Таңдау
тТ

Өгдүлміш Одғұрмыш бектерге қызмет етудің заң, қағидасын айтады

4031. Мемлекет қызметкерлері екі түрлі болады; олар дұрыс қызмет етсе, мемлекет ісі күннен күнге реттеледі.

4032. Олардың бірі – жас кезінен қызметке кіргендер; тағы бірі – есейгенде қызмет қылып жүргендер.

4033. Екеуінің ішіндегі жақсырағы және таңдаулысы кішкентай кезінен қызмет қылып, билікке мастанбағандар.

4034. Мұны бүгін қанша жерден саған түсіндірсем де, сөзімді кішкентай кезінен қызмет қылғандардан бастайын.

4035. Сөзді жасырып қалсам, соңы шала болады; қай нәрсе шала болса, түбі зиянды болады.

4036. Кемелденуді қаласаң, сөзіңді пісіріп жетілдір; туралықты қаласаң, өзің тура бол.

4037. Мемлекеттік қызмет қақпасын ашқысы келген адам, жас кезінен бастап, мемлекетке қызмет қылсын.

4038. Заң мен ережелерді білсін, әрекетін түзесін; кіру және шығу әдептерін меңгерсін, тұлғалық болмысын дамытсын.

4039. Ерте тұрып, мемлекетке қызмет етіп тер төксін; іштей көңілімен және сыртқа сөзімен де қызметі үшін мастанбасын, сыпайы болсын.

4040. Жұмысқа тер төксін, жүгіріп тұрсын; көзін ашып, құлағын тігіп, әр ісіне жіті қарасын.

4041. Өзінен ұлыққа қызмет етсін; тіліне абай болып, қатты сөз сөйлемесін.

4042. Осындай жастар қызмет етіп, оң бағаланса; бегіне жағады және қызмет сатыларынан сүрінбей өтеді.

4043. Содан соң кіріп-шығатын болса және өтініш, арыз, хабар жеткізгенде ережеге сай әрекет етсін.

4044. Кіші дәрежелі лауазым беріліп, содан бастаса; одан соң бек оны қабілетіне қарай қызмет тапсырады.

4045. Қызметші зерек, табиғаты дұрыс адам болса, ол арыз-өтінішті Елігке жеткізуші қызметіне жарайды, онда берекең тез артады.

4046. Мерген және батыр болса, оқшы және садақшы болады; болмысы тура адам болса, мөр басушы (таңбашы) болады.

4047. Мінезі түзу, ұятты, жүзі көрікті болса, ыдыс тасушы қылады, әй, көңілі таза адам.

4048. Оқу-жазу мен есепке жүйрік болса, қазынашы болады; түсінігі мол, ақылы көп болса, хатшы болады.

4049. Бұлардың қайсысына адам қол жеткізсе, өте абай болсын, қызметін кәсіби деңгейде атқарсын.

4050. Мемлекетке қызмет қылған, соның арқасында тілегіне жеткен мемлекет қайраткері не дейді, тыңда.

4051. «Елігтің алдында болғаныңда именіп тұр, өзіңе өте абай бол, қарамауың тиіс жерге көзіңді салма.

4052. Әрекетіңді дұрыста, өзіңді түзу ұста; ойың мен сөзің тура болсын, қысқа сөйле».

4053. Қызмет ету арқылы мемлекеттің барлық ісі реттеледі; қызмет ету барысында жақсы достармен табысасың.

4054. Қандайда бір игілікке жетуді қаласаң, әуелі қызмет ет, сосын қызмет сенің жүзіңді жарқыратады.

4055. Егер сен Елігтің алдына барсаң, көзің жерде, құлағың төрде болсын.

4056. Қолыңды қусырып ұста, аяғың түзу тұрсын; оң қолың сол қолыңның үстінде тұрсын.

4057. Есіктен кірерде әуелі оң аяғыңмен атта; саған жарлық бергенде ақылыңмен түсін.

4058. Өтініш-арыз айтатын кезіңде, қолыңды дұрыс ұста; екі тізеңмен тізерле, сыпайы және ықыласты бол.

4059. Жан-жағыңа жалтақтама, оңға және солға қарама; өзің именіп тұр, сөзін ақылмен тыңда.

4060. Сенен бір нәрсе сұраса, шын жауап бер; жауап берсе, бұйрығын бұлжытпай орында.

4061. Шарап ішпе, пайдасыз және босқа жүрме; жарамсыз және жаман істерден қаш үйіңе.

4062. Естіген сөздеріңді естімегендей бол, көзіңнің көргенін көрмегендей бол.

