Таңдау
тТ

Одғұрмыш Өгдүлмішке дүниенің айыптарын (жамандығын) айтады

3512. Одғұрмыш: «Сенің сөзіңді тыңдадым. Менің де сөзімді тыңда» деп жауап берді.

3513. Бұл дүние саған өзін жақсы көргізіпті. Барлық жамандығы саған жақсылық болып көрініпті.

3514. Саған таң қалмаймын, мысалда келтірілген. Қай нәрсені жақсы көрінсе, жаман жағы көрінбейді.

3515. Жақсы көрінгені үшін дүниенің барлық жаман жағы саған игілік болыпты, әй, елдің ұлығы!

3516. Жақсы көрген кісі не деген, тыңда. Жақсы көрушіге сүйгенінің кемшілігі артықшылықтың үлкені болады.

3517. Жақсы көргеннің нышаны белгілі. Жақсы көргеніңнің айыбы артықшылық болар, әй, даңқтым!

3518. Сенің дүниені жақсы көргеніңнің нышаны осы. Көңілің барлық кемшілігін артықшылық деп таныпты.

3519. Сен бұ дүниені маған қалай мақтайсың? Оның айыптарын айтайын саған.

3520. Адам жазықты (күнәлі) болғанда оны Баят (ежелден бар Тәңір) жазалады. Құдіретті Ием бұ дүниені оған түнек қылды.

3521. Түнекте сен нені армандап, нені тілейсің? Тілек, арман, бақыт ұжмақтың ішінде.

3522. Адам ұжмақта (тиым салынғанды) жеді, үйіне назар сал. Бұ дүние оған арылатын (күнәсінен тазаратын) үй қылынды.

3523. Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) жек көретіні, ол – шайтанның жақсы көргені. Тағы да артығы – Тәңірдің жақсы көріп, жерге түсіргені.

3524. Баят (ежелден бар Тәңір) қалап, бір құлын таңдаса, оған дүние бермес, жолын таза қылады.

3525. Бұ дүниенің бақыты, әй, жақсы емес. Баяттан (ежелден бар Тәңірден) жырақтатады, діннің жұты (жоғалтады).

3526. «Баятым» (ежелден бар Тәңірім) дейтін нағыз адам әлемге үстем болуды қалады, ит сияқты өлді, кетті.

3527. Адам байыса, халық қоры болады. Жүректің тазалығы кедейлікпен бірге.

3528. Жалаңаш туған адам назар сал, жалаңаш кетеді. Неліктен дүние жинайсың, қайтадан қалдырып кететін болсаң.

3529. Өзіңді неліктен алдайсың, әй, өлуші. Өзің мұнда екі күндік қонақ боласың.

3530. Білесің, өмір – өлмек үшін. Онда өлімге дайындал, уақытыңды күт.

3531. Дүние есігін аштың, енді тағы бір есік ашылады. Өлім есігін ашылар, барлық халық кіреді.

3532. Өзің екі күнге тынығу үшін келдің, көре көзге өзіңді қинап, отқа күйдірме.

3533. Опасыз дүние аумалы, бақыты баянсыз. Не берген болса, тез кері алады.

3534. Құл ма, бек пе, кісіні айырмайды. Жауыз ба, жақсы ма, таңдап, талғамайды.

3535. Бірі бек болады, назар сал, тағы бір бекті шақырар. Күнде басқа бек келеді.

3536. Қарап тұрсаң, дүние көлеңке секілді. Қусаң қашады, қашсаң сені қуады.

3537. Қарап тұрсаң, мына сөз соған ұқсас. Мұның мәнін ұқ, әй, көңілі түзу жан.

3238. Бұл дүние кім өзі қуса қашады. Егер одан қашсаң, сені қуады.

3539. Және бұ дүниенің нәрселері дінге өш. Дүниеге ие болсаң, дін қалады, қара бұған.

3540. Бұ дүние безеніп өзін әдемі көрсетер. Сыланған келіндей көңіліңді елітеді.

3541. Көңіл бұрсаң, сәні кеткен кемпір боп қалады. Жаға (етек), жеңіңе жабысады, қылымсыған дауысы үзілмейді.

