Таңдау
тТ

Өгдүлміш хан сарайы қызметкерлермен қалай қарым-қатынас жасау керегін айтады

4165. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, қандас, бұл да айтылуы тиіс және өте өзекті мәселе» деді.

4166. Мұны қазір саған үйретемін; қалай жүріп тұруың керегін білуің керек.

4167. Әй, қандас, өмірің солармен бірге болады; сондықтан бірін қандас, бірін дос тұт.

4168. Хан сарайындағылармен жақсы жарасу керек; бір-бірлеріңе барып-келіп қатынасу керек.

4169. Әй, ізгі жан, хан сарайындағылармен жақсы түсінісе алмасаң, өмірдің дәмін тата алмассың.

4170. Хан сарайында қызмет еткен және хан сарайындағы істерін заңмен реттеген ондағы істі

4171. Елігке жақын болуды қаласаң, хан сарайындағы қызметкерлермен жақын бол.

4172. Сен ұлықтыққа (жоғары лауазымға) жетуді қаласаң, қызметкерлермен жақсы мәміледе бол.

4173. Бектер сені қанша жерден жақын тұтса да, қызметкерлермен жақсы қарым-қатынаста бол және оларға әділ бол.

4174. хан сарайындағы барлық кісілер үш дәрежелі; тіршіліктегі жұмысың солармен бірге болады.

4175. Бұлардың бірі сенен дәрежесі жоғары; оған қызмет етсең құт-береке табасың.

4176. Оларды жоғары бағала, сөзін құрметте; олар да саған жылы жүзбен қарап, жақсы мәміледе болады.

4177. Білімді, дана кісі өте жақсы айтыпты; даналардың сөзі арзан деп ойлама.

4178. Кіші қызметкерге жоғары лауазым өзінен жоғарылардан беріледі; жоғары лауазымды кісіге қызмет етсе, кіші қызметкер кұт-береке табады.

4179. Жоғары лауазымдылардың сөзін тыңда, жұмсаса жүгір; олардың сөзіне бағынған кісі тілегіне қауышады.

4180. Жоғары лауазымдылар – береке, берекеге қол жеткізуді қаласаң, қызмет қыл, оған жетуге кепіл болады.

4181. Тағы бірі сенімен тең дәрежедегілер, әй, қандас; оларды өзіңнен жырақтатсаң дұшпан болады, жақын тартсаң досың болады.

4182. Лауазымы сенімен бірдей және өзіңмен дәрежелес бұлар араласуың керек кісілер; олардың берген жауабы мен жасаған әрекетіне сай әрекет ет.

4183. Тағы бірі лауазымы сенен кішілер; қызметтің барлық ащы және тұщысын олармен бірге көресің.

4184. Араласқанда оларға өзіңді басындырма; олармен қалжыңдаспа, тіліңе ие бол.

4185. Бұлар қызмет бабында бір нәрседен қателессе, жазала; оларды еркіне бос жіберме, жұмыста тапсырма бер.

4186. Дос, жолдас және тамыр-таныс көп болсын, олармен қатынас; жолдастарың көп болса, мақтайды, жамандамайды.

4187. Кісіні танымай, өзіңе дұшпан қылма; дұшпаны болғандар рахат таппады.

4188. Дұшпан аз болса да, зияны көп; дұшпаннан пайда бар деуге тілім бармайды.

4189. Әй, көңілі ояу кісі, дұшпанның зарарын көрген кісі не деген, тыңда.

4190. Бір ғана дұшпан болса да, зияны мың; мың досың болса да, бір дос жетпей тұрады.

4191. Адам дұшпанынан пайда таппады; егер пайда тапқан болса, онда өзінің шеберлігі.

4192. Жолдастарың саған қандай қарым-қатынас жасаса, сен де оған сондай қарым-қатынас жаса, риза болсын.

4193. Өзіңмен дәрежелес кісімен достас; адам өзі деңгейлес кісімен түсініседі.

