырой.

3256. Баятқа (ежелден бар Тәңірге) құлшылық қыл, ол – құлдығың. (Алайда), сен, құлшылық қылдым деп, ақылыңды жоғалтпа.

3257. Әй, Одғұрмыш, мен сені шақырсам, өз пайдасын қалады деп, сақтанба.

3258. Егер келсең, падасы саған. Сен келмесең де, маған зияны жоқ.

3259. Сені халықтың игілігі үшін шақырамын. Бұл ізгілік – халықтың пайдасы, оған қарсы келме.

3260. Менің айтқан сөздеріме назар сал, шын болса, ол жерден шығып, бері кел.

3261. Менімен бірге тұр, маған көмек қыл. Кедейлерге мал-дүние үлестір, жағдайын жақсарт.

3262. Ол өзің үшін сауап, ал мен үшін жақсы ат. Құдіретті Баят (ежелден бар Тәңір) екі дүниеңді береді.

3263. Мені жақсылыққа жетеле, өзің де ізгі бол. Кісі ізгі адамдарға қарап ізгі жолға түзеледі.

3264. Менің ізгі амалдар жасауыма себеп болғын. Әй, қайраткер, Баят (ежелден бар Тәңір) саған жақсылық берсін.

3265. Тәжік ғалымы не деген, тыңда. Тәжік ғалымдары даңқты, абыройлы.

3266. Бегі халқына әділ және ізгі болса, оның пайдасын барша халық көреді және құт-берекеге қауышады.

3267. Өзіңнің ізгі болғаныңды қалама, бегіңнің ізгі болғанын қала. Бегі ізгі болса, ол – халықтың пайдасы.

3268. Қара халық ізгі болса, пайдасы бір өзіне болады. Бегі ізгі болса, халқы халық күн көреді.

3269. Кісі деп айтады, кісі деген ол қандай? Кісіге пайдасын тигізген және ісін реттеп бергені.

3270. Бүкіл адам баласы ізгіні жақсы көреді. Ол ізгі қайда, мен де оны мақтайын.

3271. Ізгі – ол – халыққа пайдасын тигізген (адам). Ол тиген пайдадан халық тыныштық тапсын.

3272. Ізгі адам халыққа бауырмал болады. Бауырмал болсаң, ізгі кісі болғаның.

3273. Жеткізгім келген сөзімді жаздым, айттым. Сөзімді бітірдім, қаламымды сүрттім.

3274. Айтатын тағы қандай да бір сөзім болса, туысың ауызба ауыз айтады, ай жүздім.

3275. Хатты орады, байлап, үстінен таңбалады. Ұсынып берді, Өгдүлміш келіп алды.

3276. Еліг: «Бар, тағы қандай пайдалы сөз болса, жеткіз, әй, данышпан» деді.

3277. Енді оны маған келтіруге тырыс. Әй, батыр, онсыз құр келме.

3278. Білімді не деген, өзің тыңда. Ақылды елші жібер, сөзіңмен үгітте.

3279. Енді мен саған не айтайын?! Әй, көңілі түзу жан, не сөйлеу керегін өзің білесің.

3280. Не сөйлеу керек болса, ауызша айт. Дұрысы қайсы болса, солай жаса.

3281. Ізгі мінезді қылып тәрбиеленген Өгдүлміш «Құп болад» (Илел) деп (орнынан) тұрып, (сыртқа) шықты.

3282. Атына мініп, үйіне қарай жүзін бұрды. Келіп түсті, (үйіне) кірді, киімінің жағасын босатты.

3283. Күн еңкейді, басын жерге жақындатты. Жарық дүниенің жүзі қызыл түске боялды.

3284. Шапағы төмен кетіп, жарық жүзі жабылды. Әдемі шашаққа толып, жоғары шашылды.

3285. Тұрып дәрет алды, жатардағы намазын қылды. Төсек қалады, жатып біраз ұйықтады.

3286. Шошып оянды, басын көтерді. Шапақ көк жүзін қара зеңгідей қылыпты.

3287. Тұрып дәрет алды және таң намазын қылды. Дұға қылды, тасбих (тартты) және біраз күтті.

3288. Жабылған торқа қалқан шетін (ұшын) көтерді. Жарық жүзі күлімдегендей дүние жарқырады.