Таңдау
тТ

Одғұрмыштың Өгдүлмішпен пікірталасқаны айтылады

3318. Одғұрмыш жауап берді де: «Сөзіңді тыңдадым, сен де мені тыңда» деді.

3319. Көрсеткен жақындығың үшін бір Баят (ежелден бар Тәңір) сансыз сауап берсін, атыңды ізгілердің (қатарына жазсын).

3320. Басқа тағы не айтқың келді, оны да айт маған, кейінге қалдырма.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3321. Өгдүлміш жауап берді де: «Айтқым келгені мынау, сені көріп, көзайым болдым».

3322. Кісі өз қалауымен ғана жол жүрсе, бейнет шекпес, әй, білімі ұлық!

3323. Тәжірибелі кісі не деген, тыңда. Оның мағынасын ұқ, әй, көңілі жаз (адам).

3324. (Адам) қайбір іске арман, қалауымен кіріссе, әр адым сайын арманы көмек болады.

3325. Өз қалауымен жүрсе, жырақ жердің өзі жақын болады. (Қалаған нәрсесінің) жүзін көрсе, жан иелігін табады.

3326. Өгдүлміш және айтты: «Мына өзім сені уайымдаймын, аузымнан тастамаймын».

3327. Ұлыс пен кентті, туған-туыс пен жақын-жуықты тәрк еттің. Кісіден жырақтадың, досың не таныс-білісің жоқ.

3328. Жалғыз өзің ауыр жүк артып алдың. Аш, жалаңаш өмір кешіп, өзің әлсірепсің.

3329. Барша туыстың көңілі сені уайымдайды. Көрейін деп барса таппайды, көңілі алаңдайды.

3330. Барша адам баласы жалғыз жасамас. Мұнда өзің жалғызсың, мүмкін аурусың.

3331. Бұл уайым мені үйде жатқызбады. Уайым мен қайғыны өзім ұмыта алмадым.

3332. Тәңір тамұқты сен үшін ғана жаратпады. Бұл азаптың бәрін саған ғана айтпады.

3333. Неге және неліктен өзіңді мұнша қинайсың? Маған түсіндіріп айт, ойыңды білейін.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

3334. Одғұрмыш жауап берді, айтқан сөзі мынау. «Тыңдадым, мен де жауабын берейін, тыңда».

3335. Сен бұл сөзді бауырмалдығыңнан айттың. Ол – жақын жуықтың, туыстықтың белгісі.

3336. Туысың болмаса, туыстың қайғысын туыстар жемесе, басқа жат (кісі) қашан жейді.

3337. Өзім де қанша туыс, туғаннан айырылып, неліктен тұрдым, бұл жерге келіп.

3338. Енді назар салсам, ол дінімнің жақсылығы үшін және бұл жерде өзімді жақсы сезіндім.

3339. Сол үшін ол жерден кетіп, осында келдім. Жалғыз болып, Баятқа (ежелден бар Тәңір) құлшылық қылсам.

3340. Бұ дүниенің ісіне араласқан адам ақырет ісі мен құлшылығын қыла алмас.

3341. Бүкіл халыққа есігін жаппайынша Жаратқан Раббыға құлшылық қыла алмас.

3342. Қалау мен нәпсінің мойнын өте қатты қысу керек, егер өзің құлшылықтың ләззатын тапқың келсе.

3343. Тақуа кісі не деген, тыңда. Нәпсімен бірге дін ісі толық болмас.

3344. Нәпсі мен қалау – діннің ұлы жауы. Бұл екеуі ғибадатшы құлды азғырады.

3345. Нәпсіге ерсе, (адам) тұтқын болады. Тәнім қалауын тапса, мені құл қылады.

3346. Нәпсіңді басындырма, ақылмен тізгінде. Тән қалауы бас көтерсе, біліммен бас.

3347. Осындай болғаны үшін мен ұлыс пен кентті тастап, ауыр бейнет кеше отырып, осы жерге тығылдым.

3348. Егер адамдардан алыс болсам, тілім ғайбат және бос сөз сөйлемейді.

