Таңдау
тТ

Өгдүлміштің Одғұрмышпен екінші рет пікірталасқаны айтылады

3971. Өгдүлміш сөзді бастап: «Әй, бауырым, сөзімді тыңда, біл» деп жауап берді.

3972. Елігтің саған деген тілеуі жақсы. Бұл ізгілікпен ізгі жол қалайды.

3973. Сен білесің, бұл жерде қылған құлшылық, ғибадатың қанша ізгіліктің қақпасын ашады.

3974. Және ұлыс пен кентте, менің айтқан неше түрлі игілік бар, әй, ерім!

3975. Бұ дүниенің бақытын тауып, атын шығарып, өмір сүру жаманшылық емес.

3976. Әй, заһид, өзің дүниені қаласаң, ол да болады. Одан игілік, сауап тапсаң да болады.

3977. Бұ дүниенің мал-мүлкін жаман деуге болмас. Оны халыққа берсең, жесе, жүзі қуанса.

3978. Жомарттың басшысы жақсы айтыпты, сен мұны тыңда, әй, ізгі кісі.

3979. Барлық жақсылыққа жол салған – мал-дүние. Барлық ауру, сырқаудың емі де – мал-дүние.

3980. Мал-дүниесі болса, адам ақылды, білімді болады. Барлық ізгілікке қол созады.

3981. Адам тілек тілесе, мал-дүниесімен көк аспанға көтеріледі. Мал-дүние – жақсы көмек.

3982. Қажығы баруды қаласаң, мал-дүние, тауар керек. Қазылық қаласаң да, ол пайдалы.

3983. Адамның мал-дүниесі болмаса, алып-беруге және барлық игілікке қолы қысқа болады.

3984. Сен бұл игіліктерден неліктен бас тартасың. Бұл үгіт-насихатымды неліктен қабылдамайсың.

3985. Құлшылыққа қалай сенуге болады? Құлшылық қылдым деп білген адам барынан айрылып қалады.

3986. Құл Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) разылығын құлшылық жасап таппайды. Құлдың жолы өте нәзік жол еді.

3987. Неше мың құл өмір бойы құлшылық қылды. Жан шығар уақытта жолынан адасты.

3988. Неше мың құлшылығы жоқ күнәһар құл ақырғы демі үзілерде, дұрыс жолда түсті.

3989. Білемін, Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) разылығы құлшылық, ғибадаттың ішінде тұрады, әй, ұлық!

3990. Қайсысы қабыл болған тағат-ғибадат екенін білмесе, қай ғибадат күмәнді, мұны (адам) ұға алмас.

3991. Егер барлық тағат-ғибадат осындай болса, айтылған ләззатты алу үшін түгел қылу керек.

3992. Назар сал, мұндай сөздерді кім айтты саған? Дұрыс па, қате ме айтып бер маған.

3993. Егер осындай болса, бұл сөзді кім айтты. Сөзімді дұрыс біліп, ұстан, әй, көңілі түзу (жан).

3994. Нәпсіге тұтқын болма, көңіліңді турала. Кісімен аралас, тыныш өмір сүр.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

3995. Одғұрмыш: «Бауырым, мені қайғыға салдың. Асымды у қылдың» деп жауап берді.

3996. Тыңдадым, сенің айтқан сөзіңді ұстанайын. Елігке барып, қызметті бастадым.

3997. Қызмет қылу үшін ең әуелі заң білу керек. Сосын амалым, көзқарасым сөзім түзу болуы керек.

3998. Кіру, шығу, отыру, тұру және қызмет қылуды білмесе адам текке, босқа бейнет шегеді.

3999. Қызмет етуді білген кісі не деген, тыңда. Сынап біліп, үшеуін аздап айтқан.

4000. Сен бектерге қызмет етуді қаласаң, көңілің мен тіліңді тура ұста, сөзіңе абай бол.

4001. Заң мен ережеге сай қызмет етуді үйрен. Қызмет етуді білсең, жүзің жарық болады.

4002. Мен кісілерден жырақта тұрамын. Заң жоқ, ереже жоқ, сөзім мен амалым да.

4003. Мен бекке қалай қызмет қыламын. Бұл қақпа маған жабылып қалар.

4004. Неліктен мені қинап ұстап, сөзден ұтып, Елігке қызмет қыл дейсің.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

4005. Өгдүлміш жауап беріп, былай деді: «Әй, көңілі түзу жан, бұл сөз жақсы емес».

4006. Еліг сенен ол заңды талап етпейді. Қаласаң отыр, қаласаң тұр.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

4007. Одғұрмыш жауап беріп: «Әй, мінезі түзу жан, бұл сөз де жақсы емес» деді.

4008. Заң білмеу, өз бетінше дөрекі жүру саған не маған жараса ма?

4009. Бұл мемлекетті дамыту, билік жүргізу, халықты басқару және әлемді тазарту үшін бектер міндеттелді.

4010. Заң және ережемен кісіні басқару, елді басқару – бектердің ісі.

4011. Сондықтан бектер билік жүргізді. Тілімен басқарып, ақылымен биледі.

4012. Ақылды, білімді, халықтың басшысы және әлемнің билеушісі жақсы айтқан еді.

4013. Әлемді билеген адам ақылды болу керек. Халықты жаулап алушы өте жүректі болу керек.

4014. Бұл екеуінен кейін қызметкер заңды, ережені білуі керек.

4015. Бектер ықпал күшін осылар арқылы үлкейтеді. Жауының басын жаншып, өшін алар.

4016. Біз енді бұл заң, қағиданы белден басамыз. Заң бұзу қалай жарасады?

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

4017. Өгдүлміш: «Бауырым, теріс іс емес, ас жасалса, батады» деп жауап берді.

4018. Бұл заң, ережені мен білемін. Енді саған айтайын, үйрен көр.

4019. Кісі білмесе үйренер, көріп білер. Білгені арқасында адам тілегіне жетеді.

4020. Білімі ашық (адам) бұған ұқсас сөз айтыпты. Бұл сөзді ұстанбаған адамның білімі жарты.

4021. Туа сала білмес кісі, туған соң үйренер. Туа сала сөйлемес тіл, жүріп сөйлейді.

4022. Кісі үйреніп, ғалым болады. Білім білсе барлық іс реттеледі.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

4023. Одғұрмыш: «Сенің қалағаның осы болса, менің қарсылығым жоқ» деп жауап берді.

4024. Бүгін сен менің жанымды қинап жатырсың. Қызмет ету қандай болады, кәне, айт.

4025. Көңіліме қонар ма, сөзіңді тыңдайын. Өзім үйрене алам ба, оны байқайын.

4026. Енді маған айт қанша заң бар. Ережелерді санап тұрып нақтысын ата.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

4027. Өгдүлміш: «Дұрыс сөз сөйледің, әй, ізгі бақыт» деп жауап берді.

4028. Әуелгі жолың ақылдан алыс еді. Сен енді болмысыңды туралыққа бұрдың.

4029. Мен енді айтайын, зейін салып тыңда. Үйрен, күрмеуі шешілсін.

4030. Егер сен үйренгің келсе, сөзіңді тоқтат, тіліңді тый.