3542. Қылығы тұрақсыз, әркеті баянсыз. Бегімен бірге үш ай толық тұрмас.

3543. Кім оған көңілін байлаған болса, бекершілік, өз өміріне жамандық қылғаны.

3544. Бұ тіршіліктің әр күні қымбат. Оны бекер істерге жұмсауға болмас.

3545. Өмір – әртүрлі игілікке жетуге мүмкіндік. Әй, балуан, сен оны бекер өткізбе.

3546. Бұ дүние нәрселерінің үш аты бар. Олар: халал, күмәнді және басқасы харам.

3547. Халалға есеп, харамға жаза бар. Егер күмәнді болса, өте қатты сақтан.

3548. Дүние кімді жақсы көрсе, ақырында қуады. Рахатымен қуандырар, сосын тез жалықтырады.

3549. Қуанышымен өсіріп, барынша семіртеді. Уайым, қайғымен қайтадан жауратады.

3550. Сүйінішіне қарасаң соңы уайым. Уайымға толы өмірдің соңы сүйініш болар.

3551. Ұшы нығымет болса, түбі мехнат. Басы мехнат болса, соңы нығымет.

3552. Тақуа, көңілі ояу кісі не деген, тыңда. Ұзақ тұр, бұ дүниенің жаласы жұқпасын.

3553. Назар салсаң, сенің байлығың – кедейлік. Саған кім кедей боса, ол бай.

3554. Сені кім жесе, ақырында сен оның етін жейсің. Қара жердің астында өшіңді аларсың.

3555. Орнатқан заңдылығың бұзылады. Жинағандарың шашылады.

3556. Бұ дүние тез уақытта өтеді. О дүние келеді, өте ояу бол.

3557. Кететіндер кетеді, күн сайын сенен жырақтайды. Келетін нәрсе келеді, саған өзі тез жетеді.

3558. Білімді адам кететін нәрсеге көңіл бөлмес. Ақылды, сабырлы адам келетін нәрсеге дайындалар.

3559. Өлімді білген адам өзін жақсы көрмес. Өлімді көрген адам ұзақ қуанбас.

3560. Жолаушы кісі жолға үй салмас. Көшетін адам дүниесін үйге қоймас.

3561. Сен қонақсың, бұ дүние саған уақытша тұрақ. Уақытша тұрақты ұзақ уайымдама.

3562. Бұ дүниенің нәрселері, әй, жақсы емес. Кімдікі болса, оның мінезі мен амалын өзгертер.

3563. Дәруіш дүниесі мен малын (Тәңірге) тапсырды. Заһид болса, бұ дүниені негізсіз деп тәрк етті.

3564. Тұзақ құрушы саған көрінбегендей болғанмен оның шашқан жемі бұ дүниенің нәрселері.

3565. Бұл адам осал және көзі тойымсыз. Осындай адам қалай торға түспес.

3566. Тақуалардың басшысы және бұ дүние істерінен сақтанған кісі не деген, тыңда.

3567. Тұзақшы көрінбес, жемі көрінер. Безенген келіндей көңіліңді елітер.

3568. Өзің сабырсыз, осалсың, көзің тойымсыз. Жемін татып алдың ба, аяғың байланар.

3569. Дүниенің бар байлығы біреуге түгел жиналса да, рахат ішінде мың жыл бақытты өмір сүрсе де,

3570. Не пайда, ақырында қара жерге қояды. Оның түсетін жері – қара жердің ойығы.

3571. Өткізген өмірің саған түс болады. Не қылған болсаң, қайтарымы соған сай болады.

3572. Сонда сол күні өкінсең, өкінгеніңнен пайда жоқ. Не қылған болсаң, жыл, ай, күн оған куә.

3573. Дүниенің бар дәмі мына үш нәрсе: үшеуінің дәмі де бір-біріне тең.

3574. Назар сал, үшеуінің бірі – ішу мен жеу. Тағы бірі – еркекті алдандырған әйел.

3575. Үшіншісі есен-сау өмір сүру. Үшеуінің ішіндегі ең керектісі осы.

3576. Бұл үш нәрсенің қуанышы мен ләззаты нәтижесінде болатын үш нәрсеге тұрмас, әй, елдің ұлығы!

