Таңдау
тТ

Одғұрмыш Елігке хат жазып жолдағанын айтады

3713. Одғұрмыш: «Әй, ақылды дана, азырақ күт, хат жазайын» деп жауап берді.

3714. Сия сауыт пен қағаз іздеп, қаламын алды. Елігке хат жаза бастады, сөзін жеткізіп.

3715. Баят (ежелден бар Тәңір) атымен сөзін бастады. Жаратқан, ризық берген, кешірген деді.

3716. Бұл тіліммен Баятқа (ежелден бар Тәңірге) айлар һәм жылдар бойы көп мақтау, сансыз мадақ қылып жүрмін.

3717. Қара жер, көк аспан, күн, ай, қараңғы мен жарықты, кедей мен байды жаратты.

3718. Мына сансыз тірі жанды, қалың нәрселерді жаратты. Өмір береді, аш қоймас, береді.

3719. Ол – Бір (жалғыз), Бір еді, екеуіді ол жаратты. Оның бірлігі санауға келмейді.

3720. Ол – Бір және бар, күмәнсіз. Қалай, қанша, ұқсасы және теңі деген ойды көңілден алыс тұт.

3721. Ұлылық, биіктік оған тән. Құдіретті, бәріне күші жетуші, Ол – Бір, бәрінен де жалғыз.

3722. Бүкіл, барлық, сансыз құлды Ол жаратты. Тілек тілеушіні қадірлеп бәрін берді.

3723. Бұл күмбез бен үй іші балшықтан жасалған, қараңғы. Құдірет күші күнмен жарқыратты.

3724. Көк аспанды жаратты, биікке көтерді. Күн, ай, жұлдызбен бейнелеп безендірді.

3725. Төменде қара жер мен көк су. Үстінде тазартушы жел, өнген шөп.

3726. Ыстық пен суықты һәм құрғақ пен ылғалды жарасымды қылып, халыққа пайдасын тигізді.

3727. Қалағанын қалағанындай қылып жаратты. Оған арқасүйер мен жәрдемші керек болмады.

3728. Қаласа, құлшылық қылмаған құлын абыройлы қылады. Қаласа, абыройсыз қылады, құлшылығы пайда бермейді.

3729. «Бол» десе, қалаған қалауы болады. Не болса да міндетті түрде үкімін жүргізеді.

3730. Сүйікті елшіге мыңдаған, сансыз сәлем. Тура жолда ол ізгі жолбасшы.

3731. Елігке дұға етуші ретінде хат жаздым. Әй, дана, сәлем бердім, аман-есен бол.

3732. Еліг сөзін хатпен жазып жарылқапты. Хатын оқыдым, көзайым болдым.

3733. Жарлығы көп үгіт, насихат, жақсылыққа толы. Сөзінің бәрі мен үшін жарылқау.

3734. Және ішетін, жейтін, киетін беріп, көп жақсылық жасап, құрметтеуге уәде етіпті.

3735. Бұ адамдар мұндайды армандап жүреді. Соны тілеп жүріп, әлемді кезеді.

3736. Қызмет етпестен игілік, мал-дүние тауып жатсам, мұндай өмір мен бақ-дәулетті қалай қабылдамаспын?!

3737. Алайда, мұның бірқанша басқа айыбы бар. Өзім онда барсам, кейін зияны келеді.

3738. Олардың бірі, мен қызмет етуді білмеймін. Барып қызмет етпесем, жүзім жарық болмас.

3739. Мінезім, әрекетім заң мен ережеге лайық емес. Бәлкім, әдепсіз қызметші іске жарамас.

3740. Екінші, опасыз дүние жапа шектіреді деп біліп, әуелі өзім оны тәрк еттім.

3741. Баятқа (ежелден бар Тәңірге) сиындым, өзімді берік ұстадым. Ием бұл дінім мен иманымды сақтасын.

3742. Тамағым, киімім барым жеткізілікті. Одан басқасы не керек, жүк болады.

3743. Жейтін тамақ һәм үстіме киетіннен мені Жаратқан Ием кем қылмас.

3744. Жаратты, осы уақытқа дейін ризық берді. Енді дүниенің бегі тағы да ризық бере ме?!

3745. Саған есіркеместен дүние берді. Беруші Ием маған бермейді деймісің?

3746. Әй, ержүрек, жомарт, барлық жақсылық пен жамандықты, кедейлік пен байлықты Баяттан (ежелден бар Тәңірден) деп білемін.