3349. Әй, қандас, сен «жалғыз тұрасың» дедің. Әй, дос, Баятты (ежелден бар Тәңірді) еске алу ісі – құлшылық.

3350. Жақын туыс, туғаннан жырақ болғаным ашпын не тоқпын деп оларға тойдыр демедім.

3351. Халықтың көңілі нәзік, оны күзету үшін көп күш сарп етесің. Көңілі қалса дұшпан, Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) әділеті жеткілікті.

3352. Халыққа менен қаншалықты пайда болмаса, менен соншалықты зиян да келмейді.

3353. Пайда мен зиянның, жақсылық пен жамандықтың бәрі Баяттан (ежелден бар Тәңірден), қара, ол оның тағдыры.

3354. Назар сал, аршыдан төмендегі жерге дейінгінің баршасы бір ғана Баятқа (ежелден бар Тәңірге) мұқтаж.

3355. Әй, даңқтым, адамдар арасында не бар? Пайда, зиян және қорлық, сен мұны білесің.

3356. Құлшылықтың нендей пайдасы бар деп сұрайсың. Құлшылық – құлдық, ол құлға есіктерді ашады.

3357. Құл атауы осыдан соң құлға мәртебе болды. (Ол) тауға бекініп, күндіз-түні құлшылық қылсын.

3358. Жаратса да, жаратпаса да Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) еркі. Құлшылықты тілмен ғана атамасын.

3359. Бұл жалғыздығымның маған зияны жоқ. Дінімнің және тәнімнің қалауын осы жерде таптым.

3360. Мына бәйітті айтушы не деген, тыңда. Сыртына қарама, ішіне, мәніне қара.

3361. Әй, шебер адам, жалғыз және доссыз жүр. Қара, тоты құс сөйлеуді, сөйлесуді жалғыз өзі үйренді.

3362. Құл жалғыз өзі құлшылық жасаса, жалғыз өзі (кісіге) қандай зиян қылады?!

3363. Әй, қандас, кісімен араласуды мақтадың. Қалай араласады және қалай дос болады?

3364. Маған келгеніңнен бері мен бүгін ғибадаттан тиылдым, ақылға салып көр.

3365. Тек қана сенімен араласуымның зияны мұнша болса, әрі қарай қинама.

3366. Енді адамдардың арасына кірсем, құлшылыққа қолым қашан тиеді?

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3367. Өгдүлміш жауап берді де: «Сөзіңді тыңдадым, сен де тыңда, жүзіңді бұрма» деді.

3368. Сенің айтқан бұл сөздеріңнің бәрі сондай. Назар салсаң, ақиқатында бір сылтау ғана.

3369. Тіршілікте жақсы өмір сүріп, ердің атын шығару үшін кісіге пайдалы болу керек.

3370. Тіршіліктің белгісі, нышаны не, кісі оның бір пайдасын көрмесе.

3371. Кісі алса (үйленсе), көптеген ұл-қыз туса. «Ұлсыз» деу адамға жаман сөгіс.

3372. Адамның таңдаулысы не деген, тыңда. Ұрпағыңның үзілмеуінің емі – кісі (әйел).

3373. Ұлсыз адам өлерде өкінді. «Әй, менен кейінгі келгендер ұл-қызды бол» деді.

3374. Атасының артында кімнің ұлы қалса, сен оны өлді (өмірде емес) деп атама.

3375. Ұлсыз кісі өлсе, ұрпағы үзілді. Дүниеде оның аты жоғалып, орны бос қалады.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

3376. Одғұрмыш жауап берді де: «Бұның дұрыс, алайда бұдан басқасы да бар» деді.

3377. Егер ұл-қызың ізгі және арлы болса, сондай, айтқаныңдай болар.

3378. Егер жаман болса, сені зар қақсатады (ұлытады). Өзің өлсең, сені тез ұмытады.

3379. Жаман атыңды шығарады, ұлықтардан бастап, жат, бейтаныстар қарғап сөгеді.

3380. Ұл-қыз, ол – жау, жаудың не керегі бар? Жаусыз өмір одан да жақсырақ.

