Таңдау
тТ

Күнтуды Еліг Одғұрмышқа екінші хатты жолдағанын айтады

3896. Еліг сия сауыт пен қағазды қалады. Қолына қалам алды, хат жазды.

3897. Баят (ежелден бар Тәңір) атымен сөз бастады. «Жаратқан, ризық берген, кешірген (Ол)» деді.

3898. Құдіретті Тәңірге мың мадақ айтамын. Тура мен қателесушіге әуелден үкімі жүрді.

3899. Ол – бір, ештеңе араласпаған, қосылмаған таза Бір. Ол жоқты бар қылады, барды жоқ қылады.

3900. Оны тек бір деп біл. Тіліңмен мадақта, көңіліңмен илан. Құлшылық қыл, көңілің мен тіліңді тура ұста, сабырлы бол.

3901. Не қаласа қалағаны орындалады. Не нәрсеге «бол» десе, қалағаны болады.

3902. Бүкіл қимылдағандарға өмір береді. Өміріне сай өлім береді.

3903. Абырой мен абыройсыздық оның үкімі және үлкенге не кішіге жол ашса да.

3904. Оның қалауын білетін ешкім жоқ. Жіберген қазасын тиятын ешкім жоқ.

3905. Сансыз мың сәлемім сүйікті пайғамбарға, тура жол көрсетушіге Баятым (ежелден бар Тәңірім) жеткізсін.

3906. Және бүкіл досына сәлем. Баятым (ежелден бар Тәңірім) тоқтаусыз жеткізсін.

3907. Еліг сені көп мақтап, сәлем жолдайды, әй, ақылы толық жан!

3908. Көңіліңді сұрап, хат жазып жолдадым. Әй, ақылды, дана, қалайсың?

3909. Саған бауырыңды жолдаған едім, маған келуіңді қалаған едім.

3910. Өзің қабыл алмадың, бері келмедің. Өзің кездеспедің һәм жүзімді көрмедің.

3911. Өзің хатқа жауап хат жазыпсың. Бауырың ауызша да сөзіңді жеткізді.

3912. Хатыңды оқыдым, сөзіңді ұқтым. Енді сөзімді тыңда, өзің қашпа.

3913. Шекерден де тәтті сөз жолдадым саған. Маған удан да ащы жауап келді.

3914. Менің бұл сөздерімді тағы да тыңда. Көңіліңе тоқы, әй, бауырмал ерім.

3915. Бұл заһид атын өзің қалаған болсаң, атың заһид болды, өзің тау арасындасың.

3916. Бұл атағыңмен атың жайылды. Адамдар арасында үлкен белгі болды.

3917. Құлшылық қылуыңның бәрі осы атың үшін. Сен қинап, несібеңді босқа жіберме.

3918. Егер құлшылықты халықтың көзі көрсе, құлшылығың бұзылды, негізі құлады.

3919. Баят (ежелден бар Тәңір) құлшылығының бәрін жасыру керек. Бүгін ол халыққа ашылмасын.

3920. Назар сал, Баят (ежелден бар Тәңір) сүйікті құлдарын жасырған. Халық оларды құлдардың арасынан танымас.

3921. Құл өз өзіне қарап білмейді. Баятқа (ежелден бар Тәңірге) жақын ба, жау ма білмейді.

3922. Бері кел, ұлыс пен кент ішінде өмір сүр. Халықпен аралас, қатынас, сені білмесін.

3923. Халал мал-дүние тап, өзіңді жетілдір. Аш, жалаңашты тойдыр һәм әлсізді күш бер.

3924. Адамның ізгісі халал дүние тапса, екі дүниенің жейтін, киетін игілігін табады.

3925. Әй, маған келмеген (адам), бұ сөздерімді тыңда. Арлы, дана, дәрежесі жоғары (адам) не деген.

3926. Егер мал-дүние ізгілердің (қолына) түскен болса, екі дүниені тамақ, киіммен жарқыратады.

3927. Дүние малды тауып, оны жеуді білмесе, несібесіне есеп береді, оның жүгі ауыр.

3928. Әй, данышпан, Баят (ежелден бар Тәңір) құлдарына пайдалы бол. Кісіге пайдалы ерге адам дейді.

3929. Мен сені бұл жерге мұсылманның пайдасы үшін қинап шақырамын, әй, заһид.

3930. Бері кел, кісіге пайдаңды, көмегіңді тигіз. Адамдардың арасында пайдасы тимеген адам – өлік.

3931. Өз пайдасын тілеген адам бола ма? Назар сал, адам деген елдің пайдасын қалайды.

3932. Жомарттық – мал-дүниенің үлестіру ғана емес. Жомарттық – жан-тәнін пида қылу.

