Таңдау
тТ

Жеті жұлдыз, он екі айды айтады

124. Ежелден бар болған Тәңірдің атымен сөз бастадым. Жаратқан, ризық берген, кешірген Ием!

125. Күллі әлемді қалағанындай жаратты. Әлемге күн мен айды жарқыратты.

126. Қара, әрқашан құбылып тұратын дәуренді жаратты. Онымен бірге өмір де дәуірлеп (құбылып) тұрады.

127. Көк аспанды жаратты, үстінде жұлдызды. Қара түнді жаратты, жарық күндізді.

128. Көктегі бұл жұлдыздың бір қаншасы көрік беруші, бір қаншасы – құлабыз, бір қаншасы – жол сілтеуші.

129. Бір қаншасын халық үшін жарқыратқан. Бір қаншасы жолдан адасқандар үшін құлабыз.

130. Қайсыбірі жоғарырақ, қайсыбірі төменірек. Кейбірі жарығырақ, кейбірінің жарығы аз.

131. Бұлардың ең үстінде Секентір (сатурн, қоңырқай жұлдыз) жүреді. Екі жыл сегіз ай бір үйде қалар.

132. Одан кейінгі екінші Оңай (юпитер есек қырған), бір үйде оннан басқа екі ай қалар.

133. Үшінші Күрүд (марс, қызыл жұлдыз) келді, азаппен жүреді. Ол қайда қараса, жайқалған (нәрсе) қурайды.

134. Төртінші Иашық (күн) болды, дүниені жарқыратты. Жақындаған, қарағандарды жарқыратты.

135. Бесінші Сәбит (венера, шолпан) сүйкімді жүзін көрсетті. Саған жақсы көріп қараса, сен қуан.

136. Содан кейін Арзу (меркурий, кіші шолпан) келді. Ол кімге жақындаса, оған арман, тілегін әпереді.

137. Бұлардың ең астында Иалчық (ай) жүреді. Күнмен қарама-қарсы келсе, толысады.

138. Бұлардан басқа он екі ай бар. Кейбірі екі үйлі, кейбірі бір үйлі.

139. Қозы (наурыз) жазғы жұлдыз, одан кейін Үд (сәуір) келеді. Ерентүр құшық (мамыр) пен Санчу (маусым) жүреді.

140. Қара, Арыстан (шілде) мен көршісі Бұғдай (тамыз) басы. Содан соң Үлгү (қыркүйек), Чадан (қазан) және досы Мизан (қараша) болды.

141. Одан кейін Оғлақ (желтоқсан), Көнек (қаңтар) һәм Балық (ақпан) келді. Бұлар туса, аспан жарқырайды.

142. Үшеуі көктемгі (жазғы) жұлдыз, үшеуі жазғы (жайғы) деп біл. Үшеуі күзгі жұлдыз, үшеуі қысқы деп біл.

143. Үшеуі от, үшеуі су, үшеуі жел болды, үшеуі топырақ болды. Бұлардан дүние, ел пайда болды.

144. Бұлар бір-біріне жау. Жауға қарсы қауды жіберді, күресті тоқтатты.

145. Аараласпайтын жаулар ішінара жарасты. Көре алмас жаулар кегін (өшін) ұмытты.

146. Бәрін реттеуші Тәңірім өзі бәрін реттеді. Ретке келтірді, түзеді, бір-бірін жарастырды.

147. Бұдан кейін адам туралы айттым. Оның қадірі білімі мен ақылында.