Таңдау
тТ

Қандай жар алуды айтады

4475. Егер сен үйленгің келсе, жіті қара және таңдаулысын ізде.

4476. Тегі жақсы, әулеті мен отбасы тәрбиелі болсын; ұяты бар, тақуа, ары таза болсын.

4477. Сенен басқаның жүзін көрмеген, басқа ешкімнің қолы тимеген үй қызын (бесік көргенін) ал.

4478. Сені сүйсін, сенен басқасын білмесін; өзіне сай емес, жараспайтын қылығы болмасын.

4479. Үйленсең, өзіңнен төменін ал; жоғары лауазымдының қызына жақындама, соңында оның құлы боласың.

4480. Тәжірибелі кісі не дейді, тыңда; тәжірибелі кісінің әрбір ісі пісіп жетілген.

4481. Үйленсең өзіңнен дәрежесі төменін ал; өміріңді қуанышпен өткіз.

4482. Жүзі көріктісін емес, мінезі жақсы болғанын ізде; мінезі жақсы болса, сенің жүзіңді жарқын қылады.

4483. Өзіңмен дәрежелес біреуді ал, басқасын алма; адамның адамы – тақуасын ал.

4484. Жүзі көріктісін емес, мінезі жақсы болғанын ізде; мінезі жақсы болса, одан барлық жақсылық түгел табылады.

4485. Әй, сұлу іздеуші, сұлуын іздеме; қызыл шырайлы жүзіңді сарғайтпа.

4486. Кім үйленгісі келсе, мына төртеуінен басқасын алмас, әй, ерлердің басшысы!

4487. Біреу бай қызды қалап, соны іздейді; тағы бірі көз тігіп, көріктісін іздейді.

4488. Тағы бірі атақты, белгілі әулеттің қыздарын қалайды; ұлықтың атағына қызығып.

4489. Тағы бірі тәрбиелі және тақуасын қалайды; оны тапса, оған жаны тез байланады.

4490. Саған бұлардың таңдаулысын айтайын; үйленгің келсе, маған құлақ түр.

4491. Әй, білімді және кәміл адам, сен бай қызды таңдаймын деп, өзіңді оның құлы қылма.

4492. Ол мал-дүниесіне сеніп, тәкәппарлықпен тілін ұзартады; ол қажет еткен дүние мен қалауын қамтамасыз етуің керек.

4493. Әй, сұлу іздеген адамдардың көріктісі, сұлу қыз іздеме, халыққа күлкі боласың.

4494. Қатынның сұлулығын халықтың барлығы жақсы көреді; оны Тәңрінің жарылқауы ғана қорғайды.

4495. Әй, жоғары лауазым мен тегі атақтысын іздеуші, бұл атақты, лауазымы жоғары әулеттің қызын алам деп, өзің қадірсіз болып қалма.

4496. Ұлықтардың, жоғары лауазымдылардың ұрпағының сөзі де ірі болады, үйкүшік болып қалма.

4497. Әй, нәзік, тақуа қызды қалаған жігіт! Егер оны тапсаң, қалған төрт қасиет те одан табылады.

4498. Әй, ізгі кісі, егер Құдайдан қорқатын, жақсы қызды тапсаң, мүмкіндікті жіберіп алма.

4499. Қалауың байлық, мал-дүние болса, ол жүзіңді нұрландырып, байытады.

4500. Мінезі дұрыс болса көркем көрінеді; қатынның көркі – мінез-құлығы, мұны білгендер ғана біледі.

4501. Жұбайың Құдайдан қорқатын (тақуа) және ары таза болса – текті болғаны; қалған үшеуі де одан табылады, әй, билікті адам!

4502. Әй, данышпан, сен құдайдан қорқатын жұбай тіле; тақуа табылса, төртеуі де табылады.

4503. Осындай бір қыз тапсаң, әрекет ет, мүмкіндікті жіберме, әй, мәрт жігіт!