Таңдау
тТ

Білімді ғалымдармен қатынасуды айтады

4341. Тағы бір қауым білімді ғалымдар; олар халыққа ғылыммен жарық берушілер.

4342. Оларды қатты жақсы көр, сөзін құрметте; көп болсын, аз болсын білімдерін үйрен.

4343. Бұлар білімнің пайдалы және пайдасызын айырып, таза әрі тура жол ұстанғандар.

4344. Мүмкіндігінше ғылымын үйрен, білімдерін біл; оларға ізгілік қыл және көмектес, тіл тигізбе.

4345. Бұлар бұл діннің (исламның) тірегі, ол – ақиқат; шын шариғаттың асылы – бұлардың білімі.

4346. Әлемде бұл ғалымдар жоқ болса, егілген нәрселер болса да, жерден жейтін ештеңе өнбейді.

4347. Олардың ғылымы халыққа шамшырақ болады; түнде шамшырақ жарқыраса, адамдар жолдан адаспас.

4348. Мал-дүниеңнен үлестір, тәтті сөзбен ас, су ішкіз, күлімдеп қызмет қыл.

4349. Тіліңді батырма, ұрыспа, олардан имен; олардың еті толығымен де ащы.

4350. Оларға ұрыспа, тіліңді батырма, дәм-тұз татқыз; құрмет қыл, оларды құрметтеп көтер.

4351. Оларды тыңда, ғылымын жасатқыз, ашуына тиме; мінезін, болмысын жаман деп тиіспе.

4352. Олардан саған керегі ол – ғылымы; адамдарға жол көрсетіп, туралыққа жеткізсін.

4353. Бұлар отар қойды бастаған серке сияқты; қойда бастап, тура жолға салады.

4354. Бұлармен қарым-қатынас жаса, жақсылықта бол; екі дүниенің бақытына кенеліп, берекеленсін.