4063. Адам пайдалы болып, мемлекетке осылай қызмет етсе, берекесі күннен күнге артып, мемлекет ісі реттеледі.

4064. Қайбірі жанына жұмыс тобын алады, сөйтіп бөлім басшысы болады; қайбірі бірі атқа мініп, бір аймаққа басшы болады.

4065. Қайбірі Әскербасы, бірі хажып болады; қайбірі хатшы болады сөз сөйлейтін.

4066. Адам бұл мәртебеге қол жеткізіп, қызметіне маман болса; ұлықтыққа жетер, бүкіл тілегін табады.

4067. Қайбіріне Өгелік тиіп, Өг болады; қайбірі өзіне Көк айық ат алады.

4068. Қайбірі Инаш Бек, қайбірі Чағры Бек; қайбірі Тігін Бек, қайбірі Чаулы Бек болады.

4069. Қайбірі Иабғу, Иүгрүш, Ел Бегі; қайбірі лауазымы теңдессіз Ер Өгі болады.

4070. Ол қызметкерлердің лауазымы осы жерге дейін; бұдан артық жоғары дәреже жоқ.

4071. Еліг мемлекет қызметкерлерін осы лауазымдарға дейін көтерсе, қызметкерлердің хақысын өтегені, онда мақтауға тұрарлықтай.

4072. Бұл лауазымдарға жеткен әрбір адам өз қызметін дұрыс атқарса, мемлекет үшін өте пайдалы болып, Еліг тілегіне жетер еді.

4073. Егер бұл лауазымдарға залым адамдар отырса, онда мемлекетке және Елігке орасан үлкен зиян келеді.

4074. Ақылды және дана кісі жақсы айтыпты: «Лайық болмаған кісіге бұл лауазымдар берілмесін».

4075. Білімді кісі бұдан да жақсырақ айтыпты: «Әй, Еліг, білімсізге қол ұшын берме».

4076. Ақылсыз кісілер білімді бұзады; білімсіз кісілер халықты әлсіретеді.

4077. Егер Еліг білімсізге лауазым және қызмет орнын берсе, онда Елігке өкініш әкеледі, мұны ертерек біл!

4078. Егер ақылсыз кісі ұлықтыққа жетсе, әй, Елдің басшысы, ол ел басшысының басын жұтады.

4079. Ол үшін бектер қызметшілерін білім дәрежесіне қарай жоғарылату керек.

4080. Қызметкерді әуелі мінезі мен көзқарасы бойынша сынақтан жақсылап өткізу керек; кейін ақыл дәрежесіне сай лауазым беру керек.

4081. Қызметкер бегіне адал, жаны ашитын болу керек; осындай қызметкерлерге бек жақсылық жасаса болады.

4082. Заң шығарушы және заңмен билік істерін реттеуші не деген, тыңда.

4083. «Қанша жерден жоғарыласа да, қызметкердің аты қызметкер ғана; ол өзін жоғарылатқан бегіне тек қана қызметші болып қалуы керек.

4084. Бек қанша жерден кіші болса да, бектің аты бек; қызметкердің атынан бектің аты жоғары».

4085. Әй, Еліг құрметтеп, мәртебесі өскен ерлер, Елігті басынба. Елігті жоғары әрі құрмет тұт.

4086. Сен, Елігке қарсы келіп, өштеспе; терең ойланбастан, ойша Елігтің орнына өзіңді қойып, оның сөйлеген сөзін қайталама!

4087. Ол – Құт, оның қолы ұзын (билігі күшті); ол жалындаған от, өзің күйесің!

4088. Ол – замана, ол сүйініп, риза болу үшін заманамен жарасымда болу керек.

4089. Адал қызметімен өсіп, тілегіне жеткен және тәжірибесімен бәрін білген мемлекет қайраткері жақсы айтыпты, тыңда.

4090. Бектер саған күлімдеп, жылы жүзбен қараса, сен оған қуанба және сеніп қалма.

4091. Қызметіңе арқа сүйеп мақтанба; сен жаңылыссаң, бектер саған қайтадан қабақ шытады.

4092. Кіші немесе жоғары лауазымды болсын, даңқты немесе атақты болсын; қызметкер ол қызметкер болып қалады, ол – анық нәрсе.

4093. Бар күшін салып қызмет етсін, Еліг алдында жазықты болып қалмасын; қызметкер оң жолынан таймасын.

4094. Бектер сені қанша жерден жақын тұтса да, өзіңді ұмытпа, туралықтан тайма.

4095. Бектер қанша жерден жақсы мәміле жасаса да, сақтанып тұр; досым деп ойлап қалма, жан-жағыңа қара.