4194. Жаманды дос тұтпа, одан алыс тұр, қаш; жаман дос сені жолдан тайдырады.

4195. Өзің жақсы атты болғың келсе, жамандармен араласпауға күш сал.

4196. Барлық нәрсені көрдім, өз тобымен жүреді; адам, жылқы, құс және қасқыр өз үйірін біледі.

4197. Өмірінде жақсы мен жаманды талай сынап көрген Мемлекет басшысы не дейді, тыңда.

4198. «Қаз арасында ұшқан қараторғайды көрдім; қасындағыларға қарасам, екеуі де қара екен.

4199. Байқасаң, аққуға үйрек қосылмайды; қара құс пен ақ құс бір-бірінен өте ұзақ тұрады.

4200. «Ұшқан құс та досын таңдап, тобын табады; сен адамсың, араласатын адамыңды таңда».

4201. Жақын болудың екі түрі бар; бұл екі нәрсе үшін адам бір-бірін достасады.

4202. Бірі – адамдар Тәңір үшін достасады; бұл достықта ешқандай зұлымдық жоқ.

4203. Тағы бірі пайда үшін достасады; ол амал достық, ұзаққа бармайды.

4204. Егер сен Тәңір үшін болған достық қаласаң, оның жүгін өзің көтер, ашындырма және қазағыңды шытпа.

4205. Оның пайдасын бұл жерде іздеме, сабырлы бол; оның пайдасын ертең Тәңрі береді.

4206. Егер дүниелік пайда үшін дос болса, ондай доспен араласпа, егер араласқан болсаң, ұзақ тұр.

4207. Талай кісімен достасқан және достың пайдасы мен зиянын көрген кісі не дейді, тыңда.

4208. «Досты бірге пайда тапқанда және бірге зиянға ұшырағанда сына; ондай жерде тайқып кетпесе, онда одан айырылма».

4209. Досыңның шын көңілін білгің келсе, сөзіңмен ашуландыр және оған ашуланып мінез көрсет.

4210. Сені жақсы көретінін немесе жек көретінін білгің келсе, оның жақсы көретін нәрсесін сұра, сонда аңғарасың.

4211. Бұл екі жағдайда да ашуланбаса, ол адамды өз жаныңдай қадірле.

4212. Билікке қарсы пікір айтып, жамандайтын адаммен араласпа, алыс бол; байқасаң, бүлікшіл кісінің тілінде күйдіретін от бар.

4213. Әлемді түнек орнататын бүлікшілерден құтқар; әй, мәрт жігіт, бүлікшінің басын кес.

4214. Және тіленшімен жақын болма; күмәнсіз, ол саған дұшпан болады.

4215. Егер тіленші тілегенін сенен тапса, сені жақыным немесе інім деп атайды.

4216. Егер таппаса, жүзін бұрып, сені еш көрмегендей өзі алыстайды.

4217. Ештеңе дәметпестен дос, таныс және жолдас табуға тырыс; оларға сеніп, қайғысыз өмір сүр.

4218. Дос, таныс және жолдас – қуаныш пен қайғыда, жақсы-жаман күндерде саған пайдалы болған кісілер.

4219. Өзіңді көбірек жақсы көргенін қаласаң, дәм татқыз және жылы жүз көрсет.

4220. Бұл екі әрекетке кісінің көңілі жылиды; ол да жақсы-жаман күндерде қолынан келгенін жасайды.

4221. Ғылымда бұған ұқсас сөз айтылыпты; әй, болмысы таза адам, сен бұл сөзге сай әрекет ет.

4222. Адамдарға жылы жүзбен дәм татқыз және күлімдеп тәтті сөзіңді арна.

4223. Кісіні өзіне қызмет еттіретін осы әрекет; мен басқасын таппадым, бар болса сен тап.

4224. Дұшпан да екі түрлі болады; дұшпаны болса адам өзіне тұзақ құрғаны.

4225. Бірі сенің дін дұшпаның; ол кәпір – дұшпаннан асқан дұшпан.