3747. Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) қақпасын қақтым, оған құлшылық қыламын. Бүкіл халықтың жиналатыны, осы – ақиқат қақпасы.

3748. Саған, сенің есігіңе барып, өмір сүру үшін мен не тілейін?

3749. Біз екеуміз де Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) құлымыз. Бұл құл болуда дәрежеміз бірдей.

3750. Құлдың құлға құлдық етуі жарамсыз болар. Қызметкерге қызмет ету абырой емес.

3751. Адамның әркеті осындай болу керек. Жүрек Баятқа (ежелден бар Тәңірге) құлшылық қылып, ұрынса керек.

3752. Дана, ақылды, сабырлы, көңілі таза кісі жақсы айтқан екен, тыңда, әй!

3753. Аш және тоқ болатынға құлшылық қылма. Сен неліктен пұтқа құлшылық қыласың.

3754. Ешқашан тоқтамастан бір Баятқа (ежелден бар Тәңірге) табын. Күндіз-түні осы ашық қақпаны тап.

3755. Әй, Еліг, мына төрт қажетімді лайықты түрде жаса. Мен де қолыңды, жүзіңді сүйіп, қызмет қылайын.

3756. Мен өлмейтін өмір қалаймын. Мен қартаймайтын жігіттік қалаймын.

3757. Сен мені әрқашан ауыртпай аман-есен қыл. Байыт, мал-дүниесіз және кедей қылма.

3758. Бұл төрт нәрсені бер маған, саған қызмет қылайын. Тәтті жанымды пида қылып, өзім жасайын.

3759. Әй, Еліг, сен осы нәрселерді маған берсең, қолымды беріп, саған өзім құл болайын.

3760. Мұны беруге күшің жетпесе, қандай артықшылығың бар, маған ашып айт.

3761. Жейтін, киетін болса, тамағым, киімім бар. Тағы керек болса, Ием береді.

3762. Абырой мен абыройсыздық Баяттан (ежелден бар Тәңірден). Өлім һәм өмір де содан келер.

3763. Мұны шын білген ақылды кісі басқаша болар ма, әй, елдің басшысы?

3764. Әй, асыл бек, мені Баят (ежелден бар Тәңір) қорғағанындай сен қорғай алмайсың.

3765. Кешкілік сені мен қорғауым керек. Мені қорғаушы Ол. Сөзімді ашып айттым.

3766. Өзің тоймайынша маған ас тимес. Мені (Тәңір) тойдырады, басқаша айтқанда өзі ас жемес.

3767. Мен қиналсам, дәнекер керек емес. Тіпті тілім қимылдамастан сөзімді естиді.

3768. Жол көрсетуші не қақпа ашып-жабушы тоқтата алмас. Тәкәппар, дөрекі, залым маған (зиянын) тигізе алмас.

3769. Сенің алдыңда кінәлі болсам, сен кешірмейсің. Мың күнә жасасам да, Ием кешіреді.

3770. Күнәһар құл не деген, тыңда. Көңіл сырын ашты, қара, не деді.

3771. Әй, шын опалы, мейірімді Ием, сенен асқан мейірімді таппадым.

3772. Жаным мұңайғанда сен тілеуімді бересің. Жаман панасызға сен пана, жәрдемшісің.

3773. Сен, дертіме шипа, уайымыма қуаныш, мұңыма таяныш, жалғыз қалсам алданышсың.

3774. Сенімім, жұбанышым, қуанышымның барлығы сенің разылығыңда, әй, Ұлы!

3775. Мен саған көп күнә жасадым. Сенің рахметіңнің қасында ол аз.

3776. Күнәмді кешір, саған зияны жоқ. Жазалама мені, саған пайдасы жоқ.

3777. Күнәм көп болса, сенің рахметің бар. Рахым қыл маған, саған сол жарасады.

3778. Егер жазаласаң, мен лайықтымын. Кешірсең кешір, сен оған лайықсың.

3779. Сен білесің, мен сені Бір Ием деп білдім. Білемін, сен Бір дедім, оны сен де білесің.

3780. Мен айыптымын, күнәмнен жанып азапталуда. Сен мейірімдісің, мейірім де сенен келеді.

3781. Кететін бұл тәтті жан – аманат. Аманат жан басқа біреуге берілмес.

3782. Әй, Еліг, бұ дүние өтпелі. Күн сайын өмір азаяды, бітеді.

3783. Неңе сеніп ұзақ нәрсені ойлайсың. Неңе сүйініп өзіңді жұбатасың.

