Таңдау
тТ

Ұл-қыз туса қалай тәрбиелеуді айтады

4504. Әй, замандас, дүниеге сенің ұл-қызың келсе; үйіңде тәрбиеле, өзге жерде тәрбиелеме.

4505. Ізгі, ары таза тәрбиеші ұста; ұл-қыз ары таза болып өседі.

4506. Ұл-қызға білім және әдеп үйрет; ол – екі дүниенің пайдасы, оны тапсын.

4507. Ұлға келін ал, қызды ерге бер; сөйтіп қайғысыз өмір сүр, әй, бақытты ер.

4508. Ұлға барлық қабілетті, жақсы қасиеттерді үйрет; ол сол жақсы қабілетімен дүниесін табады.

4509. Ұлды өзімен-өзін бос қойма, бетімен жіберме; өзімен-өзі бос қалса, бетімен кетеді және қателік жасайды.

4510. Қызды үйде күйеусіз ұзақ ұстама; ауырмай-ақ өзің өкініштен өлесің.

4511. Әй, дос-қандас, сөздің қысқасы; бұл қыз тумаса, туса тірі жүрмесе.

4512. Егер туса оған жердің қойны, үйде болса мазарға көрші болғаны жақсырақ.

4513. Жұбайларыңды әрдайым үйде сақта; қатынның іші сыртындай болмас.

4514. Жат кісіні үйге кіргізбе, жұбайыңды сыртқа шығарма; жолда жұбайың кімнің көзіне түссе, оның көңілі де ауады.

4515. Көз көрмесе, көңіл де қаламайды; көзің көрсе, көңілің қалайды, әй, ұл!

4516. Көзіңе абай бол, көңілің қаламайды; көңіл қаламаса, жаның байланбайды.

4517. Жұбайыңды ерлердің дастарханына отырғызба; егер отығызсаң, шектен шығады.

4518. Жұбайыңды үйден шығарып жіберме; егер шықса тура жолдан таяды.

4519. Қатынның асылы ет, ол етті сақта; сақтамасаң ет бұзылады, сосын реттелмес.

4520. Жұбайыңды құрметте, не қаласа алып бер; үйіңнің есігін бекіт, бөтен еркек жақындамасын.

4521. Бұларда ескіден бері опа жоқ; көз қайда қараса, көңілі сонда ауады.

4522. Олар машақатпен өніп, өскен ағаш секілді; жемісі у, оған тәбетің ашылмасын.

4523. Қанша мыңдаған азулы және ерлердің ері қатынның себебінен тамырынан үзілді.

4524. Қаншама қызыл шырайлы және жүзі жайнаған ерлер қатынның себебінен жаны жер болды.

4525. Мыңдаған даңқты, абыройлы қаһармандарды қатындар тірілей жерге көмді.

4526. Оларды қалай ұстап, күзетесің? Сақтаушы Тәңір өзі сақтасын!