3381. Жаудан қандай жақсылық болады? Жаудың аты қасіретке дәлел болады.

3382. Білімі терең кісі қандай жақсы білім берді. Ұл-қыздың аты адамға түспейтін көлеңке.

3383. Бұған ұқсас білімдінің бір сөзі бар. Назар салсаң, көңілі түзу адам тура сөйлепті.

3384. Сен өзің ұл-қыз деп шыр-пыр боласың. Бұл еңбекті білген ұл-қыз қайда?

3385. Харамнан дүние жинайсың, кетсең артыңда қалады. Сен еңіреп кете бер, ол рахаттанады.

3386. Үйленген адамды кемеге мінді деп ойла. Кемеге мінуші теңіздің ортасына барды.

3387. Ұл-қызы дүниеге келсе, кемесі сынады. Кеме сынса, суда кім тірі қалады?!

3388. Ұл-қыз – әкесінің көрер мейірімі. Ұл-қыз – әкесінің ішетін уы.

3389. Әкесінің артында қалған ұл-қыз жаман болса, әкесінің және анасының атын атамас.

3390. Осында ұрпақтан қандай опа бар? Мінезі жаман, амалы жапа шектіру.

3391. Ұл-қыздың әкесі түрлі бейнетте күйеді. Бәле, мехнатты болса, пілдей артып алады.

3392. Дос, жолдас, сырлас тап дедің. Бұл жақсы, керісінше жүгін артпаса.

3393. Сосын білімі мықты данышпан жақсы айтыпты. Халықтың көңілі нәзік, оны күзету үшін көп күш сарп етесің.

3394. Бұл көңіл шыны секілді. Әй, ұл, сынбасын, қатты сақтан.

3395. Көңіл нәзік, ол әбден сыналған. Ыстықта тез ерір, суыққа тоңар.

3396. Достың көңілі сынса, қырдағы дұшпан болады. Жау қайда болса, оның мың, көп болады.

3397. Жаудың кесірінен тірлік дәмсіз болады. Жау қайда болса да, зиянды болады.

3398. Дұшпаның қаншалықты кішкентай болса да, сен оны үлкен деп ойла, әй, ержүрек батыр.

3399. Піл үшін шыбын үлкен дұшпан болды. Шақса пілді өте қатты шырқыратты.

3400. Дұшпаны көп болған және өмірін сол дұшпандарымен ұрысып өткізген кісі не деген, тыңда.

3401. Дұшпаным кішкентай деп өзің осал болма, несіне қорқайын деп сөзіңмен мақтанба.

3402. Жауың бар болса осал болма. Жауға жау бол, түзуге түзу.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3403. Өгдүлміш жауап берді де: «Айтар сөзімді тыңда, көңіліңе тоқып ал» деп сөзін бастады.

3404. Баят (ежелден бар Тәңір) бұ дүниені біліп жаратты. Халалдан қылып, ішетін, жейтін жіберді.

3405. Ізгі дос тауып, аралассын, қатынассын. (Адамның) досы ізгі болса, ізгі амал қылады.

3406. Кісіге пайдаң тиетін болса, кісімен аралас. Адамға пайдасын тигізу – кісінің пайдалысы деп біл.

3407. Жалғыз жортқан кісі – қыпшақы. Әй, жомарт, оның кісіге пайдасы болмас.

3408. Кісіге жәрдемі тимеген кісі – өлік. Жәрдем бер, өлік болма, әй, даңқты, батыр!

3409. Адамның досы, жолдасы көп болса, оның аты елге жайылады, ісі жүреді.

3410. Ол бұ дүниеде тілегенін табады. Егер ақыретті қаласа, оған да себеп болады.

3411. Уайым, қайғысы болса, өзі жан пида болар. Қуанышы болса, сүйінер және көзі жайнар.

3412. Халыққа бар жақсылығын айтып, жаяды. Мінін көрсе жасырар, ауыз ашпас.

3413. Жатқан адамды оятушы – жаулары. Ол міні мен жақсылығын елге білдіруші.

