Таңдау
тТ

Өгдүлміштің Одғұрмышқа қарай барғаны айтылады

3289. Атын ұстап, тезірек атын ерттеді. Үйінен шығып, туысына қарай барды.

3290. Жақындап келіп, туысына барғанда атынан түсті, жаяулап жетті.

3291. Жақындап келіп, қолымен ақырын есікті қақты. Одғұрмыш құлшылығын тоқтатып, тұрып барды.

3292. Есікті ашты, туысын көріп сыртқа шықты. Құшақтасты, бетінен, көзінен сүйіп, аман-есендік сұрасты.

3293. Қолын алып, тезірек үйге кіргізді. Орын берді, қолынан ұстап отырғызды.

3294. Туысын көргенге қатты сүйінді. Баятқа (ежелден бар Тәңірге) шүкір қылып, сансыз мақтау айтты.

3295. Адам айырылысқан соң сау-саламат тілеп, қайта қауышса қандай керемет.

3296. Жырақтаған туыстар жақынын іздеп барып қауышса, қандай жақсы?!

3297. Бауырмал туыстардың туысын жақындық және достық пейілмен іздеп баруы қандай керемет, назар сал.

3298. Туыстың туысқа көңілі жақын болып, бауырмалдық танытуы қандай керемет болады?!

3299. Туысына байланып, көңілімен дос болған бауырмал туыс не деген, тыңда.

3300. Бір бірін жоғалтқан жандар көзбе көз кедессе, уайымы қысқа, сүйініші ұзақ болады.

3301. Айырылысқан кісілер бір бірімен сау-саламат қауышса, қандай керемет болады?!

Одғұрмыштың Өгдүлмішке сауалы

3302. Одғұрмыш туыстарын сұрады. Өгдүлміш оларды аман-есен деп, хабарын берді.

3303. Одғұрмыш және де: «Айтып бер маған, неге келдің, не болды саған» деп сұрады.

3304. Мен сені Елігпен бірге, ақылыңмен халыққа пайдаң тиіп жатыр деп естідім.

3305. Сен, халықтың жүгін мойныңа артып ала тұрып, оларды еркіне қалдырып неліктен келдің?

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3306. Өгдүлміш: «Әй, жүзі көріктім, менің сені көргім келді» деп жауап берді.

3307. Сені уайымдап, сол уайымнан (қайғыдан) құтылайын деп, сені көруге арнайы келдім.

3308. Сені қатты көргім келіп, сағынушы едім. Саған келудің ретін бүгін таптым.

3309. Сені көрмедім, өте көп уақыт өтті. Келуді қалаған едім, уақыт таппадым.

3310. Уақыты енді келді, мінекей өзім келдім. Сенімен қауыштым, шүкір етемін.

3311. Адам баласы есен-сау болса, тілегіне жетеді, әй, бауырмал қозым.

3312. Өтпелі уақытты жақсылап сыннан өткізген, қауышуды сағынған кісі не деген, тыңда.

3313. Тірі болса адам тілегіне жетер. Өмір тілегіңе жетуге арналған мүмкіндік.

3314. Тірі болса адам қалағанын табады. Есен-сау болса айырылысқан жандар қауышады.

3315. Қалауыңды тілеме, өмір тіле. Тірі болуың тілегіңе жетудің жолы.

3316. Баят (ежелден бар Тәңір) ақырында маған тілегімді берді. Саған есен-сау қауыштым.

3317. Бұдан басқа тағы бір сөзім бар. Оны тыңдасаң, саған айтайын.