3784. Әкең, дос, замандас, аға, інің кетті, анаң да кетті. Қара, ұлың, қызың кәне?

3785. Өлгендерді көріп жүрсің. Тірі сен де өлесің. Күмәнсіз, бір күні сені де топырақпен жабады.

3786. Әй, Еліг, осал болма, ұйықтама, оян! Өзіңнен кейін артыңа жақсы атыңды қалдыр.

3787. Өткен күндеріңді босқа өткізген болсаң, енді келер түндеріңді босқа өткізбе.

3788. Өткен күніңнің ішінен керегіңді ал. Көшетін, баратын жерің үшін дайындық қыл.

3789. Мына көзіммен осындай хәлді көре тұрып, саған мен қалай барайын?!

3790. Опасыз дүниеден көңілімді бұрдым. Опалы Иеме сиындым, тынышпын.

3791. Әй, Еліг, сен мені қоя бер. Бұл жерде саған дұға қылайын.

3792. Мен саған қалай пайдалы болайын. Өзіңе өзің ғана пайдалы бол, сөзімді ұстан.

3793. Мен кісіден түңілдім, сен де түңіл. Саған және маған кісіден пайда жоқ.

3794. Мен енді қалған өмірімді сүріп, құлшылық қылып, Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) разылығын іздеймін.

3795. Бар тапқаным жетеді, басқасы артық. Бұ дүниенің түбі қатты ұйық, тойымсыз.

3796. Жел ескендей өмір өтеді, мен ояндым, енді ашынып, күйінемін.

3797. Үстім бүтін, тамағым жейтінге толды, тоқ. Дүние түбіне батсын, басқа пайдасы жоқ.

3798. Тамағы тоқ, үсті бүтін не деген, тыңда. «Барым жетеді» деген адам бақытты бек болады.

3799. Молшылықта адам болған және молшылық ішінде бақыты болған адам жақсы айтқан екен.

3800. Дүниеде жейтін тауып, тамағым тойғанша жедім. Киетін тауып, үстіме кигенімше кидім.

3801. Өмір болса, жейтінімді табармын. Керек болса, Бір Ием маған қалағанымша береді.

3802. Еліг мені пайдам тисін деп шақырса, менде пайдаға асатын ақыл мен білім жоқ.

3803. Егер мемлекет ісіне пайдасы тисін десе, сөзімді кесіп айтайын, пайдам тиер жер жоқ.

3804. Егер маған қарым-қабілетің деген болса, туысым саған мың адамның ісін жасап береді.

3805. Еліг менің адами ізгілігімді айтқан болса, өзің ізгі бол, саған сол жарайды.

3806. Сен мың жақсының аяғын ұстағанша бір ғана жолы, есен-сау жағаңды ұста.

3807. Әлемде абыройы асқан, мыңдаған не түрлі адам Елігтің жанына жиналыпты.

3808. Елігке менен қандай пайда бар?! Пайдасыз істі қылса, дәмі болмас.

3809. Енді мен өзім сенен кешірім өтінемін. Мені ойлама, мені қоя бер.

3810. Тағы қандай сөз болған болса, бауырым есітті, сөзімен жеткізеді.

3811. Сөзін аяқтады, хатты орап, байлады. Ұсынып берді, дана бауыры алды.

3812. «Мен қалауымды, сөзімді жаздым. Ауызбен айтқан сөзімді түгел естідің» деді.

3813. Ауызша жеткіз, Еліг естісін. Мені қоя берсін, тартсын қолын.

3814. Елші сөз жеткізер, жауабын қалайды. Жауап есіттің, сөзімді жеткіз, әй, абыройлым!

3815. Айтқан әділ сөзі түзу елге жайылған Үш орда ханы не деген, тыңда.

3816. Елшіге мін жоқ, айтылған сөзді дұрыс және түгел айтса, сөзді жасырып қалмаса.

3817. Түрік ханы мұнан да жақсырақ айтыпты. Сөзді тура айтса, елшіні жазалама.

3818. Елшіге өлім не жаза болмас, естіген сөзін тілі дұрыс жеткізсе.

3819. Елші дегенің осындай болған елші. Елші сөзін айтса, өлмес, қалады.

3820. Елші айтылған сөзді сөйлесе, оған сый-сияпат бер, тілін мақта, сөзімді кесіп айттым.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3821. Өгдүлміш: «Не айтсаңда да сөзіңді тыңдадым» деп жауап берді.