3414. Дұшпаны болмаса ердің аты, тегі, мәрттігі қашан белгілі болады?

3415. Кімнің жақсылығы көп болса, оның теңдесі болмаған дұшпаны да көп болады.

3416. Кімнің жақсылығы мол, тегі асыл болса, ол адамға елдің әр жеріндегі адамдар дұшпан болады.

3417. Назар сал, жақсы адамның дұшпаны белгілі. Жауыздың дұшпаны жоқ, жауыз адам – өлік.

3418. Қай ердің жанына қалың дұшпан жиналса, біл, оның жақсылығы басқа адамдардан артық болғаны.

3419. Жауымен алысып, ердің аты өседі. Дұшпансыз адамның аты шықпас, жатады.

3420. Жақсылығы мол кісі не деген, тыңда. Адам жақсылығымен арман, тілегіне жетеді.

3421. Назар сал, мың дұшпаны болмаса, дұшпаны күніге мың сөз айтпаса, ол қалай ер болады?

3422. Қара, үрген мың иттің үнін естіп, иттен қашқан бөрі бола ма?!

3423. Жалғыз болсам, кісімен тартыспаймын дедің. Сөз айтпаймын, құр-босқа сөйлемеймін дедің.

3424. Сен кіммен сөйлесесің кісі болмаса, кісілермен араласып отырмасаң.

3425. Назар сал, ер – ол, елдің арасында тұрады, тіліне абай болып, төрге озады.

3426. Дөрекі сөзге жұмсақ жауап қатса, ащы сөзге тәтті сөз қайтарса.

3427. Кісінің жүгін өзіне артып, өзгеге жүк артпаса. Жапа шектіргендерге ештеңе демей, опалы болса.

3428. Назар сал, өш пен кекті көңілінен өшірсе. Көңілде бары тілінде болсын.

3429. Ізгілігімен абырой, атын жайған, кісінің ізгісі не деген, тыңда.

3430. Кісіге дөрекі сөз сөйлеме. Көңіл дөрекі сөзден қанша жыл ауырады.

3431. Сені кім сөксе, сен оны мақта. Ол жаман болады, сен түзулерден саналасың.

3432. Жамандық (жапа) қылушыға жақсылық (опа) қыл. Ер жақсылық қылады, жамандар жамандық (жапа) қылады.

3433. Туған, туыс, жақындарың сенімен байланысын үзсе, сен жақындық қыл, әй, дос!

3434. Егер залым саған күш көрсетсе, сен оны кешіргін, дін жолы – осы.

3435. Құл не күңің қателік жасаса, қателігін кешір. Бұл қателікті кешірген сауабыңды ақыретке азық қыл.

3436. Ерлік осы, адамдардың жүгін арқалап, сабырмен жүріп өлімді күтеді.

3437. Әй, мінезі түзу жан, бүгін сен бір үйге кіріп, жалғыз қалудан не жақсылық табасың.

3438. Рахат, арман, нығыметті көзіңмен көрмедің. Күміс, гауһар, алтын, бақыр таппадың.

3439. Сенің сарайың, тұрағың, жерің, суың жоқ. Ат, ер-тоқым, қыз-ұлың кәне, бірі де жоқ.

3440. Кісіге жүргізіп отырған билігің, күшің жоқ. Өзің кедергі болмасаң, атың таза.

3441. Енді оған қандай дүние тауып қойдың?! Сені қай жынды заһид атады?!

3442. Көп тапқан ер азы да жеткілікті дер. Мұндай ер сонда заһид дәрежесінде болады.

3443. Тілегенін таппағанның бәрі заһид болар. Сабырдан басқа амал таппағасын сөйтеді.

3444. Ер деген сондай болады, мыңдаған арманына қол жеткізіп, мәрт жігітше одан жүзін бұрады.

3445. Жегізер, ішкізер, кедейге дүниесін үлестірер. Баятқа (ежелден бар Тәңірге) көңілімен байланып, құлшылық қылады.

3446. Дүние келген болса, көңілін байламаса. Қолынан кеткенде ауырып, қабағы түйілмесе.