3577. Әй, бауырым, ішу, жеу – бір ләззат. Әй, дос, оның нәтижесі шығарда қиын.

3578. Бұл ләззатың үш елі тамағың үшін. Одан басқасы барса, қарныңа толар.

3579. Егер сіңбесе ішкен асыңның ләззаты бұзылады. Бұзылса, назар сал, адам ауырып жатады.

3580. Ауру – адамға келген өлімнің әуелгі хабары. Әй, адамдардың сағы, өлімнің ләззаты жоқ.

3581. Тағы бір ләззат – әйелдің ләззаты. Оның нәтижесі – суық суға жуыну.

3582. Назар сал, одан кейін ұл-қыз дүниеге келеді. Ұл-қыздың жүгін арқалау – бейнет.

3583. Бұл бәйітті айтушы не деген, тыңда. Ердің күшін әйелі мен ұл-қызы тауысады.

3584. Әйеліңмен сұхбаттасу өте күшті ләззат. Нәтижесінде суық суға жуыну қиын.

3585. Ләззат қайда болса, қиындықпен бірге. Тәтті қайда болса, соңында тәтті.

3586. Егер өмірдің ләззаты осы болса, демек, дүние – ләззатсыз мехнат жолы.

3587. Осы ләззаты өмірдегі күндерім тәтті. Ақырында ащы өлім ләззатсыз қылады.

3588. Дүниенің бүкіл ләззаты осы үш нәрсе. Әй, мінезі түзу жан, оның жауабын есіттің.

3589. Бұ дүние – дұшпан, тағы бір дұшпаның – тәнің. Бұл екі жауыңның торы құрулы (жаюлы).

3590. Үшінші жауың – шайтан, ол діннің ұрысы. Тәңірі бұлардың зиянын тигізбесін.

3591. Ауыр әрі зор дұшпандық бұлардың ішіндегі өзіңнің тәніңнен келеді, көбінен де көп.

3592. Баят (ежелден бар Тәңір) атын айтсаң, шайтан қашар, кетер. Дүниені тәрк етсең, ол сенен қалады.

3593. Тәніңді қалай тәрк етуге болады. Егер кім өлсе, сонда ғана қалады.

3594. Білімді данышпан өте жақсы айтыпты. Білімді даналардың сөзін тыңдау керек.

3595. Тәнім маған бейнет шектіріп, мұңға батырады. Қара, арасында күлдіреді, арасында жылатады.

3596. Қалауына еріп, әлемді кездім. Арасында аш, арасында тоқ жатамын.

3597. Бір арманына жеткізсем, тағы бірін қалайды. Тағы бірін тапса, бойымды түгел билеп алады.

3598. Өзім нәпсімді ұстап, билей алмадым. Мейірімді Ием, сен тоқтат.

3599. Бұл нәпсі осындай жаман қарсылас. Семіртсең одан әрі жауыз болады.

3600. Назар сал, қашыр ат семірсе құтырады һәм азғындайды. Иесін жерге құлатар, одан қашар.

3601. Тәніңе қара, аңшы ит секілді. Семіз болса, иесінің хақысын білмес.

3602. Қарын тойса аңға жүгірмейтін болады. Иесінің жұмсағанына бармай тұрады.

3603. Тән кішкентай балаға ұқсайды. Қарны тойса өзі теңін іздеп жүгіреді.

3604. Қарын тойса, тән еріншек болар. Қалағаныңдай болғанын қаласаң, қалауын берме.

3605. Өмір түп-түгел үш күндей-ақ. Одан басқасы түс не түн.

3606. Бірі – ертең, бірі – кеше өтті. Бүгінгі өмір ертеңге жетер ме?!

3607. Бұдан басқа қанша өмір қалды? Оны өмір деп санама, сөзімді ашып айттым.

3608. Әйелмен сұхбаттасу, ол бірер сағат еркектің отын өшіру үшін.

3609. Бұл отты қалай өшірсе өшеді? Қажет болса көріктісін не көріксізін құшар.

3610. Тамақтың бар ләззаты – қарныңды тойдыру. Қарның тойса, пайдалысы оны қоя тұру.

3611. Қарын тойса, арпа да, халуа да бір. Бәрі артады, қалады, кірер жолы толады.