3822. Хатқа жауап хат жаздың. Әй, ақылды дана, маған бер берейін.

3823. Әй, бауырым, бірақ, күмәнім мынау. Қара, Еліг сені өзінен тыс қалдырмайды.

3824. Еліг өз еркімен мені қайта жіберді, кері шақырады, әй, мінезі таза адам.

3825. Ол мені жылдам әрі кері жібереді. Егер бармасаң, ол көңіл қояды.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

3826. Одғұрмыш: «Бауырым, бұлай сөйлеме, жүрегіме жара салады» деп жауап берді.

3827. Өзім бұл жерден басқа жерге барғым жоқ. Өзіңді бейнетке салып, кері келме.

3828. Қаласаң да болмайтын нәрсені қалау жаман. Іске аспайтын сөзді айтсаң, сенің қадірің кетеді.

3829. Жақсы мен жаманның бәрін сынап білген, білімі терең адам, не деген тыңда енді.

3830. Өтінгенмен бермейтін нәрсені қинап өтінбе. Іздегенмен болмайтын нәрсені күштеп іздеме.

3831. Жүріп жете алмайтын жерге жаяу барма. Егер барған болсаң, жаныңды қинап бейнеттенбе.

3832. Одғұрмыш және де айтты: «Енді жүр, тағы айналып келме, әй, ержүрек жігіт».

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3833. Өгдүлміш тұрды да: «Саған айтар сөзім қалмады, сенен кетейін» деді.

3834. Бауыры Өгдүлмішті шығарып салды. Ойлаған, білген сөзін тағы насихат етті.

3835. Өгдүлміш атына мінді, кері қайтты. Үйіне келіп түсті, тынығып жатты.

3836. Күн жерге еңкейді, жүзін жасырды. Көк жүзі құндыздай болып бүркенді.

3837. Дүние жүзіне көмірдей бояу сүрді. Көрер көз жұмылды, ояулар ұйықтады.

3838. Өгдүлміш төсек қалады, қара, жатты. Біраз ұйықтады да, басын көтерді.

3839. Шығыстан оттай жалын шашырады. Бетін ашқан келіндей (дүниенің) жүзі жарқырады.

3840. Найза, қалқанын көтері шыға келді. Дүниенің жүзі ақ гауһардай болды.

3841. (Өгдүлміш) тұрып, үйінен шығып, хан сарайына барды. Жол (заң) бойынша өтініп, өзі Елігке көрінді (қабылдауына кірді).

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

3842. Еліг әуелі Өгдүлміштен: «Сөйле, қандай шешім әкелдің» деп сұрады.

3843. Не сөйлестің, шаруа не болды. Өтінішің не болды, досың келе ме?

3844. Өгдүлміш тұрып әуелі хатты берді. Еліг алды, ашып оқып көрді.

3845. Жүзі түнерді, солды қайта күлімсіреді. Бірқанша уақыт ойланып, ұзақ іркілді.

3846. «Бауырың ірі (қатты) жауап беріпті. Оған торқа жібердім, ол тікенмен әрлепті.

3847. Бұл сөзі үшін айып жоқ, тура сөйлепті. Тура сөз қатты болады, қатты ұрысыпты.

3848. Ауызша не сөз айтты. Енді маған есіткеніңді, ойлағаныңды.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

3849. Қалай айтқан болса, есіткен сөздерін тұп-тура солай Елігке баяндады.

3850. Неше түрлі сөз айтылды. Ақылы мен біліміне сай сөйледі, мен де жауап бердім.

3851. Менің әрбір сөзіме жауап берді. Сөзден ұстаған сәтімде, көзін қатты жұмды.

3852. Не қылсам да бері келмеді. Кесімді сөз айтсам да, көңіл бұрмады.

3853. Еліг оның сөздерін тыңдады. Баршасы ақыл, ес, білімнен шыққан сөз еді.

3854. Көңілі қуанып, тағы қалады. Көңілін жауласа, қара, кісіге мұң ол.

3855. Қарап тұрсаң, ерлердің басы жақсы айтыпты. Көңіл жаулансы, кісі еркінен айрылады.

3856. Көңіл – бек, бүкіл тәні оны құлы. Бек қайда барса, құл ізінен ереді.

3857. Көңіл қуанып, бір тілек тілесе, қалағаны болмайынша таяныш таппайды.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

3858. Еліг: «Әй, Өгдүлміш, бауырың өте кемел адам екен» деп айтты.