3447. Егер арманына қол жеткізу үшін үстем бола тұрып, өзін, көңілін, тілін түзу ұстаса.

3448. Назар салсаң, бұл сөздің мәні мынаған ұқсайды. Тыңда, амалға асыр, әй, мінез-құлқы түзу жан.

3449. Ерлердің ері сол, барлық нәрсеге қолы жетеді. Табылған жерде іс қылып, өзін берік ұстай білсе.

3450. Тағы бұдан да жақсырақ ер сол, мың арманына қол жеткізіп тұрса да, өзін тез ұстай білгені.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

3451. Одғұрмыш жауап берді де: «Шыныңды айт, не қалайсың, әй, айдай көріктім» деді.

3452. Не айтсам да менің сөзді жоққа шығардың. Сөзіме қарсы келіп, жауабын бердің.

3453. Маған ашығын айт, тілегің не? Не қалайсың, ашық айтып, қалайтының қала.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3454. Өгдүлміш: «Мен бір мақсатпен келдім, сөзімнің ашығын айтайын» деп жауап берді.

3455. Күнтуды Еліг сен туралы есітті. Өзіңді керек деп, мені жіберді.

3456. Сені көруді қатты қалады. Шақырып әкелуге, мені хабаршы қылып жіберді.

3457. Қанша ауыр болса да, баруың керек. Елігке барып, бір көрінуің керек.

3458. Еліг өте жақсы сұлтан. Халыққа мейірімді, жан-тәнімен жақсы көреді.

3459. Кім Елігтің жүзін көрсе, құтты (бақытты) болады. Екі дүниеде толық бақыт табады.

3460. Әлемді басқарған, ақылымен мемлекетке күш берген, ел кентінің бегі не деген, тыңда.

3461. Заңға басымдық берген, әділ бек шынымен – құт. Құттан бәріне үлес тиеді.

3462. Қай жерде әділ бектің аты мен даңқы шықса, оған бару керек, адам бақытты содан табады.

3463. Көктің (аспанның) тіреуіші – әділ заң. Заң бұзылса, көк аспан орнында тұрмас.

3464. Өмірде заңға басымдық берген (әділ) бектер жоқ болса, Баят (ежелден бар Тәңір) жеті қат жерді бұзатын еді.

3465. Әділ бектің жүзін көрген бақытты болады. Сауапқа кенеледі, күнәсінен арылады.

3466. Сен білесің, бүгінде менің адам болуыма Еліг себеп болды, қолдады, демеді.

3467. Баят (ежелден бар Тәңір) маған ақыл, ес, білім берді. Барлық ізгілікке қол жеткіздім.

3468. Халықтың пайдасына һәм жүгін арқалауға, барлық ізгілік үшін Баят (ежелден бар Тәңір) таупиқ берді.

3269. Бір жеңнен қол шығарып, билік түйінін шешу үшін бүгін Еліг сені қалайды.

3470. Мені саған шақырушы ретінде жіберді. Әй, ержүрек батыр, мені жалғыз қайтарма.

3471. Еліг өз қолымен жазып, хат жолдады. Не айтты, оқып көр.

3472. Хатты шығарып, қолымен ұсынып берді. Одғұрмыш хатты алды, ұстап ашты.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке сауалы

3473. Хатты оқыды. Ұзақ ойланды. «Еліг сөзімен көп насихат беріпті» деді.

3474. Еліг «кел» деп шақырыпты. Барлық жақсылықты санап тұрып атапты.

3475. Қара, бұл мен үшін өте үлкен іс. Не қыламын айт, кеңес бер маған.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3476. Өгдүлміш жауап берді де: «Еліг әрқашан сен туралы айтады, аузы босамайды тілі құрғамайды» деді.

3477. Тілі қимылдаса болды, сенің атың шығады. Сені көру үшін екі көзі төрт боп отыр (көзін ашып қарайды).

3478. Көңіл кімді қалап жақсы көрсе, сөз алса, тілінде соның аты жүреді.

