Таңдау
тТ

Өгдүлміш Одғұрмышқа дүние мен ақыреттің пайдасын алуды айтады

3646. Өгдүлміш: «Әй, құтты адам, сенің айтқан бұл сөздеріңді тыңдадым» деп жауап берді.

3647. Мынаны тыңда, күмәнсіз, бұл ақыл мен білім үшін өлшем.

3648. Бұ дүниенің хәлі қанша жерден ондай болса да, өмір жолын өзіңе сонша ащы қылма.

3649. Өзіңді қинап, бұ кең дүниені тар қылма. Күнәһар құлына Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) рахметі бар.

3650. Азабы қатты болса да, рахметі мол. Күнәһарлар үшін рахметі мәртебе болды.

3651. Азабынан қатты қорық, рахметінен үміттен. Құлшылық қыл, құл атыңа лайық жетілдір.

3652. Әлемнің барша халқы ұлыс пен кентті тәрк етіп, келіп тауға тығылса, үлкен жүк артса,

3653. Дүние бұзылады, бәрі бос қалады. Барша адам баласының ұрпағы үзіледі.

3654. Барша халыққа арнап екі үй жаратты. Бірінің аты – ұжмақ, бірінікі – тамұқ.

3655. Және барша адам түнін күнге жалғап бұ дүниені тілеп жүгіреді.

3656. Құлшылықты тастап, дүниені қаласа тамұққа кетсе, онда ұжмақ бос қалатын еді.

3657. Баят (ежелден бар Тәңір) құлға екі құлақ, екі көз берді. Бірі дүниеге қараса, бірі ақыретке.

3658. Екі қол берді созып, ұстауға, бірімен дүниені, бірімен ақыретті.

3659. Жүру үшін екі аяқ берді. Бері қадам бассаң, қиын болса да, бірімен сонда қадам бас.

3660. Әлемдегі атақты, жомарт, қолы кең, білімі кең, данышпан жақсы айтыпты.

3661. Әй, құл болған ақылды, ояу адам, осал болма, (санаңа) тоқы, жаладан сақтан.

3662. Екі дүниені де Баят (ежелден бар Тәңір) жаратты. Біріне қолың жетсе, асық, екіншісін де ізде.

3663. Құдіретті Баят (ежелден бар Тәңір) адам баласын ашығатын және тоятын етіп жаратты, осы атты берді.

3664. Үстіңе киім, тамағыңа жейтін керек, әй, бауырым, бұл – тіршіліктің емі.

3665. Үстіңді бүтіндейтін тон, қарныңды тойдыратын ас, тірілер үшін бұлардан бас тартуға болмас, әй, бауырым.

3666. Халал дүние тауып, оны қол жеткізіп жеу, одан алып кедейлерге үлестіру керек.

3667. Адамның мал-мүлкі, тамағы (құлқыны) болмаса. Тамақ пене мал-мүлік болмаса адам өніп, өспейді.

3668. Әрдайым Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) әділдігінен қорқып жүр. Мейірімінен де әрдайым үміттеніп жүр.

3669. Құлдың жағдайы осы екеуінің арасында деп біл. Бұл (ақиқат) жол, бұл жолдан жаңылма.

3670. Білімсізге үгіт, насихат, жігер беруші, білім беруші жақсы айтыпты.

3671. Сен үміт пен қауіпті қанат қыл. Осы екеуінің арасындағы жолдан адаспа.

3672. Баят (ежелден бар Тәңір) бұйрығын орында, өзің құлшылығыңды қыл. Алып ұшып сарайға кір, рахатқа қауыш.

3673. Үміт пен қауіпті екі қанат деп ойла. Бұл екеуімен ұшқан көкке жол табады.

3674. Күнәм көп деп үмітіңді үзбе. Құлшылығыңа сеніп, құлшылыққа арқа сүйеме.

3675. Құлшылық қыл, құлшылығы арқылы барлығы құл болды. Кімнің аты құл болса, оның амалы – құлшылық.

3676. Тәңірдің жарлығын құрметте, қадірсіз санама. Қадірсіз санамаған адам өзі құрметті болады.

3677. Құлшылықта өзіңді кедей деп біл, кедей (бейшара). Құлшылықта өзіңді кедей, күнәда бай деп біл.