4226. Тағы бірі пайда табу барысында дұшпан болғандар; бұл дұшпандығын ол өш алу қылады.

4227. Кәпір дұшпанмен қатты жаулас; ол іске жаның мен тәніңді пида қыл.

4228. Пайда үшін біреу дұшпан болса; әй, жомарт, оған іздеген дүниесін бер де онымен жарасымда бол.

4229. Дұшпанға пайдасын берсең, саған жақын болады; сөйтіп, дұшпан зиянының орнына саған пайдасын тигізеді.

4230. Дұшпаныңды жақының қылуға тырыс, жарасыңдар; басың аман, сау-саламат өмір сүр.

4231. Жауласуда ешқандай пайда жоқ, мұны жақсы біл; пайдасы болмаған іске қолыңды тигізбе.

4232. Қызметте ұрыспа, өзіңе жау іздеме; дұшпаны бар адамға мың түрлі бәле келеді.

4233. Таңдаулы және өте жақсы адаммен дос бол; адамның досы және қатары жаман болса, кейін өкінеді.

4234. Жақын болу үшін таңдаулы адам іздесең, оған екі түрлі адаммен қол жеткізесің.

4235. Бірі – тегі ізгі, болмысы асыл адам; оны тапсаң дос бол, әй, кәміл ер!

4236. Тағы бірі – тақуа, Алланы таныған адам; барлық адамгершілік содан келеді.

4237. Бұл екі түрлі кісімен жақын бол; сенің достығыңа бұлар ізгілік көрсетеді.

4238. Жамандықтарымен аты шыққан адамнан алыс жүр; мұндайлар қара ниетті адамдар.

4239. Әй, ақ жүрек адам, қара ниеттілерге жақындама; байқасаң, аққа қара тез жұғады.

4240. Данышпан ғалым қандай жақсы білім берген; білімді мұны оқыса, терең ойланар және сақ болады.

4241. «Әй, ізгі кісі, жаманмен араласпа; ол жаманмен бірдей сенің де мінезің жаман болады».

4242. Әй, таңдаулы, біртуар адам, залымға жақындама; сенің де атың залым болады және қайғың көбейеді.

4243. Лайықсыз кісіге жақын барма; лайықсыз кісі саған келсе, жағаңнан алады.

4244. Ізгі аты шыққан кісілерді көп көрдім; жаманмен араласып бұзылды.

4245. Жаман досы үшін зиян шеккен және күш-қайратын жоғалтқан ізгі адамдарды көп көрдім.

4246. Бұл бектердің ордасын «қарсы» дейді; бұл орданың ішіндегілер әрдайым бір-біріне қарсы тұрады.

4247. Бұл ордада қызғаншақтық көп болады; қызғаныш қайда болса ұрыс-керіс сонда.

4248. Сенен жоғары лауазымдылар да сені күндейді; сенің де қадірің түсіп, өкінішті боласың.

4249. Өзіңмен тең лауазымдағылар да көре алмайды; жасаған жақсылығыңды көрмейді, күнің түнге айналады.

4250. Сенен кіші лауазымдылар да көре алмай, күндейді; қызғаныштан жақсылық қылғаныңды қаламайды.

4251. Осындай болғаны үшін ордадағылар бір-біріне қарсы болады; екеуі бір-біріне қарсы келсе, бірі өледі.

4252. Әй, көңілімнің күні, сен оларға қызғаныштық қылма және туралықтан таймауға күш сал.

4253. Қызғаншақтық – ауру, оған ұзақ емдеу керек; ол өз-өзін жеп, ірітеді.

4254. Жақсылық пен жамандықтың бәрі Алланың үкімі; Алла қалаған болса, күншілді адам күншілдікті тия алмас.

4255. Осындай болса, кісіні көре алмаудан қандай пайда бар; кісіні күндеудің соңы ауру.

4256. Қолыңнан келгенше, өзің барлығына жақсылық қыл; еш күмәнданба, бұдан саған тек жақсылық келеді.