3479. Мына бәйітті оқы, өзін жақсы көргізген адам не деген. Жақсы көргеніңнің жүзі көңілді тоқ қылады.

3480. Көңілің кімді сүйсе, көзің соны көрер. Көз қайда қараса, ол сонда ұшады.

3481. Көңілдің арман, қалауы не болса, ауыз ашса, әрдайым тіл соны сөйлейді.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

3482. Одғұрмыш жауап берді де: «Әй, батыр, маған кеңес бер, дұрысы қайсы» деді.

3483. Бауырмал туысым, маған өте жақын сенсің. Кеңес бер, сөйтіп, туыстық қақыңды өте.

3484. Сенен өтінемін, біліміңмен, соған сай кеңесіңмен, маған ақыл бер.

3485. Туысымсың, қаласаң досың деп қабылды. Туыс пен дос, екеуінің арасында айырмашылық жоқ.

3486. Бүгінде маған шын жанашыр сен ғанасың. Не қылайын, айт, мен саған сенейін.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3487. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, құтты жан, мұндай сөзді маған айтпа» деді.

3488. Еліг мені саған шақырушы қылып жіберді. Енді сен менімен қалай кеңесесің.

3489. «Барайық» дегеннен басқа сөзім жоқ. Мен «барма» деп қалай айтамын.

3490. Қара, сенімен бірге болсам, маған көп пайдалы. Өз пайдасын қалаушымен ақылды адам кеңеспес.

3491. Білімді Шігіл не деген, тыңда. Әй, білімсіз, тыңда, мойынсұн.

3492. Өз пайдасын қалаған біреумен кеңеспе. Әй, құтты жан, саған пайдасы болмас.

3493. Әй, бауырым, кеңес, кісімен кеңес, егер ол өз пайдасын ойламайтын болса.

3494. Өз пайдасын ойлаған жан өзінің үлесін ойлап дұрысын лайық емес дер, ол – зұлымдық.

3495. Қаншама істе адамға кеңесу керек (болады). Көңіл дұрыс деп тапқан істі қылу керек.

3496. Саған жаны ашитын өзің ғанасың. Кісіге сенбе, сөздің қысқасы.

3497. Не істеу керек болса, сен жақсы білесің. Кеңес, бірақ бұл істе менен кеңес сұрама.

3498. Ол жерден аттанып, сені алғалы келдім. Кеңесім сол, жүр, енді тұрып, сонда барайық.

3499. Кісімен араласқанда табатын сауабың, игілігің бұл жерден табылмас, бұл күмәнсіз.

3500. Ұлыс пен кент ішіндегі қаншама игілікті саған талдап, санамалап айтып бердім.

3501. Білесің, бұл сөздерді дұрыс айттым. Бір Ием біледі, саған игілік қаладым.

3502. Адамдардан қашасың, адамдар саған не қылды? Адамдармен аралас, адамның ісін жаса.

3503. Мұсылмандардың ісін ретте, мұқтаждарға көмек бер. Баят (ежелден бар Тәңір) саған ұжмақ берер, назар сал, орның төрде болады.

3504. Көңіліңді, тіліңді тура ұста, амалыңды дұрыста. Қай жерді қаласаң да, бақытты өмір сүр.

3505. Адамдардың арасынан ұзақтап, жалғыз өмір сүрме. Кісінің айыбын көрме, өзіңді көр.

3506. Әй, дана, мына бәйіт мынаған ұқсайды. Мұны оқы, нәтижесіне амалға асыр.

3507. Қайда баруды қаласаң бар, ізгі бол. Тек, асыл тек іздеме, өзің ізгі бол.

3508. Назар сал, кісінің ізгісі өзін ұмытпас. Қайда жүрсе де, ізгілік жолды іздер.

3509. Адам ізгі болып, ізгі амал қылуы керек. Сондай адам қайда барса да, түрлі қуанышқа кенеледі.

3510. Ізгілік қай жерде де ізгілік. Ізгіліктің қайтарымы да ізгілік болады.

3511. Сен ізгі амал жаса, жаман болма. Қайда қаласаң да бар, қорықпа.