4096. Арасында от болады, байқа, арасында су болады; арасында күлдіреді, байқа, арасында жылатады.

4097. Бұл үш нәрсеге жақын, жуық болма; жанған от, аққан су, бектердің атағына.

4098. Байқасаң, бек жүректі арыстанға ұқсайды; мақтап жақындасаң, жұмсарады, жібектей болады.

4099. Егер басынған хәлде жақындасаң, ашуланып басыңды кесер; тамырыңды қиып, қаныңды ішер.

4100. Ашуланған уақытта басшыңның жанына жақын барма; егер барсаң қадірдер айрылатының анық.

4101. Сұрағанда жауап бер, шақырғанда кір; әрдайым сай-саламатта бол, қадірлі бол.

4102. Кейбір сөздерді естігеніңде, естімегендей бол; көзің көргенді ойыңнан өшір.

4103. Уақытында кіріп, өтініш-арызын айтқан және өзін ұстай білген адам не дейді, тыңда.

4104. «Кір» десе, үлкен құрмет; «шық» десе, қара, бұл бетіңе айтылған сөгіс.

4105. Көзіңе абай бол, өзіңді сабырлы ұста; ашуын басып, өзін ұстай білген адам әлемде абыройлы.

4106. Мүмкіндігінше мына үш нәрседен алыс тұруға тырыс; бірі – билікте кісімсінбе, сөздің қысқасы.

4107. Тағы бірі – жалған сөйлеу, үшіншісі – ашкөздік; бұл үш нәрсенің үшеуі де түбінде адамды құртады.

4108. Сен кісіні ғайбаттап, ұсақ сөйлеме; тура сөз сөйле, бар нәрсені жасырып қалма.

4109. Барлығының жанында өзіңді таза ұста; бұл бектер таза және таза болғанды жақсы көреді.

4110. Еліг ордасын кіргеніңде, абай бол; кім саған құрмет етсе, сен де оған құрмет көрсет.

4111. Тәкәппарланба, қолыңды салбыратып кірме; қол алысқанда қол бепмей тұрып қалма.

4112. Отыратын болсаң, өзіңнің орныңды біл; кісіні менсінбей төмендетпе, ізет қыл.

4113. Онда отырғанда қақырма немесе қатты түкірме; надандық болады, шырқын бұзады.

4114. Малдас құрма немесе жаныңа жантайма; дауысыңды қатты шығарып күлме.

4115. Тырнақ алма және аяғыңды екі жаққа керіп отырма; құрметсіздік болып, құтыңды қашырады.

4116. Сенен жоғары лауазымды кісі сөйлесе, басқа сөзді қойып, оны тыңда.

4117. Дұрыс сөз сөйлесе, ол сенің жүзіңді қуандырады; дегенмен, өзіңе лайық болмаған сөзді сөйлеме.

4118. Ішімдік ішіп алып сарайға кірме, өзіңді ұста; мас болу надандық және жараспайтын іс.

4119. Мемлекет қызметкері өзін сақтандырмаса, мына үш нәрсені орындамаса тез арада басынан айрылады, тыңда бұл сөзді.

4120. Бірі – Елігтің сөзін оның өзіндей қабылдау керек және оны өзіңнің тәтті жаның секілді қорғау керек.

4121. Екінші – мемлекетке сатқындық жасамасын, адал болсын; әсіресе, аумалы-төкпелі күндерде қаттырақ абай болсын, тайқып кетпесін.

4122. Үшінші – сарай ішінде өзің дұрыс әрекет ет; жараспайтын және пайдасыз істен өзіңді ұзақ ұста.

4123. Бұл үшеуінен бірін жасаған кісі қанша жерден жоғары лауазымды болса да, басы кесіледі.

4124. Сарай ішінде қызмет еткен, әй, мінез-құлқы түзу кісі, қабылдау уақыты болмайынша Елігтің көзіне көрінбе.

4125. Егер өзіңмен дәрежелес қызметкерлермен отырсаң, кенет Еліг шақырса, дереу тұрып алдына бар.

4126. Егер Еліг саған сұрақ қойса, әй, ержүрек қаһарман, қысқа-нұсқа жауап бер.

4127. Сұраса өзің білетініңді баянда; тоқтатса, сөзіңді ұзартпа, тоқта.

4128. Егер Еліг сені асқа шақырса, асты әдеппен же, мұны өте жақсы үйрен.

4129. Әй, данышпан, асты оң қолыңмен алып же, әуелі Алланың атымен баста.

