Таңдау
тТ

Адам баласының қадірі білім мен ақылдан келгені айтылады

148. (Тәңірі) адамды таңдаулы, (бәрінен) артық етіп жаратты. Оған артықшылық, білім, ақыл, ес берді.

149. Көңіл һәм сөйлейтін тіл берді. Ұят, (көркем) мінез-құлық һәм таза әрекет берді.

150. Білім берді, бүгін адамның дәрежесі өсті. Ақыл берді, нәтижесінде (күрмеулі) түйіндер шешілді.

151. Тәңір кімге ақыл, білім және ес берсе, ол көп игіліктерге қол жеткізгені.

152. Білімді үлкен, ақылды ұлық деп біл. Бұл екеуі таңдаулы қызметкердің (құлдың) дәрежесін жоғарылатады.

153. Бұған дәлел мына сөз келді. Бұл сөзді тыңда да, әңгімені тоқтат.

154. Ақыл қайда болса, ол ұлықтыққа жетеді. Білім кімде болса, ол жоғары дәрежеде болады.

155. Ақылы бар ұғады, білімі бар біледі. Білімді, ақылды тілегіне жетеді.

156. Білімнің мәнісін біл, білім не дейді. Білім үйренген адамнан ауру алыстайды.

157. Білімсіз адам әрқашан аурау болады. Ауруды емдемесе, кісі тез өледі.

158. Әй, білімсіз, жүр, ауруыңды емде. Данышпан, білімсіздің емін сен айт.

159. Ақыл, ол – мұрындық (жүген), адам оны ұстаса, тілегіне жетеді, барлық арманы орындалады.

160. Қара, ақылдың адамға пайдасы көп болады. Білім үйренсе адам мәртебелі болады.

161. Барлық ісіңді ақылмен істе, жағдайыңды (ақылмен шамала). Иелігіңдегі уақытыңды біліммен басқар.