Өгдүлміш Одғырмұшқа қара халықпенен қалай қатынасу керегін айтады
4320. Барша қара халықтың мінезі, өңі қандай болса, білімі, ақылы, мінезі де сондай.
4321. Қара халық мінезі нашар болады; заң, ереже білмейді, заман көшіне ілеспеген.
4322. Әйтсе де, тіпті бұларсыз жұмыс болмас; олармен жақсы қарым-қатынаста бол, бірақ дос болма.
4323. Қараңғы, қара халықтың болмысы әрдайым қап-қара; назар аудар, өзіңді қара қылма.
4324. Қараңғы, қара халықтың мінезі нашар, болмысы тұрпайы; бар істеген ісі күш көрсету, бар болмысы да сондай.
4325. Жеуді, қарын тойғанын білер; тамақтан басқа қайғысы жоқ.
4326. Тыңда, жөн білетін, тәжірибелі сыншы қараңғы халықтың мінезі туралы не дейді.
4327. «Барша қараңғы халық қайғысы қарны үшін; халықтың барша айқасы да тамақ үшін».
4328. Бұл тамақ үшін өте көп халықтар өлді; қазір де қара жер астында өкінішпен от жер.
4329. Қараңғы халық қарны тойса, шектен шығар; олар өздерін баса ұстамаса, бек өзі күш қолданар.
4330. Әй, қандас, олармен қарым-қатынаста бол; ішіп-жейтін асын беріп тұр.
4331. Тіліңмен, сөзіңмен жұмсақ бол, қаласа бер; қара, бергенді алар, ол оның пайдасы, сосын жер.
4332. Көп сөз сөйлеме, сабыр ет, тіліңді күзет; көп айтылған сөздің қадірі қалмас (су сияқты болды).
4333. Тыңда, білім білген, тілін, өзін ұстай білген ер не дейді!
4334. Сөздің бәрі сөз деп тіліңді шығарма; ойлан, сақтан, сөзде керегін біл.
4335. Бір ақылдыны көрдім, аз сөйледі; көп сөйледім деп жылдар өкінді.