Таңдау
тТ

Қол астыңдағы қызметшілерді қалай ұстау керегі айтылады

4527. Қол астыңдағы қызметшілерге жақсы қара; жейтін, ішетін асын бер, қажетін өте.

4528. Күшіне тең жүк арт; Алла олардың жағдайын сенен сұрайды.

4529. Оларға өте көп бейнет шектірме; саған қарсы келетін оның жанында Алла бар.

4530. Олар да Алланың құлдары; оларға зұлымдық қылып, өзіңе тамұқты сатып алма.

4531. Сен ұлық болдың, олар сенен кішік; кішікке ұлықтың көңілі ашық және қабағы жылы болды.

4532. Қанша ұлық болсаң да, көңіліңмен кішік бол; әй, ұл, ұлыққа адамгершілік жарасады.

4533. Ақылды кісі саған не деген, тыңда; әй, білімі кең адам, сен бұл сөзге сай әрекет ет.

4534. Егер сен бек және халықтың басшысы болсаң; көңіліңді, тіліңді кіші ұста, ел үшін жаның пида болсын.

4535. Өзіңді ұнытпа, әр ісіңде тура жолдан тайма; келетін құт-берекенің жолын жаппа, сау-саламат келсін.

4536. Үйің мен жайыңды таза және кіршіксіз ұста; әй, жомарт және қолы ашық жан, ол саған бақ-дәулет келтіреді.

4537. Асың, сусының және дәм-тұзың мол болсын; жақсы атың шығып, құт-береке келе берсін.

4538. Кірісіңе сай шығының да болсын; шығының болса, тез кірісіңе қара.

4539. Қызметшілерің бір нәрсе алғысы не бергісі келсе қолжетімді және жақсы байланыста бол; қай уақытта жасаса да, жол ашық болсын.

4540. Егер мал-дүниең азайса, әй, мәрт жігіт, басқа біреуге сызданба.

4541. Жақсы көргендерің естиді, бірақ көмек қолын созбас; жек көретіндер саған тынбастан күледі.

4542. Таныс, дос және қандастарыңның алдында қадірің қалмайды және оның салмағынан көңілің жараланады

4543. Жақсы адамдармен қатынас және аралас; адам бол және адамдар арасында өмір сүр.

4544. Басқалардың үлестері бар ортақ іске кіріспе және оған мал-дүние қоспа; қызыл шырайың өкініштен сұрланады.

4545. Үйің мен жайың үлкен жолдың бойында болмасын; саған келетін зиянын ойла, өте қатты абай бол.

4546. Бекке және тасыған өзенге жақын қоныстанба; және бекініс қорғанға жақын тұрма, әй, таза жүректі адам!

4547. Бұл үшеуіне көрші болудан саған пайда жоқ, оның зияны тисе, оған кепіл жоқ.

4548. Үй алғың келсе, көршісін сұра; жер алғың келсе, суын сұра.

4549. Жаманмен араласпа, аман жүр; әрекетің тура болсын, арабы жылқы секілді аяғыңды аңдап бас.

4550. Саған барлығы жеткілікті енді, бек (мемлекет қызметкері) дәрежесін ал; уайымды азайт, рахат ғұмыр кеш.

4551. Өлімді ұмытпа, бірақ сен енді оян; Раббыңды ұмытпа, бірақ көзіңді аш.

4552. Сөзіңді ойланып сөйле, қайғы келмес; өміріңді босқа өткізбе, өкінбейсің.

4553. Тәкәппарланба, өте дөрекі болып кетесің; сараң болма, көп сөгіс аласың.

4554. Көңіл ақ, адамдарға әрдайым адамгершілік көрсеткен кісі не деген, тыңда.

4555. «Жақсы атты болғың келсе, аса жомарт болуға күш сал».

4556. Бас имейтін кісіні шынымен өзіңе қызмет еттіргің келсе; жомарт бол, мал-дүние үлестір, қайтарымын көресің.

4557. Төбем көкке жетін десең; әрбір істе өте абай бол және біліммен жаса.

4558. Атыңның әлемге жайылғанын қаласаң, жолаушыға жақсылық жаса, атың жайылады.

4559. Тыныш өмір сүруді қаласаң; әй, мінезі жұмсақ жан, осалдықты қой.

4560. Сен Аллаға құлшылық қылғың келсе, нәпсінің қалауын бере берме, оның жолын жап.

4561. Барлық жақсылыққа жеткің келсе, нәпсіңді тізгінде, қалауын тый.

4562. Тақуа кісі өте жақсы айтыпты; әй, қорқақ мінезді адам, бұл сөзге сай әрекет ет.

4563. Бұл нәпсіңнің тілек, қалауын бере берме; нәпсің қалағанын орындай берсе, иесінің басын жұтқызады.

4564. Оған жақсылық жасасаң, ол саған жамандық қылады; жамандық қылсаң, еріксіз басын иеді.

4565. Өгдүлміш сөзін бітірді де: «Әй, қандас, халықтың көзқарасы мен әрекеті осындай болады» деді.

4566. Міне, айтып бердім, өзің тыңдадың; мұны ұқсаң, басқа сұрағың қалмады.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке сауалы

4567. Одғұрмыш: «Сөзіңді түгел тыңдадым, әй, мінезі түзу жан» деп жауап берді.

4568. Саған айтатын тағы бір сөзім бар, сен маған оны да ашып айтып бер.

4569. Мен кісілермен аралассам, күлімдеп барып, келуім керек.

4570. Күмәнсіз, мені асқа шақырады. Мен шақырсам, олар да маған келеді.

4571. Асқа қалай барып, асты қалай деуім керек. Шақырса оларды қалай шақыруым керек, досым.

4572. Мұны да анықтап айтып бер. Бұл істен де үлесімді алайын.