Таңдау
тТ

Егіншілермен қатынасуды айтады

4400. Көр, тағы бір тобы егіншілер; бұл керек кісілер, ботам!

4401. Сен бұлармен аралас, қарым-қатынаста бол; тамаққа байланысты уайымсыз өмір сүр.

4402. Барша қимылдағандарға бұлардан пайда; ішетін, жейтіннен бәріне дәм тигізеді.

4403. Бүтін тыныс алғандар, ашыққан және тоюшылар, барлық тірі жан иесі бұларға мұқтаж.

4404. Құлқынның қамы оның себебінен орындалса, күмәнсіз бұл кісі саған да керек.

4405. Бұларменен де қатынас, әй қандас; асың адал, тамағың таза болады.

4406. Тыңда, тақуалардың алды, түрлі істің барлығынан сақтанған кісі не дейді!

4407. «Әй, мінезі жұмсақ кісі, нәзік те тура жол ұстанайын десең, әуелі тамағыңды таза ұста.

4408. Шынымен тақуа болайын десең, тамағыңа, сыртыңа адал нәсіп бер.

4409. Кедей болмайын, бай болайын десең, зина қылмауға күш сал.

4410. Сен құрметті болғың келсе; әй мінезі жұмсақ жан, тексіздік жасама».

4411. Тегін, асылын бұзған ол – тексіздік; жақсы ізді өшірген де тексіздік.

4412. Тексіздіктен қашу ол бақытты тапқызады; сөнген отты тексіздік ұстатқызар.

4413. Іске біліммен қол жеткізген, болмысы таза кісі өте жақсы айтыпты.

4414. «Тексіздіктің маңайына тұрма, жақын барма; тексіздік қайда болса, қадірсіздік сонда».

4415. Бақ-дәулет тексіздікпен бірге тұрмайды, қашады. Егер тұрса, оның бір кеш қалуына мүмкіндік берме.

4416. Егінші адамдардың қолы кең болады. Алланың бергенін кең көңілмен ұстайды.

4417. Барлық мақұлық өз нәсібін тегіс алады; жорытқандар асын, ұшқандар жемін.

4418. Бұлармен байланыс, қарым-қатынаста бол; тіліңмен жақсы сөз сөйле және жүзің жарқын болсын.