4257. Біреудің қуанышы болса, оған сен де қуан; ол қайғы, мұңға батса, сен де қайғыр.

4258. Осылайша, жақсы атың шығады, сені жұрт жақсы көреді, сенімен араласып, дос болуға өздері асығады.

4259. Қандасым, қанша дос, жолдас жисаң да, оларды өзіңе дұшпан қылмауға күш сал.

4260. Егер саған бірі дұшпан болса; осал болма, сен де оған тұзақ дайында.

4261. Дұшпанмен айқасқан және дұшпанын жеңген ер не дейді, тыңда.

4262. «Осал болма, дұшпанға жақын тұрма, алысқа кет; дұшпанды сен қапыда торға түсір.

4263. Дұшпанды сынама, оны зор және күшті деп түсін; таяғы бар дұшпанға темір қалқан тұт».

4264. Дос және жолдастарыңның ауыртпашылығын бірге көтеріс, көңілін қалдырма; сөзімді ұмытпа, әрдайым есіңде сақта.

4265. Егер сенің досың дұшпандық қылса, жаныңа немесе жиған-терген малыңа зиян келтірер.

4266. Іші-сыртыңды досың біледі; іші-сыртыңды білген кісі дүниеңді алады.

4267. Қаласа, сенің мал-дүниеңе қол салады; қаласа, жаныңды жілік майға тойдырады.

4268. Сен өзіңді өзің қалай қорғасаң, досыңды да солай қорға, сөздің қысқасы.

4269. Дос болу оңай, оны сақтап қалу қиын; жау табу оңай, онымен жарасу қиын.

4270. Дұшпаның болса, жаныңды, тәніңді қорға; дұшпаны бар кісінің аман қалғаны аз.

4271. Мына екі түрлі адаммен араласпа, алыс жүр; егер аралассаң байқа, бүлік шығартады.

4272. Бірі – бүлікші, бір-біріне айдап салушы; бірі – екіжүзді, тіленші кісі.

4273. Сонымен қатар, арақ ішетін кісімен дос болма; саған жақсылық қылмас, көңіліңді қалдырады.

4274. Өз пайдасын тілейтін досқа көңіліңмен берілме; пайдаң тимесе дұшпан болады, одан үміт үз.

4275. Адамдардың өзіңе әрдайым жақын болуын қаласаң; өтініш айтпа және бір сөзді бол.

4276. Өміріңді қуанышпен өткізгің келсе, кісіге көре алмаушылық қылмауға күш сал.

4277. Дұшпандарыңды өзіңе қызмет еттіргің келсе, саф алтынды аямай бер, сосын қалағаныңша жұмса.

4278. Жақыныңды өзіңнен алыстатқың келсе, не сұраса де берме, ірі сөйле.

4279. Өміріңнің ұзын болғанын қаласаң, жомарт бол, басқаларына дәм татқыз.

4280. Баршаға өзіңді жақсы көргізгің келсе, көңілің мен тілің бірдей болсын, жылы сөзіңді аяма.

4281. Сен өзің құрмет көрсетілгенін қаласаң, басқаларды өзің құрмет тұт, әй, сыпайы мінезді кісі.

4282. Барлық жағынан кемел бай болғың келсе, барыңа қанағат қыл, үлесіңе жетесің.

4283. Адамдардың әрдайым өзіңді мақтағанын қаласаң, мінезің жақсы, жүзің жарқын болсын.

4284. Адамның асылы осындай болады; адамға адамгершілік жасау адамдықтың белгісі.

4285. Кісінің тегі кім екенін білгің келсе, оның әрекетіне қара, тез түсінесің.

4286. Мына бәйітті айтушы, сөзді мағынасымен дәлелдеп сөйлейтін кісі жақсы айтыпты.

4287. «Кісінің тегі кім екенін анық білгің келсе; ойы, сөзі және әрекеті оған куәлік етеді».