3612. Қаласаң шекер, халуа, арпа, тары же. Тойып жатсаң, таңда қайтадан аш тұрасың.

3613. Мал-дүниеге кедей, көңілі бай, тақуа кедей не деген, тыңда.

3614. Сен әлемнің шекердей тәтті нығыметтерін жедің. Мен күшім жеткінше кебек, тары жедім.

3615. Екеуміз тойып, кешке тең жатамыз. Келген күн, сағат өтеді, кетеді.

3616. Дүниені қанша жинасаң да, өзің өлесің, күмәнсіз, екі бөз ғана тиеді.

3617. Кедей мен бай екеуі өлгеннен кейін қара жердің астында тең болады.

3618. Өмірдегі екі күндік өтпелі рахатқа бола өзіңді неліктен алдайсың.

3619. Дүние жиғалы өзің сұқтанасың. Назар сал, сені ұстауға өлім де сұқтануда.

3620. Өмір күн санап өтіп жатыр, сенен алыстап. Сұм өлімді көр, тамырыңды кесіп жатыр.

3621. Назар сал, тірі адам күмәнсіз өледі. Қай күні өлерін білетін ешкім жоқ.

3622. Кішкентайында адам сақал шыққанын күтеді. Сақал шықса, ағарғанын күтеді.

3623. Сақалың ағарса, демек, өлім келді. Оқ, қару өлімге пайда бермес.

3624. Өзіңді қинап, көре көзге күйдірме. Бұ дүние үшін өзіңді отқа атпа.

3625. Назар сал, бұ дүниенің мал-дүниесі ащы су секілді. Қанша ішсең де қанбайды, тіпті тамағың ылғалданбайды.

3626. Бұл адамның өзі құрғақ құмға ұқсайды. Көзінің сұғы өзен ақса да тоймайды.

3627. Бұ дүние сағым, көз алдыңда бұлдырар. Қанша жақындасаң, ол сонша қашар.

3628. Нәпсі қалауын тыйған адам ғибадатқа қашып, көрінбейтін жауға кезек бермес.

3629. Нәпсіге мүмкіндік берме, мойынсұнба. Қуантқаны – қайғыға, қалауы – ойынға айналады.

3630. Өткен өмір келместен кетеді. Қалғаны қанша, ол да белгісіз.

3631. Болған күніңнің бәрін босқа өткізбе. Өлімге дайындал, құлшылық қылуға асық.

3632. Көңілі оянған және барлық күмәнді нәрседен тазарған кісі не деген, тыңда.

3633. Кешегі түніңді өткіздің, енді келер күніңнің өтеріне күмәнданасың ба?

3634. Өткенің мен келешегіңнің арасы уақытша бір тұрақ. Уақытша тұрақтағы өмір үшін дауысыңды зорайтпа.

3635. Көп болды мұнда өмір сүріп жатырмын. Уақыт өте келе нәпсінің аяғын сындырдым.

3636. Бүгін сен мені ұлыс пен кентке шақырасың. Ол жерде нәпсіме тұтқын болсам, оны тыйғаным кәні?!

3637. Тән – жау еді, жау болғанда да күштісі еді. Барлық жерге түзағы мен торын жайған.

3638. Қалауына ерік берме, тырыс, тірес. Ақылды адамдар тәннің үлесін бермес.

3639. Нәпсі мен қалауын тізгіндеп, өзін ұстай білген адам не деген, тыңда.

3640. Білімі ұлы (адам), нәпсіге құл болма. Назар сал, нәпсіңе құл болсаң, дініңді тәрк етуді қалайды.

3641. Ол адамды білімді деуге болмайды, егер ол барлық істі нәпсінің қалауына сай жасаса.

3642. Ол адамды ақылды деуге болмас, егер ол нәпсісіне құл болса, әй, көңілі тірі адам!

3643. Әрдайым тәннің үлесін беретін болса, ол кісі күмәнсіз, білімсіз адам.

3644. Әй, бауырым, өзін нәпсі мен тән қалауының құл қылғандар – ақылсыз кісілер.

3645. Мінекей, бұ дүние осындай. Бар мінін айттым, сен өзің ұқ.