3859. Естімегенімде ғой, оның сөздерін, мінезін, әрекетін, білімі барын.

3860. Есіттім, оны көңіліме құйдым. Мені қалауыма жеткізуге тырыс.

3861. Мен өз мемлекетімде бір нәрсені қалап, ол тілегім орындалмаса, жарасар ма?

Өгдүлміштің Елігке жауабы

3862.Өгдүлміш: «Әй, Еліг, халықтың таңдаулысы, әй, мінезі жұмсақ жан» деп жауап берді.

3863. Қайтарда бауырыма айттым мына сөзді: «Еліг қайтадан жібереді, мен саған келемін».

3864. «Бұлай қоя салмайды, ақырында ол сені көндіреді. Оны құрметтеп, бүгін бар» дедім.

3865. Үмітімді үзіп «қайта келме» деп айтты. «Өзім бармаймын, қинама, өтінбе» деді.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

3866. Еліг: «Есіттің, ұқтым сөзіңді» деді. Бұл сөз іске жарамайды, жұбатпа өзіңді.

3867. Қажетін қалап, оған жете алмаса, әрдайым армандаса ол қандай бек болады?!

3868. Қалай халықтың ұлығы не билеушісі болады, мемлекетінде өз жарлығын барлығына жүргізе алмаса?!

3869. Ұлық болудың нышаны сол, қалаған нәрсесіне күмәнсіз қол жеткізу.

3870. Көңіл бір нәрсені қаласа, оның емі – қалағанына жету.

3871. Бұл қалауым маған дерт болды. Мұны емдемесе, өзімнің барғаным жақсы.

3872. Не деген, тыңда, бұл бәйітті оқы. Оның мәнін ұқ, әй, көңілімді тойдырған жан.

3873. Барлық аурудың дәрісі, емі белгілі. Ол ауруды емдеуші дана да белгілі.

3874. Егер бір нәрсені көңіл қалап, сонымен бірге ауырса, кемшілігі белгілі, оны тапса оңалады.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

3875. Және де Өгдүлміш: «Әй, елдің құты, әлемде емі жоқ не бар?» деді.

3876. Еліг тыныш әрі есен-сау ұзақ жасасын. Сен үшін мен жан пида болайын.

3877. Елігке айтқан бұл сөздерімнің бүгін пайдасы жоқ, оған мен жылдар бойы өкінем.

3878. Тыңда, ақылды адам саған не деген. «Сөзіңді сақтанып сөйле, әй, ержүрек батыр.

3879. Тілің сөз сөйлемесе пайдасы көп. Бұл тілім мені сөйлеп өкіндірді.

3880. Сөзді сөйлемесең, ол саған құл болады. Егер сен сөйлесең, сөзің сені құл қылады.

3881. Сөзді сақтанып сөйле, сен асықпа, сабыр ет. Сөз асығыс сөйленсе, ертең өкіндіреді.

3882. Одғұрмышты шақырғанда келеріне күмәнданбадым, пісіп жетілген адам еді.

3883. Еліг бір қаласа, өзім мың қаладым. Оның маған күнде пайдасы тиер еді.

3884. Тілегім сол, онымен бірге болсам, қолымызды бір қылып, жақсы қызмет қылсам деп едім.

3885. Мен оны қанша көндіруге тырыссам да, ол соншалықты қарсылық қылды, сөздің дәмін кетірді.

3886. Және қару керек болса, өзім барайын. Не айту керек боолса, сөзіңізді айтайын.

3887. Еліг тағы бір шақыру хат берсін. Оқысын шақыру хатты, ол маған сенсін.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

3888. Еліг айтты: «Бір мәрте хат жібердім. Хатқа тастай долы жауап берді.

3889. Қалайша тағы хат жазайын. Әй, ақылдым, хаттың орнына хат (ретінде) сен (барасың).

Өгдүлміштің Елігке жауабы

3890. Өгдүлміш: «Әй, елдің құты, қандай, нендей болса да, хат жазыңыз».

3891. Елші қанша жерден шыншыл, мықты және сақ болса да, хат болмаса сөзге көңіл сенбес.

3892. Сенбеген кісіге дәлел – хат. Дәлел болса, айла жүрмес, іс реттеледі.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

3893. Еліг: «Егер қалауың осы болса, сөзге жол ашып, хат жазайын» деді.

3894. Мінекей, сөзім, хат жазайын. Хатқа сенбе, сен де әрекет ет.

3895. Не сөйлеу керек болса сөйле. Оны үгітте, маған алып кел.