4288. Мінезі жақсы және ойы мен сөзі түзу болса; күмәнсіз, ол оның түп-тегіне дәлел.

4289. Әй, тегі асыл адам, жамандармен араласпа; олар сенің жүзіңнің нұрын өшіреді.

4290. Жамандардан өзін алыс ұстаған, ақылдылардың басшысы және заңгер кісі (би) не деген, тыңда.

4291. Жаманмен араласпа, таза және сабырлы бол; әй, ұл, барлық ұрыс-керісті бастаушы жаман адамдар.

4292. Және де жалақормен жақын болма; ол ашуланса, сыйластығыңды бұзады.

4293. Көңіл сырыңды және сөзіңді ешкімге ашпа; егер ашсаң, өзің қиындыққа ұшырайсың.

4294. Әрдайым арта түсетін сыйластық көргің келсе; жемқор болма, жұмысыңды жаса, әй, данышпан!

4295. Егер жүзің әрдайым күлімдеп, қуанышты болуды қаласаң; әділ бол, уайымнан құтыласың, бақытты өмір сүресің.

4296. Өзіңнің беделің мен сөзіңнің өтімділігі мәңгі болсын десең, әр нәрсеге кедергі жасама, жаның тыныш болады.

4297. Әрдайым жүзің нұрлы болсын десең, тілің жалған сөз сөйлемесін.

4298. Мемлекет қай мәселеде бас көтерсе, сен онымен бір бол, әй, ізгі жан!

4299. Сен мемлекетке қарсы келме, жарасымда бол; жараса алмасаң, мемлекет жеген асыңды у қылады.

4300. Егер сен сөзіңнің әрдайым өтімді болғанын қаласаң, сұрағанда жауап бер, сөзің шын және тура болсын.

4301. Бос сөз сөйлеме, кісіні бір-біріне айдап салма; өсек сөзге ерме және өсек айтып, елді бұзба.

4302. Сөз жел секілді, жүректі жаралайды; жүрегі жараланған адам сені құртып жібереді.

4303. Өзіңнен жоғары лауазымдылардың сөзіне қарсы келме; жауап беру керек кезде ауыр сөз айтпа.

4304. Жоғары лауазымдыны қадірле, құрметін сақта; саған да жоғары лауазым берілер, оның берекесін сонда ұғасың.

4305. Өзіңмен дәрежелес кісілерге жиі қонаққа бар; қатынас, аралас, алыс-берісте бол.

4306. Саған шынымен құрмет көрсетсе, сен де құрметте; қадіріңді білмесе, жақын барма.

4307. Олар саған не істесе, сен де оларға соны жаса; жылы сөз сөйлегендерге сен де жылы сөйле.

4308. Барлық жақсыларға сен де жақсы кісі бол; жамандарға қарсы сондай дәрежеде жаман бол.

4309. Заңды білген, заң және ережемен халықты басқарған Ер не дейді, тыңда.

4310. Саған «сіз» десе, сен де оған «сіз» де, одан да нәзігірек сөйле.

4311. Құз жаңғырығының түбінде қалма; саған «сен» дегендерге сен де «сен» де.

4312. Қызметкерлермен қарым-қатынас осындай болады; араласуды қаласаң, емі мен дауасы осы.

4313. Баяндадым, өзің тыңдадың; көңіліңе тоқы, сөздің қысқасы.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке сұрағы

4314. Одғұрмыш жауап берді де: «Әй, көңілі түзу адам, бұл сөздерді тыңдадым» деді.

4315. Мұнан басқа тағы бір сөзім бар; әй, көріктім, мұны да маған айтып бер.

4316. Бүгін өзім қала және облысқа барып, халықпен араласып, қатысуым керек.

4317. Олармен қалай араласуым керек; орайы кеп тұрғанда, мұны маған айтып бер.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

4318. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, мінезі түзу адам, бұл сөз шынымен қажетті» деді.

4319. Маған керек болған сөзді айттың; мұны мен саған айтайын, тыңда.