4130. Кісі алдындағы асқа қолыңды созба; әй, таза жүректі адам, асты өзіңнің алдыңнан же.

4131. Ол жерде пышақ қолданба, сүйек кемірме; басқаларға табақтан ас тартпа, кішік бол, үндеме.

4132. Қомағайланып немесе асығып жеме; бірақ әйел секілді шектен тыс сыпайы болма.

4133. Қанша тоқ болсаң да, Елігтің асын же; бектің асы – құрметтің басы.

4134. Қандай жұмыс тапсырылса да, жан-тәніңмен, жанашырлықпен орында; адалдығың сені бақытты қылады.

4135. Білімді кісі жақсы айтыпты; оны өмірде ұстансаң, пайдасы алтынмен тең.

4136. «Егер саған шынымен билік тисе, ісіңді біліммен атқар, әй, даңқты ер!».

4137. Егер сен теңдессіз Иабғу болсаң, қанша күшті болсаң да, ел мен Елігке пайдалы бол.

4138. Егер саған Әскербасы лауазымы тисе; әй, ержүрек қаһарман, жомарт бол, ояу бол, ұйықтама.

4139. Егер сен бөлім бастығы немесе он үйге басшы болсаң, малыңды тарат, қылыш пен садақ ұста.

4140. Уәзір болып, билігің күшейсе, заңды белден басып, жамандық қылма, сыпайы және түзу бол.

4141. Өгелік (хан кеңесшісі) лауазымы бұйырса, әр істі ақылға салсын; Еліг жаңылысып жатса, тура жол нұсқасын.

4142. Егер (көк айық) лауазымы бұйырса, өте абай бол, ол құтты лауазымға ие болдың деген сөз.

4143. Егер Әскербасы немесе ұлыс әкімі болсаң, әділ бол; ел ішіндегі мәселеге құлағың түріп жүр, көзіңмен көріп, жіті бақыла.

4144. Егер хажып болсаң, пара алма; кедей, тұл және жетімдердің сөзін тыңда.

4145. Саған қазынаны басқартып, қазынашы қылса, шынайы болып ел сенімін ақта, тура бол.

4146. Хатшы, жылнамашы болсаң, Елігтің ішкі сырын берік сақта, сөзін сыртқа таратпа.

4147. Қызметкерлер атқаратын жоғары мемлекеттік лауазымдар осылар; бұдан басқасы оларға бағыныштылар.

4148. Тағы да бірқанша жұмысшылар бар; ханның төсегін салушы, құсшы және аспаз.

4149. Мұндай қызметтен сен алыс тұр; олардың рахаты аз, бейнеті көп.

4150. Басқалардың әрдайым өзіңе құрмет көрсетуін қаласаң; әй, дәрежесі артқан кісі, басқаларды да құрметте!

4151. Өзіңнен ұлықты ұлықта, оның құрметін қорға; саған да ұлықтық пен бақ-дәулет келеді.

4152. Бабаларымыз не деген, тыңда; бабаларымыздың сөзі ұстанғанның көзі ашылады.

4153. «Құрметі ұлықтар әлемге заң орнатушылар; ұлық келсе, аяғыңнан тік тұр».

4154. Ұлықтарға кішіктердің құрмет көрсеткені жарасымды; ұлық та кішікке солай қарайды.

4155. Өгдүлміш осыны айтты да, сөзін тоқтатты: «Еліг осындай болады, қызметкерлер де айтқанымдай болады» деді.

4156. Мен айттым, сен тыңдадың, Елігке қызмет етудің негізін үйрендің; мемлекетке қалай қызмет етуді түгел білдің.

4157. Елігке, мемлекетке қызмет қылу осындай болады; еңбек сіңіріп, ол мақұлданса, құт-берекенің қақпасы ашылады.

4158. Пайдалы қызмет осы, мұны білдің, осы жеткілікті; егер білген болсаң өзің Елігке байлан.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке сұрағы

4159. Одғұрмыш жауап берді де: «Әй, ізгі жан, мен қазір бұл сөздерді есіттім» деді.

4160. Саған айтатын тағы бір сөзім бар; қазір оны маған айтып бер.

4161. Өзім қалаға барып, Елігке қызмет етсем; күнде оның ордасына барып тұруым керек.

4162. Ол жердегі кісілердің достығы қандай әрекетімен белгілі болады; әй, қандас, өмірім олармен бірге өтеді емес пе?!

4163. Әскермен қарым-қатынаста болуым керек; олармен қалай жарасып, өмір сүруім керек.

4164. Сен мұны бүгін маған айтып бер; қалай қарым-қатынас жасайтынымды ақылмен ұғайын.