Таңдау
тТ

Саудагерлермен қатынасуды айтады

4419. Бұдан кейін саудагерлер (кәсіпкер) тұрады; олар сауда қылу және пайда табу үшін тынбастан жүреді.

4420. Ақылы мен көңілі Аллаға байланған хәлде тіршілік етуді қалап, әлемді кезеді.

4421. Олармен қатынас, келсін, сен де оларға бар; не қаласа бер, алыс-беріс жаса.

4422. Халықтың жақсы көрген, таңдаулы, ең әдемі, жақсы әрі әлем қалаған нәрселер оларда болады.

4423. Шығыстан батысқа жүріп кезер; тілеген тілеуіңді саған келтірер.

4424. Әлемге таңсық, мыңдаған түрлі жібек оларда болар, әй, білімді жомарт!

4425. Әлем кезуші саудагер жоқ болса, қара бұлғын ішікті қашан киер едің?!

4426. Қытай керуені шаңын көрсетпесе, мың түрлі жібек қайдан келер еді?!

4427. Саудагер кезіп, жортып жүрмесе, тізілген інжулерді кімнің көзі көрер еді?!

4428. Санап көрсең, бұл сияқты ондай нәрселер өте көп; сөз ұзармасын деп, сөзімді тоқтаттым.

4429. Барлық саудагер (кәсіпкер) сондай адам болады; олармен қатынас, есігіңді ашық ұста.

4430. Олармен қатынас, жақсы мәміле қыл; илан, сенің атың, жақсылығың алысқа тарайды.

4431. Қара, бұлар әлемге атыңды таратушылар; жаман болсын, жақсы болсын оны жаюшылар.

4432. Саған азды-көпті кәдесін (жолын) қылса, қайтарымын қыл, одан қуаныш тапсын.

4433. Пайда-шығында мінезі құбылмалы болады; қарым-қатынаста бұған өте абай бол.

4434. Әлемді кезген, көп нәрсені көріп, басынан кешірген ер не деген, тыңда:

4435. «Әлемге атыңды жаяйын десең, жолаушылармен ізгі мәміледе болуға тырыс».

4436. Шынында, абырой-даңқты болуды қаласаң, саудагерлермен ізгі қарам-қатынаста бол.

4437. Әй, ұрпағым, сен ізгі атың шыққанын қаласаң, жолаушы және керуенмен ізгі мәміледе бол.

4438. Саудагерлермен (кәсіпкерлермен) осындай мәміледе бол, ізгі атың жайылып, қуанышпен рахат өмір сүр.