3678. Өзің де, сөзің де ізгі болса да, өзіңді адамдардың жаманы деп біл.

3679. Міне, мен білгендерімді айтып бердім. Сөзіме амал етсең, ертең нәтижесін көресің.

3680. Егер сен айтқандарымды ұстанбайтын болсаң, жауабын бер, мен қайтайын, әй, батыр ерім!

3681. Сөз ұзақ болса, ешбір пайдасы жоқ. Тағы ұзартсам, тіпті пайдасы жоқ.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

3682. Одғұрмыш екі қолымен басын ұстады, ұзақ ойланды, сосын басын көтерді.

3683. «Әй, бауырым, саған бейнет болды» деді. Бауырлық қылып, сен маған сөйледің.

3684. Менің игілігімді ойлап, бұл сөздерді айттың. Тәңір сауабын берсін, уайымымды жедің.

3685. Қарап көрсем, енді бұл істен маған шығар жол көрінбейді, әй, ержүрек батыр.

3686. Көңіл қабыл алмады, бұл істен қашады. Көңіл қабыл алмаған іске жақындау қатерлі.

3687. Білімі терең, жақсыларға өзін жақсы көрсете білген көңілі таза адам қандай жақсы білім беріпті.

3688. Сен қандай істі жасауды қаласаң, әуелі жүрек сөзіңмен кеңес.

3689. Сосын кісімен кеңес, баршы сөзіңді айт. Көңіл қабыл көрмесе, өзіңді жырақ ұста.

3690. Өзіңе бәрінен бұрын өзіңнің жаның ашиды. Көңіл қабыл көрмеген істі қой, сөздің қысқасы.

3691. Қай істі көңіл қабыл көрмесе, онда пайда болмайды, әй, көңілі ояу (адам)!

3692. Бұл істі көңіл қаламағасын, жақсы көрмегесін, өзім бұл сөзден тез бас тарттым.

3693. Сенен мұны айып көрмеуіңді өтінемін. Мені қоя бер, әй, кісінің сарасы.

3694. Мінезім, әрекетім, сөзім, насихатым, қабілетім Еліге лайық емес.

3695. Өзім дүниеден қашып, осында келдім. Қайтадан онда қалай барайын?

3696. Өзімді Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) құлшылығына байладым. Енді кісінің қызметін қылуым жарар ма, әй, түзу жан!

3697. Енді мені Тәңір жолына қоя бер, сенің игілігің үшін дұға етуші болайын.

3698. Бір-бірімізді іздеп, көрісуді қаласақ, сен маған келме, мен барайын.

3699. Мен бейнет көрейін, сен тыныштықта өмір сүр. Елігтің қызметі мен халықтың пайдасын қыл.

3700. Жақындық қылып, жан-тәнімен қызмет еткен, мейірімді кісі не деген, тыңда.

3701. Көңілді шабыттандырып, кісіге әрекет еткізсе, демек қалаған ісің жақын болды деп ойла.

3702. Кісі армандаған ісіне қалауымен жүгірсе, жолда шаршап қалмас, тілегіне жетеді.

3703. Тілегіне жету үшін жүрген адам шаршап қалмас, тілегіне жетеді.

3704. Жақсылығымен даңқы тараған, жақсылардың басшысы болған, өзін жақсы көрсеткен кісі жақсы айтқан екен.

3705. Көңілің жақын болса, алыс жердің өзі жақын. Жақындықтың жақсылығы үшін көңілге қара.

3706. Жақын болудың хақы жақсылықпен өлшенсе, шығыс пен батыстың арасы бір өрлем жер.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3707. Өгдүлміш: «Сенің сөздеріңді тыңдадым. Енді мені тыңда» деп жауап берді.

3708. Әй, бауырым, сенің тілегің осы болса, сені қинамаймын, көңіліңе алма.

3709. Сөзім бітті, сен есен-аман қал. Елігке хат жазып бер, жүзімді ұятты қылма.

3710. Еліг өзі қолымен жазып, хат жолдады. Өзің бармайтын болсаң, хат жазып бер.

3711. Айтқан сөздеріңді өлшеп-пішіп, өз тіліңмен маған бір жауап жазып бер, соны алайын.

3712. Тіліңмен сөйле һәм хат жаз. Елігке қайтайын, әй, ақылды дана!