3933. Өзін ғана қорғау жанашырлық емес. Назар сал, жанашырлық – кісіні құрметтеу.

3934. Ізгі кісі дейді. Ол ізгі қайда? Айтып бер маған, әй, білімді, дана.

3935. Ізгі кісі дейді. Ол ізгі кім? Ізгі кісі – мұңайған адамға ем болған адам.

3936. Әй, көңілі таза ер, әй, білімі көп ер. Назар сал, бұл сөзге ақыл жүгірт.

3937. Бұл сөзім дұрыс па, көр. Дұрыс болса, нәпсіңді тізгінде, бұл жерге келіп тұр.

3938. Ұзақ сөйлесе сөз жалықтырады. Ақылды кісілер сөзді аз айтады.

3939. Бұл сөз жеткілікті, енді басқа сөйлеме. Ақылға, білімге тіліңмен қарсыласпа.

3940. Тағы басқа қалған сөзім болса, туысың жеткізеді, өзім бұйырдым.

3941. Хатты аяқтады, орады, қатты байлады. Көктен самал есті, хатты құрғатты.

3942. Хатты көтерді, қара, үстіне мөр басып, ұсынды. Өгдүлмін қолын созып алды.

3943. Еліг әрі қарай: «Әй, Өгдүлміш, хатты бер және ауызша да айт» деді.

3944. Тағы не істеу керек болса, дұрысын жасауға тырыс. Оны ұлыс, кентке шақыр.

3945. Не қаласа да, бұл жерге келсін, мен берейін, шаруасын шешіп берейін.

3946. «Құп» деп тұрып, Өгдүлміш шықты. Үйіне қарай жүріп келді. Ол ізгі дос.

3947. Келіп түсті, үйіне кіріп отырды. Жеді, ішті, біраз жатып тынықты.

3948. Рум қызы жүзін жерге жасырды. Дүниенің жүзі зәңгінің (қара нәсілдінің) жүзіндей болды.

3949. Аспан қара құстың өңіндей болды. Бүкіл әлем қара құстың қауырсынына толды.

3950. Төсек қалады, жатты. Бауырының жүзін көргенде не айтатынын ұзақ ойланды.

3951. Біраз ұйықтап бара жатыр еді, қайта оянды. Түн қараңғылығы өшкен көмірдей.

3952. Ұйқысы қашты, тұрып алды. Қара түн етегін жоғары көтерді.

3953. Күн оянды, жерден басын көтерді. Жүзі күлердей, күлімсіреп тісі жарқырады.

3954. Тұрып дәрет алды және таң намазын қылды. Сосын біраз отырды дұға қылды.

3955. Атын ұстап, бір жігітпен бірге тез дайындады. Тұрып үйінен шықты, қуаныштан күлімдеп.

3956. Туысына жақын барып жеткенде оның хақын қорғап, алысырақтан атынан түсті.

3957. Жақындап келіп, қолымен ақырын есікті қақты. Одғұрмыш құлшылығын тоқтатып, тұрып барды.

3958. Есікті ашты, туысын көріп сыртқа шықты. Құшақтасты, бетінен, көзінен сүйіп, аман-есендік сұрасты.

3959. Қолын алып, тезірек үйге кіргізді. Орын берді, қолынан ұстап отырғызды.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке сауалы

3960. Одғұрмыш: «Әй, бауырым, неге бейнеттендің? Сен маған тегін келмедің» деп айтты.

3961. Сөзімді кесіп айттым, оны тыңдадың. Неліктен бейнеттеніп, мені қинайсың.

3962. Кісінің жақсы, жаманын сынап білген, білім беруші не деген, тыңда.

3963. Кісіні сыннын өткізу үшін бір-ақ рет көру жеткілікті. Не қалайтынын білу үшін бір сөзін тыңдау жеткілікті.

3964. Адам бақыр мен алтынды көріп білмесе, бір тас алып азғана сүртсе жеткілікті.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

3965. Өгдүлміш: «Бауырым, сен маған ашуланба, көңілімді жаралама» деп жауап берді.

3966. Қызметкер көзін ашса, бегін көреді. Бектер не айтса, соны ғана қылады.

3967. Елігке хатыңды және өзің не айтқан болсаң сөзіңді жеткіздім.

3968. Сөзіңе жауап беріп, хат жолдады. Хатты шығарып, қолын созып берді.

3968. Сөзіңе жауап беріп, хат жолдады. Хатты шығарып, қолын созып берді.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке сауалы

3969. Одғұрмыш хатты алды, ашып тұрып оқыды, хатты көріп ойланды.

3970. Сосын: «Әй, бауырым, сенің қандай күмәнді ауруың бар. Бегің мені мұнша жаман ізімнен қалмады» деді.